11 наурыз, 202048

Елдегі алғашқы қара комедия!

Жақында көрермен назарына «Жаным, ты не поверишь!» кинотуындысы ұсынылған болатын. Фильм трейлерінің өзі басқа отандық фильмдерден ерекшеленген кинокартинаны бірден 4 продюсер: Ерлан Нұрғалиев, Азамат Дулатов, Жандос Айбасов және Тимур Рахманов сынды киногерлер 60 млн. Теңгеге таспалаған. Сонымен, елдегі алғашқы қара комедия фильм сүйер қауымды несімен таң қалдырды?

Оқиға желісі жақында әке атанатын Дастан (Данияр Алшынов) есімді кейіпкермен басталады. Күнделікті ұрыс – жанжал мен отбасылық даудан шаршаған ол жүкті әйелі Жаннаны (Асел Қалиева) жалғыз тастап, достары Мурат (Ерлан Прімбетов) және Арманмен (Азамат Маркленов) бірге балық аулауға аттанады. Әріқарай картина оқиғасы тағы бір үштікпен жалғаспақ. Бұл жолы жергілікті «гангстерлер» рөлін Рустем Жаныаманов, Жандос Айбасов және Бекарыс Марсұлы сомдаған. Балық аулай білмейтін үш дос пен қаруды дұрыс қолдана алмайтын баскесерлердің күтпеген кездесуі ойға қонымсыз шым - шытырық  оқиғалармен жалғасын табады. 


фото: кадрдан алынған

Фильм авторлары туынды комедия желісінде түсірілсе де, көрерменге айтар ойы мен  түпкі мақсаты бар екенін алға тартады.

Данияр Алшынов, актер: 
"Күнделікті өмірдің тіршілігімен отбасылық құндылық пен қиын сәтте қасыңнан табылар достардың қадірін кейде ұмытып, бағалай бермейміз. Фильмде біз осындай сәттерді комедия арқылы жеткізуге тырыстық."

Дегенмен, кей сәттерде фильм сценарийстері мен режиссерлері шетелдік жанкешті ойындар мен «Пункт назначения» фильмін шектен тыс көргендей әсер қалдырады. Картинада қолданылған графикалық жұмыс пен гримнің өзі бөлек тақырып. Елдегі киноиндустрияда әлі қолданылып көрмеген мұндай арнайы спецификалық әдістерді «Artdepartment.kz» студиясы қолға алған. Шетелдік триллерді қарап үйренген бізге фильмнің кей тұстарында жасандылық пен тым әсірелеушілік байқалатыны сөзсіз. Дегенмін, отандық кино салада мұндай жанрда фильм таспалаудың өзі айтарлықтай батыл қадам.


фото: instagram @artdepartmentkz

Қара комедияның тағы бір кемшіл тұсы – қазақша диалогтың тұрпайылығында. Мүмкін фильм авторлары мұнымен ерекшеленуді көздеген болар, кім білсін. Алайда, құлаққа дөрекі әрі жағымсыз естілетін боғауыз сөздер тек қазақ тілінде айтылғаны сәтсіз эксперимент болды. Не дегенмен, көрермен оған әлі дайын емес секілді. Сондай- ақ, фильмнің қазақша аудармасында да біршама қателер өріп жүр. 

Картинаның сапалы шығуы актерлік құрамға тікелей байланысты. Туынды біршама актерлер үшін дебюттік фильм болды. Мәселен, жастар арасында танымал жұлдыз Азамат Маркленов басты кейіпкерлердің бірін сомдады. Бұл әншінің тәжірибесіндегі ең алғашқы толықметражды фильм болғанымен, өз рөлін толық алып шыға алды. Актерлік арнайы білімі болмаса да, елге күлкілі вайндарымен атақты болған фильмнің тағы бір басты кейіпкері  Ерлан Прімбетов. Картинада өзін жан- жақты қырынан көрсету үшін керек болса аттың құлағында ойнап, батпаққа батқан (тура мағынада) тіпті басымен терезені де қиратқан актер түсірілім алаңында біраз қара терге түскені анық. Үш баскесердің образдары да ерекше сомдалған. Мәселен, халық сүйіктісіне айналған актер Еркебұлан Дайыровты бұл фильмде бірден танып білу қиын. Жалғанған ұзын шаш пен артық салмақ актердің бейнесін түбегейлі өзгерткен. Бұған дейін ешбір кинофильмде Дайыровты мұндай образда көрмегеніңіз анық. Сондай-ақ, театрмен танылған Алмат Сақатовтың кинофильмдегі сарказмға толы мақал- мәтелдерін көрермен ерекше бағалады.


фото: brod.kz

Фильм Алматы облысында түсірілген. Жазық дала мен қамысты ну шатқалдар кинокартинаның ерекше шығуына әсер еткені рас. Фильм продюсерінің айтуынша, түсірілім алаңында қызықты жағдайлар да көп орын алған. 

Жандос Айбасов, продюсер:
"Біз әу баста фильм үшін жалданған кішігірім үйде тек аздап қана от тұтатамыз деп жоспарлағамыз. Алайда, команда арасында түсініспеушілік туындап, ол үйді біз толығымен жарып жібердік. Кейіннен үй қожайнының бізге деген біраз сұрақтары болды."


фото: кадрдан алынған

Киноның саундтрегі өзгеше талғаммен таңдалғаны байқалып тұр. Басты кейіпкерді сомдаған Маркленовтің тобы “Ирина Кайратовна” арнайы осы фильм үшін «Koke» атты әуенін жарыққа шығарды. Сонымен қатар, кинокартинада Молданазар, Владимир Золотухин, Arshat сынды заманауи әншілердің туындылары мен қоса қазақ өнерінің музасына айналған Роза Бағланованың шығармасын да байқауға болады. Бұл өз кезегінде тарихты ұмытпай, заман ағымымен бірдей болу керектігін анық аңғартса керек. 

Отандық киноиндустрияға бұл фильм жаңашылдық әкелгені сөзсіз. Қазір той тақырыбы, ауылдық менталитетті күлкіге айналдыру, қарапайым махаббат оқиғалары шетке ысырлып келе жатқан сияқты. Бүгінде барынша креативті ой мен өзіндік ерекшелігі бар туындылар көрерменді қызықтыруда. Ал бұл фильм өзінің стандартсыз сценарийінен бастап, қарапайым сахналардың декорациясына  дейін өзгеше. Әлбетте, кинодан терең мағына іздеудің қажеті жоқ, дегенмен жанұялық өмірдің бақытты сәтімен және адал достықтың бейнесімен қорытындыланған картина әрбір көрерменге ерекше әсер сыйлатыны сөзсіз. 


фото: instagram - @asselkalieva

 

 

 

Автор:  Жанерке Ахмадиева

Фото:  brod.kz

Жаным ты не поверишь
Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы