Размер шрифта:

Цветовая схема:

13 қазан, 2021242

«Жаңа толқындық» қоюшы-режиссер – Сәбит Құрманбеков

Экранда жаңа әлем жасайтын киносуретшілер – фильм өндірісіндегі ең маңызды мамандардың бірі. Бұл кәсіпппен айналысатын қазақстандық  креатив киногер Сәбит Құрманбеков тек қана суретшілікпен емес, режиссерлігімен де халыққа таныс. Бүгінгі шығарылымда сіздерді осы киногердің шығармашылығымен толығырақ таныстыратын боламыз.

Сәбит Құрманбеков – суретші, кинорежиссер, сценарист және киноактер. Ол 1991 жылдан бері Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі.  Киногер 1960 жылы 1 қыркүйекте Талдықорған облысы, Талдықорған ауданы, Шұбар ауылында туған. Ол 1980 жылы Алматы көркемсурет училищесінің дизайн факультетін тәмамдады. Ал 1990 жылы Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетінде кеңестік киносуретші Михаил Александрович Богданов пен режиссер Сергей Соловьевтың шеберханасынан кәсіби білім алып шықты.

Құрманбеков – қазақ киносының «Жаңа толқынының» көрнекті өкілі. Ол «Полторы штуки» (1987), «Лейтенант С» (1987), «Двое ехали на мотоцикле» (1987), «Гипнотизер», «Неистовый Крейсберг» («Любовь мы сохраним» киноальманағы, 1987), «Қиян» (1989), «Сұрапыл Сұржекей» (1991), «Стрейнджер» (1993), «Кардиограмма» (1995), «Ақсуат» (1998), «Три брата» (2000); «Жылама» (2003), «Маленькие люди» (2003), «Кочевник» (2005) және басқа да көптеген көркем фильмдерді жасауға атсалысқан. Құрманбековтің қатысуымен түсірілген фильмдер ең беделді кинофестивальдарда бірнеше рет жүлделерге ие болды. Ол киноактер ретінде «Қиян» (1989), «Ақсуат» (1997), «Қарой» (2007), «Қош бол, Гүлсары» (2008), «Құтқарушы» (2013), «Жібек» (2015-2016) секілді фильмдерде бақ сынады. Францияның Нант қаласында Сәбит Құрманбеков «Ақсуат» фильміндегі рөлі үшін үздік актерге берілетін бас жүлдені жеңіп алды.

Сонымен қатар ол әртүрлі жанрдағы мольберттік суретші ретінде белсенді жұмыс істейді. Оның туындыларының арасында көркем композициялар, графика мен мультфильмдер, достық шарждар да  бар. Ол Мәскеудегі оқу орнына өзінің комикстерінің арқасында қабылданған. Сол кезде қабылдау комиссиясының мүшесі болған Сергей Соловьев оларды «өте кинематикалық» деп бағалады. Кейінірек Құрманбековтің кескіндемесі мен графикасы Қазақстанның өнертанушылары тарапынан жоғары бағаланды. Оның жеке көрмелері де бірнеше рет өткізілген: 1993 жылы Алматыда «Жаңа толқынның кино суретшісі», 1995 жылы Брауншвейгте өткен «Қазақстан киносы Германияда» фестивалі аясында жеке көрмесі, 1999 жылы Алматыда «Играя, снимая, рисуя» жеке көрмесі жұртшылық назарына ұсынылды.

Ол 20-дан астам жарнамаға суретші ретінде қатысты. Олардың барлығы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген Қазақстандағы алғашқы жарнамалық роликтер болатын. Сондай-ақ Алматы қаласындағы көптеген нысандар Сәбиттің эскиздері мен жобаларымен жасалған. Атап айтқанда, алғашқы түнгі клубтар, мысалы: «Менің қалам», «Манхэттен», «Такси блюзі» және басқалары. Сонымен қоса, Қарағанды, Қостанай және Астана қалаларындағы кей объектілер де оның қиялымен безендірілді. Одан бөлек, Құрманбеков «Қазақстан киносы» энциклопедиясын құрастырды.

Кинотанушы әрі киносыншы Гүлнар Әбікееваның пікірінше, Сәбит Құрманбеков өз шығармашылығымен қазіргі шындықты бейнелеудің қайталамалығынан және шарттығынан зардап шеккен қазақстандық кинематографияға түпнұсқалық атмосфера алып келді. Оның шығармаларында нағыз қазақ ауылының текстурасы мен түстері кездеседі. Ол «қазақ жаңа толқынының» көрнекті өкілі Серік Апрымовтың фильмдерінде өрістеп келе жатқан «қазақ неореализмінің» драмалық оқиғаларына кеңістіктік-материалдық жағдай жасады. Режиссермен бірге ол қоршаған орта мен детальдардың ерекше дәлдігі мен сенімділігін тапты, онсыз ешқандай сюжет шынайы, көркем және өмірлік болмас еді. Сәбит Құрманбековтің көптеген шығармашылық жаңалықтары уақыт өте келе оңай қайталанып, танымал бола бастады. С.Құрманбековтің жеңіл қолымен қазақ киносында қазіргі қазақ ауылының жаңа визуалды бейнесі қалыптасты деп айтуға болады.

Әсіресе, Сәбиттің Дамир Манабай түсірген «Сұрапыл Сұржекей» (1991 ж.) фильміндегі жұмысын ерекше атап өту керек. «Сұрапыл Сұржекей» картинасы Маңғышлақ жерінде сап-сары құм мен өткір желдің өтінде суық пейзажда түсірілген. Бұл фильмде көшпенділердің рухы өзінің кеңістігі мен еркіндігін жоғалтпай, таңғажайып түрде жеткізілген. Мұнда қасақана театрландырушылық пен жасандылық жоқ. Кинофильмде бейнелердің екі түрі бар: түрлі-түсті – киіз үйлердің ішінде және монохромды (ақ пен қара дерлік) –  сыртта, бұл даладағы немесе шөлдегі адамның психологиялық сезімін дәл береді. Дала ыстық, аптап, құрғақ жел болғанда – түсті айыру мүмкін емес, құмды жердің түрі ғана көрінеді. Ал киіз үйге кіргенде түрлі түстер мен бояуларлдың әдемілігі көріне бастайды: текемет, түрлі-түсті көрпелер мен киіз үйдің басқа әшекейлері.

Фильмде бір отбасы киіз үйді жығып, жинайтын эпизоды бар. Сыртқы киіздерін жинап алғаннан кейінгі үйдің ішінен түсірілген бірнеше кадрлардағы көрініс сойылып жатқан алып жануарға ұқсайды: терісі мен еті сыпырылған; желмен қозғалатын ағаш киіз үйдің жақтауының жалаңаш фрагменті киттің немесе динозаврдың кеуде қуысы секілді көрінеді. Мұндай метафоралық бейне картинаға тағы бір семантикалық қабат қосады, оны жойылып бара жатқан көшпелі өркениеттің реквиеміне айналдырады. Кинотанушы Әбікеева мұндай көрнекі шешімді тек режиссерлік көзқарасы бар адам ғана ойлап таба алады деп санайды. Бұл ретте Сәбит Құрманбековтің продакшн-дизайнерден бөлек, режиссер ретінде өзі  фильмдер түсіре бастағаны таңқаларлық жағдай емес. 1999 жылы ол өзін кинорежиссер ретінде сынап көріп, Мұрат Мусинмен бірге «Соңғы көшпенді» атты деректі фильмді түсірді. Дебюттық картина ешқандай безендірусіз ауылдағы шопандар өмірі туралы баяндап береді. 2002 жылы «Трасса» қысқаметражды фильмін түсірген киногер осыдан соң 4 толықметражды картинаның және бір телехикаяның түсіріліміне режиссер ретінде қатысты.

Қазақ киносына өлшеусіз үлес қосқан Сәбит Құрманбеков 2017 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағымен марапатталды.

«Әурелең» (2008)

Сәбит Құрманбековтың алғашқы толықметражды картинасы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Әурелең» комедиясы.

Өмір әдеттегідей жалғасып жатқан секілді: балалар мен немерелер жақын жерде, дастархан мол, жарқын күн мен аспан, жыртылған жер. Бірақ өмірдегі барлық нәрсе қаржылық әл-ауқат пен жақын жандардың денсаулығымен бағаланбайды. Фильмнің басты кейіпкері күнделікті отбасылық өмірдегі қарбаласқа жаңа мән беретін жаңа мамандық иесіне айналады. Өйткені бұл дүниеде бәрі тез өзгеруде: уақыт, ұрпақ, өмірлік нұсқаулар. Бірақ бір нәрсе өзгеріссіз қалады – адамдарды, шекаралар мен кеңістікті жақындастыратын ойдың мәңгілігі.

Бір күні басты кейікпкер өзнің жақын досына «Гиннес рекордтар кәтабына ену үшін, бір қойдың етін жалғыз же» деген ұсыныс айтады. Осы ұсыныстан басталған қызықты оқиға Бәйтерек ауылында өрбиді.

Фильмнің күлдіргі сценарийін жазғандар картинаның режиссері Сәбит Құрманбековтың өзі мен  Нұрғали Ораз, Қанымбек (Кано) Қасымбеков және Зәуреш Ерғалиева болды. Оператор ретінде түсірілім тобының құрамына Болат Сүлеев пен Әубәкір Сүлеев, ал фильмді музыкалық шығармалармен көркемдеуге композитор: Ренат Гайсин шақырылды. 70 минуттық кинофильмнің продюсері Есболған Өтеулинов болса, басты рөлдерде Нұржұман Ықтымбаев, Лидия Каден, Тамара Қосубаева, Ғазиза Әбдинабиева, Есболған Өтеулинов, Назгүл Қарабалина, Мұхтар Қонафев, Серік Нұрымбетов, Гүлжамал Қазақбаева, Тұрахан Сыдықова, Саят Мерекеұлы секілді актерлер ойнады.

«Секер» (2009)

2009 жылы 22 қарашада Алматыда тұсауы кесілген «Секер» деп аталатын балалар фильмін Құрманбеков Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірген.

Психологиялық драма әкесі он үш жасқа дейін ұл секілді тәрбиелеп өсірген Секер қыздың тағдыры туралы баяндайды. Оны достары да, сыныптастары да, тіпті әкесінің жора-жолдастары да ер бала деп ойлайды. Тек мектеп директоры әкесініне мұндай тәрбиенің бала психологиясына ауыр екенін айтып, келесі оқу жылында Секерді қызша киіндіріп алып кетуді талап етеді. Осыдан кейін ғана ата-ана қызының сыртқы келбеті мен болмысына назар аударып, оны қызша киіндіруді ойлана бастайды. Бірақ өзін өмір бойы ұл ретінде ұстап келген Секерге мұндай тосын ұсыныс мүлдем ұнамайды. Тек қаладан малға дәрі егу үшін келген кербез бойжеткен Лена жас қызға нағыз арудың қандай болатынын және қыз болудың қандай артықшылықтары бар екенін түсіндіреді. Бірте-бірте Секер де Ленаға, оның опа-далабына қызығып, бойжеткендерше киінуге өзі ынталана бастайды.

80 минуттық драманың сценарий авторлары Бекболат Шекеров, Ғазиз Насыров және  Сәбит Құрманбеков болды. Ал операторлық жұмысқа Ренат Қосай, композитор  ретінде Артық Тоқсанбаев түсірілім тобына тартылды. Картинаның көркемдік жетекші Аяулым Ахметбекова, Ирина Гринева, Мұхтар Қанафовтар болды.

Кинотуындының негізгі кейіпкерлерін Аяулым Ахметбекова, Болат Қалымбетов, Нұржұман Ихтымбаев, Ирина Гринева, Мұхтар Қанафов, Шынар Асқарова, Нина Жмеренецкая секілді актерлер сомдайды.

«Жиде.Кешіккен махаббат» (2010)

Сәбит Құрманбеков Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» және «Танарис» студиясымен бірге 2010 жылы түсірді.

Фильмнің басты кейіпкері Қалтайдың сүйікті жарынан айрылғанына біраз жыл болды, қазір оның жалғыз досы мен тыңдаушысы – сиыры Сырға. Күн сайын таңертең ол оны сауу үшін орамал тағады, себебі Сырға оны кемпір деп түсінуі керек. Қария сиырына соңғы жаңалықтарын айтады, қайғысы мен қуанышын бөліседі.

Бірақ қарттың өмірінде тағы бір жарқын жаратылыс бар, ол – көрші қыз Айжан. Ол күнде таңертең одан жаңа піскен сүт алады. Бір күні бойжеткен қартқа әжесі Роза апаның Алматыдан келгенін қуана хабарлайды. Барлығы, оның ішінде Алтай қария да оның келуін асыға күтеді. Басты кейіпкер қалалық қонақты бір көргеннен-ақ  өзінің ұзақ уақыт бойы жалғыздығының аяқталғанын түсінеді.

Сюжеттің негізінде досы Қалтайдың қалай болса да бақытты болуына көмектесуге ант еткен үш дос, үш қария. Олар жақын арада керемет, бірақ қызықты шытырман оқиғаға тап болатынын әлі білмейді. Аталған картина біздің қарттарымыздың бүгінгі күні туралы, олардың өмірлік мәселелері мен қиыншылықтары, жақсы және жарқын қарым-қатынастары, олардың қуаныштары мен ертеңгі күнге деген үміттері туралы мейірімді, лирикалық картина.

Қызықты сюжетке құрлыған сценарийді Ақтан Арым Кубат пен Сергей Азимов жазған. Қоюшы-суретші режиссердің өзі болса, операторлық жұмысты Хасан Қыдыралиев атқарған. Негізгі кейіпкерлердің образдарын Жерар Депардье, Нұржұман Ықтымбаев, Болат Қалымбетов, Наталья Аринбасарова, Наталья Гвоздикова секілді отандық, шетелдік актерлер сомдаған.

Комедиялық фильм ТМД және Балтық жағалауы елдерінің Анапада өткен «Киношок» 20-шы ашық кинофестивалінде «Үздік әйел рөлі» (Н. Аринбасарова) және «Үздік ер рөлі» (Н. Ыхтымбаев) сыйлықтарын жеңіп алды.

«Оралман» (2017)

Сәбит Құрманбековтың ең кейінгі түсірген фильмі – Ауғанстанда тұратын қазақ отбасы туралы баяндайтын «Оралман» әлеуметтік драмасы.

Картинаның сюжеті бойынша, 30-жылдары қызыл террордан қашқан қазақ отбасы Ауғанстанда тұрады. Онда Базарбай қарияның балалары дүниеге келді: ұл мен қыз. Балалар өсті, бүгінде олардың өз отбасылары бар. Баласы жергілікті пуштун әйеліне үйленді. Қызы да ауғандыққа тұрмысқа шықты. Сапаркүлдің баласы моджахедтердің құрамында соғысқан. Бірақ уақыт өтті. Базарбайдың отбасы Қазақстанға қоныс аударуға көптен күткен квотаны алады. Осылайша отбасы ұзақ сапарға аттанады.

Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына түсіріліген фильмнің сценарийін Сәбит Құрманбековтің қатысуымен Нұрлан Санжар жазды.  Марс Умаров фильмнің қоюшы-операторы болып қызмет етсе, қиноның суретімен Рустам Одинаев жұмыс істеді. Композитор ретінде Айдос Сағатов шақырылған, ал фильмнің басты рөлдеріне Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қазнабиевалар бекітілген.

Көтерген тақырыбы еліміздегі өте өткір мәселелердің бірін қозғайтын картина әлем назарына ұсынылып, көптеген байқауларда жүлдемен оралды. Олар:

  • Үздік азиялық фильм, XXXV Фаджр халықаралық кинофестивалі, Иран, 2017 ж.;
  • Гран-при, XIII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі, Қазақстан, 2017 ж.;
  • Үздік актер (Дулыға Ақмолда), XIII Халықаралық мұсылман кинофестивалі, Ресей, 2017 ж.;
  • Үздік фильм, XX Халықаралық «Religion Today» кинофестивалі, Италия, қазан, 2017 ж .;
  • SIGNIS тәуелсіз қазылар алқасының ерекше атап өтуы (Дүниежүзілік католиктік коммуникация қауымдастығы), XX Халықаралық «Дін бүгін» кинофестивалі, Италия, қазан, 2017 ж.;
  • Үздік жетістіктер үшін арнайы сыйлық, 66-шы Халықаралық Маннгейм-Гейдельберг кинофестивалі, Германия, 2017 ж.;
  • Үздік шетелдік фильм, 22-ші Непал халықаралық кинофестивалі, ақпан, 2018 ж.;
  • Орталық Азияның үздік фильмі, «Ақ Илбирс» киносыйлығы, Қырғызстан, сәуір, 2018 ж.;
  • Орталық Азиядағы үздік актер (Дулыға Ақмолда), «Ақ Илбирс» киносыйлығы, Қырғызстан, сәуір, 2018 ж.

«Ауыл сақшысы» (телехикая, 2015)

Құрманбеков 2015 жылы «Медиамост» продюсерлік компаниясымен «Қазақстан» ұлттық телеарнасы үшін «Ауыл сақшысы» телехикаясын түсірді.

Полицей туралы сериалдың сценарийінің авторы Бейбарыс Жұманиязов болды. Ал музыкамен Айдос Сағатов жұмыс істеді. Жобада қызмет атқарған команданың продюсері – Виктор Климов. Учаскелік полиция қызметкерінің рөлін Дәурен Серғазин сомдайды. «Ауыл сақшысы» қазақстандық «Үркер» рок-тобын құрған әріптестердің шығармашылық ынтымақтастығының жаңа бір эксперименті болды.

Он алты бөлімнен тратын телехикая ауыр жарақаттан кейін ауылға учаскелік полиция қызметкері ретінде кететін жас полицей туралы баяндайды. Басқа ортада болған соң, ол ауыл тұрғындарының өмір салтын және әкіммен отбасылық байланыстарға негізделген ерекше қарым-қатынасты түсінбейді. Ал жағдайды өзгерту әрекеттері тұрғындардың ашуын тудырады. Дегенмен ол өзінің мақсатынан бас тартпай, жергілікті халықты заңға құрметпен қарауға баулиды.

Телехикаяны жасаушылар «Ауыл сақшысы» қарапайым адамдар мен қазақ ауылына деген жақсы сезіммен, ақылды және ирониялық түрде жасалған деп мәлімдеді. Сәбит Құрманбеков бұл жобада өзінің телехикая түсіруге де әлеуеті бар екенін дәлелдеді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы