Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 қыркүйек, 2021238

Шәріп Бейсембаев - қазақ киносының алғашқы қарлығаштарының бірі

Шәріп Исаөлетұлы –  1926 жылы 1 шілдеде Петропавл қаласында дүниеге келген қазақстандық режиссер, театр актері. Ол өзінің режиссерлік мансабында он екі толықметражды картина түсіріп, қазақ киносының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның әр жанрды қамтыған сан алуан картиналарының арасында балаларға арналған фильмдер де бар.

Бейсембаев  1949 жылы А.Н. Островский атындағы Ташкент театр-өнер институтының актерлік факультетін бітірген. Сондай-ақ 1954 жылы А.В. Луначарский атындағы ГИТИС-ің актерлік бөлімін, 1959 жылы Мәскеудегі жоғары режиссерлік курстарды тәмамдаған.

Ол 1954-1956 жылдары қазақ драма театрының актері және режиссердің көмекшісі, 1959 жылдан 1982 жылға дейін «Қазақфильм» киностудиясының режиссері болып қызмет етті. Көптеген театрдағы образдарынан бөлек, ол 1980 жылғы Виктор Пұсырмановтың «Біз – ересекпіз» картинасында Илларион атаның образын сомдап шықты.

  «Бұл – біздің ұлымыз» (1959)

Режиссер Шәріп Бейсембаевтың дебюттық қойылым фильмі – 1959 жылы түсірілген «Бұл – біздің ұлымыз» («Это наш сын») деп аталатын қысқаметражды киноновелла. Киногердің алғашқы картинасының сценарийін жазған Виталий Старков болса, оператор қызметін Исаак Гитлевич атқарды. Ал фильмді композициялық шығармалармен әрлеген композитор Анатолий Бычков болды.

Фильмнің негізгі кейіпкерлерін сомдауға Рахметбай Телеубаев, Әлібек Ишанов, Байдалда Қалтаев, Сабира Майқанова, Чапай Зулхашев секілді актерлер қатысты.

Киноновелла кеңестік орыс жазушысы Сергей Диковскийдің «Настоящее» повесінің желісі бойынша түсірілген. Сюжет бойынша, жас ерлі-зайыпты Слановтар басқа біреудің баласын асырап алады. Адамдардың, оның ішінде доктор Асқар Назарұлының ерекше ықыласында болып, олар шынайы отбасылық бақыттың не екенін сезінеді.

  «Еңлікгүл шешек атқанда» (1965)

«Еңлікгүл шешек атқанда» («Там, где цветут эдельвейсы») картинасы – Шәріп Бейсембаевтың алғашқы толықметражды көркем фильмі. Ол бұл кинотуындыны кеңестік-қазақстандық кинорежиссер Ефим Аронмен серіктесе отырып түсірген. Ефим Арон режиссерліктен бөлек, Сергей Мартьяновпен (II) бірге осы фильмге сценарий жазған. Кәсіби киногерлер операторлық қызметті Әбілтай Қастеев пен Болат Якуповқа сеніп тапсырып, картинаны өзіне лайықты музыкалық шығармалармен толықтыру жұмысына композитор Анатолий Бычковты шақырған.  Фильмнің қоюшы-суретшісі Қазақстанның алғашқы кәсіби киносуретшісі Павел Зальцман болды. Шытырман оқиғалы мелодраманың тұсаукесері 1966 жылы 31 қаңтарда болып өтті.

Көрермен кинокартинаның басты рөлдерін сомдаған актерлер қатарынан Валерий Косенков, Лилия Шарапова, Любовь Калюжная, Кебай Хусаинов, Валерий Носик, Қапан Бадыров, Елубай (Елеубай) Өмірзақов, Галина Чигинская, Иван Косых, Анатолий Тарасов, С. Юджин секілді әртістерді көре алады. Эпизодтық рөлдерде К.Бец, С.Николенко, С.Печорин, С.Салников, Н.Фомин, В.Глазковтар ойнады.

Аталған фильм КСРО кинопрокатының көшбасшыларының бірі болды: картинаны көрсетілімнің алғашқы жылында-ақ 25,3 миллион көрермен тамашалады, ол «Қазақфильм» киностудиясының ең танымал фильмдерінің ТОП-10-дығына кіреді. Сондай-ақ, отандық киностудияның фильмдері арасынан 20 миллион көрерменнің белесін бағындырған  бес картинаның бірі болып табылады. Ефим Аронның соңғы түсірген туындысы тіпті кино көпшілікке қолжетімді болған 1980-жылдары түсірілген Рашид Нұғымановтың басты рөлін Виктор Цой сомдайтын сенсациялық «Ине» фильмінен де асып түсті.

Кинотуындының оқиғасы 1960 жылдары орын алады.  Биік тауларда, Шығыс шекара округінің шекара заставасы орналақан.  Заставаның командирі, аға лейтинант Петр Соловьев қызметтік сапармен отбасын қасына алып осында келеді. Бірақ бұл командир үшін жай ғана іс-сапар емес, балалық шағы өткен жерге оралу.  Бір кездері бұл тауларда анасы басмашылармен шайқаста қаза тапқан, қазір оның зираты осы маңда шоғырланған. Командирдің жас әйелі дәрігер Вера да заставада қызмет етеді. Шекарашының күндері бейбіт өтуде – қызмет, міндет, жұмыс, оқу, демалыс. Күзетшілер әр күн сайын таудың тар жолдарымен өтеді. Бұл жерлерде әдемі гүл – еңлікгүл өседі...  Бір күні осы гүл дабылға айналады, ал оның жалған екені бірден анықталмайды. Осы белгісіздік кезеңінде бұл сынақтан алыстағы заставада жұмыс істейтін адамның бәрі өте алмайды...

Тоқсан үш минуттық фильмнің бас әскери кеңесшісі сол кезде КСРО КГБ ПВ Шығыс шекара округінің командирі генерал-майор М.Меркулов болды. Ал жалпы түсірілімге КГБ Алматы жоғары шекара командалық училищесінің жеке құрамы тартылды.

«Арман-атаман» (1967) 

1968 жылы 13 мамырда Мәскеуде премьерасы болған «Арман-атаман» («Звучи, там-там!») толықметражды фильмінде режиссерліктің тізгінін Бейсенбаев толықтай өз қолына алды. Сценарийін әйгілі қазақ жазушысы Әкім Тарази жазған кинотуындының операторы Михаил Аранышев, қоюшы-суретшісі Виктор Тихоненко болды. Ал фильм композиторы ретінде режиссердің алғашқы екі картинасында да музыкалық жұмыстарды атқарған Анатолий Бычков шақырылды.

«Қазақфильм» киностудиясында түсірілген картина – балалардың романтика мен ерлікке ұмтылысы туралы комедиялық фильм.

Мектеп жасындағы үш жасөспірім – Арман, Мұрын және Теміртон ешкімге айтпай, Африкаға қашуға шешім қабылдайды. Олар тіпті асығыс ағылшын тілін және африкалық тайпалардың этнографиясын салт-дәстүр, мәдениетін үйрене бастайды. Олардың түсіне көбінесе өздерінің отрядының құлдыққа түскен африкалық халықтарды қорғауда көрсететін ерліктері кіреді. Белгіленген күні үш оқушы теміржол вокзалына келіп, онда колхозшыларға қонаққа келген нағыз қара нәсілділерді кездестіреді.

Кинотуындының негізгі кейіпкерлерін Архимед Ысқақов, Мұхтар Ишмұхамедов, Мұрад Әбусейітов, Сапар Базарбаев, Бикен Римова, Лидия Ашрапова, Мұхтар Бақтыгереев, Кәукен Кенжетаев секілді актерлер сенімді сомдап шыққан.

Көңілді көркем фильм көпшілік қауымның оң бағасына ие болды. Сондай-ақ кәсіби кино мамандарынан да жылы лебіздер естілді. Картина 1968 жылы Қзырғызстанның қаласында өткен Орта Азия республикалары мен Қазақстан фильмдерінің VII көрмесінде «Үздік балалар фильмі» номинациясымен марапатталды.

«Шатқалдағы шекара» (1969)

«Шатқалдағы шекара» («У заставы «Красные камни») картинасы – Бейсембаевтың екінші толықметражды көркем фильмі. Оның сценарийін Семен Листов жазған, ал операторы Марат Дуғанов, композиторлары Александр Зацепин мен Владислав Букин болды. Бұл жол фильмнің  суретшісі ретінде Виктор Тихоненко тартылған. Шытырман оқиғалы балалар фильмінің басты рөлдерінде Валерия Асырбекова, Нұржан Жүртанов, Болат Қалымбетов, Кәукен Кенжетаев, Сабира Майканова, Нұржұман Ықтымбаев, Олег Мокшанцев, Чапай Зулхашев, Константин Тыртов, Виктор Подтягин секілді  актерлер өнер көрсетеді.  Киноөнім «Қазақфильм» киностудиясында түсіріліп, мәскеулік премьерасы 1970 жылы 28 желтоқсанда болып өтті.

Жаздың бір күні «Қызылтас» заставасында үш бала – жылқышының немересі Қабыш, шекара застава бастығының қызы Оля және демалыста қаладан ауылға қонаққа келген Қабыштың немере інісі Таңат бір-бірімен кездеседі. Таңаттың үнемі білгішсінеті мен өз-өзіне тым сенімділігі басқа балаларға ыңғайсыздық туындатады. Бірақ ойындар мен тентектіктің орнына шын қауіп-қатер келгенде, Таңат достарымен бірге шекарашыларға тыңшыны ұстауға көмектесе отырып ерлік, тапқырлық пен жанқиярлық танытады. 
Жетпіс минутқа созылатын картина орыс тілінде түсірілген.

«Ақ шаршы алаң» (1970)

«Ақ шаршы алаң» («Белый квадрат») көркем фильмі әдеттегіше «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен Мәскеу қаласында кеңестік телеарналарлың бірінде 1971 жылы 4 мамырда тұңғыш рет көрсетілді. Мелодрамлық картинаның сценарий авторы Бақыт Дауылбаев болды, ал фильмнің жалпы сюжеті орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың шығармасына негізделген. Фильмнің қоюшы-суретшісі ретінде Юда Вайнсток тартылса, операторлық қызметті Марат Дуғанов атқарған.

Телефильм Куат есімді кеңестік жас жігіттің өмірі туралы баяндайды. Ол алыс ауылдан шыққан, өзінің табандылығымен және ветеринарлық институттағы оқуына байсалды көзқарасымен ерекшеленеді. Өзі хобби ретіне бокспен айналысады және осы спорт түрінен айтарлықтай жетістікке жетеді. Сондай-ақ жалпы өмірде де өте позитивті, жолы болғыш адам. Сондықтан болар айналасында оған жақсылық жасауға дайын керемет адамдар бар. Ол өз бақытын үлкен махаббаттан табады...

Кинкартинада бой көрсететін негізгі образды Әбдірашид Әбдірахманов (Қуат Батыров) , Мұхтар Бақтыгереев (Жұмеке), Роза Мұқатова (Гүлсім), Галина Бигелдинова (Зәуреш), Нұржұман Ықтымбаев (Қаратаев), Әнуар Молдабеков (әзілқой), Кәукен Кенжетаев (Сұлтан Серғалиұлы) секілді актерлер сенімді сомдап шықты.

«Біз төртеуміз» (1971)

«Біз төртеуміз»  («Нас четверо») кинокартинасының 1972 жылы 2 қаңтарда Мәскеу қаласында тұсауы кесілді. Көркем фильмнің сценарий авторлары Александр Власов пен Аркадий Млодик болды. Режиссер Бейсембаевтың түсірілім командасының басқа мүшелері бұл жолы әдеттегі серіктесіп жүрген мамандардан құралды:  оператор – Марат Дуғанов, қоюшы-суретші – Виктор Тихоненко, композитор – Анатолий Бычков.

Жадыраған жаздың бір күнінде төрт бала Рига шығанағының жағасында кездесті. Олардың ішінде Азамат Қазақстаннан келген. Оның партизан ағасы Латвия жерінде хабарсыз кеткен. Катя – ленинградтық бойжеткен, ал Арвид пен Язеп – латыштар. Арвидтің анасы эвакуация кезінде Қазақстанда тұрған, Язептің ағасы мен оның атасы да партизан болған. Отбасыларыныің әскери өткен шағы жігіттерді жақындастырады. Партизандық шайқастардың орнына бару достар үшін оңайға соққан жоқ, бірақ олар соғыс кезінде Латвияда болған оқиғалардан туралы толығырақ хабардар болды.

Орыс тілінде «Қазақфильмде» түсірілген дрмамның басты кейіпкерлерін сомдауға  Марат Ботабаев (Азамат), Лариса Лиханова (Катя), Мартыньш Калныньш  (Арвид), Виктор Риепша (Язеп), Алфредс Видениекс (ата),  Улдис Думпис (Озолс), Роландс Загорскис (сорай), Болат Қалымбетов (қоян) секілді актерлер тартылған.

«Бұлақ» (1974)

«Бұлақ» («Родник») деп аталатын көркем фильм Бейсембаевтың режиссерлігімен КСРО Мемлекеттік телерадио хабарларын тарату компаниясының тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді. Мелодраманың сценарийін  жазушы Сайын Мұратбековтың шығармаларын негізге ала отырып Сапар Сүлейменов жазып шыққан. Осыған дейін режиссермен бірнеше фильмдерде бірге жұмыс істеген Марат Дуғанов оператор ретінде, Анатолий Бычков композитор ретінде картинаға үлес қосты. Қоюшы-суретші Виталий Яско деген шығармашылық адамы болған.

Мейірбике болып жұмыс істейтін бойжеткен Әйгерім табыншы Абылайды – батыл әрі мейірбан адамды сүйіп қалады... Бұл қасиеттер Абылайға өз махаббатын сақтап қалуға, қарсыласы – көрікті Боранбайды рухани жеңуге көмектеседі.

Орыс тілінде түсірілген фильмдегі негізгі кейіпкерлердің кейпіне енуге Гүлнара Ералиева, Жалил Абдыкадыров, Досхан Жолжақсынов, Амина Өмірзақова, Кәукен Кенжетаевтар шақырылған.

 «Гауһартас»  (1975)

«Гауһартас» («Храни свою звезду») — 1975 жылы «Қазақфильм» студиясы түсірген көркем фильм. Бүкілодақтық тұсаукесері 1977 жылы Мәскеуде өтті. Сценарийі Дулат Исабековтың әңгімесінің желісімен жазылды. Өзінің «Гауһартас» деп аталатын повесін жазушының өзі экрнаға бейімдеген. Фильм операторы – Асхат Ашрапов, композиторы – Анатолий Бычков, ал ұзақтығы 83 минутты құрайды. Картина түсірілген тіл – орыс, бірақ қазақ тілінде дыбысталған. Негізгі кейіпкерлерді Жанна Қуанышева (Салтанат), Әнуар Боранбаев (Тастан), Сапарғали Жәкішев (Қайыркен) Әмина Өмірзақова (Тастанның анасы), Кәукен Кенжетаев (Тастанның әкесі), Досхан Жолжақсынов (Әскербек), Гүлзия Белбаева (Раушан), АЙша (Лидия Ашрапова) секілді қазақ киносының жұлдыздары ойнаған.

1975 жылы жас сарбаз кезінде Дулат Исабеков «Гауһартас» атты әдемі әнді естиді. Бибігүл Төлегенованың нәзік өнері жазушының туған жеріне деген сағынышын оятады. Кейін осы сағыныш жаңа туынды жазуға жетелеп, ақырында ол толықметражды фильмнің сюжетіне айналды.

Фильм оқиғасы бойынша Салтанат жаңа отбасыға келін боп түседі. Қарт қойшының киіз үйіне келінмен бірге махаббат, ән мен күлкі бірге енеді. Отбасының бірсарынды өмірі көрерменнің көз алдында өзгере бастайды. Күйеуінің інісі Қайыркен де, қайын енесі мен қайын атасы да Салтанаттың келгеніне сондай қуанышты. Тек көп сөйлемейтін кісікиік Тастан ғана өзінің жас әйеліне үйге қажет әрі бір қарапайым нәрсе ретінде қарайды. Ол кешенді бригаданың шопандарын және олардың озық міндеттерін де дұрыс түсінбейді, жалғыздықта жұмыс істейді. Тастан өзінің үй салу, меншіктеу әдеттерінің уақыт ағымына сәйкес келмейтінін де байқамайды. Ал өзге адамдар оның қатыгездігі мен қаталдығынан зардап шегеді. Ол әйелінің алдында өзінің кінәсін, айналасындағылар алдындағы қателігін Салтанат ауыр науқас болғанда ғана түсінеді.

Кинокартина барысында орындалатын «Гауһартас» және «Салтанаттың әні» атты әндерді әнші Сажида Ахметова шырқаған. Фильмнің режиссері Шәріп Бейсембаев Салтанат келіннің бейнесін сомдайтын актриса іздеу мақсатында үлкен кинобайқау ұйымдастырады. Іріктеуге бағын сынау мақсатымен оныншы сынып оқушысы Жанна Қуанышева келеді. Сол шаққа жас актриса Болат Мансұровтың «Махаббат туралы өсиет» фильміне түсіп үлгерген. Кинобайқаудан өткен ол бірден басты рөлге бекітіледі. Алайда, Жанна Қуанышева бірден басты бұл рөлге келіспеген. Себебі, ол мектеп бітіру сынақтарын тапсырып, жоғары оқу орнына түсу емтиханына дайындалу керек болатын. Бірақ, бойжеткен қызға фильм режиссерлерінің ассистенттері қайта-қайта хабарласып, өтініш айтады. Көптің көңілін қалдыра алмаған Жанна Қуанышева қазақ келінінің бейнесін тамаша сомдап береді. Режиссер басты кейіпкер Тастанның образын сомдайтын актерді де ұзақ іздейді. Іріктеуге келген актерлердің ешқайсысы киногердің көңілінен шықпаған. Күндердің күнінде түсіру алаңына Әнуар Боранбаев келеді де, іздегенін тапқандай болған Шәріп Бейсембаев жігітке бірден киноға түсу туралы ұсынысын айтып, басты рөлге бекітеді.

1976 жылы Қырғызстанда өткен IX Бүкілодақтық кинофестивалінде осы картинадағы рөлі үшін актриса Жанна Куанышева әйел рөлін үздік орындағаны үшін екінші дәрежелі жүлдеге ие болады.

«Тел өскен ұл» (1977)

«Тел өскен ұл» («Возвращение сына») – 1977 жылы Шәріпбаевтың режиссерлігімен «Қазақфильм» кинокомпаниясы шығарған фильм. Сценарий 30 жыл бойы соғыс кезінде көз жазып қалған ұлын іздеген ананың қайғылы оқиғасына негізделген. Драманың композициясы бойынша сценаристер тобы жұмыс жасады, оның құрамына Валентин Черных пен Сайын Мұратбеков кірді. Кинофильмнің операторлық жұмыстарын Марат Дуғанов, музыкалық композициялармен сүйемелдеуді Анатолий Бычков, суретшілікпен Виктор Леднев айналысты.

Негізгі рөлдерде Лидия Смирнова, Бикен Римова, Виталий Гришко, Константин Воинов, Юрий Горобец, Сапарғали Жакишев, Евдокия Германова, Светлана Меньшикова, Олеся Иванова, Анвар Боранбаев, Меруерт Өтекешева, Торша Жабаев, Өмірзақ Асылбеков, Михаил Васильев, Александр Лебедев, Ирина Мурзаева, Константин Корольков, Миша Аранышев, Роза Әшірбековалар ойнады.

Кинокартинаның сюжеті бойынша Екінші дүниежүзілік соғыс орыс әйел Евдокияны туған баласынан ұзақ уақытқа айырады. Ал оны қазақ әйелі Рабиға тәрбиелеп өсірді. Қазақстанда Сергейдің өзінің үйі, жақындары, жұмысы, тату-тәтті отбасы болды. Отыз жеті жылдан кейін Евдокия ұлымен қауышады. Олардың қазақ жеріндегі кездесуі өте жылы шырайлы, көңілді өтті. Содан кейін олар бірге туған жерлеріне аттанды. Рабиға осыны талап етті: ұлдың міндеті – оған өмір сыйлаған ананың жанында болу. Жаңа мекенде Сергей анасына жаңа үй салып беруге бекінеді. Оның бұл мақсатына жетуге қазақ ағайындар да, орыс туыстары да көмектесті. Евдокия өте бақытты болады, бірақ көп ұзамай оның жүрегі қуанышқа шыдай алмай, мына өмірмен қоштасады... Енді ауылға Сергеймен келіп, орыс қызы Тоняға ғашық болған Сапар жаңа үйде тұрады. Олар жылы отбасылық байланыстарды әрі қарай жалғастырады.
Орыс тілінде түсірілген жетпіс үш минуттық картина 1979 жылы наурызда алғаш рет көрермен назарына Мәскеу қаласында ұсынылды.

 «Мінезі қиын балалар» (1980)

«Мінезі қиын балалар» («Невозможные дети») кинофильмі – киногер Шәріп Бейсембаевтың тоғызыншы толықметражды кинокартинасы. Оның премьерасы 1981 жылы маусымда Мәскеу қаласында болып өтті. Фильм сценарийінің авторы Александр Серый болған. Ал көркемсуретті камераға түсірген оператор Федор Аранышев болса, фильмді әуезді әуенмен әрлеп, саундтрек жазған композитор Анатолий Бычков болды. Қоюшы-суретшілік қызметті Александр Ророкин атқарды.

Кинотуындының сюжеті мектепті енді бітірген түлектердің әрі қарайғы тағдырынан сыр шертеді. Театр институтына түсуді армандаған Айгүл емтиханда «сәтсіздікке ұшырап», анасының көмегімен хатшы болып жұмысқа орналасты. Ал Әкім әкесінің – көрнекті ғалым әрі оқытушының көмегімен журналистика факультетіне оқуға түсті. Мектепті алтын медальмен бітірген Болат болса, комсомолдық құрылыс алаңына жұмысқа кетеді. Әкім, Айгүл және олардың ата-аналары дайын асқа тік қасық болып өмір сүруге болмайтынын түсінбестен бұрын көптеген күлкілі және қайғылы оқиғаларды бастан өткереді. Көп ұзамай Әкім мен Айгүлді комсомол құрылыс алаңындағы Болатқа апаратын пойыздың алдында кездесетін күн де туады.

Кинокартинаның негізгі образдарын жасауға Мұхтар Бақтыгереев, Бикен Римова, Торғын Тасыбекова, Сағи Әшімов, Меруерт Өтекешева, Жұмабай Медетбаев, Венера Ибрагимова, Ерік Жолжақсынов, Әнуар Боранбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді маңдайалды актерлер қатысты.

  «Мен сіздің туысыңызбын» (1982)

 «Мен сіздің туысыңызбын» («Я ваш родственник») фильмі алғаш рет 1983 жылы телеарнада көрсетілді. Бұл балалар фильмінің алғашқы минуттарынан бастап-ақ көрермен Алматының ең әдемі пейзаждарына куә болады. Бұл, әрине, оператор Энуар Дауылбаевтың ерекше түсірілімінің арқасы. Кинофильмге музыкалық әуендерді композитор Анатолий Бычков жазған, ал қоюшы-суретші Рафик Каримов (II) болды. Қызықты сюжеттің авторы – сценарист Ирина Тимченко.

Кинофильмнің сюжеті бойынша, ауылдан қалаға мектеп ауыстырып келген алтыншы сынып оқушысы Төлеген өзінің туыстарының емес, қателесіп басқа бір үйдің есігін қағады. Оны өздерінің алыс туысқаны деп ойлаған Рахметовтер әулеті оқушыны құшақ жая қарсы алады. Олардың тіпті баланың өздеріне мүлдем қатысы жоқ жат адам екені ойларына кіріп шықпайды. Төлеген де осы отбасы мүшелерінің біреуі секілді математиканы қатты жақсы көреді. Мұндай кездейсоқ ұқсастықтар мәселенің ушыға беруіне себеп болады.

Алпыс бес минутқа жалғасатын жас достарға арналған фильмнің басты рөлдерінде Гуля Беркімбаева, Лейла Джумалиева, Гүлнара Қаймолдина, Ая Болсанбекова, Әнуар Қистауов, Рүстем Күнгейбаев, Асхат Тәжібаев, Раиса Мұхамедьярова, Тамара Қосубаева, Бикен Римова, Гүлжан Аспетова, Әнуар Боранбаев, Нұрлан (Нұрлыбай) Есімғалиев, Рахметбай Телеубаев секілді актерлер ойнайды.

«Несібелi» / «История слабой женщины» (1986)

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Несібелi» («История слабой женщины») көркем фильмі  Шәріп Бейсембаевтың ең кейінгі жарыққа шыққан картинасы. Әйелдер мәселесін көтеретін кинофильмнің сценарийін әйгілі қазақ режиссері Сатыбалды Нарымбетов жазған.  Операторлық жұмысты Энуар Дауылбаев, А.Қадырбеков, Т.Жүнісов секілді мамандар атқарса, Виктор Леднев бұл фильмде қоюшы-суретші қызметін атқарды. Картинаға композитор ретінде Сейдолла Бәйтереков тартылған.

Фильм сюжеті бойынша, Несібелі – ұл мен қыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. Бірақ өмірінде кездескен қиындықтар оның сағын сындырған жоқ. Оның ашық-жарқын жайдары мінезі, әзілкештігі, достық қарым-қатынасы адамдарды өзіне тартады. Ол айналасындағылардың барлығына көмектесуге тырысады, бұл оған қиыншылықпен күресуге көмектеседі.

Драманың басты рөлін ойнаған актерлер қатарынан Г.Аспетова, Мұхтар Бақтыгереев, Булат Аюханов, А.Шапкенова, Бикен Римова, О.Кочанова, Р.Сүлейменовтер бой көрсетеді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы