Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 ақпан, 202074

Ұлт Көшбасшысы ұйтқы болған отандық киноөнімдер

2005 жылы қалың қараша тәуелсіздік алған жылдан бері алғаш рет түрлі техникамен түсіріліп, тың технологиямен әрленген тарихи туынды тамашалады. Қазақтың жұдырық болып  жұмылып, «Қазақ хандығы» болып атануға дейін, оған ұйтқы болған «Сабалақтың» «Абылай хан» атағына дейінгі өмірі мен ата-бабалардың тәуелсіздік үшін күресі, қазақтың ата жауы - жоңғарлармен шайқасы көрініс тапқан фильм Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының желісі бойынша түсірілген. Ал, картинаны жарыққа шығаруға негіз болған – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстандық көрерменге тарихын тануға арналған туындыларды экранизациялауда Елбасының үлесі зор. «Көшпенділерден» бөлек, Ұлт Көшбасшысының ұйтқы болуымен талай кинокартина дүниеге келді. Соның бір парасын тізбектемекпіз.

Тәуелсіздік алып, жаңа тарихымыз жасалып келе жатқанын осыдан 10 жыл бұрынғы бір сөзінде тілге тиек еткен Тұңғыш Президент еліміздің, жаңа Елорданың дамуына тоқталған. Осынау жетістіктерімізді паш етіп, әлемге көрсету керектігін айтқан. Елбасының бұл сөзі далада қалмады. Араға ұзақ салмай, жаңадан бой көтеріп, жастарға үміт сыйлаған жас астана жайында қазақ-түрік елдерінің бірлескен еңбегі - «Астана – махаббатым менің» атты 12 бөлімнен тұратын телехикая жарық көрді. Отандық өнім алғаш рет 2010 жылдың жазында «Хабар» арнасының эфирінде көрсетілді.

Елбасы бастамасымен жарық көрген туынды тек бұл ғана емес. 2014 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақфильмге» тарихи киноэпопея түсіруді тапсырды. Ұлт Көшбасшысы киностудияға Керей-Жәнібек хандарынан бастап, қазақ халқының тарихынан сыр шертетін дәуірлік лента жасауды жүктеді. Содан 2015 жылы Тәуелсіздік күні Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу аясында Қазақ хандығы туралы сериал жарық көрді. «Қазақ елі» деп аталатын фильм «Қазақ хандығы» тарихи циклді сериалдың алғашқы бөлігі саналады. Бұл ұлттық туынды да Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы желісімен түсірілген. Оған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист әрі суретші Рүстем Әбдірашев режиссерлік етті.

Екі жылдан соң, яғни 2017 жылдың басында «Қазақ хандығының» - «Қазақ елі. Алмас қылыш» толықметражды көркем фильмі қазақстандық прокатқа шықты.

Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керектігін айтады. Сөйтіп 2019 жылдың көктемінде Рүстем Әбдірашев «Қазақ елі. Алмас қылыш» кинодастанының жалғасы - «Алтын тақ» фильмі жарық көрді. Туындыда жас мемлекеттің сыртқы жаулармен арпалысы, Керей мен Жәнібек хандарына тиесілі Ақ Орданың көне астанасы – Сығанақты қайтаруы баяндалады.

Бұдан бөлек, «Ұлы даланың жеті қырында» жүзеге асырылуы тиіс жобаларға Ұлт Көшбасшысы кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік мамандарды тарту керектігін тілге тиек етті.

«Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар», - деп жазады Елбасы өзінің мақаласында. Осы мақсатпен болар, өткен жылдың жазында Нұрсұлтан Әбішұлы түріктің атақты режиссері Гюнай Метинді Қазақстанға шақырды. Сәтін салса, үш жылдан соң қазақ хандығы мемлекетінің нығаюы мен дамуына күш жұмсаған айбарлы хан, қазақтың даңқты батыры Қасым хан жайлы көп сериялы тарихи фильмі жарық көреді. Оны түрік режиссері таспалайтын болады. Жоспар бойынша туынды 75 бөлімнен тұрады әрі жылдың 4 мезгілін қамтымақ. Ал, түсірілім жұмыстары Түркістан облысының Отырар ауданында жүргізілетін болады. Фильм арқылы дүйім жұрт Отырар, Сауран, Сарайшық секілді тарихи шаһарларды танитын болады. Туындының түп мақсаты да осында.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы