Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 тамыз, 202049

Ернар Құрмашев жаңа лауазымға тағайындалды

Осыған дейін Алматы қаласының Мәдениет басқармасын басқарған Ернар Құрмашев отандық кинематографқа қайта оралды. Киногер Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқармасы төрағасының орынбасары міндетіне тағайындалды.

Кинопродюсер, режиссер әрі сценарийші Ернар Құрмашев 2019 жылдың қыркүйек айынан Алматы қаласының Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарып, мегаполистің креативті экономикасын дамытудың стратегиясын дайындау мен оны іске қосуға жауапты болды. Енді міне, өзінің негізгі кәсібіне қайта оралды.

«Бір жыл бұрын мәдениет басқармасының басшысы қызметіне келдім. Салмақты қадам еді. Қала әкімі қызықты әрі күрделі – қала мәдениетін реформалау және Алматыда креативті экономиканы дамыту үшін алғышарттар құру сияқты міндет қойған. Көптеген адамдар үшін бұл жаңа ұғым, алайда әлемдегі барлық ірі қалалар креативті экономиканы дамудың басымдығы ретінде таңдап қана қоймайды. Мен бұл құбылысты 3 жылдан астам зерттедім. Отандық киноиндустрияның тек осындай креативті индустрия жолымен дами алатынын түсіндім. Киноиндустрия орындаушылық өнер, заманауи өнер, анимация, сән және басқа шығармашылық индустриялардың жетекші және қозғаушы күші. Осы қағида бойынша мен қала мәдениетін дамыта бастадым. Көп істер атқарылды. Олардың нәтижелерін 2-3 жылдан кейін көруге болады. Мәдениет басқармасының жаңа басшылығы креативті экономиканы дамытудың әзірленген стратегиясын іске асыруды жалғастырады деген сенімдемін», - деді ол әлеуметтік желідегі парақшасында мемлекеттік қызметтегі еңбегін қорытындылап.

Мемлекеттік қызметпен қимай қоштасқан Ернар Құрмашев Алматы қаласы әкімдігіне оған білдірген сенім үшін алғысын жеткізді.

Айта кетейік, Ернар Құрмашев 1984 жылдың 18 желтоқсанында дүниеге келді. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-ды бітіріп, New York Film Academy-де тағылымдамадан өткен. «Kazakhstan Computer Graphics» ЖШС-нің басшысы, Astana Film Fund кинокомпаниясының директоры, «Almaty Film Festival» кинофестивалінің директоры қызметтерін атқарды. Сонымен қатар «Томирис», «Анаға апарар жол», «Районы», «Бизнесмены», «Каникулы оффлайн» сияқты бірқатар отандық фильмдер, «Батырлар», «Выставка чудес» анимациялық хикаяларға және 100-ден аса деректі фильм мен әлеуметтік бейнероликке продюсерлік етті.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  kazakhcinema.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы