Размер шрифта:

Цветовая схема:

04 наурыз, 2021319

Ticketon Awards премиясының  жеңімпаздары анықталды

Мәдениет, өнер және спорт саласы бойынша қазақстандық Ticketon Awards премиясының жеңімпаздары белгілі болды. Кино саласы бойынша төрт жүлдегер анықталды. «Жылдың отандық фильмі» номинациясы  «Любовь на миллион» комедиясына берілді.

Онлайн қызмет көрсететін елдегі «Тикетон» ірі компаниясы күні кеше жыл сайынғы дәстүрлі Ticketon Awards премиясын өткізіп, дауыс беру науқанын аяқтаған еді. Енді, міне, оның жеңімпаздары да белгілі болды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың отандық фильмі» аталымын өткен жылдың соңында ғана премьерасы болып өткен продюсер Тимур Бақтыбаев пен режиссер Олжас Ибраевтың «Любовь на миллион» комедиялық картиналары жеңіп алды. Романтикалық комедия барлығы 1124 дауыс жинаған. Продюсердің толықметраждағы дебюттық фильмі өзінің «статусына» сәйкес келмейтін қызға ғашық болған қарапайым жігіттің хикаясын баяндайды. Бойжеткеннің жүрегін жаулап алу үшін ол тәуекелге барып, кенеттен байлыққа тап болады. Алайда кейін түсінгені бойынша қыздың махаббатына ие болу үшін оған құр ақша ғана жеткілікті емес. Бойжеткеннің көңілін жаулап, шынайы түрде белді тұлғаға айналу үшін оған көп нәрсе үйрену қажет. Романтикалық комедияда бас рөлдерді Жахан Отарғалиев, Дина Тасболатова, Ернар Сақыпов пен Гүлнар Сильбаевалар орындайды.      

Айта кету керек, «Жылдың отандық фильмі» аталымы үшін жеңімпаз картинамен бірге тағы жеті қазақстандық кинотуынды бақ сынасты. Олардың қатарында режиссер Асқар Бисембиннің «Семейные страсти» комедиясы, Жеңісхан Момышевтың «Базар жоқ, Мексика!» фильмі, Сәбит Рахымбаев, Дауыт Шайхисламов пен Нұрдәулет Шертімнің «Гудбай, мой бай 2» туындысы, режиссер Әділхан Ержановтың «Черный, черный человек» драмасы, Ернар Нұрғалиевтің «Жаным, ты не поверишь!» отбасылық комедиясы, продюсер Баян Алагөзованың «Я, пышка!» мен Нұрлан Қоянбаевтың «My love is Aisulu» романтикалық комедиялары бар. Дауыс жинау бойынша «Любовь на миллион» картинасынан кейін екінші орында тұрған - «My love is Aisulu» фильмі. Комедияға барлығы 1024 дауыс берілген. Қоянбаевтың картинасы жеңіске жетпегенімен, бұл премиядан құр алақан емес. Продюсер әрі актердің өзі «Жыл киноактері» атанды.

Нұрлан Қоянбаев аталымнан үмітті болған актерлер – Мейіржан Түребаев, Данияр Алшынов, Асқар Ілиясов, Ғазрет Ержанов, Нұрдаулет Шертім, Еркебұлан Дайыров және Жахан Отарғалиевпен бірге сынға түсіп, қарсыластарынан оза шапты. Бұл сайыста актер 646 дауыс жинады. Жеңімпаз атануға небары 20 дауыс жетпеген аталымның екінші орында тұрған үміткері - Нұрдәулет Шертім. Актердің жанкүйерлері оған барлығы 626 дауыс берген екен.  

Ал «Жыл киноактрисасы» аталымында әріптестерінен 183 дауыс айырмашылықпен алға шығып, үздік атанған - актриса әрі КВН-шы Гүлнар Сильбаева болды. Оның кинодағы рөлдері көп болмаса да, соңғы жылдары отандық киноиндустрияда айтарлықтай белсенділік танытуда. Жалпы Сильбаев актриса ретінде «Базарбаевтер» телехикаясында алғаш рет өнер көрсетті. Кейін «Гламур для дур», «Жених на 5 дней», «Гейзер» сияқты фильмдерге түсті. Ал өткен жылы актриса «Любовь на миллион» комедиясы мен режиссер Іңкәр Әбдіраштың «Ұмай» атты қысқаметражды дебюттық картинасында басты рөлдер сомдады. Соңғысы Үндістан, Ұлыбритания, Словакия сияқты елдерде өткен халықаралық кинофестивальдерде бірнеше жүлдеге ие болған. Ticketon Awards премиясының «Жыл киноактрисасы» номинациясына сонымен қатар Дана Есеева, Қарлығаш Мұхамеджанова, Сабина Саяқова, Әсел Қалиева, Айжан Лайджи, Әсел Сағатова мен Гүлназ Жолановалар үміткер болды.

Сыйлықтың «Жылдың шетел фильмі» аталымы биыл режиссер Гай Риччидің «Джентльмены» криминалды комедиясына бұйырды.  

Айта кету керек, мәдениет, өнер және спорт саласы бойынша жыл сайынғы қазақстандық Ticketon Awards премиясы биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Әр аталымдағы үміткерлерді 2020 жылы Тикетон сервисі арқылы билет сату статистикасы негізінде Ұйымдастырушылар комитеті мүшелері таңдап алады. Биылғы жылы 6 бағытта барлығы 21 жеңімпаз анықталды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы