Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 наурыз, 2020388

Спорт туралы фильмдер

Отандық киноиндустриямыз күннен – күнге даму үстінде. Жаныңыз қалаған жанр мен сюжетті оңай тауып, көргіңіз келетін сүйікті актерлерді де таңдай аласыз. Оған елде түсіріліп жатқан кең талғамдағы фильмдердің жан-  жақтылығы дәлел. Сапалы картина мен мағыналы ой қазіргі кинолардың басты мақсаты болуы керек. Ол үшін қазір ҚР Мәдениет және спорт министрлігі білек сыбана атсалысуда. Мәселен, отандық картиналардың ішінде спорт тақырыбында түсірілген фильмдер де жетерлік. Ал олар қандай картиналар? Бірге тамашалап көрейік.

Бекзат

Қалың көрерменнің көңілінен шыққан бұл фильмде басты рөлді Самат Әзімқұлов сомдаған. Фильм қазақ бокс тарихында есімі алтын әріппен жазылған, ел намысын дүниежүзілік додада зор абыроймен қорғаған Бекзат Саттархановтың өмірі негізге алынып түсірілген. 2000 жылы бокстан Аустралия жерінде Сидней Олимпиадасының жеңіс тұғырына екі қазақ жігіті шықты. Соның бірі Бекзат еді. Ол өмірде қысқа ғұмыр кешсе де, өзі жан тәнімен берілген қазақ спорт әлеміне үлкен үлес қосып үлгерді. Картина Түркістан, Алматы және Стамбул қалаларында түсірілген.

Жол

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген бұл фильм елдегі ең танымал спорт түрі – бокс туралы баяндайды. Қазақстандық картина жас спортшының алдынан кездесетін қиындықтар мен тосқауылдарын көрсетеді. «От» атты лақап атымен танымал жас жігіт Алматылық базарлардың бірінде қара жұмыс істеп жүріп ережесіз жекпе- жек жарыстарында бақ сынап жүреді. Уақыт өте ол кәсіби бокс пен үлкен ринг өмірінің мәні екенін аңғарып, боксшылар клубына қосылады. Бірақ ол нағыз чемпион болу үшін көп еңбектеніп қана қоймай, алдамшы ермектің құрбаны болмау керектігін түсінеді. Жас боксшының жеңіске деген жолы дәл осы «Жол» фильмінде анық бейнеленген. Аталмыш картина 2017 жылы көрші Ресейде өткен "Красногорский" халықаралық спорттық кинофестивалінде ел намыс қорғап, отандық киноиндустриямызды тағы бір жоғары сатыға көтерген болатын.

Воля к победе

Деректі фильм грек-рим күресінің палуаны, Халықаралық спорт шебері  Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы түсірілген. Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионының биографиясын баяндайтын фильмде кеңес заманының деректі хроникасы қолданылады. Картина бірнеше кинофестивальдерде ұсынылып, үздіктер қатарынан танылған болатын.

Запрещенные танцы

Би өнері де спорттың бір түрі екені мәлім. Отандық киноиндустриямызда дәл осы би әлеміне арналған картина да жоқ емес. Оның бір дәлелі болған дәл осы фильм жүрегі би деп соғатын қарапайым жастардың өмірі жайында. Олар даяшы, аспазшы және қарапайым студенттер. Қаланың үздік би командасы болу үшін заңға қарсы тұрып, жақындарының сатқындығына мойымай армандарына адал бола білген бишілердің ойлағаны жүзеге аса ма? Кино шетелдік «Шаг вперед» картинасының қазақстандық үлгісі бола алды ма? Оны отандық кинотуындыны тамашалғаннан кейін біле аласыз.

Тайталас

Драма жанрында түсірілген көп сериялы "Тайталас" фильмінің сюжеті Қуаныш Нұрабаев есімді жас боксшының кәсіби спорттағы жолын баяндайды. Жас жігіт өз мақсатына жету үшін өміріндегі басты құндылықтарынан бас тартып, көп нәрсесін құрбан етуге мәжбүр болады. Бәрі де жігіттің спортқа деген махаббаты арқасында. Ал сол махаббаты оның үмітін ақтай алар ма екен? Елге белгілі спортшы болу үшін тағы неден бас тартуға тура келеді? Аталмыш драма спортшылардың осындай қиындықтары турасында тіл қатады.

Рывок

«Еңбек пен табандылық-табысқа жетудің негізі» слоганымен түсірілген бұл фильмнің айтар астарлы ойы бар екені мәлім. Картина кезінде атақты әрі танымал адамның қиын кезеңге тап болып, шарасыз күйге бір мезетте түсетінін анық көрсеткен. Басты кейіпкердің мансабын тек өзінің қанағатсыздығы пен қызғаныштық қасиетті құртты. Ауруханадағы төсекке танылған оның өмірге деген үміті өшіп, бұл әлемге керексіз болып қалғандай әсерде болады. Бірақ ол балалық шағында арманына жету үшін бір серпіліс жасап, орасан зор жетістіктерге жеткенін есіне түсіреді. Себебі, арман әрбір жанды кез- келген жағдайдан тік көтеріп, алға қарай жетелейтіні мәлім.

Ближний бой

Қазақстандық жас спортшы АҚШ-та өтетін күрес турнирінде жеңіске жетіп, үлкен атаққа ие болады. Бірақ оның әкесі елдегі бай бизнесмендердің бірі, әрі Ресейлік қауіпті мафиямен тығыз байланысы бар. Қауіпті өлімнің кездейсоқ “куәгері” болған ол Америкаға кетуге мәжбүр болады, алайда оның проблемалары мұнымен таусылмайды. Ол шетелде бұрынғы қарсыластары әрі дұшпандары болған топтың қолына түсіп, өлім мен өмірдің арасында арпалысады.

Автор:  Ахмадиева Жанерке

Фото:  tengrinews.kz, total.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы