Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 қыркүйек, 2020381

«Ұлболсын» фильмі Таллинде көрсетіледі

Режиссер Әділхан Ержановтың «Ұлбосын» көркем фильмі Таллинде өтетін «Қара түндер» кинофестивалінің негізгі бағдарламасына қатысады. Отандық картина аталған бағдарламада Венгрия, Ресей, Латвия, Хорватия, Түркия, Португалия елдерінің фильмдерімен бақ таластыратын болады.

Ержановтың «Ұлболсын» картинасының бас кейіпкері - қалада тұратын мықты әрі жігерлі Ұлболсын. Оның Ажар есімді кіші сіңлісі Қаратас ауылының орта мектебін тәмамдағалы жатыр. Апайсының сіңлісінің болашағына деген жоспары зор: ол оған деп қомақты қаражат жинап, шетелдік белді оқу орындарының біріне оқуға жібермек. Алайда Ұлболсын ауылға келген соң, жас қызды ауылдың құрметті азаматы Үрген есімді жергілікті емші екінші әйел етіп алу үшін алып қашқанын біледі. Ұлболсын мұнымен келісер емес. Сондықтан Қаратас ауылының патриархалды әлемімен күресуге бел буады.

Естеріңізге сала кетейік, фильмнің бас продюсері әрі бас кейіпкерін сомдаушы – Әсел Садуақасова. Ол осыған дейін Әділхан Ержановтың «Бой Атбая» және «Желтая кошка» фильмдеріне продюсерлік еткен. Сіңлісінің кейіпкерін картинада жас актриса Динара Сағи, ал Үргеннің рөлін Ерболат Әлқожа сомдайды. Кинолентада Санжар Мәди, Данияр Алшынов, Берік Айтжанов, Еркен Губашев және басқа да актерлер өнер көрсетеді.    

«Қара түндер» кинофестивалі биыл аралас түрде: кинотеатрларда және онлайн форматта өткізіледі. Әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты фестивальді ұйымдастырушылар барлық қауіпсіздік шараларын қарастырып қойған. Қатысушыларға тегін бетперделер де таратылатын болады.

«Біз фильмдердің көрсетілуі тиіс үлкен экрандардан көрсету үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Мұнда көптеген режиссерлер келеді. Алайда соңғы сөз коронавирус пен Денсаулық сақтау департаментінде болмақ. Біз өз кезегімізде барлық ережелерді сақтамақпыз», - деді PÖFF фестивалінің басшысы Тийна Локк.

«Қара түндер» кинофестивалі осымен 24-ші рет ұйымдастырылмақ. Биылғы шараны қараша айының 13-і мен 29-ы аралығында өткізу жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, отандық киногердің «Ұлболсын» көркем туындысы биыл 26-шы Sarajevo Film Festival кинофестивалінің Work-In-Progress секциясында бас жүлдені жеңіп алды.  

Әділхан Ержановтың осыған дейінгі «Ласковое безразличие мира» мен «Хозяева» атты еңбектері PÖFF кинофестивалі көрермендеріне жақсы таныс, енді Эстония жұртшылығы оның соңғы картинасын да («Ұлболсын») алғашқылардың бірі болып тамашалайтын болады. Ақпарат үшін айта кетейік, биыл негізгі бағдарламада бақ сынайтын сегіз картинаның ішінде «Оскар» сыйлығының лауреаты Иштван Сабоның жаңа туындысы да бар.  

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы