Размер шрифта:

Цветовая схема:

05 қазан, 202017

Ұлттық киноны іріктеу жүйесі қалай жүреді?

2019 жылдың 15 наурызында құрылған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Қазақстандағы киноиндустрияны мемлекеттік қаржы көмегімен дамытуды мақсат тұтқан еді. Ал қазіргі таңда бұл қаншалықты тиімді нәтижелерді беруде?

Қазақстан Респкбликасының «Кинематография туралы» заңы бойынша «Ұлттық кино» ұғымы ретінде: «Кинофильм халық санасы үшін руғани азық пен мемлекеттің сұранымдарын қамтамасыз ететін құрал болуы шарт»,-деген түсінікті береді. Талаптарға сәйкес, картина продюсері қазақстандық болуы шарт. Жоба авторларының қатарында: сценарист, қоюшы - режиссер, қоюшы - оператор, суретші, музыкалық продюсер секілді кинофильм өндірісі бойынша еңбек ететін тәжірибелі мамандардың болғаны жақсы. Және олардың қатарындағы қазақстандықтар үлесі 50 пайыздық көрсеткіштен аз болмағаны дұрыс. Кинофильмнің өндірісі үшін қатысатын ұйымдар үлесі аз дегенде 70 пайыздан кем болмауы маңызды. Қазақстандық ұлттық киноөнім ретінде «Жаужүрек мың бала» және «Анаға апарар жол» сияқты маңызы зор картиналарды айтуға болады. Мемлекеттік орталық басшылығы бірінші кезекте фильмнің рухани құндылықтарына баса назар аудару керек деп санайды. Ал монетизация мәселесі екінші орында болмақ.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бұрынғы басқарма төрағасы Андрей Хазбулатовтың айтуынша, жеке студиялар ірі жобаларды қаржыландырып, жүзеге асыра бермейді. Сондай-ақ, авторлық кино түсіруге мүдделі емес, режиссер-дебютантқа толықтай қаржылық қолдау көрсету үшін қауқарлы емес. Демеушілік көмек көрсету Қазақстанда Америка Құрама Штаттарындағыдай аса қатты дамымаған, сондықтан мемлекет киноиндустрияны дамытып, оның өркендеуі мақсатында ұлттық киноны қаржыландыруға ниетті. «Қазақфильм» киностудиясының ресми сайтында көрсетілген мәліметтерге сәйкес, 2010 жыл мен 2018 жыл аралығында 85-ке жуық көркем туындылар түсірілген. Олардың қатарында тек үш картина «Жаужүрек мың бала», «Шал» және «Сказ о розовом зайце» туындылары өзін-өзі ақтап, табыс әкелген. Ал басқа кинофильмдер айтарлықтай табысқа кенеле қойған жоқ.

Көп киногерлердің пікірі бойынша, Қазақстанның кино әлеміндегі көп пайда әкелетін жанр – комедия бағыты деп айтуға болады.  Аз бюджеттік кинофильмдер мемлекеттің қолдауынсыз-ақ жұмыс істейтін жеке компанияларға айтарлықтай пайда әкелуде.

Тәуелсіз және коммерциялық тұрғыдан табысты кино жұмысының көрнекі мысалдары ретінде режиссерлер Нұртас Адамбай мен Нұрлан Қоянбаевтың түсірген картиналарын айтуға болады. Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабина», «Келинка Сабина-2», «Я – жених», «Лифт» және «Аким»  сынды кинофильмдері көрерменнің көңілінен шықты. Ал Нұрлан Қоянбаевтың  «Бизнес по-казахски», «Каникулы в Таиланде», «Бизнес по-казахски в Корее» және «My love is Aisulu» сынды туындылары рекордтық көрсеткіштегі кассалық пайда әкелгені жасырын емес.

Кинорежиссер және актер Нұртас Адамбайдың ойы бойынша, қазақстандық көрерменнің комедиялық киноға деген сұраныстары мен талаптары өте жоғары. Бірақ комедия жанры кинодағы басқа бағыттарға қарағанда, аса үлкен қаражатты қажет ете қоймайды. Мәселен, «Келинка Сабина» лентасын түсіру үшін 161 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалған. Бірақ, картина Қазақстандағы ең кассалық фильмдер қатарының көшін бастаған болатын.

Дегенмен де, кинорежиссер жеке компаниялардың мемлекеттік ұйымдармен бірлесе  жұмыс істеуге, ортақ өнімді жарыққа шығаруға қарсы еместігін жеткізеді. Нәтижесінде халыққа қызықты әрі масштабты кинофильм ұсынуға болатындығын айтқан болатын.

Нұртас Адамбай, режиссер:

«Мемлекет тарапынан көмек бізге артықтық етпес еді. Және ең қызығы соңғы уақытта біздер - жеке компаниялар өндіріп жатқан картиналар рекордтық нәтижелерге қол жеткізуде. Кассалық табыс жоғары, алайда бүгінгі күнге дейін  біздің ұлттық кинокомпанияның бірде-бір өкілі бізбен байланыспады. «Сапалы кино түсіріп жатырсыңдар ғой. Қанекей, бірге жоба жасайық. Үлкен бюджетті сапалы бағытқа жұмсап, Қазақстанды халықаралық ареналарда көрсететін танымал картиналарды түсірейік»,-деп ұсыныс мүлде білдірген емес. Олар аса танымал бола бермейтін, белгісіз картиналарды түсіріп келеді. Және сол қарқын әлі де жалғасуда. Әрине, бұл өте өкінішті. Мемлекеттік ұйымдар жеке студияларға тіпті әлі қызғушылық та таныта қойған жоқ»,-дейді продюсер.

Мемлекеттік орталықтың басшылығы жеке киножобаларды қаржыландыру аясында жеке компаниялармен ынтымақтасуға дайын екендіктерін айтады:

«Кез-келген істе жеңімпаз болады. Нұртас Адамбай мен Нұрлан Қоянбаев ішкі нарыққа бейімделіп қана қоймай, сондай-ақ  тұрақты түрде коммерциялық жағынан табысты өнімді жарыққа шығара алды».

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінгі күнгі елдегі халық саны 18 632 169 адамды құрап отыр. Халық санының мұндай  көрсеткіші бюджеті 400 мың доллардан асатын қазақстандық фильмнің нарықта табысты болуына өз әсерін тигізеді.  

Демография көрсеткіштері киноиндустрияға әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Британдық эксперттердің пайымдауынша, халық саны кино саласында басты рөл атқаратын бағалаушы құрал. Америка Құрама Штатының халық саны 300 миллион адам құрайды. Жиырмасыншы ғасырдың бастапқы кезеңінде бұл киноиндустрия үшін таптырмас қолдау болғаны рас. Сондай-ақ, американдық кино британиялық нарықты да жаулап алды. Ал әлем бойынша ағылшын тілінде 1 миллиардтан аса адам сөйлейді әрі түсінеді.  Осының нәтижесінде, Америка Құрама Штаты кино әлемінде ерекше рекорд орнатқаны рас. Бұл нәтиже тек орналасқан тұрғындар санына байланысты емес, сонымен қатар мемлекет тарапынан қолдауға іліккен киноленталарды да айтсақ болады. Өз елдерінің мемлекеттік бюджетінен қаржыландырылған жаңа шетелдік картиналар да жетерлік. Осының нәтижесінде туынды кино саласындағы ерекше марапаттарға ие болды. Бұл ретте Корей режиссері Пон Джун Хо түсірген «Паразиты» және «Атлантика» киноленталары бар. «Паразиты» кинолентасы үздіктер қатарынан көрініп, «Оскар» марапатын қанжығаға байлаған болатын. Ал режиссер-дебютант Мати Диоп түсірген «Атлантитка» кинокартинасы Канн фестивалінде гран-при сыйлығына ие болған еді.

Егер шетелдік кино саласының практикасына көз жүгіртер болсақ, Нидерландық жүйе еліміздің тәжірибесіне ұқсас болып келеді. Біріншіден, Нидерланды елінің тұрғын саны 17 миллионға жуық. Ал екіншіден, екі ел де аса танымал емес тілдерді қолданады. Нидерландықтар- нидерлан тілінде, ал қазақстандықтар – қазақ тілінде сөйлейді. Үшіншіден, екі мемлекет те коммерциялық табысқа бағытталмаған авторлық жобаларға қолдау көрсетеді.

16 жыл бұрын құрылған голландиялық кино қоры ұлттық кинематографиясына айтарлықтай қолдау көрсетіп, киноөндірісті қаржыландырып келеді, фестивальдер мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастырады. Қор Нидерландтық кино мәселелері жөніндегі комиссияға басшылық етіп, мемлекеттік қаржыландыруға кіретін кинофильмдерді іріктейді.

Нидерландыда конкурсқа мәлімделген киножоба сәтті іріктеу жағдайында 1 млн еуроға дейінгі қаржылай сыйлық қарастырылған. Мемлекеттік ұйымнан қолдау алған киножобалар Нидерландыда көптеген жаңа әрі табысты мүмкіндіктерге ие болады. Қор қолдауының арқасында "Характер" және "Қара кітап" сияқты картиналар жарық көрді.

Мемлекеттік қаржыға түсіріліп, кейін ішкі және шетелдік нарықта табысқа жете алмаған картиналар қатарында «Балуан Шолақ» және «Путь лидера. Астана» сынды ленталар бар.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы отандық киноөнімге қаржылық қолдау көрсетпес бұрын, алдымен екі этаптан құралған іріктеу өткізеді. Алдымен питчинг арқылы келген барлық ұсыныстар қаралып, іріктеледі. Екінші этап бойынша, арнайы тағайындалған эксперт мамандар ұсынылған жобаларға нақты бағасын беретін болады. Ең алдымен, белгіленген ережелер бойынша сақталған нормалар тексеріледі. Және бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар, актуалды тақырыптардағы жеткізер ойы бар жүйелі картиналар қаржыландырылады. Сонымен қатар, патриоттық сананы рухтандыратын тарихи кино жобалар, интеллектуалды картиналар мен мәдени маңызы зор туындылар, өскелең ұрпаққа дұрыс тәрбие бере алатын кинофильмдер де мемлекет тарапынан қолдауға ие бола алады.

Қазақстандағы кино авторлары фильм табысынан түскен 20%-дық үлес көлемінің корпоративтік табыс салығынан босатылады - бұл жоба авторлары мен киногерлерді қазақстандық өнімге басымдық беруге ынталандыратын болмақ. Сонымен қоса, «Қазақфильм» киностудиясы 2019 жылдан бастап кинофабрика ретінде, мемлекеттік орталықтың қосалқы мердігері болды.

Мемлекеттік қолдауға ие болатын отандық картиналарды мемлекеттік орталық жанындағы сараптамалық арнайы құрылған кеңес шешеді. Кеңес құрамына кіргендер қатарында:

  • Қазақ киносының майталманы - Асанәлі Әшімов;
  • Көркем және анимациялық киноның режиссері - Адай Әбілдинов;
  • "Меломан" компаниясының бас директоры - Вадим Голенко;
  • Актер және кинорежиссер - Досхан Жолжақсынов;
  • Qazaqfilm вице-президенті - Серік Жұбандықов;
  • Сценарист, режиссер, оператор - Ахат Ибраев;
  • Режиссер, сценарист - Алексей Каменский;
  • Режиссер, ақын - Бақыт Қайырбеков;
  • Актриса - Жанна Қуанышева;
  • Театр режиссері, Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры - Жүргенева Асхат Маемиров;
  • Режиссер, кинодраматург - Сатыбалды Нарымбетов;
  • Кино және театр актрисасы - Меруерт Өтекешева;
  • Сценарист, өнертанушы - Бекболат Шекеров;
  • Arman Cinema кинотеатрлар желісінің бас директоры - Бауыржан Шүкенов.


Бірақ еліміздегі танымал кинокртик Карим Қадырбаевтың пікірінше, отандық киноиндустрияда кездесіп жататын жемқорлық жағдайларын азайту үшін нақтыланған эксперттер құрамын жиі ауыстырып отырған жөн. Егер тек бір ғана құрам мемлекеттік қаржыға ие болатын жобалардың тағдырын шешетін болса, бұл өз нәтижесінде, әділетсіздік пен жемқорлыққа әкелуі мүмкін.

Алайда, мемлекеттік орталық басшылығы Кеңес сарапшыларының фильмдерді іріктеу кезінде шешім қабылдауының ашық әрі әділетті  түрде жүретінін уәде етеді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы