Размер шрифта:

Цветовая схема:

22 қазан, 2020330

Таллинде «Ұлболсын» картинасының әлемдік премьерасы өтеді

Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың кезекті жаңа туындысы әлемді таңқалдырмақ. Киногердің «Ұлболсын» атты көркем фильмі «Black Nights»  24-ші Таллиндік кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасына қатысады. Бұл туралы режиссердің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бұл қиын жағдайға тап болған екі әпкелі-сіңлілі қыздар туралы қарапайым оқиға. Дәл осы қиын жағдай кейіпкерлердің мінез-құлықтарын ашуға көмектеседі. Мен фильм командасын осы премьерамен  құттықтаймын!», - дейді Әділхан Ержанов.

Эстония астанасында ұйымдастырылатын фестиваль қараша айының 13-і мен 29-ы аралығында өтеді. Отандық картинамен бірге байқауда Иштван Сабо, Александр Миндадзе және Анна Меликянның жаңа картиналары да бақ сынайды. «Ұлболсын» фильмінің «Қара түндер» фестивалі аясындағы көрсетілімі оның әлемдік премьерасы болмақ. Бұл кинолента - Әділхан Ержановтың оныншы толықметражды көркем фильмі.   

Айта кетейік, фильм түсірілімдері биылғы жылдың қысында Алматы облысында жүргізілді. Оны француздық Arizona Productions пен қазақстандық Short Brothers компанияларының қатысуымен Sunny Production өндіруші-компаниясы жүзеге асырды.   

Естеріңізге сала кетейік, фильм күш-жігерге толы Ұлболсын есімді әйелдің туып-өскен ауылының патриархалды әлемімен күресін суреттейді. Бас рөлдерді Әсел Садуақасова сомдайды. Осыған дейін ол режиссердің «Бой Атбая» мен «Желтая кошка» картиналарына продюсерлік еткен. Одан бөлек, фильмде Динара Сағи, Ерболат Әлқожа, Берік Айтжанов, Санжар Мәди және Данияр Алшыновтар өнер көрсетеді. Бір қызығы – фильмдегі эпизодтық сахнада Алшынов «Черный, черный человек» картинасындағы бас кейіпкер тергеуші Бекзат болып ойнайды. Кинолентада режиссермен үнемі жұмыс істейтін Ержан Жаманқұлов, Нұрбек Мұқышев пен Еркен Губашевтер де рөлдер сомдайды.     

Картинаны таспалаған оператор Азамат Дулатов болды. Бұл оның режиссермен бірге еңбек еткен алғашқы туындысы. Сценарийін жазған Әділхан Ержановтың өзі. Продюсерлері Серік Әбішев пен Ольга Хлащевалар. Ко-продюсері – Гийом де Сиель.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  режиссердің баспасөз қызметі ұсынды

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы