Размер шрифта:

Цветовая схема:

03 қыркүйек, 202053

«Жаным, ты не поверишь» Каталонияға жол тартады

Отандық «Жаным, ты не поверишь» қара комедиясы – испандық Сиджесте өтетін жанрлық киноның көне еуропалық кинофестиваліне қатысады. Бұл туралы картина продюсері Жандос Айбасов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Қазақстандық картина Каталонияның Сиджестегі фантастикалық кино Халықаралық кинофестивалінің байқаудан тыс бағдарламасында көрсетіледі. Түрлі жылдары фестивальге Дэвид Линчтің «Синий Бархат», Квентин Тарантиноның «Бешеные псы», Хаяо Миядзакидің «Ходячий замок», Пак Чхан-уканың «Олдбой», Хидэо Накаттың «Звонок» және басқа да фильмдер қатысқан болатын.

Кинолента отбасылық күйбең тірліктен жалыққан үйлі-баранды жігіт жайында баяндайды. Мұндай тірліктен сәл болса да демалу үшін бас кейіпкер достарымен бірге балық аулауға барады. Жігіт оны бұл жақта не күтетінін білмейді. Жайсыз жағдайлар сюжет желісін орап әкететіні соншалық, оған кез келген заңды қорғаушы сенуі екіталай.

Фильмде бас рөлдерді актерлер – Данияр Алшынов, Әсел Қалиева, Еркебұлан Дайыров, Алмат Сақатов, Рүстем Жаныаманов, Дулыға Ақмолда, Ерлан Пырымбетов және Азамат Маркленовтер сомдайды. Картина режиссері – Ернар Нұрғалиев, операторы – Азамат Дулатов, сценариін жазғандар – Ернар Нұрғалиев, Жандос Айбасов және Әлишер Утев, картинаға продюсерлік еткендер де – Ернар Нұрғалиев, Жандос Айбасов, Тимур Рахманов және Азамат Дулатовтар болды.

Фильм премьерасы биылғы жылдың наурызында өтті. Алайда эпидемиологиялық жағдайға байланысты кинотеатрлар жабылған соң, картинаның прокаттағы мерзімі ұзаққа бармады. Дегенмен кинотеатрлар жұмысы қайта жанданған соң, комедиялық кинолента көрермендер назарына қайта жол тартады деп жоспарланған.

Фестивальге келетін болсақ, Каталония Халықаралық кинофестивалі фантастикалық фильмдер фестивалінің Еуропалық федерациясына кіріп, 1968 жылдан бастау алады. Шараның конкурстық бағдарламасы 1971 жылы пайда болды.

Биылғы жылы фестивальді қазан айының 5-нен 15-і аралығында өткізу жоспарланған.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  @zhandos_aibassov

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы