Размер шрифта:

Цветовая схема:

13 қаңтар, 2021291

Жаңа жылда жаңа телехикая

Қазақстандық телесериалдар қатарына тағы бір жаңа картина қосылды. «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тапсырмасымен жүзеге асқан жоба 4 қаңтарда көрермен назарына ұсынылған болатын.

Шытырман оқиғаға толы «Соңғы аялдама» деп аталатын телехикая қазіргі уақытта елдегі жастар арасында кең тараған жұмыссыздықпен тікелей байланысты. Телесериал сюжетінде өлшемсіз қарыздары бар заңсыз тауар  тасымалымен айналысатын жас жігіттің өмірі айқын көрсетіледі. Сценарий бойынша, басты кейіпкер Берік – шекара арқылы әртүрлі тауарларды заңсыз өткізу арқылы жұмыс істейді. Ол осындай жол арқылы табыс тауып жүрген қарапайым жұмысшы. Әртүрлі ұсақ-түйек заттарды шекарадан жасырын түрде тасымалдап жүрген Берік күндердің бір күнінде қауіпті әрі сенімсіз іске араласады. Ол ірі контрабандашыларға  заңсыз тауар өткізуге көмектеседі. Бірақ соның кесірінен алда қаншама қатерлі сынақтар мен күрделі проблемаларға кезігеді.


Фото: Назерке Базарбаева

Отандық жаңа телехикаяның кинорежиссері - Думан Еркімбек. Лентаға Жалын Тілеуберген бас продюсерлік етті. Сценарий авторларының қатарында: Думан Еркімбек, Әлішер Райымқұл, Асылбек Еркімбек және Толғанай Қуандықтар бар.

Жобаның бас продюсері Жалын Тілеубергеннің айтуынша, бұған дейін елде әлі төрт сериядан тұратын телехикая болып көрмеген. Киногердің сөзіне сенсек, жоба авторлары және сериал ұжымы көрермен үшін ерекше өнім жасауды мақсат тұтқан.

Жалын Тілеуберген – продюсер:

«Бізде бүгінгі таңға дейін әлі төрт сериядан құралған телесериал болып көрмеген. Міне, сол себепті де біздің өзімізге бұл жоба өте қызықты болды. Біздің сериалымыздың бір ерекшелігі- әр кейіпкердің толыққанды образы. Яғни, әр серияда белгілі-бір кейіпкердің образы ашылады. Әр оқиғаның өз айтар мән-мағынасы мен жеткізер ойы бар. Мәселен, телесериалдың алғашқы үш бөлімі картинадағы басты үш кейіпкердің образдарын толыққанды ашады. Әрқайсысының белгілі-бір мінез-құлқы мен шынайы бейнесін көрерменге жеткізуге тырыстық. Ал соңғы төртінші бөлімінде шиеленіскен оқиғаның, проблеманың шешілу жолы мен телехикаяның немен аяқталатыны көрсетілетін болады",-деді продюсер. 

Фото: Назерке Базарбаева

Телехикаядағы басты кейіпкерлердің рөлдерін белігіл әрі талантты киноактер Рүстем Жаныаманов сомдаған. Сонымен қатар актерлік ұжым қатарында Еділ Рамазан, Нұрсұлтан Мұхамеджанов, Жалын Тілеуберген, Елдос Шайкенов және Мұрат Жарылқасыновтар бар. Актер Рүстем Жаныамановтың айтуынша, сериалдың ерекшелігі-реализмде. Режиссердің актерлерге деген басты талаптарының бірі - шынайы болу болған.

Отандық жаңа хикаяның телеарнаның ресми сайтында тамашалай аласыздар.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы