Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 қыркүйек, 202022

Варшава кинофестиваліне тағы екі отандық картина жолдама алды

Польша астанасы Варшавада өтетін 36-шы Халықаралық кинофестивальде Әділхан Ержановтың «Желтая кошка» картинасы мен режиссер Ернар Нұрғалиевтің «Жаным, ты не поверишь» қара комедиясы көрсетілетін болды.

Арт-хаусты картиналар жасаушы Әділхан Ержановтың бұл туындысы фестивальдік бастауын Венециядан алды, ал бүгіннен бастап картинаны Испания елі киносарапшылары да тамашалайды. Енді, міне, 9-шы қазанда басталатын Варшавалық кинофестиваль аясында картинаның польшалық премьерасы да өткізілетін болады. Одан әрі отандық драма Пусан Халықаралық кинофестиваліне жол тартады.

Фото: wff.pl

Қылмыстық әлемнің былығынан құтылғысы келетін ғашықтар жайындағы хикаяның бас кейіпкерлерін Азамат Нығманов, Камила Нұғманова мен Санжар Мәдилер сомдады. Оны жасауда оператор Еркінбек Птыралиев, продюсерлер Серік Әбішев, Ольга Хлащева және Әсел Садуақасовалар еңбек етті. Фильм сценарийін Әділхан Ержанов жазды.

Айта кетейік, отандық режиссердің варшавалық кинофестивальге қатысуы бірінші рет емес. 2014 жылы ол «Хозяева» картинасымен фестивальдің 30-шы салтанатында «Free Spirit» сыйлығын жеңіп алды. 2016 жылы оның «Чума в деревне Каратас» драмасы 32-ші Варшава Халықаралық кинофестивалінің «Еркін рух» байқауында, ал 2018 жылы «Ласковое безразличие мира» фильмі фестивальдің 34-ші салтанатының ашылуында көрсетілді. Араға жыл салып, оның жаңа картинасы «Арнайы көрсетілім» секциясында бақ сынамақ.

Фото: wff.pl

Ал режиссер Ернар Нұрғалиев, операторы Азамат Дулатов және продюсерлер Жандос Айбасов, Әлішер Утев пен Тимур Шевченконыі бірлесіп түсірген «Жаным, ты не поверишь» қара комедиялары үшін халықаралық аренада бақ сынағалы отырған бұл екінші фестиваль. Қазанның 5-і мен 15-сі аралығындақазақстандық картина Еуропаның ең көне фестивалі – Каталонияда өтетін Sitges International Fantastic Film Festival of Catalonia кинофестивалінің байқаудан тыс бағдарламасында көрсетіледі.

Фильм сюжеті үш достың бастан өткеретін хикаяны баяндайды. Барлығы жас отбасының қарапайым ұрсысынан басталады. Ерлі-зайыпты тұңғыштарын күтіп жүр. Күн сайын үйдегі ахуал қиындай береді. Бас кейіпкер Дастан әйелінің тарапынан көрсетілетін күнделікті қысымнан жалығатын сәт жетіп, ол бір күнге қашып, екі досымен балыққа баруды шешеді. Болашақ әке, сәтсіз кәсіпкер мен жергілікті полицей уақытты жақсы өткіземіз деп жоспарлайды, алайда күтпеген оқиғалар желісі олардың саяхатынының быт-шытын шығарып, Тарантино стиліндегі жабайы американдық шытырманға айналдырады. Бұл – нағыз жігіттер достығының динамикалық, ирониялық әрі көңілді әңгімесі.

«Жаным, ты не поверишь» фильмі 36-шы Варшава Халықаралық кинофестивалінің «Еркін рух» байқау бағдарламасында бақ сынады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, аталған халықаралық шарада Фархат Шәріповтың «18 килогерц» жаңа картинасы да көрсететілетін болады.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  wff.pl

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы