Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 қыркүйек, 2020266

Шарипа Оразбаева Пусан кинофестивалінің қазылар алқасы қатарында

Отандық кинорежиссер Шарипа Оразбаева Busan International Film Festival халықаралық кинофестивалінің қазылар алқасы құрамына мүшелік етуге шақырылды. Қазақстандық киногер Songe  Awards сыйлығы табысталатын номинацияда алқалық етеді.

Осыған дейін Шарипа Оразбаев отандық «Бастау» халықаралық студенттік және дебюттық фильмдер фестивалінде ғана алқалық етті. Ал мұндай ірі масштабтағы халықаралық киношараға алғаш рет шақырту алып отыр. Сондықтан 25-ші Бусан Халықаралық кинофестивалінің қазылар алқасы болу отандық режиссер үшін үлкен мәртебе екендігін айтады.  

«Мұндай ірі көлемдегі әлемдік кинофестивальде қазылар алқасының мүшесі болу - мен үшін үлкен жауапкершілік. Өткен жылы осы кинофестивальде менің «Мариям» атты толықметражды фильмім көрсетілген болатын. Сонымен қатар осы жылы Пусан Халықаралық кинофестиваль аясында өтетін бүкіл Орта Азиялық елдер арасында беделді саналатын «Азиялық Оскар» атанған Asian Film Awards жүлдесіне Қазақстан атынан «Үздік жаңа режиссер» номинациясы бойынша қатысып жатқан жайым бар. Әрине, өзің режиссер бола тұрып, өзге авторлардың жұмысын бағалау өте қиын, өйткені әрбір туынды - ол әр автордың жеке еңбегі», - дейді Шарипа Оразбаева.

Sonje сыйлығы «Кең бұрыш» бөлімінде азиялық және корейлік үздік қысқаметражды фильмдеріне беріледі. Әр режиссерді 10 000 000 корейлік вонмен (10 000-ға жуық АҚШ доллары) қамтамасыз ету арқылы оларға келесі жобаларын жүзеге асыруға көмек болады делінген кинофестивальдің ресми сайтында. Биыл бұл аталым бойынша қатысатын фильмдерді отандық киногермен бірге индонезиялық режиссер әрі продюсер Ифа Исфансях пен Корей елінің  Донг-Ы университетінің кинотану факульттетінің профессоры Ким Исок бағалайтын болады. Аталған номинацияға биыл 20-дан аса картина қатысып отыр.

«Білесіз бе, өкінішке орай, өнерді бағалау әрдайым субъективті болып табылады. Оның үстіне, кино - бұл тек әрбір адамның жеке қабылдауы, өзіндік пайымдауы. Объективтілік - бұл өте күрделі нәрсе, бірақ оның алдында шындық тұрады. Бұл номинация бойынша, яғни «Sonje award» жүлдесіне Орталық Азия елдерінен 21 қысқаметражды фильм қатысып, өз бағын сынайды», - деді отандық режиссер.

Шарипа Оразбаеваның қазылар алқасына мүшелік ететін Корей еліндегі ірі кинофестиваль аталымында бірнеше жыл бұрын қазақстандық режиссердің бірі бағын сынап жеңіске жеткен.

«Бұл жүлдені 2016 жылы қазақстандық режиссер Елзат Ескендір "Өліара" атты фильмімен жеңіп алған болатын. Биыл бұл номинацияда қазақстандық картиналар жоқ.  Байқау бағдарламасындағы фильмдер мүлдем өзгеше. Қазылар алқасының мүшелері ретінде біз бір-бірімізбен ортақ тіл таба аламыз және таңдау кезінде объективті бола аламыз деп үміттенемін», - деп атап өтті Шарипа ханым.

Иә, бұл номинацияда болмаса да, биыл Пусан кинофестиваліне бірден үш отандық картина жол тартады. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, олар  -  режиссер Әділхан Ержановтың «Желтая кошка», Фархат Шәріповтың «18 килогерц» және режиссер Руслан Пактың «Три» атты картиналары. Алғашқы екі фильм «Азияға апарар терезе» номинациясында көрсетілсе, «Три» фильмі «Жаңа толқын» аталымында сарапшылар назарына ұсынылады.  

Бусан Халықаралық кинофестивалі  1996 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан Азиядағы ірі кинофестивальдің бірі. Шара жас режиссерлер еңбегі мен жаңа туындыларды көрсетуге мамандандырылған. Биыл фестиваль қазан айының 21-і мен 30-ы аралығында өтеді. Оған 68 мемлекеттен барлығы 192 картина қатысып, бақ сынайды. Коронавирус пандемиясына байланысты  фестиваль ұйымдастырушылары барлық офлайн шараларды, оның ішінде ашылу және жабылу салтанаттарынан бас тартты. Сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдай қиындай түссе, фестиваль мүлдем өткізілмеуі мүмкін.  

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы