Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 сәуір, 202083

Шетелдік телеарналарда көрсетілген отандық телехикаялар

Қазақстандық фильмдер шетелдік ареналарға шығып, көптеген халықаралық кинофестивальдерде жүлдегерлер атанып жүргендері де жасырын емес. Бұл деңгейге отандық телехикаялар да қол жеткізіп отыр. Тек соңғы жылдары Ұлттық арна түсірген отызға жуық телетуынды өзге елдердің арналарында көрсетіліпті.

Бұл туралы Ұлттық арна хабарлап отыр. Айтуларынша, қазіргі қоғам мен отбасылық құндылықтар, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлерімізді дәріптейтін, қарапайым адамдардың тағдырлары, қиындықтары мен қуаныштары туралы қазақ режиссерлерінің түсіріп жатқан көп бөлімді туындылары шетелдер де үлкен сұранысқа ие. Көршілес және алыс шетелдердің көрермендерін тәнті етіп, жоғары бағаға ие болған қандай хикаялар? Бірнешеуін назарларыңызға ұсынамыз.

«Сырғалым»

Бұл ұлттық құндылықтарымызды ұмытуға аз-ақ алдында қалған қалалық отбасының өмірін өзгертетін ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіріп, сусындап өскен қарапайым қазақ қызы жайындағы хикая. Сюжет желісі бойынша қыз шаһарда тұрып жатқан әкесінің жақын досының отбасына келеді. Оның үш ұлының бірі қызға ағалық қамқорлығын танытса, екіншісі оны сүйіп қалады. Ал, ең кенжесі Сырғалымды үйден қуғысы келеді. Қалаға келген ауыл қызының тағдыры мұнда түбегейлі өзгереді. Бойжеткен астаналық Санжар есімді жігітке тұрмысқа шығады. Фильм көрермендер тарапынан жоғары қызығушылыққа ие болды. Сол себепті де Ұлттық арна оның жалғасын  түсіруді жөн көрді.
Телехикаяның екінші кезеңі 32 бөлімнен тұрады. Мұнда бас кейіпкер өз мансабын құрады. Оны жүзеге асыру барысында түрлі айла-амалдардың, шиеленістердің ортасына түседі. Алайда, ақыры барлығын жеңеді.
Телетуынды толығымен қазақ тілінде түсірілген. Оған танымал театр және кино әртістері Әлихан Ыдырышева, Мұрат Нұрасылов, Жұлдыз Маханова, Әлішер Әуезов, Динара Абдулина, Омар Қиқымов, Жандарбек Садырбаев және басқалары түсті. Ал, Рашид Сүлейменов пен Ильхам Джалиловтар телехикаяға продюсерлік етті.

«Қара шаңырақ»

Көрермендердің көңілін жаулаған бұл отандық өнім Азамат Сатыбалды, Болат Әбділманов, Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Ғайниқамал Байқошқарова, Саят Мерекеұлы, Мәриям Думанова, Бақытжан Әлпейісов, Райхан Қалиолдина, Әсел Қалиева, Шәріп Серік сияқты танымал театр және кино әртістерінің басын біріктірді. «Қара шаңырақ» хикаясы үш ағайынды жігіттің өмірі туралы сыр шертеді. Үлкені табысты іскер болады. Алайда, жеке өмірі бір арнаға келе алмай жүргені оған біршама қиындықтар туғызады. Ортаншысы – бұрынғы спортшы. Линда есімді әнші қызбен танысқан соң, ештеңеден қол үзбей, алға қарай ұмтылу керектігін түсінеді.
Ал, ауылда ата-анасымен қалған кенже Мәди есімді жігіт әкесінің фермасында басқарушы болады. Әкесінің үнемі бақылауында жүрген ол тәуелсіз болуды армандайды. Жүз бөлімнен тұратын телехикая 2014 жылы жарық көрді. Оған Қанағат Мұстафин режиссерлік етті.

«Отыңды өшірме»

20 бөлімнен тұратын отандық телехикая - жақсылық пен жамандықтың аражігін ажырататын көркем туынды.
Патриоттық драмаға Мұрат Алмасбеков сценарий жазды. Ал, Төлеген Бейсет режиссерлік етті. Бүгінгі күннің шынайы көрінісінен тұрмыс-тіршіліктің  титтей бөлшегіне дейін қамтыған туынды әр нәрсенің қайыры барын көрсетеді. Тек сабырлық танытып, адам өмір сүру керектігін аңғартады. Бұдан бөлек, картинада қазақтың ұмыт боп бара жатқан салт-дәстүрлері қайта жаңартылады. Фильмде Ерғұлан Жанпейісов, Назерке Әмірова, Ғани Құлжанов, Ақниет Орынтайлар және басқа да актерлер  өнер көрсетеді.

«Көзайым»

«Көзайым» сериалында көрермендер махаббат, достық пен отбасы жайында қызықты хикаяны тамашалай алады.Сюжет желісі бойынша Еркебұлан есімді жас жігіт Көзайым есімді бойжеткеннің көңілін жаулап аламын деп достарымен бәс тігеді. Уақыт өте оған өзі шынайы ғашық болады. Алайда, қыз Сұлтан есімді жігітті ұнатады. Ақыры ол Еркебұланның ағасы екендігін біледі. Сөйтіп, хикая одан әрі өрби түседі.
Отандық туынды екі кезеңнен тұрады. Олардың сценариін Данияр Күмісбаев, Сафуан Шаймерденов, Салтанат Қалиева мен Қанат Рамазандар жазды. Көп бөлімді телехикаяда Ерік Жолжақсынов, Райхан Айтқожанова, Маржан Қалыбек, Азат Сейітметов, Айгүл Иманбаева, сондай-ақ, әнші Нұрболат Абдуллин мен  Ringo тобының солисі Батыр Байназаров рөлдер сомдайды.

«Тар заман»

Фильмдегі оқиға желісі жиырмасыншы ғасырдың басын қамтиды. Мұнда қазақ зиялылары «Алаш» қозғалысын құруы көрініс табады. Тарихи фильм Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов және Алаш үкіметін құру жолында күрескен тұлғалардың тағдыры суреттеледі. Бір сөзбен айтқанда, туынды атақты адамдар жайындағы хикая. Фильмде Дулыға Ақмолда, Медғат Өміралиев, Жалғас Толғанбай, Балтабек Сейітмамыт, Тұрсын Құралиев, Олжас Абай сияқты актерлер өнер көрсетеді. 12 бөлімнен тұратын тарихи драмаға Мұрат Бидосов режиссерлік етті.

«Сүйе білсең»

Телехикаяның бас кейіпкерлері - өмірде өз орындарын табуға талпынған жастар. Көзқарастары мен мінездері бөлек оларды жалғыз біріктіретін нәрсе – ол спортқа деген сүйіспеншілік. Дәл осы қызығушылықтары оларды бір арнаға тоғыстырады. Фильмде Ербол Семқұлов, Ғазиза Тілеубай, Әбілмансұр Серіков, Нұржан Әбубәкір, Роза Мұқатаева, сондай-ақ, Гүлназ Жоланова, Жандос Айбасов, Кәмшат Жолдыбаева, Еркебұлан Дайыровтар ойнайды. Картинаға Ернар Нұрғалиев режиссерлік етті.

«Қашқын»

Детектив жанрында түсірілген бұл туынды қоғамдағы көкейкесті мәселеге айналған жемқорлық тақырыбын, теріс діннің әсері сияқты тақырыптарды қозғайды. Бұдан бөлек, осындай түйткілді проблемалар белең алуы - қоғамда қатыгездік пен дәстүрдің құнсыздануына әкеп соқтыратынын көрсетеді. Фильм арқылы оны жасаушылар қоғамды тек адалдық пен адамгершілік арқылы жақсылыққа жетелеуге әрі түзетуге болатынын алға тартады. Телехикаяда Қуандық Қыстықбаев, Нышанбек Жұбанаев, Жандарбек Садырбаев, Бақыт Тушаев және басқалары өнер көрсетеді.
Ұлттық арнаның хабарлауынша, бұл аталған телехикаялар Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Ресей, Беларусь, тіпті Оңтүстік Корея мен Индонезия елдерінің телеарналарында көрсетіліп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген екен.

Айта кетейік, «Сырғалым», «Көзайым», «Тар заман», «Сүйе білсең» телехикаяларын біздің «kaztube.kz» сайтымыздан да көре аласыздар.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы