Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 қараша, 2021101

«ТойХана» фильмі көрерменге жол тартты

Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында көптен күткен «ТойХана» фильмінің тұсаукесері өтті. Құралай Анарбекова продюсерлік еткен кезекті комедия қазақтың тойы туралы болмақ. Жабық көрсетілімге «Болашақ» КҚ директоры Шайжүнісова Динара, актер Дәурен Серғазин, актриса Алия Ануарбек және т.б. шоу бизнес өкілдері келді.

Жоба авторларының айтуынша, 2018 жылы «ТойХана» фильмнің идеясы дүниеге келіп, 2019 жылы түсірілімі аяқталған. Бірақ, пандемияға байланысты көрсетілімі бүгінге дейін шегерілді. Тек биыл киносүйер қауымға жеткен кинокартина енді фэнтези емес, елге таныс жағдай. Бұл туралы фильм режиссері Алишер Утев: «Мен көбіне идея түртіп жазам, күндердің бір күнінде Қазақстанда тойды өткізуге тыйым салса, не болар екен?! деген ой келді. Осыны басшылыққа алып сценарийға кірісіп кеттік. Барлығыңыз куә болғандай, дәл осы оқиға шындыққа айналды, біз де оны күтпедік», – деді.

Жаңа комедияның сюжетінде тойға тыйым салынып, оны тоқтату үшін арнайы «тойға қарсы күрес бөлімі» құрылады. Олардың басты міндеті – мерекеде өнер көрсеткен әртістерді ұстап, жазалау. Той-томалақсыз өмір сүре алмайтын жұлдыздар енді не амалға бармақ? Картинада әнші Қайрат Нұртас ағылшын тілінің мұғалімі атанса, халық сүйіктісі Ерке Есмахан «тойға тәуелді адамдарға» арналған ауруханада жатады. Бірақ, қанша әнші асабаларды қолға түсірсе де, бәз біреулер заңсыз мерекелік шараны ұйымдастыруды жалғастырып жүр. Ал фильмнің басты кейіпкерлеріне астыртын жасалған тойларға барып жүрген қылмыскер-жұлдыздарды табуды тапсырған. Олардың ісін әшкерелеу барысында басты күрескер топ талай қиындыққа тап болып, күлкілі жағдайларды бастан өткереді. Кинокомедияда елімізге танымал шоу-бизнес өкілдері, оның ішінде:  Қайрат Нұртас, Бейбіт Кушкалиев, Абай Бегей, Дильназ Ахмадиева, Сейфуллин Жолбарыс, Ерке Есмахан, Бүркіт пен Айша, Нұржан Керменбаев, Кентал, Сон Паскаль және т.б. секілді әншілер түскен.

 Басты рөлдегі кейіпкер Ерлан Примбетовтің сөзінше, түсірілім барысында ешқандай қиындық тумаған: «Режиссер барлығын анық түсіндірді. Актерлар құрамы бір-біріне сай таңдалып, ұтымды құралған. Мен әрбір сәттен ләззат алдым»,- дейді. Еске салсақ, актер Құралай Анарбекованың «Ва-Банк» кинотуындысында ойнаған.

Екі езулері екі құлағына жеткен кеш қонақтарының фильмнен алған әсері тамаша. Жиналған қауым жүздеріндегі күлкіні жасыра алмай, «тойды сағынып қалдық», «жеңіл әрі көңілді екен», «күлкілі, шынайы фильм болды», деген эмоцияларымен бөлісті. Десек де, барлығы уақыт еншісінде. Айта кетсек, фильм 18 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында прокатқа шығады.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы