Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 қазан, 2021249

Елордада «Портье.Мальчик на побегушках» фильмінің тұсаукесері өтті

Тимур Бақтыбаевтың «Портье. Малчик на побегушках» картинасы 21 қазаннан бастап қалың көпшілікке жол тартады, – деп хабарлайды Kaztube.kz бейне порталы.

Фильм сюжеті қонақ үйдегі өмір туралы киносценарий жазу үшін мейманханаға швейцар қызметіне орналасқан жас жігіт туралы баядайды. Басты кейіпкер Дамир қызықты сюжет жазып шығу мақсатында қонақтардың сеніміне кіріп, олардың өмірінде болып жатқан оқиғалардың басы-қасында жүруге тырысады. Ол әр қонақты өзінің болашақ кейіпкері ретінде зерделеп жүргенде көптеген күтпеген оқиғаларға тап болады.

Картинаның продюсері Тимур Бақтыбаев болса, режиссер ретінде Олжас Ибраев қызмет етті. «Мен тек продюсер ретінде ақшаға ғана жауап беріп, басқа мәселелерге бас қатырмай жүрдім деп айта алмаймын. Мен әрқашан маркетинг, сценарий, актерлік құрам секілді маңызды жұмыстарға да белсене араласамын. Сценарист болмасам да, сценаристің жазғанын оқып шешім шығара аламын, ұнамаған детальдарды өзгерткен де кездеріміз болды», – дейді продюсер.  

Фильмге бас-аяғы он төрт актер қатысқан. Басты кейіпкер Дамирдің образын театр және кино актері Дәурен Серғазин сомдайды. Ал басқа да негізгі образдарды спорт шебері  Қуат Хамитов, блогер Айжан Байзақова және кәсіби актер Жан Байжанбаевтар ойнап шыққан. Актерлік құрамға қатысты Тимур Бақтыбаев: «Барлық фильмдерімде кастингті өзім жүргіземін. Көбіне режиссер досым Олжас екеуміз сценарийді оқып отырып, қандай актер алатынымызды алдын-ала ақылдасамыз. Біз кейіпкердің образына сәйкес актерлерді ойша таңдап, оларды рөлге шақырамыз.  Мен идея авторы ретінде, сценарий жазылмай тұрып Қуат Хамитовпен сөйлесіп, фильм сюжетін осы тұлғамен байланысты өрбіттім. Ал Айжан Байзақованың рөлі сценарий жазылып болған соң бекітілді. Бұл екі актер де түсірілім барысында өздерін өте кәсіби ұстады. Бұрыннан фильмге түсіп жүрген кәсіби әртістер секілді шеберлік танытты», –дейді.

Қуат Хамитов, дебютант:

Мүлде басқа саланың өкілі болсам да, осындай үлкен рөлді киногерлердің маған сеніп тапсырғаны көңілімді қуантты. Ұсыныс түскен бетте-ақ аса зор қызығушылықпен дайындыққа кірісіп кеттім.
Мен бала кезімнен спорттық карьерамды аяқтаған соң актер болуды қаладым. Мектепте оқып жүрген кезде соны армандайтынмын. Мен кішкентай балаларға арналған мотивациялық фильмдерге түскім келеді. Мысалы, өзім жекпе-жек спортына Жан Клод Ван дамм қатысқан картиналарды көрген соң келдім, оған қарап спортшы болуға қызығушылығым артты. Қазір жиырма бірінші ғасырда көрерменді шабыттандыратын фильмдер жетіспейтін секілді. Егер  жақсы тәрбие беретін, жақсылыққа үйрететін сондай рөлдер болып жатса, мен бағымды сынап көруге әркез дайынмын.

Алғашында «Однажды в отеле» деп аталып, 17 маусымда үлкен экранға шығу жоспарланған комедиялық фильмнің операторы Нұрайбек Жәнібеков, ал сценарийін жазған Данияр Күмісбаев болды. Картинаға музыканттар ASPEED feat SHQRIM арнайы «Я – портье» деп аталатын әуен жазған.

Тұсаукесер көрсетілім барысында фильм продюсері Тимур Бақтыбаев картинаның бірқатар ерекшеліктерімен бөлісті: «Әрбір картина өзінше ерекше. Дегенмен біздің фильмнің басты ерекшелігі – оның бір ғана локацияда түсірілуі. Табиғат немесе қала көріністері мұнда жоқ. Фильм сюжеті қонақ үйдің ішінде басталып, қонақ үйдің ішінде аяқталады. Менің ойымша, мұндай стиль қазақ киносында бұрын-соңды болмаған. Сондай-ақ біздің картинаның тақырыбы осы кезге дейін түсірілген қазақ комедияларынан өзгеше. Әдетте отандық күлдіргі фильмдердің сюжеті отбасыға қатысты келін, той секілді тақырыптар төңірегінде өрбиді. Ал біздің киноөнімде шығармашылық адамының өмірінен бір үзік сыр бейнеленеді. Көрермен үшін қонақ үйдің ішіндегі өмір қызықты деп ойлаймын».

Мадияр, көрермен:

Фильмнің алғашқы көрсетіліміне барып, көңілімді көтеріп қайттым. Картина көңілімнен шықты, әзілдері де күлкі сыйлай білді. Дегенмен фильмнің орта жағында ішпыстырарлық сәттер, оқиғаны өрбітпейтін ұзақ кадрлар болды. Соған қарамастан кинотуынды жоғары бағаға лайық деп білемін.

Картина карантин уақытында маскалық режимде түсірілген. Фильм авторларының айтуынша, түсірілім Алматыдағы «Риксос» қонақ үйінде он бес күн бойы жүргізілген.

Автор:  Мұқанова Нұржауған

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы