12 ақпан, 202010

«Тұмар-2020» телевизиялық бәйгесіне өтініштер қабылдануда

Ұлттық телевизиялық «Тұмар» бәйгесіне қатысып, бақ сынаймын дейтін БАҚ өкілдері, өнер иелері мен медиа саласының майталмандарына - мархабат! Өтініштерді қабылдау жүріп жатыр.

"Тұмар-2020" телевизиялық жарысына 2019 жылы отандық телеарналар арқылы көрермендерге ұсынылған тележобалар жолдана алады. Әрі байқауға өтініштерді республикалық және аймақтық телеарналар, телевизиялық өнім шығаратын медиа ұйымдар мен   продакшндар ұсына алады.

Жыл сайын телевизия саласы бойынша өтетін бәйгеде үздік телевизиялық сериал, әлеуметтік жоба, деректі фильм, ақпараттық бағдарлама, ток-шоу, ойын-сауық бағдарламасы, режиссерлік жұмыс, сонымен қатар тележүргізуші, тележурналист және аймақтық телеарналар арасынан үздіктер анықталады. Барлығы - 10 аталым.

Айта кету керек, ұлттық бәйге Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен қолға алынған әрі 2017 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Биылғы байқау төртінші мәрте өтеді әрі бұл жолғы бәйге бұрынғыдан өзгерек болмақ. Ұлттық шараны ұйымдастырушылар биыл талайдың арасынан топ жарған әр жеңімпазға бәйгенің арнайы мүсіншесімен бірге 1 миллион теңге қаржылай сыйақы да тағайындамақ.

Айта кетсек, дүбірлі дода тарихында бірінші рет қазылар алқасының құрамына отандық телевизияның кәсіби шеберлерімен қатар, халықаралық деңгейдегі сарапшылар кіреді. Байқаудың салтанатты табыстау рәсімі 13 наурыз күні Елордада өтеді.

"Тұмар" ұлттық телевизиялық сайысына қатысуға ниетті жандардың 2 наурызға дейін өтініштерді тапсыруларына мүмкіндіктері бар.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  tumar.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы