Размер шрифта:

Цветовая схема:

04 маусым, 2020392

Жаңа фильмнің түсірілімі басталды

Қазақстандық киноиндустрия тағы бір жаңа картинамен толықпақ. Бұл жолы  кибербуллинг жайлы түсіргелі жатқан кинофильм «Хакер» деп аталады. 

Фильмдегі оқиға желісі бойынша, Азамат есімді жоғарғы сынып оқушысы мектептегі қатарластарынан қорлық көріп, олардың күнделікті мазағына шыдауға тура келеді. Оны көрген Азаматтың сүйікті қызы Інжу оған жаңа ұялы телефон сыйлыққа береді. Азамат сыйланған бұл телефонның ішінде үлкен бір сыр жатқанын бірден аңғара қоймайды. Дегенмен, телефондағы мәліметтер ол үшін үлкен жаңалық болады. Оны күлкі етіп, балағаттаған сыныптастарының барлық құпиялары мен өзгелерден жасырған көптеген ақпараттары туралы дәл осы ұялы телефон арқылы біліп қойған Азамат  енді кек алуды көздейді. Қолындағы телефонның көмегімен кибербуллингпен айналысып, интернеттегі құпия шабуылшыға айналады. Бойында ашуы өршіген Азамат шындық пен вируталды өмірді шатастырып, көңіліндегі реніш сезім үлкен зұлымдыққа қарай лаулай бастайды. Мұның соңы не болмақ? Интернеттің құрсауында қалған жігіттің тағдыры не болмақ? Оқиға енді қандай бағытқа өрбиді? Ғаламтордың құрбанына қалған жастарды кім құтқарады?

«Хакер» фильмінің сценарийін талантты киногер әрі сценарист Жайық Сыздықовтың қатысуымен   Даяна Даутова мен Бағлан Құдайберлиев жазып шыққан. Сондай-ақ, Жайық Сыздықов аталған картинаға продюсерлік етуде. 

Айта кеткен жөн, Жайық Сыздықов бұған дейін  “Жаужүрек мың бала” және “Батырлар” сияқты отандық үздік жобалардың сценарий авторы болған. Туындыға Бағлан Құдайберлиевтің өзі режиссерлік етпек. “Хакер” фильмінің операторы ретінде Едіге Несіпбек жұмыс істесе, қоюшы-суретші үшін Наиль Беспаев таңдалып алынған. Отандық кинофильмдегі басты кейіпкерлердің рөлін жас актриса, Халықаралық Nomad Stunts кәсіби каскадерлер тобының белді мүшесі және елімізге белгілі әрі танымал кинорежиссер Ақан Сатаевтың қызы Мәриям Сатаева мен жас актер Дамир Даутовтар сомдамақ. Кино авторларының айтуынша, аталған туындымен еліміздің намысын қорғау мақсатында шетелдік кинофестиваль және байқауларға қатысуды мақсат етіп отыр . Ендеше, түсірілімдер сәтті өтіп, картина тек толағай табысқа кенелсін деген тілек білдіреміз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы