Размер шрифта:

Цветовая схема:

22 қыркүйек, 202011

«Шлагбаум»: бар мен жоқ арасындағы шекара

Қоңыр күздің кешінде көрпеге оранып, қолыма ыстық шай алып, теледидар алдына жайғастым. Осыған дейін күндіз қандай қазақстандық кино көруге болады деп ғаламтордан іздеген кезде ұзын тізімнен осыдан бес жыл бұрын жарық көрген «Шлагбаум» отандық фильмі шыға келді. Сөйтіп, атауы есте қаларлық болған соң, ешқайда түртіп жазбадым. Кешкісін экран алдына жайғасып, фильмді тамашалауға кірістім. Иә, режиссер Руслан Пошановтың «Шлагбаум» фильмі суық күнде жылытатын туынды емес, мелодраманы сүйетін көрерменге жаға қоймас, бірақ кейде дәл осындай туынды көрген пайдалы-ау. Өз ойымыз.

Фильмге елітпес бұрын, оның қандай жанрда екендігін айтып, қысқаша синопсисін аша кетейік. «Шлагбаум» - бұл қазақстандық қоғамның әлеуметтік бөлінуі мен екі параллель әлемде өмір сүріп жатқан жандар: бірі пәтерден-пәтерге көшіп, күні-түні жұмыс істеп, айлығын ала алмай жүрген күзетші, екіншісі жалғыз уайымы - студенттік тапсырманы уақытында өткізе алмай жүрген барлының баласы туралы әлеуметтік экшн-драма. Неге экшн? Оны кейін білесіздер.

Сонымен «Шлагбаум» фильмі кейіпкерлерінің, түсінікті болғандай, тағдырлары мүлде бөлек. Күзетші дегеніміз – Рауан есімді жігіт. Үлкен қалаға өзінің оқушы інісімен ауылдан келеді. Бокспен айналысып, халықаралық алаңдарға шығуды армандайды. Алайда барлығы ойлағандай болып шықпайды. Қалада бауырымен бірге өмір сүру үшін ол бір емес, бірнеше жұмыста еңбек етуге мәжбүр болады. Сөйтіп күндіз элиталық тұрғын үйдің кіреберісінде күзетші болып жалданса, түнгі уақытта клубта жұмыс істейді. Содан ұйқысы үнемі қанбай жүретін жігіт бокс жаттығуларын өткізуіне тура келеді, сонысымен жаттықтырушысының наразылығын тудырады. Барлы Айдар болса, мұнай компаниясы басшысының ұлы. Әкесі Астанаға көшіп, ұлына Алматыда үлкен пәтер қалдырады. Қайғы-мұңы жоқ Айдарға оқу ғана міндет. Бірақ ол да қолынан келмейді. Белді жоғары оқу орындарының бірінде білім алатын жігіт оқуын Ұлыбританияда жалғастыруды армандайды, алайда емтиханға рұқсат алып, бағын сынау үшін оқытушының берген тапсырмасын орындауы тиіс. Бір қарағанда бас кейіпкерлердің өмірі еш қиылыспайтын сияқты, солай ма? Алайда... Рауанның күзетшілік етіп отырған үйі - Айдардың тұрып жатқан баспанасы, ал шлагбаум – екеуінің үнемі кездесетін жері: бірі қымбат көлігімен сол шлагбаумнан өтетін болса, екіншісі оны ашатын қызметші. Тек Рауан бірде ұйықтап қалады, бірде тетігі дұрыс істемей қалып, шлагбаумды уақытында ашпай, Айдардың ашуына тиеді. Содан жас жігіт оны жұмыстан шығарамын деп қорқытады. Сөйтіп күндердің күнінде Рауан пәтердің ақшасын төлей алмай бауырымен далада қалады. Онысымен қоймай, түнгі клубқа келуші қыздардың бірімен жанжалдасып, жұмыстан қуылады, ол аздай, қыздың «ағалары» оны қатты соққыға жығады. Жығылғанға жұдырық демекші, оның бұл былықтан құтылып, аяққа тұрамын деп армандап жүрген спортында да жолы болмайды. Жаттықтырушысы оны жарысқа баратын команда құрамына кіргізбей, жігіттің өтінішіне құлақ та аспай қояды. Айдардың да Англиядағы оқуы арман болып қалатын сияқты. Студенттер арасында Ұлыбританияға барғысы кеп жүрген басқа да бәсекелерстері бар, ол болса, шетелдік оқытушының берген тапсырмасын уақытында тапсыруға үлгермей жүреді. Сөйтіп бастарындағы бұл проблемалар екі жігіттің арасындағы жанжалды өршіте түседі. Рауан бар ашуын шлагбаумға келіп дабыл қағып, оны балағаттап жатқан Айдардан алып, жігітті ұрып тастайды. Екіншісі үйіне барып, әкесінің ілініп тұрған аңшы мылтығын алып, ұйықтап отырған күзетші Рауанды атып өлтіреді. Ақырында бай әкесі ауқатының арқасында оны түрмеден алып шығады.

Міне, осылайша, фильм авторлары бай мен кедейдің арасындағы шекараны шлагбаум арқылы сызып, өмірдің ащы болса да, шындығын ашып көрсетеді. Түйін қандай? Қоғамдағы бұл түйткілдер бұрыннан бар құбылыс, бірақ әлемді әдеміліктен бөлек, мейірімнің де құтқаратыны хақ. Бәлкім, жұмыссыз, үйсіз-күйсіз қалған Рауанның жаттықтырушысы жарысқа қатысу туралы өтінішіне құлақ асып, жағдайына түсіністікпен қараса, қайғылы жағдай орын алмас па еді? Ал шетелдік оқытушы Рауанның тапсыруы тиіс тапсырмаларының бірін қабылдап, «қалғандарын кейін тапсырамын» деген сөзіне сеніп, сәл мейрім танытса, жағдай бұлай ұшықпас па еді? Ойланарлық. Айтпақшы, басында фильм шынайы оқиғаға негізделген деп жазылады. Демек, болған жағдай, тек қайталанбаса игі.

Фильм ұзақтығы бір сағат. Осы бір сағатқа авторлар бар ойларын сыйдырған сияқты. Авторлар демекші, оның сценарийін жазғандар – отандық режиссер, талай халықаралық кинофестивальдерде өзінің туындыларымен топ жарып жүрген режиссер Әділхан Ержанов пен картина режиссері Жасұлан Пошанов. Ал оған продюсерлік еткен Асқар Ұзабаев болды. Картина әдемі әрі сапалы жасалған. Оны кинолента операторы Азамат Дулатовтың қолтанбасынан-ақ байқауға болады. Картина 2015 жылдың күзінде көпшілік назарына ұсынылды. Оған дейін «Шлагбаум» 37-ші Мәскеу Халықаралық кинофестивалінің байқау бағдарламасында көрсетіліп, сәтті шықты. Сәтті деуіміз – Рауанның рөлін сомдаған танымал қазақстандық актер Еркебұлан Дайыров «Үздік ер адам рөлі» аталымына ие болған. Айта кетейік, картинада сонымен қатар Дидар Каден, Азат Жұмаділ, Алдаберген Шалбаев, Элина Шакеевалар өнер көрсетті. Фильм небары он сегіз күнде түсірілген екен. Актерлердің жұмысына келер болсақ, Дайыровтың ойны әдеттегідей – мінсіз. Оның інісінің рөлін сомдаған Азат Жұмаділов те жас та болса, шынайы ойын көрсетті. Айдардың кейіпкері ашушаң болғаны автордың идеясы болса керек, олай болса, Дидар Каден бұл рөлді жақсы алып шықты деуге болады. Алайда екінші пландағы актерлердің ойнына біраз сын айталық. Мәселен, күзетші Рауанның әріптесі. Авторлар оны ерекше жан етіп көрсеткісі келді ме, әлде арасында сюжетті сұйылтқысы келді ме, оған да айтар сөз берді. Бірақ көрер көзге оның сөзі монологтай көрініп, бір нүктеге қарап оқығандай әсер қалдырады.

Фильм мағыналы әрі көруге тұрарлық. Қаралым уақыты көзді ашып-жұмғанша өте шығады.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  kinopoisk.ru

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы