Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 наурыз, 2020146

Тұтастай сәтсіз шыққан рөлім жоқ…

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі театр және кино актері Әділ Ахметов алда қандай жобаларымен таң қалдырмақ? Ауқымды кинокартиналардың жұлдызы болған талантты актер кино саласында жеңіл жанрдағы фильмдердің көбейгенін дұрыс санайды ма? Бүгінгі сұхбатта осы және өзгеде сұрақтарға жауап алатын боламыз. 

Қазір Әділ Ахметов қайда? Көрермен назарына ұсыну үшін дайындап жатқан жобалар бар ма?

Қазір театр мен кинода біраз жаңалықтар болып жатыр. Мысалы, жақын арада Құсайыновтар отбасы туралы “Құс жолы” деген сериал көрерменге жол тартады. Режиссері Айгүл Ақсамбиева.  Бұл жолы бұрын сомдамаған бір рөл ұсынылды. Бір ерекше туынды болғалы тұр. Ал енді театрға келер болсақ, күні кеше біз Шекспирдің «Гамлет» пьесасын сахналадық. Қазір Абай атамыздың 175 жылдығына орай «Жас Абай» қойылымына дайындық үстіндеміз. Наурыздың 24- і жұлдызында премьера. Режиссері өзіміздің ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбаев. 

Кино мен театр әлемінің жұлдызы атанған Әділ өз еңбек жолын қалай бастады?

Мен алғаш рет театр сахнасына “Ревизор” қойылымымен шықтым. Онда мен дуанбасының рөлін сомдаған болатынмын. Ал кинодағы ең бірінші кәсіби камераны көрген сәтіміз Тимур Бекмамбетовтың «Дневной дозор» фильмі болды. Онда мен қосалқы рөлде ойнадым. Алғаш кинодағы басты рөлім Дамир Манабаевтың «Кек» фильмінде бұйырды. Ал 2006 - 2007  жылдары түсірілген «Қымызхана» бағдарламасында халыққа ақырындап таныла бастадық. 

«Анаға апарар жол»,  «Томирис»,  «Астана- менің махаббатым» қарап отырсақ Әділ Ахметов сомдайтын фильмдердің барлығы  салмақты тақырыпта, сапалы жанрда түсірілген. Бұдан біз жеңіл форматтағы фильмдерден ұсыныс түспейтіндігін көреміз бе әлде Ахметов өзі сомдайтын рөлдерін таразыдан өткізіп, ұзақ саралайды ма? 

Жас кезімізде қандай фильм болса да түскіміз келетін. Ал қазір әрине біраз сараптайтын болдық. Жалпы қазір барлық кино Алматыда түсіріледі ғой,  ал біз басқа қаладамыз. Солай ұсыныстар түсіп, барғымыз келіп жүргенде театрдағы ұстазымыз Нұрқанат ағай жібермей қоятын. Осылай көп фильмдерден бас тартуға тура келді. Кейде кейбір фильмдер шыққан кезде «Түспегеніміз дұрыс болған екен ғой, ағайымыздың жібермегені де құптарлық нәрсе екен» деп қуанып жатамыз. Ал бірақ, басында бұйыртқан киноға түсуге тырыстық. Өзім ең бірінші образ бен фильм сюжетіне мұқият назар саламын. Кейіннен режиссері мен  кино авторларына қараймын. Ал одан соң барып қаражат жағына мән беремін. 

Еңбек жолыңызда «Әттеген- ай» дейтін рөлдер көп пе, әлде керісінше, мақтан тұтатын образдарыңыз басым ба?

Мынау рөлім сәтті шықты дегеннің өзінде ішінде “әттеген – ай” деген тұстар көп болады. Тұтастай сәтсіз шыққан рөлім жоқ деп ойлаймын. Алайда, кейіннен сомдаған рөліңді көріп, артық немесе кемшіл тұстарын байқап қаласың. Мәселен, бір қызығы бұрын түскен рөлдерді қарап «неге түстім» деп қиналып жүретін едік. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін «түскенім дұрыс болыпты ғой» деп риза болып қаласың. Өйткені ол да бір тарих қой. Ол сенің бүгінгі қалыптасқан деңгейіңнің бір фундаменті, жүріп өткен еңбек жолыңның көрінісі деп білемін.  

Қазір комедия көп. Әрбір екінші кинорежиссер тек осы жанрда кино түсіреді. Дегенмен, отандық киноиндустрияны арзан әзіл мен жеңіл ойын-күлкі жаулап, болашақта бұл саланың сапасын жоғалтып аламыз деген қорқыныш болмай ма?

Жарыққа шығып жатқан фильмдер көбінесе мемлекеттік емес жеке коммерциялық жобалар. Менің ойымша, фильмдер жалпы түсіріле бергені дұрыс. Себебі, егер тек сапалы кинолар түсірілсін деп, шектеу қойылатын болса, ертең сапалы фильмнің қандай болу керектігін аңғармай қаламыз. Ал қайсының қандай екенін ажырату үшін барлығы түсірілу керек. Тіпті  Голливудтың өзі бір күнде құрылған жоқ. Алғашында Чарли Чаплиннің дыбыссыз фильмдері жарыққа шыға бастады. Бірте- бірте дыбыс, түрлі- түсті графикалар мен әртүрлі эффектілер қосылып, нағыз киноның қаңқасы құралды. Сондықтан, қазіргі жаппай түсіріліп жатқан кинолардың өзін мен бір баспалдақ секілді есептеймін. Мұның бәрі келесі этапқа дайындықтар деп ойлаймын. Бірден сапалы киноны түсіре салу ол да оңай шаруа емес. Мысалы, қазіргі сапалы дүниелерді түсіріп жүрген Ақан Сатаевтың өзі кезінде кішігірім жарнама роликтерінен бастаған. Содан біртіндеп «Рэкетирді» түсірді, одан ауқымды «Жаужүрек мың балаға» көшті. Одан біраз тәжірибе алған соң «Анаға апарар жолды» жарыққа шығарды, кейіннен ауқымды  «Томиристі» таспалады. Міне сол сияқты сатылар болады. Сондықтан дәл қазір жаппай фильмдер түсіріле беру керек деп есептеймін. 

Биыл театр және кино саласында жүргеніңізге 14 жыл толады екен. Осы уақыт аралығында сізге әлі ұсынылмаған, бірақ өзіңіз сомдауды қалайтын қандай рөл немесе жанрды айтар едіңіз?

Жалпы мен өзім актердің диапазонын анық көрсететін бір фильмде екі- үш түрлі образды сомдағым келеді. Мысалы, ол мінез-құлқы, тіпті жүріс тұрысына дейін ерекшеленетін егіз жігіттердің рөлі болуы мүмкін. Міне осындай образдарда актер өз шеберлігін анық көрсете алады. Мен осындай рөлді армандаймын. Өйткені, театрға келетін көрермендер білуі тиіс, қойылымда кейбір актерлерді тіпті танымай қаласың. Дауысы, бейнесі мен образы түбегейлі өзгереді. Ал кинода ондай эксперименттер көп қолданыла бермейді. Әр актердің өзіне жақын, деңгейіне сай келетін рөлдер ұсынылып, образдары бір сарында, бір жақты болып кетеді. Бірақ, кинода да театрдағыдай неше түрлі тәжірибелерді жасап көруге болады деп ойлаймын. Тағы бір бұрыннан айтып келе жатқан арманымдағы рөлім ол – тарихи образ. Мысалы, кезіндегі Батый, Жошы хандардың образын шығаруға әбден болады. Одан бері келе Хақназар хандар секілді сұлтандар мен хандардың рөлін сомдағым келеді. 

Жақсы актер болу үшін нені ұмытпаған жөн?

Ең бірінші актер қандай жағдай болмасын адамшылдығын жоғалтпау қажет. Ол көрермен үшін жұмыс істейтінін ұмытпау керек. Көрерменнен алыстап қалмау керек. Ал ол дегеніміз не, ол -  сахнадан тыс өмірде халықпен етене жақын болу. Ел көп жүретін жерде: базарда болсын, банк те, тіпті көшеде жүріп ол өзіне керек образды жинайды, халыққа не керек екенін білетін болады. Сонымен қатар, еңбектенуден шаршамау керек. Екі- үш қадам артқа кетіп қалсаңыз, бес қадам алға басыңыз. Бұл жағынан біздің жолымыз болды. Себебі, ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбаевтың бізге деп берген тәлімі биік. Былайша айтсақ, ол кісіде он сегізінші курсында оқып жатқан бір студенттер сияқтымыз. Әлі де  алатынымыз өте көп.  Біреуіміз асып- тасып бара жатсақ басып қояды, ал біреулер кішкене еңсесі түсіп төмен кетіп бара жатса қолдап, күш береді. Бәрін бір баланста ұстап отырады.  Ал ол актер үшін өте керек дүние. Өйткені, сезім, эмоция кейде шарықтап кетеді. Егер қасыңда бақылап отыратын адам болмаса, актер жұлдыз ауруы сияқты кедергілерге ұрынып кетеді. Сол үшін, жыл өткен сайын ағайымыздың тәлімі және тәртібінің арқасында жетістіктерге жетіп келе жатқанымызды түсінеміз. 

Театр жайлы әңгіме өрбітсек. Қазір еліміздегі театр актерлерінің жағдайы кино актерлерінен қарағанда әлдеқайда алшақ. Бұл болашақта театр актерлерінің сиреп кетуіне әсер етеді деп ойламайсыз ба? Жалпы, қазір мәдени ошақ саналатын театр жағдайы қандай?

Мен театрда қалып, жұмыс істеп жүрген актерлерге алғысымды білдіремін. Өйткені, олар аз жалақыға қарамай театрда қызмет етіп келе жатыр. Әйтпесе, олар да арасында тек киноға түсіп, одан қалса басқа кәсіптерін ашып алуға да болушы еді. Олай да кетіп қалған біршама талантты актерлер бар. Ал соның ішінде театрда қалған нағыз өз кәсіптерін сүйген әріптестеріме ризамын. Оларға басымды иемін. Демек, ол еңбекқор актер, сахнаға деген махаббаты басым деп есептеймін. Көбісі түсінбесе керек, бірақ театр актерді әрдайым шыңдап тұрады. Бұл да бір спорт секілді. Спортшылар денені әрдайым қалыпта қалай ұстаса, міне тура солай актер адам да өз ішкі сезімін, эмоциясын бабында ұстауы қажет. Ал егер ол сахнаға шықпай кетсе, оның барлық қабілеті  ұмытылып, қарайып кетеді.  Содан бізде «актер қарайып қалды» деген ұғым бар. Ол үшін әрдайым сахнаға шығып, көрерменмен бетпе- бет қауышып, эмоциясын, ішкі сезімін, ішкі от- жалынын сыртқа шығарып тұруы қажет. Ал егер түбегейлі киноға кетіп қалсаң, бірте- бірте рөлдердің бәрі ұқсас болып, қызықсыздау болып кетеді. Содан халық алдында актердің образы жауыр боп қалады. 

Қазір болашақ актерлерді дайындайтын әртүрлі актерлік курстары жиі ашылып жатыр. Бұл еліміздегі өнер жұлдыздарын даярлайтын жоғары  оқу орындарының жеткілікті дәрежеде білім бере алмауы ма әлде жай ғана бизнестің бір түрі ме? Ал өзіңіздің жоспарыңызда жас актерлер үшін мектеп ашу ойда бар ма?

Ең алдымен ол қазір сұраныстың көптігінде. Себебі, қазір ата-аналардың көбі жұмыста. Балаларының жан-жақты болып өсуі үшін осындай актерлік шеберлік курстарына беріп жатады. Ал екіншіден, бұл да бір табыстың көзі болып отыр. Бүгінгі білім академияларының дәрежесі туралы мен ештеңе айта алмаймын. Ашылып жатқан мектептер академияның дәрежесіне байланысты емес деп ойлаймын. Соңғы екі - үш жылдан бері жоспарда мектеп ашу бар. Бірақ дәл қазір ол үшін уақыт тапшы. Өзім қолға алған нәрсені барынша беріліп, күш- жігерімді салып істемесем, оның нәтижесі болмайды. Талантты балаларды тәрбиелеуді мақсат тұттың ба, онда оларға барынша жан-жақты тәлім беріп, міндетті түрде мықты актер болатындай етіп үлгі беруің қажет. Бірақ, өзіме тәлім берген қатты ұнайды. Бұған дейін, студенттерді қабылдап сабақ беріп көргенмін, ол арқылы өзім де шыңдаламын. Бәлкім болашақта тіземіз сырқырап, сахнаға шығуымыз қиындаған кезде, керісінше тәжірибеміз де мол болғанда мүмкін мектеп аша жатармын. 

Болашақта Әділ Ахметовты телевизиялық жобада немесе кинофильмнің режиссері ретінде көріп қалуымыз мүмкін бе?

Бұл туралы дәл қазір нақты айта алмаймын. Бірақ режиссерлік тәжірибені ақырындап қолға алып жатырмыз. Театрда ағайымыздың берген бағыты бойынша байқап көргеніміз бар. Ал киноға келетін болсақ, естеріңізде болса «Қара шаңырақ» сериалында бізге үлкен еркіндік берілген болатын. Актерлер режиссермен ақылдасып кейбір сахналарды өзіміз түсірген кездер де болған. Қолдан келетін сияқты. Барлығы өз уақытымен, бәлкім болашақта ол да болып қалар.  

Шетелдік киноиндустрияға қадам басу жоспарда бар ма?

Бір, екі ұсыныстар болған. Атап айтсам, Түркия мемлекетінен біршама ұсыныстар түсті. Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиля» шығармасын түріктер түсіргісі келіп жатыр. Сол жерде Даниярдың рөлі ұсынылған болатын. Шығарма бойынша, Жәмиля қырғыздың қызы ғой, ал Данияр қазақ жігіті. Сонымен қоса, күні кеше Франциядан хабарласып жатыр. Алайда, ол әлі белгісіз болғандықтан, нақты айта алмаймын. Негізі, шетелден түскен ұсыныстардың еліміздің аты мен халқымыздың деңгейін төмендетпейтін болса, әрине келісемін. 

 

Автор:  Жанерке Ахмадиева

Фото:  Бауыржан Жуасбаев

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы