19 ақпан, 202010

ШЕТЕЛДІК КИНОДАН ҮМІТТІ ОТАНДЫҚ АКТЕРЛЕР КІМДЕР?

Тәуекел Мүсілім түркиялық кинотуындыда өнер көрсетпек ниетте. Бұл туралы актер «НТК» арнасының «Revue» бағдарламасына берген сұхбатында айтты. 

«Шығу керек, тек қана Қазақстанмен шектелмей. «Баронда» Канн мырзамен таныстым. «Қара севдада» түскен. Ол кісімен жақсы танысып, пікірін сұрадым, жалпы Түркия кинемотографиясы жайында. Егер Түркияға барып жатсам, менде қаншалықты мүмкіндік бар деген сияқты. Ол кісі кел деп жатыр», - деді актер. 

Тәуекелдің «Барон» деп отырғаны - өзбек режиссері Рустам Сагдиевтің криминалдық драмасы. Онда актер басты рөлдердің бірін сомдаған. Фильмнің алғашқы бөлімі осыдан төрт жыл бұрын, 2016 жылы жарық көрген. Бұл халықаралық жоба Ресей, Түркия және Өзбекстанның бірігіп жасаған еңбегі екен. 

«Бауыржан Момышұлы», «Қазақ хандығы», «Әміре», «Қарлығаш ұя салғанда», «Тараз», «Балуан шолақ», «Тобол» сияқты талай тарихи туындылар мен хикаяларда басты рөлдерді сомдап, ерекше талантымен көрермен жүрегін жаулап алған Еркебұлан Дайыров та бір орында тұралап қалмақ емес. Отандық фильмдермен қатар, басқа да ресейлік және шетелдік киноаренаны бағындырып келеді. Әлі де бағындыра беретінін айтады.   

- Біздің «Nomad» каскадерлар тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов ағамыз,  ол кісімен осыған дейін де бірнеше проектілерде жұмыс істегенбіз. Сол кісі режиссер Игорь Зайцевке мен туралы айтып, видеопроба,  арнайы жабық кастингке барып қатысып, сосын көңілінен шығып, киноға өткен жайымыз бар, - деді Еркебұлан Дайыров «Revue» бағдарламасына берген сұхбатында. 

Жайдарбек Күнғожинов демекші... «Тобол» тарихи туындысына екінші режиссер ретінде үлес қосқан өнер иесі де шетелдік фильмдерде төбе көрсетеді. Күнғожинов жуырда үлкен экранға шығатын Диснейлік туындыда өнер көрсетеді. «Мулан» атты драмалық туындыда ол әскер басшысының рөлін сомдайды. 

«Каскадер, трюкқа адам дайындауға келгенмін. Сосын актерларды дайындап жатқанда продюсер кеп: «О, Жайдарбек келді, актерларды не қыламыз. Бір актерды - Канададан келген қайтарып жіберейік, Жайдарбекті қояйық» деп. Аяқастынан, өзім сасып қалдым» - дейді «НТК» арнасына сұхбат  берген каскадер. 

Айта кетейік, бұдан бөлек, шытырман оқиғалы фильмде каскадерлік трюктерді қазақстандық «Nomad Stunts» тобы орындайды.

Автор:  Зарина Смағұлова

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы