Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 желтоқсан, 2021324

Төлепберген Байсақалов Сингапур кинофестивалінде жүлдегер атанды

5 желтоқсанда Сингапурде жыл сайынғы Singapore International Film Festival мәресіне жетті. Қазақстандық режиссер Айжан Қасымбектің «От» фильмі кинофестиваль аясындағы Asian Feature Film Competition байқауына қатысты. Көрсетілім қорытындысы бойынша қазылар алқасы фильмнің бас актері Төлепберген Байсақаловқа Best Performance жүлдесін табыстады.

Фестивальдің ресми сайты Байсақаловтың кейіпкері туралы: «Қарапайым бірақ күшті актерлік ойын. Ол көрерменді өз отбасы мен достарын қатты жақсы көретін және олар үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын, әрқашан жақсылық үшін күресетін адамның жүрегіне қарауға шақырады. Оның әзіл-қалжыңы мен позитивінің астынан біз оның жүрегіндегі салмақты сезінеміз. Кейіпкері айтқандай, ол шаршады, бірақ оның күлкісінің астында мейірімді және қарапайым адамның терең ішкі күші жатыр», – деп жазады.

Фильмнің әлемдік премьерасы биыл Пусан халықаралық кинофестивалінде (Оңтүстік Корея) өтті. Ал жақында ғана аяқталған XXVII Минск халықаралық «Листапад» кинофестивалінде фильм «Үздік режиссер» және «Үздік музыка» номинациялары бойынша тағы екі жүлдені жеңіп алды.

Картинаның сценарийі бойынша, бас кейіпкер шабарман болып жұмыс істейді. Оның аз ғана жалақысы үлкен отбасыны асырауға жетпейтіндіктен, ол көпшілік сияқты қарызға белшесінен батып, несие алуға мәжбүр. Толик ауылдан үлкен қалаға көшіп келген кезде мұндай өмір сүрем деп мүлде ойламаған. Оның және отбасының жалғыз үміті үлкен қызы Сәуле болатын. Бір күні жұмыстан оралған отағасы Сәуленің аяғы ауыр екенін естиді. Бұл жаңалық олардың көңіл күйінің де, болашаққа құрған жоспарларының да күл-талқанын шығарады. Жағдайды шешуге тырысқан Толик көптеген кедергілер мен шытырман оқиғаларға тап болады.

Басты рөлдерді Төлепберген Байсақалов, Ерболат Тоғызақов, Мәншүк Айтмұханбетова, Бауыржан Үсенов және Адина Бажан сомдайды.

Естеріңізге сала кетейік, Төлепберген Байсақалов осы фильм үшін Сочиде өткен X Russian British Sochi International Film Festival & Awards 2021 және Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival фестивалінде екі бірдей жүлде алған болатын.

Жуырда ғана аяқталған «Бастау» кинофестивалінде фильмнің қазақстандық премьерасы сәтті өтті.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы