Размер шрифта:

Цветовая схема:

22 қараша, 2021202

Sheker веб-сериалы америкалық фестивальде бақ сынамақ

Salem social media-ның өнімі «Шекер» веб-хикаясы LA INDIE FILM FESTIVAL (АҚШ) кинофестиваліне бірден 7 номинация бойынша ұсынылған. Қазақстандық кино тарихында аталған  хикая американдық фестивальдің іріктеу тізіміне енген алғашқы веб-жоба болмақ. Байқаудың марапаттау рәсімі осы жылдың желтоқсан айының басында өтеді деп жоспарланған.

«Шекер» веб хикаясы фестивальде «Үздік веб-хикая», «Көрермен таңдауы», «Үздік ансамбль», «Үздік актер», «Үздік актриса», «Үздік режиссер» және «Үздік сценарий» бөлімдері бойынша бақ сынайды. Сондай-ақ хикаяның қазылар алқасына ең жарқын әсер қалдырған жобаға берілетін Kick Ass Award жүлдесін жеңіп алуға да мүмкіндігі бар.

Salem social media-ның халықаралық нарық бойынша сату жөніндегі менеджері Айжамал Әубәкірова айтқандай, әлемдік көрерменнің көңілінен шыққан SHEKER бүгінде Salem social media-ның ғана емес, Қазақстанның визит картасына айналды:

«Биыл біз өзімізді халықаралық аренада сәтті таныта бастадық және қазақстандық жобалар өзіндік ерекшелігі мен сапасының арқасында әлемдік нарықта үлкен қызығушылық тудырады деген қорытындыға келдік. SHEKER-ге келетін болсақ, біздің өнім Азияда оң пікірлерге ие болды, Каннда да жылы қабылданды. Енді АҚШ-та бақ сынағалы отырмыз.Біз осы бағытта әрі қарай жұмысты жалғастырып, дүние жүзіндегі басқа дистрибьюторлармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз».

«Шекер» – университеттің ақысын төлеу мәселесін қылмыстық жолмен шешуге кіріскен студент Алдияр туралы драмалық хикая. Жігіт есірткі тасымалдайтын курьер болып, оңай ақшаның соңынан қуамын деп, нағыз қылмыс әлеміне тереңдеп еніп кеткенін байқамай да қалады.

Аталған веб-хикаяның сценарисі әрі Salem social media-ның креатив продюсері Арыстан Қауневтің айтуынша, бұл жоба жастар арасында есірткінің кең тарағанына байланысты дүниеге келген.

«Осыдан небәрі 3 жыл бұрын синтетикалық есірткіге Қазақстан аумағында тыйым салынып, оларды тарату қылмыстық құқық бұзушылық деп танылды. Бұл заң арзан есірткінің бүкіл елде қолжетімді болуына байланысты қабылданған болатын. Біз бұл мәселеге бей-жай қарай алмай, синтетиканы пайдалану мен сатудың қандай қайғылы салдарға әкелетінін көрсетуді шештік», –деді ол.

Айта кетейік, SHEKER қазірдің өзінде Азиядағы сериалдар мен киноөнімдерді сату бойынша жыл сайын өтетін ірі байқау – Pusan ​​Film Market сыйлығын алған Қазақстандағы алғашқы және жалғыз веб-жоба. ASIA CONTENTS AWARDS (ACA) фестивалінде қазылар алқасы қазақстандық «Шекер» веб-хикаясын «Үздік қысқаметражды/веб-драма» номинациясында жеңіске лайық деп тапты. Сондай-ақ жоба Канн кинофестивалінің CANNESERIES деп аталатын  негізгі конкурстық бағдарламасында көрсетілді.

LA INDIE FILM FESTIVAL — 2007 жылдан бері жыл сайын желтоқсанның басында Лос-Анджелесте өткізілетін және LA FILM FESTIVAL желісінің бөлігі болып табылатын тәуелсіз кинофестиваль.

Автор:  Мұқанова Нұржауған

Фото:  salemsocial.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы