Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 қыркүйек, 2021209

«Тастандылар» фильміне рецензия: Қатыгез Қайрат – әйелге қатал қоғамның бейнесі

Қазақ даласының тамаша табиғаты аясында жолаушылып екі адам келе жатыр. Бірі – жүзі сынық жас әйел, екіншісі – ересек адамға еріксіз еріп келе жатқаны түрінен түсінікті бес-алты жас шамасындағы кішкене бала. Екеуі ұзақ жолмен аяңдап туып-өскен ауылға бет алып келеді. Әйел – осыдан жеті жыл бұрын арман қуып Алматыға кетіп, қазір отбасына оралуды көздеген Айғаным. Ол өзінің ұлы Тимурмен бірге отбасынан жасаған «күнәлары» үшін кешірім сұрап, қандай қорлық көрсе де туған жанұясымен қайтадан араласуға белді бекем буған.

Жанна Исабаеваның кезекті картинасы режиссердің бұрынғы фильмдері секілді тым қатал әрі тым шынайы. Әлеуметтік драма еліміздегі елеулі мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық және әйелдер құқығы тақырыптарын көтереді. Фильмде көрсетілетін басты проблема жоғарыда аталғандар болғанымен, қазақ қоғамындағы коррупция, сатқындық, жұмыссыздық, қылмысқа көз жұма қарау, ерте тұрмыс құрудың зардаптары секілді көптеген мәселелер картина мазмұнынан тыс қалмайды. Жанна Исабаева осы фильмге дейін режиссер әрі сценарист ретінде құлағының мүкісі бар жандардың мәселесін көтеретін «Света», балалар үйінде тәрбиеленген бойжеткендердің қиын тағдырын бейнелейтін «Нағима» әлеуметтік драмаларын, қазақ қоғамындағы «елден ұят болады» дегенді желеу етіп даңғазалыққа салынуды әшкере ететін «Дорогие мои дети» комедиялық мюзиклін және басқа да елдің бет-бейнесін айна-қатесіз көрсететін бірнеше фиьмдерді түсірді.

«Тастандылар» картинасын түсіру идеясы режиссерге сонау 2015 жылы келген. Сол кезде өзекті болып тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты статистикалық мәліметтер әлі күнге дейін өз құнын жоймай келеді. «БҰҰ-әйелдер» қорының 2019 жылғы дерегіне сүйенсек, Қазақстанда тұрмыстық зорлықтың салдарынан жылына 400-ге жуық әйел қаза болады екен. Яғни күніне бір әйел. Бұған тіркелмеген қылмыстар мен отбасыдағы психологиялық қысымның кесірінен суйцид жасайтын әйелдерді, ұрып-соғудың салдарынан мүгедек болып қалған отаналарын қоссақ, тіпті адам шошырлық сан шығатыны белгілі.

«Мен көрерменнің жиырма бірінші ғасырда біздің елде осындай жабайылықтың «гүлденіп» келе жатқанына ұялғанын қалаймын. Неліктен біздің әйелдердің құқығы жоқ? Неліктен заң бойынша кісі өлтірушілер жазаланбайды, түрмеге қамалмайды? Мен ауылдық жерде тұратын қазақтардың «патриархалдық менталитетімен» талай ұшырастым және әр жолы ондағы әйелдердің қысымда өмір сүріп жатқанын көріп, ауыр моральдық азаптарды бастан кешірдім. Біз бір елде тұрамыз, бізді мың шақырым ғана қашықтық бөліп жатқанымен, арамызда бірнеше ғасырлық алшақтық бар. Мен бұл фильмді түсірмей қарап отыра алмадым», – дейді киногер Жанна Исабаева.

Режиссер сұхбаттарында дәл осы фильмге қаржылық қолдау табу барлығынан да қиын болғанын алға тартады. Себебі – қарапайым: қалталылардың көбі көрсетілген шындықтың ащылығына шыдай алмайды, авторды жағдайды тым драмаландырып жібердің деп айыптайды. Алайда картина сюжеті секілді трагедиялы оқиғалар шынайы өмірде күніне кемінде бір рет болса да қайталанатынын статистика дәлелдеп беріп отыр. Осы дәлелдер мен жаңалықтардан естілетін жағдайларды қаперге алып, бұл кинотуынды көрерменге жол тартуы керек деп шешкен қоғаммен байланыс маманы Әлішер Елікбаев фильмге продюсер болды. Бұл – пиаршының продюсерлік еткен алғашқы жобасы. Дәл осы Әлішердің арқасында «Тастандылардың» онлайн көрсетілімі көбейді деп айтуға болады. Кинокартина кең прокатқа шықпай, көрермен саны шектеулі орындарда ғана көрсетілді. Продюсер әуел бастан-ақ бұл фильмнен пайда таппайтынын түсінген. Елікбаевтың айтуынша оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, картина толықтай қазақ тілінде (орыс тілінде – субтитр), екіншіден, фильм халық көп баратын комедия жанры емес, өте ауыр драма. Үшінші себеп, әрине, туындыдағы әртістер – қазақ киносының «қымбат» жұлдыздары емес, өнер жолын енді бастаған жас актерлер. Осындай нюанстарға қарамастан, режиссердің ютуб арнасында жарияланған «Тастандылар» бұл күнде бір жарым миллионнан астам қаралым жинаған. Әрине, бұл қазақ тіліндегі әлеуметтік драма үшін жаман көрсеткіш емес. Айтпақшы, картинада тәжірибелі актерлер бой көрсетпеді деп сан соғудың тіпті қажеті жоқ. Себебі, басты рөлдерде ойнаған Жанаргүл Жаныманова, Нышанбек Жұбанаев, Райхан Қалиолдина, Индира Құлмағамбетовалар өз рөлдерін тамаша орындап шықты.

Ал енді фильм сюжетіне қайта оралайық. Жоғарыда Айғанымның өз отбасының алдында «ауыр күнәсі» бар дедік. Ол – жас қыздың мектеп бітіре сала үлкен қалаға аттанып, сонда өз сүйген жігітінен аяғының ауыр болып қалуы еді. Әуелде «сүйем-күйем, үйленемін» деп уәдені үйіп-төккен жігіт, қыздың екіқабат екенін білгенде ұшты-күйлі жоғалады. Өте таныс сценарий. Өмірден алынғаны ақиқат. Ал абыройынан айрылған Айғаным қыз енді әке-шешесінің де мейірімінен кенде қалады, туған отбасы одан безінеді. Бойжеткен жеті жылдай қалада ұлымен бірге тұрады. Қазір баласы өскен соң, туған үйін өзі де сағынып, баласын да жалғызсыратпайтын ағайын-туған керек деп, ата-анасының үйіне келіп тұрғаны осы. Ауланың сыртынан аса жеккөрінішпен қарсы алған анасы қызды тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да көкірегінен кері итереді. Онымен қоймай, қасында жас баланың тұрғанына қарамастан, былапыт сөздермен бойжеткенді қаралап, ұрып-соғады. Айғанымның әкесі біраз бұрын жүрек талмасынан қаза болып, бүгінде отбасын асырау оның ағасы, фильмнің басты кейіпкерінің бірі – Қайраттың мойнына артылған.

Қайраттың алғашқы көрінісінен көрермен Нышанбек Жұбанаевтың шебер ойынының арқасында оның бірнәрсеге алаңдаулы екенін, өмірінің бал емес екенін бірден түсінеді. Айлығын ала салып дүкеннен азық-түлік алған ер адам жолда әлдебір үйге тоқтап, балаларды еркелетіп, иіле сәлем берген келініне алған тамақтарын ұсынады. Шай үстінде отбасы мүшелеріне ақша да береді. «Қандай тамаша адам» деген ой келеді. Бірақ бұл алдамшы үміт қана. Қаза болған бауырының отауынан шыққан Қайрат өз үйіне оралады. Аулада күтіп отырған «салдақы» қарындасы мен оның баласын көрген ол бірден ашуға мініп, қызды аяусыз соққыға жығады. Әлгіндегі мейірімді көрінген бейнесінің быт-шыты шығады. Жоқ, ол біз ойлағандай жетімге жар болып жүрген азамат емес, патриархалды қоғам тәрбиелеген псевдо-намысшыл еркек. Ол – қарындасының алданып аяғы ауыр болып қалғанынан ұялатын, бірақ туған бауырын көшеде соққының астына алып, оны қоқысқа тастаудан; кіп-кішкентай баланың көзінше анасын тілдеуден; пара беруден; қарыз қайтармаудан қымсынбайтын дөрекі еркек. Қайратқа қарап отырып, патриархалды жүйенің ер адамдарға да ауыр салмақ салатынының еріксіз куәсі боласың. Өзінің бала-шағасы, анасы, күйеуі түрмеде жатқан жас сәбиі бар қарындасы, жесір қалған көп балалы келіні – олардың бәрін асырау Қайратқа жүктелген. Ол өзіне артылған міндетті мінсіз атқарғысы-ақ келеді, бірақ оның ойында тек ақша табу ғана, ал әйеліне мейіріммен қарау, қарындасына қамқор болу – оның құзыретіне кірмейді. Әйелдің міндеті – бала тауып, үйде отыру деп түсінетін қоғамның еркектері өздеріне-өзі ор қазғанын байқамайды. Қайраттың жанұясындағы барлық әйел жұмыс істемейді: анасы – қарт, қарындасының кішкентай сәбиі бар, келінінің үш, өз әйелінің төрт баласы бар.

Қайраттың екінші қарындасы Шолпан мен жесір келіннің образы – жастай тұрмыс құрып, күйеулері жоқта өз бетінше күн көре алмай қалатын, біреуге кіріптар болуға мәжбүр жас келіншектердің жиынтық бейнесі іспетті. Шолпан қатал ағасының отбасында тұрғысы жоқ, бірақ қолында жас сәбиі болған соң, Қайраттың сөлекет сөздеріне көнуге мәжбүр. Отбасыда тек сол ғана алыстан келген әпкесіне жылы қабақ танытып, оны өзінің мұғалімінің үйіне орналастырады.

Жалпы фильмді қарап отырып, қоғамдағы мизогинияның куәсі боламыз. Қайраттың іс-әрекетін сараласақ, оның әйелдерге деген жек көрініші қарындастарына деген қарым-қатынасынан айқын байқалады. Басқаларға келгенде ол соншалықты қатыгез емес. Мәселен, інісі. Шахтада жұмыс істеп жүрген бауырына барған ол өзі ақша жеткізе алмай жүрсе де, інісінің қолына қаражат ұстатып кетеді. Ал үйінде отырған Шолпанды отырса опақ, тұрса сопақ етіп жақтырмайтынын жиі байқатады, оны асырамайтынын да тіке айтады. Айғанымды тіпті адам құрлы көрмей, ақырында өз қолымен өлтіріп тынады. Ал келіні ше? Оған қол ұшын созды ғой деп дауласарсыз. Иә, ол көмектесті, себебі мұндағы әйел заты – өз ағасының артында қалған үш еркек балаға қарап отырған ана. Шын мәнінде, ол бейшара әйелге емес, өзінің бауырларының қамын ғана күйттеп жүргені айтпаса да түсінікті. Бұл әйел де ерінен айрылды, Шолпан да ерінен уақытша жырақта, бірақ екеуіне деген қарым-қатынас мүлде екі түрлі.

Ал анасына деген қарым-қатынасы да мақтауға тұрарлық деп айтуға келмейді. Алайда, Қайраттың дәл осындай болып қалыптасуына ол кісінің де қосқан үлесі зор екенін байқау қиын емес. Олай дейтініміз, өзінің туған қызының бір қателігін кешіре алмаған ананың аяусыздығы баласына үлгі емес пе? Әрі қаны қарайған Қайрат қаршадай қызды қанша сабаса да бір рет араға түсіп, «қой» демегені – оның осы кезге дейін де баласының қатыгездігіне көз жұмып келгенін аңғартады. Тек қызды өлтрер кезде ғана Қайраттан осымен доғаруын сұрайды. Бірақ тым кеш еді... Бір қызығы, анасы басқа мәселелерге келгенде баласына дауыс көтере алады, ақшаға байланысты билігін жүргізе алады. Бірақ неге өз қызын қорғаудан қымсынады? Қазақ қоғамында тұрмысқа шықпай бала тапқан адамды қатыгездіктен қорғау да «ұят» па?

Фильмде сөз болатын мәселелердің бірі – еңбектің бағаланбауы, айлықтың кешіктірілуі. Жоғарыда тілге тиек еткен Батыр ағасымен кездескенде оған компания жалақыларын бермей жатқанын жеткізеді. Енді бір ай кешіктірсе, жұмысшылар болып наразылыққа шығатынан айтады. Осы кезде қоғамдағы әсіре намысшыл еркектерге тән  қасиет Қайраттың бойынан да жылт етеді. Ол інісіне: «Қайдағы көтеріліс? Не айтып тұрсың? Түрмеден бір-ақ шығасың, сорлы. Бала-шағаңның қамын ойла одан да», – деп ақыл айтады. Біреудің құқығына түкіргені бар адам, өзінің де құқығын қорғай алмайтын болса керек. Қайрат – тек өзінен әлсіздерге қарсы шыға алатын, ал сәл күштінің алдында сорлы кейіпке түсетін қатардағы еркектердің бірі.  

Картинаның сценарийін жазған Жанна Исабаева мен ко-автор Виктор Немченко қазақ қоғамын айнытпай көрсететін сюжетті асқан шеберлікпен жаза алғанына таң қалмасыңа болмайды. Ел өміріндегі шындықты бейнелейтін фильмде жемқорлық сахналарынан айналып өту мүмкін емес. Картинадағы ауыл адамдарының бәрі бір-біріне туысқан. Қылмысты жасыру үшін Қайрат қайда барса да, «ағайындықпен» шешіп беруге құмарлар көп. Бірақ тек туысқан болу қазір ештеңе шешпейді, қомақты пара беруге мәжбүрсің. Фильмде құқық қорғау орындарының қызметкерлерінің өзі жең ұшынан жалғасуды ұсынып отырғанын көріп, осындай қылмыстарға көз жұма қарап отырған қандай қоғамбыз деп күйінесің.

Жалпы, «Тастандылар» кинотуындысы елдегі көптеген проблемалардың бетін ашады. Оны ешқандай эмоциясыз көру мүмкін емес. Актерлердің «тірі»  ойыны, сенімді сюжет, үйлесімді декорация (Нұрболат Жапақов) мен фильм мағынасымен мәндес музыка – шынайы өмірді көріп отырғандай әсер қалдырады. Осындай тамаша туындының жарыққа шығуына сеп болған продюсерлер қатарында Елікбаевтан бөлек, Сәкен Усер мен Артур Исабаев бар. Кинотаспадағы операторлық жұмыстың (Михаил Блинцов) да ерекше әдемі шыққанын айта кету керек. Ол камераның көзімен кейіпкерлердің бар болмысын ашып, аяусыз оқиға орын алып жатқан аялы табиғаттың сұлулығын да көрсете алған.

Фильмнің немен аяқталатынын, қатыгездігі үшін Қайраттың қандай жаза тартатынын және біз тоқталмай кеткен сюжеттік желілер мен қосымша образдарды көру үшін, әлеуметтік драманы толықтай тамашалап шығуға кеңес береміз. Әрине, өзіңіз өмір сүріп жатқан қазақ қоғамын айнадан көру қиын болуы мүмкін. Дегенмен, біз алдымен мәселенің бар екенін мойындап үйренсек, оны шешу жолдарын да табатын боламыз. 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы