Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 ақпан, 202064

Елбасының мемлекеттік стипендиясы тағайындалды

Алматыда Мәдениет саласы бойынша Тұңғыш Президент – Елбасының мемлекеттік стипендиясы берілді. Оны мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаев табыстады, деп хабарлайды kaztube.kz бейнепорталы Ақордаға сілтеме жасап. 

Олардың қатарында қазақтың «Қыз жібегі» атанған актриса Меруерт Өтекешова, «Қан мен тер» трилогиясының авторы Әбдіжәміл Нұрпейісов, жүргізуші әрі ақын Жүрсін Ерман, режиссер Фархат Шәріпов, актриса Айнұр Рахипова сынды мәдениет қайраткерлері бар. Жалпы, Елбасы стипендиясына қазақ өнеріне, әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосқан барлығы 75 азамат ие болған.  

Жыл сайын тағайындалатын бұл стипендия – мемлекеттің мәдениет және өнер қайраткерлеріне, сонымен қатар жас дарын иелеріне жасалатын қолдау мен қамқорлықтың дәлелі. Олардың ел мәдениетін дамытып, төрткүл дүниеге танытудағы елеулі еңбектеріне көрсетілген құрмет болса керек. 

Иегерлер қатарында сонымен қатар Канн халықаралық кинофестивалінің лауреаты Самал Ислямова да бар. Ол 2018 жылы Канн фестивалінде режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» кинокартинасымен «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесіне ие болған. Айта кетейік, Самал өткен жылы да стипендия иегері атанған еді. 

Ал, жалпы 2018 жылдың қорытындысы бойынша өнер қайраткерлері арасынан КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты - Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі - Роза Әшірбекова, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты - Раушан Байсейітова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актриса - Баян Имашева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, актриса - Тамара Қосыбаева, Қазақ ССР-нің халық әртісі, актер - Бекен Имаханов, "Құрмет" орденінің иегері, актер әрі режиссер - Зұлхаш Чапай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер әрі актер - Әмір-Темір Хусеин, сонымен қатар актерлер - Еркебұлан Дайыров, Роман Жуков пен Аян Өтепберген Елбасының мемлекеттік стипендиясына ие болған.  

Автор:  Зарина Смағұлова

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы