Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 қыркүйек, 2020558

Жайдарбек Күңғожинов: арманым Таурус сыйлығын қанжығаға байлау

Трюк өнерін үздік меңгеріп, шетел киноларынан бой көрсетіп жүрген қазақ жігіттерінен құралған Nomad Stunts Халықаралық каскадерлер клубы қазіргі таңда қазақтың көк байрағын шетелде самғатып жүр. Оның негізін қалап, мықты дайындықпен және ерекше ұстамдылығымен ерекшеленген Жайдарбек Күңғожиновтың еңбек жолы неден басталды? Оның каскадерлік жолында алған өмірге қауіпті жарақаттары туралы не білесіз? Голивудтық, боливудтық картиналардағы белді актерлердің дублері болып, ауқымды трюк сахналарын қоюшы ретінде жұмыс істеп келе жатқан Жайдарбек Күңғожиновтың бүгінгі арманы қандай? Бұл сұрақтардың жауабын Nomad Stunts Халықаралық каскадерлер клубының негізін салушы әрі басшысы Жайдарбек Күңғожиновтан алған сұхбатымыздан білетін боласыз. 

Көңіл-күйіңіз қалай? Күніңіз қалай өтуде?

- Барлығы жақсы. Қазіргі уақытта карантин жағдайы тұрақталғаннан кейін, ақырындап жұмысқа кірісіп жатырмыз. Үш бірдей жобаны қолға алдық. Оның арасында үздіксіз дайындықтар жасаймыз. Сол себептерден де, қазіргі күндеріміз өте тығыз. Жұмыстар Аллаға шүкір өте көп. Бейнероликтер, деректі фильмдер түсіріп жатырмыз. Оның арасында енді шығып келе жатқан жас кинемотографистерге қолдан келген көмекті көрсетіп, жол сілтеп жүргеніміз бар. Сондай-ақ, эстрада жұлдыздарының да жасап жатқан жобаларында аттарымыз болды. Осылайша олардың да бейнеклиптеріне қатысымыз болып жатады. Міне, жұмыс режиміміз өзінің қалыпына келіп жатыр осылайша. 

Сіз өз еңбек жолыңызды циркте бастадыңыз. Бірақ, көп уақыт өтпей саланы басқа арнаға бұруды көздеп, каскадерлік өнерге көштіңіз. Жалпы бұған не түрткі болды? Жаңашылдықты қаладыңыз ба әлде цирктегі жұмыс зеріктіріп жіберді ме?

- Иә, мен өз еңбек жолымда циркта бастадым. Бүгінгі таңға дейін циркте қызмет етіп келемін. Ат үстіндегі акробатика бойынша циркт бағытын басқарамын. Циркке мен 1992 жылы келдім. Өзімнің ағаларыммен Мәскеуде осы жолды бастадым. Ол кезде Кеңес заманындағы жағдайлар есебінен, өз елімізге Алматыға қайттық. Солайша, біз цирк дәстүрін қайта жандандыра бастаған кезіміз. Сөйтіп, Қырғызстан еліндегі біздің бір-екі каскадер жігіт мені біршама жобаларға қатысуға шақырған болатын. Олар ат үстінде неше түрлі қимылдар жасай алатын, әдемі акробатиканы ат үстінде орындай беретін шеберлерді іздеді. Сосын енді, 2000 жылдары өзімнің жеке тобымның негізін салуды мақсат тұттым. Каскадерлік жағынан дамытқым келді. Себебі, біздің Қазақстанда ондай әлі болмаған, ешкім қолға алмаған. Тек сол алыс шетелдерде, көрші Қырғызстанда, Ресейде бар еді. Цирктағы қызметімде де талай біршама жетістіктерге жеттім, қола алдым, күміс алқаға ие болдым, алтын медальмен де марапатталдым. Енді әріқарай жаңаша бір жолды, бағытты жалғастырғым келді. Каскадерлік бағытқа өзім әу бастан-ақ өте қатты қызықтым. Жалпы өзіндік бір техникаларына, трюктарына қызығушылық туындай бастады. Әр түсірілімдерде жасалатын трюктар ауысып жатады, әрқайсы трюктарды қоюдың өзінде бір ерекшелік бар. Міне соның барлығы мен үшін жаңашылдық болды. Бірақ, мен каскадерлікке барып, циркті тастап кеткенім жоқ. Бүгінгі күнге дейін цирктігі қызметімді де алып келе жатырмын. Жалпы каскадерлікке цирк өте үлкен әсер етеді. Ондағы атты акробатика каскадер қыз-жігіттер үшін үлкен тәжірибе әрі пайдасы өте мол. Себебі, көп каскадерлер ат үстінде белгілі-бір трюктарды, іс-қимылдарды орындай алмай жатады. Ал цирктегі өнер оған өз пайдасын тигізеді. Бұл тіпті жақында әлемдік премьерасы болған “Муланда” да көмектескен болатын. Бұл тек Муланда ғана емес, сондай-ақ басқа да көптеген жобаларда цирктағы тәжірибе үлкен пайдасын тигізеді. Кейде, ауыр трюктар да жасаймыз, міне оның барлығы цирк қабырғасында жүріп үйренген қимылдар болады. 

Өзіңіз Қазақстандағы ең алғашқы болған профессионалды  каскадерлер тобының негізі қалануына себепкер болдыңыз. Оған дейін мұнымен елімізде ешкім кәсіби түрде айналыспаған, ешбір мектеп те жоқ, бұл салада ақыл қосатын маман тапшы. Міне, сол 2000 жылдары Nomad-тың негізін саларда бойыңызда күмән мен қорқыныш болған жоқ па? Немесе не нәрсеге сенімді болдыңыз?

- Мен сол 2000 жылы каскадерлік жолды бастағанымда қол астымда онға жуық жігіттер болған. Солармен ақылдасып, өз ойымды айтқаным бар. Мен: “Біз циркте қызмет етіп келе жатырмыз. Біраз тәжірибеміз бар. Бірақ Қазақстанда әлі каскадерлік бір жоба қолға алынбаған. Ашайық, үйренейік, көрейік, алға қарай жүрейік”-деп біраз жоспарларыммен бөліскенім бар. Себебі, шын мәнінде Ресейде де, Қырғызстанда да, тіпті Өзбекстанда да каскадерлік талай ұйымдар болды, осы жолда көптеген қыз-жігіттер дамып, басқа да шетелдік жобаларды алып жатты. Тек біздің елде болған жоқ. Әрине, бастапқы кезеңде қорқыныш болды. Біз ол кезде енді ғана бастап жатқандықтан қорқыныш-үрей сезімдерінің болары ғажап емес. Бірақ балаларға айттым, біздің жолдағы ең бірінші қағидат ол – дисциплина. Себебі, басқа елдердегі каскадерлік топтарының дисциплина жағынан жұмысы нашарлау болды. Сол біздің ең басты мақсатымыз дисциплинамыздың мықты болуы. Енді бұл жағынан тағы цирктан алған тәжірибеміз көп көмектесті. Өздеріңіз білетіндей цирктағы дисциплина ол мықты. Ашқаннан кейін, трюктарды қоюды, олардың жасалу техникасын меңгере бастадық, жүйелі дайындықтар жасайтынбыз, видеолар қарап, ондағы іс-қимылдарды қайталайтынбыз. Сосын өзім де бір-екі рет Америка еліне барып тәжірибе жинап келдім. Қарадым, үйрендім, сол кезде сұрақ туындайтын, “Неге олар голливудта істейді, біз істемейміз? Олардың ерекшеліктері неде? Қандай трюктарымен өзгеше? Біз неге мықты емеспіз? Бізге не жетіспейді”,-деп өзімді қуаттандыра бастадым. Басында, жасырмаймын, қиын да болды, қорқыныш та болды. “Сендер циркте жүрген қайдағы каскадер болмақшысыңдар” деген сөздер де естігеніміз бар. Мен бірақ шетелдік жобаларға түсетінімізге, алға қарай дами беретіндігімізге сендім. Міне, сол кезде де маған “Біз түсе алмай жүргенде, сендерге қандай шетел”,- деп күлетіндер де болған. Сондықтан, барлығы бірден осылайша тамаша бола қойған жоқ. Көп жандар белгілі-бір дүниенің тек қорытындысын, результатын ғана көреді. Ал ол дәрежеге жетудегі процесс одан да маңызды. Сондықтан, әрине қиындықтар болды. Онсыз болмайды деп ойлаймын. 

Бала күніңізден жан-жануарға жақын бала болып өсіпсіз. Бүгінгі  жұмысыңыз да жануармен тікелей байланысты. Ат құлағында ойнайтын каскадерлерге жол сілтеп, қабырғаны жарып өтетін жылқы жануарын шетелдік ареналарға таныстырып келесіз. Жалпы каскадерге серік болатын жылқыларды қалай таңдайсыз? Олардың күтімі басқа жануарларға қарағанда қаншалықты маңызды?

- Иә, мен ауылда өскенмін. Жылқыларға жақын болып өстім. Кез-келген жылқылар да адамдар секілді каскадерлікке келе бермейді. Әрқайсысын таңдаймыз. Жүрегі бар жылқы болуы керек. Сосын, өте жақсы үйренетін, ойлайтын жылқы болуы шарт. Олар да адам сияқты ғой, кейбіреуі еріншек, ал кейбірі мықты, жақсы үйреніп кететін болып шығады. Иә, бәріне өзіміз үйретеміз. Қазір құлынымыз бар. Осы жолы құлыннан бастағалы жатырмын. Бұрындары іздеп, көріп, сұрастырып алатынмын. Кейбіреуінің психикасы бұзықтау болады. Кейбіреуі көкпардан келеді. Қорқып, үркіп қалған немесе керісінше жынданып кететін жылқылар да кездесіп жатады. Ондай аттарды ақырындап үйретеміз. Қазір енді міне құлыннан алып, жас кезінен бастап техникаға, іс-қимылға ыңғайласа берсін деген ниетпен. Шыны керек, өзіміз ат үстінде жүргендіктен жылқы өте маңызды рөл атқарады. Астындағы ат жақсы болса, өзің де жақсы трюктар жасайсың. Біз үшін жылқы әрқашан бірінші орында. Оны жалпы жағдайы, көңіл-күйі, оның жан-жаққа үйренісу процестері бәрі де маңызды біз үшін. Жақсы ат болса, жақсы, ойыңдағыдай трюк жасай аласың, Мысалы, бір сахнаны еске алар болса, кез-келген жылқыңыз қабырғаны жарып өте бермейді. Ол үшінде жақсы дайындалған, жүрегі мықты, шымыр жылқы болуы шарт. 

Алғашқы ауыр жарақатыңыз есіңізде бар ма? Қай картинада болды? Одан кейін бұл кәсіптен бас тартқыңыз келген сәттер болды ма?

- Әрине, жарақат алатын кездер болмайды емес, болады. Мәселен, “Дневной дозор” кинокартинасында мен белімді сындырғанмын. Ол кезде операция жасау керек болатын, түсірілім алаңынан алып кеткен болатын мені. Бірақ фильм режиссері Тимур Бекмамбетов: “Қайтып кел, қаншама каскадерлер, олардың барлығына дұрыс нұсқау беретін жан жоқ. Сенсіз болмайды”,-деген соң, бір жетідей сол жарақатпен түсірілім алаңында жүргенім бар. Одан соң операция жасалып, ауруханада көп жатып қалдым. Одан соң Ирландияда да жарақат алдым. Бұл жолы басым қатты соққы алып, ол мойынның бұлшық еттеріне әсер еткен. Оған да операция жасап, ем қабылдадым. “Universal Pictures” кинокомпаниясы өз істеріне өте жауапты, ота өте жақсы деңгейде жасалған болатын. Бастағы жарақат тігілді, маңдайым қатты жарылып, біраз күн бойы есімді жинай алмағанмын. Бірақ, мен ешқашан каскадерлік жолынан кетемін деп, жалғастырмаймын деп бас тартқан кездерім болған емес. Өйткені, ол біздің өміріміз. Осыған өзім келдім, тек осыдан ғана қайтуым керек. Басқа жұмыс дейтін ой болған емес. Мәселе жұмыста емес, бұл мен үшін ең бірінші - өнер. Ал мен ешқашан өнерден бас тартуды ойлаған жоқпын. 

Бір сұхбатыңызда көптеген трюктер мен жаттығуларды “Көшпенділер” кинокартинасында үйреніп, сол түсірілім процессі кезінде үлкен тәжірибе жинап, сіз үшін ол практика болғандығын айтқан болатынсыз. Бұл картинаға қалай шақырту алдыңыздар?

- “Көшпенділерге” ол кезде қырғыздың жігіттері каскадер болып істеген еді. Негізі соларды шақырған. Енді Қазақстанда түсіретін болға соң, мені де қосып шақырды. Бірақ каскадер ретінде емес. Бастапқыда олар: “Сендер жай ғана қасымызда каскадер ретінде жүресіңдер, біз сендерді өз құрамамызға алғалы жатырмыз, қарап, байқайтын боламыз”,-деп өз ниеттерін білдірген болатын. Бірақ, американдықтар келгенде, олардың құрамада Владимир Орлов деген каскадер болды. Ресейде туылған, бірақ сол американдық каскадерлер құрамасында өнер көрсететін. Түсірілім алаңында ол менен жігіттерді, каскадерлерді, жылқыларды көрсетуімді сұрады. Мен де келісе кеттім. Циркқа апарып, команда командамен жігіттерді тізіп қодйым да, олар өз трюктарын көрсетті. Сол кезде маған Владимир Орлов: “Сендер менің қасымда боласыңдар. Қырғыздар каскадерлер ретінде өнер көрсетеді. Ал сендердің топтарың бастапқы құрамада болады. Дублерді сомдайтын боласыңдар”, -деді. Ол кез 2003 жылдары болатын. Ашылғанымызға небәрі үш-ақ жыл өткен еді. Мен оған “Неліктен біз? Біз жолымызды енді ғана бастап келе жатырмыз. Әлі жас емеспіз бе?”,-деп сұранымда Орлов: “Сендердің дисциплиналарың мықты екен. Ол каскадер үшін ең маңыздысы. Егер сендердің дисциплиналарың мықты болса, қасымда жүріп біраз дүниелерге үйренесіңдер”,- деген болатын. Осылайша, бірден негізгі командағы алындық. Коно Бекер, Джейсон Скотт ли сынды шетелдік актерлердің дублері ретінде қызмет еттім. Осылайша, бірінші командада біздер болдық. Ал қырғыз жігіттер көп болды. Олардан жүз шақты каскадерлер болды. Екінші құрамада олар өнер көрсеткен болатын. 

“Циркте алғашында жылқыларды тазалағанмын”,-деп бір сұхбатыңызда айтып қалдыңыз. Жалпы дәл сол кездегі қалыптасқан тәртіп қазіргі таңға дейін жалғасын тауып келе жатқан секілді. Nomad Stunts құрамының мүшесі болғысы келетін жастарды қалай сараптайсыз? Жалпы болашағынан үміт күттіретін каскадерді қандай жолдармен, критерийлермен таңдайсыз? Оларды нендей сынақтар арқылы шынықтырасыз?

- Біздің құрама жастар келгенде ең алдымен сол аттардың астын тазалатамыз бір жыл көлемінде. Жалақы деген бізде жоқ. Психологиялық жағынан сынаймыз. Көреміз, байқаймыз. Шыдай алар ма екен, шыдай алмас па екен деп. Өткені жігіттер өз мықтылығын көрсету қажет. Жүрегі жұмыр болуы шарт. Қиынышылықты көру керек, ауырлықты сезінеу керек. Егер олар мұның барлығын көрмесе, нағыз каскадер бола алмайды. Сондықтан, мұны енді бізге келетін жеті, сегіз он адамға дейін келеді. Соынң ішінен тек біреуі ғана шыдайтынына  қарап байқауға болады. Күндіз-түні жұмыс істеп, ақша алмай еңбектенгенде сезінеді. Ал оған шыдаса біз міндетті түрде аламыз. Содан кейін барып, трюктарға үйретеміз. Әрине келген жігіт акробатикадан хабары болуы шарт, күресе алуы керек. Біз трютар мен техникаға төрт, бес жылдай үйретеміз. Содан кейін ғана барып, қиын деңгейдегі трюктарға дайын болады. Онсыз болмайды. 

Nomad Stunts құрамында барлығы 90-ға жуық кәсіби каскадерлер еңбек етеді екен. Бұл құрамға басқа шетелдік каскадерлер де кіреді. Осы ұл-қыздардың бір күндік дайындығы қалай өтеді? Олар әрқашан тонуста болу үшін қандай өзгеше жаттығулар мен шаралар жасайды? Каскадердің тамақтану рационы қаншалықты маңызды?

- Иә, біздің топта қазіргі таңда 86 адам бар. Біздің құрамада шетелден де каскадерлер бар. Мысалы, Әзірбайжаннан, Түркия елінен, Қырғызстаннан да біршама жігіттер бар, Ресей, Болгария, Австралия сынды елдер бар. Бізде күнделікті дайындықтар. Мысалы, карантин кезінде де жас балаларды үйрете бердік. Аттармен құлау, жану, қылыштасу өнері, төбелес секілді. Оларға дайындықта үзіліс алып, тоқтатқан кезіміз болған емес. Дайындық осылайша жүре береді. Әрине, диетаны да сақтаймыз. Ол да маңызды бір бөлік. Алдын-ала кім қайда баратынын білеміз. Дублерлар не толу керек, не арықтау керек. Ал каскадерлер өз формасында болуы шарт. Диетаны әр жігіт өзі ұстайды. Өздері біледі. Құлау үшін, төбелес үшін жеңіл болуы керек. Сондықтан, әрбір қыз не жігіт өзіне керек болатын диетасын өздері ұстанады. Мен тек саған арықтау керек, сен салмақ қос деп қана айтамын. Мен сол тек нұсқау беремін. 

Шын мәнінде, “каскадерлер- көрінбейтін батырлар” деп жатады.  Бұл кәсіпті - өте ауыр мамандықтардың бірі деп айтсақ та, қате айтпағандығымыз болар.  Расымен де, өз өмірін қауіпке тігіп дәл осы жолды таңдағандар ерекше құрметке ие. Себебі оған барлығы тәуекел жасай бермейді. Бірақ, бұл жолда қаншалықты ұзақ әрі табысты еңбек етуге болады? Қандай да бір жас ерекшеліктері бар ма?

- Иә, бізді енді көп көрсете бермейді. Біз жайында көп айта бермейді. Шетелге шығып, голливудта жүрген соң айтып жатыр ғой. Бірақ киноның түсірілімдеріне, актерлердің өзіне көмектесіп жатамыз. Өмірге қауіп төндіретін трюктар жасап жатамыз. Кейбір каскадерлер бар бар алпыс жасында осы саланы бастап жатады. Басқасы бір елу жасында тоқтатып жатады. Организм шаршайды. Оларды басқа трюкқа саламыз. Негізі 50-55 жасқа дейін каскадер болып жұмыс істейді, одан кейін аттарды дайындау, қылыштасуды үйретуге жібереміз сол жігіттерді. Шетелде істеген де жақсы. Керекті жағдайлардың барлығы жасаулы. Ақша сол жақта. Бізде біршама аз төленеді. Көрермен саны аз, кино арзан бағаны қажет етеді. Бірақ шетелде жасайтын трюктарды осында да жасай береміз. Қайда болсын біздегі трюстар мықты орындалады. 

Командаңыздағы каскадерлердің қуаты қашып, әлсіреген сәтте қандай күш-жігер бересіз? 

- Балалар енді өздері осы мамандыққа келіп, қандай қиын екендігін өздері біледі. Бірақ әлсіреп, күшін жоғалтып алған кездер болмайды. Бірақ кей кездерде түсірілімдер көбейіп, күнімен құлаған, бір жерін ауыртып алғандар болып жатады. Алайда, мен күнде таңертең жинап алып айтамын: “Жігіттер өздерің осыған келдіңдер. Осында біз соғыс сияқты алға қарай жүруіміз қажет. Бізде ешқашан артқа жүрмеу керек”, -деп. Содан кейін енді, балалар өздері жиналып, қолына алып кетеді. Өздері сол үшін де жиналған Сондықтан, мен оларды сөзбен кішкене күш беріп, қанаттандырып қоямын. Онсыз болмайды әрине, 

Ал сізге кім күш-жігер береді?

- Маған күш беретін енді, қазір көріп жатырсыздар енді қаншама жұмыс атқарылып жатыр. Актерлеріміз шыға алмай жатқан голливудқа біздер шығып, қазақ туын көтеріп алға жүріп жатырмыз. Міне осы маған күш те береді, жігер де береді. Әрбір кинода өз міндетімізді жақсы атқарып шықсақ, ол біз үшін жеңіс қой. Сол себептен, жеңіс бола берсе, біз де алға қарай жүре береміз. Тоқтамаймыз. 

Отбасыңызда бірден үш каскадер бар екен. Сізден бөлек жұбайыңыз да, сонымен қоса, үлкен ұлыңыз Темірхан әке жолын қуыпты. Ал кішкентай балғындарыңыздың сіздің салаға барғанын қалар ма едіңіз? Олар үшін сіз қандай әкесіз? Жалпы бала тәрбиесінде қандай болған дұрыс?

- Иә, жұбайым да каскадер болып жұмыс істейді. Осы “Томиристе” дублер болды. Бұрыннан істеп жүр. Үлкен ұлым да көп жұмыс істеді.Қазір қол астымда жобаларға қатысып жүр. Үндістанда менімен жұмыс атқарды. Жаңа Зеландия елінде де “Муланды” түсірген уақытта қасымда болды. Африкада да өткен түсірілімдерге қатысты. Өткен жылы қыс мезігілінде, карантиннің алдында Румыниядағы жобаға қатысып келді. Одан кейінгі менің 14 жастағы қызым бар. Ол да көркем гимнастикадан спорт шеберінің кандидаты. Бірақ ол кішкене нәзіктеу. Білмеймін каскадерлікке бара ма, бармай ма. Кейінгі кішкентай ұлым бар. Ол жетіге толды. Каскадер боламын деп ұмтылып жүр. Ол ұлым да акробатикада. Ең кішкентай қызым беске толды. Ол да гимнастикада. Енді барлығы спортта. Көреміз енді, өздері келіп, сұранса әрине каскадер болады. Каскадер бол деп итермеймін. Өйткені, мына жұмыс қиындау, қауіпті. Сондықтан, каскадер бола ма, болмай ма ол жағын білмеймін. 

Әрине дисциплина болу керек. Онсыз болмайды. Менде бұл тек жұмыста ғана емес, сонымен қатар үйде де дисциплинаны талап етемін. Кішкентайларыма дейін біледі. Себебі, кішкентай кезінен сондай тәрбие болса, ертең есейгенде өздеріне ол үлкен көмек болады. Балаларым да біледі, егер мен бір айтсам, болды сол жасалынуы қажет. Онсыз болмайды. Әскерде сияқты. Балаларымды көп еркелетпеймін. Спортта да тым еркелетудің қажеті жоқ. Бірақ өзімді жақсы әкемін деп ойлаймын. 

Сіз және сіздің команда көптеген әлемдік кино компаниялармен серіктес болып, біршама шетелдік танымал картиналарда бой көрсетіп келе жатырсыздар. Бір сұхбатта: “Бізді Қазақстаннан гөрі, шетелдерде көп танып жатады”,- деп айтып қалдыңыз. Қалай ойлайсыз, бұл бәлкім біздің елде ондай айтарлықтай масштабты жоғары деңгейде көп картина түсіріле бермейтіндігінде болар? Ауқымды фильмдерді бір- екі режиссер ғана түсірмесе, көбі жүрексіне бермейтіндігі рас. Мүмкін, кәсіби деңгейдегі каскадерлерді жалдау тым қымбатқа түсетін шығар? Бұл туралы не ойлайсыз?

- Қазақстанда да танып жатады ғой. Мысалы, сіздер жазып жатсыздар, телевизиялық бағдарламаларға шығып жатырмыз. Әрине, егер біз солай голливудтық картиналардан көрінбесек, шетелдік жобаларда бой көрсетпесек, олай болмас еді. Тек актерлерге ғана назар салынады. Бұл проблема голивудта да бар. Мәселен, “Оскар” сыйлығы актерлер үшін ғана, ал каскадерлерге арналған арнайы марапаттар аз. Ол да дұрыс емес деп ойлаймын, өйткені кинода барлығы көретін батыр рөлдерді түгелімен сомдап шығатын біз ғой. Ауыр техникаларда, қиын сахналарда біз дублер боламыз, төбелесуді біз үйретеміз, қылыштасуға үйретеміз, жануға үйретеміз актерлерді. Актерлердің өздері де айтып жатады. Егер шетелдік фильмдерде еңбек етпесек, біз туралы өз еліміз Қазақстанда былай назар салып айтпас еді. Бірақ түсірілім командасының құрметі өте ерекше. Каскадерлердің дисциплинасы бар, айтқанды келіп істейді, олардан қажет барлық дүниені қажетті деңгейінде орындап, істейтіндігін олар біледі. Әрине қазір мүлде бөлек. Бұрынғыдай емес, Барлығы өзгерді. Бізді таниды, биледі. Сол үшін көп-көп рахмет айтамын. 

Жалпы шетелдік картиналарда жұмыс істеу процессі қаншалықты жеңіл? Сақтандыру шаралары, дайындыққа қажетті барлық мүмкіндіктер жасалады ма?

- Шетелде жеңіл деп айта алмаймын. Бірақ, ол жақта ұйымдастырушылық жағынан, дисциплина жағынан жақсы дамыған. Барлығы өз орнымен, түсірілім алаңына келесің, білесің сенен не сұралып тұрғанын. Ал бізде түсірілім алаңдарында қандай жағдай? Жиі-жиі өзгеріске ұшырайды. Белгілі-бір күнді белгілейді, бірақ кейін өзгертіп тастайтын кездер де кездесіп жатады. Ал шетелдік ұжымның өздерінде нақтыланып, белгіленген графиктері болады. Олар еш өзгертусіз тек сол арқылы жұмыс істейді. Әрине, кей жағдайларда кейінге ауыстырылатын уақыттар болады. Бірақ біздегі секілді ондай жағдайлар жиі-жиі қайталана бермейді. Әрине, шетелде каскадерлердің өздерінің отыратын алаңы, ыстық болса, желдеткіші, суық болса, жылытқышы болады. Бірақ, біздің елде өкінішке орай ондай дүниелер қарастырыла қоймаған. Тіпті қарапайым палатка да болмай жатады тіпті. Шетелдегі жұмыс психологиялық жағынан жеңіл болғанымен, ол жақтағы жұмыс қызу дайындықтан басталады және күндіз-түні жұмыс істелінеді. Егер түсірілім болмаса, сен дайындық жасауың қажет. Бірақ ол үшін барлық жағдай қарастырылған. Кез-келген ұсақ нәрселерге дейін дайын тұрады. Шәй, кофесі барлығы бар. Бірақ, біздегі жағдай мүлде бөлек. Оған ақша бөлінбейді. 

Сіз әлемдік ірі компания Disney фильміне түскен алғашқы қазақ актерісіз. Сондай-ақ, “Мулан” картинасында, әлбетте,  Nomad Stunts ұжымы да өнер көрсетеді. Біршама уақыт бойы Жаңа Зеландияда болдыңыздар. Жалпы Disney-дің жұмыс істеу ерекшелігі неде? Бұл шын мәнінде ерекше тарихи жағдай. Жалпы өздеріңізге қандай тәжірибе жинап келдіңіздер?

- Иә, біз Disney студиясында жұымс істеп келдік. Маған өзім үшін бұрыннан дәл осы Disney студиясымен жұмыс істеу қызық болатынн. Себебі, бұған дейін көптеген шетелдік киностудиялармен серіктес болдық, бірқатар шетел кинофильмдеріне түсіп, жұмыс істеген болатынбыз. Бірақ, дәл осы Disney компаниясымен әлі тәжірибе алмасып көрмеппіз. Жеке өзім үшін Disney студиясы өте маңызды компаниялардың бірі. Бір жағынан, балалар үшін сапалы мультфильмдер мен әдемі фильмдер түсіреді. Ол үшін де маған аталмыш студия ұнайды. Осы студиямен бірге жұмыс істеу бұрынғы арманым болатын. Ол жақта да Голливуд секілді барлығы жоғары деңгейде өтті. Жұмыс істеп те, демалып та үлгердік. Өйткені, бес күн жқмыс, екі күн демалыс болды. Демалыс кезінде трюктарды орындау үшін жеткілікті уақыт берілді. Барлығы өте жақсы өткен болатын. Жалпы өздеріңіз білетіндей Disney студиясы маңызы зор, өте ауқымды жобаларды түсіреді. Бұл біздің соңғы жұмысымыз деп ойлаймын. Себебі, жұмыстың соңына қарай, режиссері тағы болашақта түсірілетін картиналарда кездесеміз деген ниет білдірген болатын. Бұл ең алдымен, біз үшін үлкен тәжірибе болғаны рас. Жаңа Зеландияда бірінші рет болдық. Олардың фильм түсіру техникасын, жалпы солардың дәстүрін біліп қайттық.  

Голливудтық, болливудтық актерлермен жұмыс істедіңіз. Сол жұлдыздардың ішінде есіңізде ерекше қалғандар кімдер болды?

- Голливудтық, болливудтық актерлермен көп жұмыс істедік. Әрине, әрбір актер өзінше бір ерекше. Моңғолдық фильмде мен дуюлер болған актерлер ерекше ұнады. Киану Ривз те ұнады. Сильвeстр Гардэнцио Сталлонемен де жұмыс істедік. Натали Портман да бар. Жұмыс істеген әрбір актер өзіне сай өзгешелігімен ерекшеленіп тұрады. Жалпы түсірілм алаңындағы командаға, шығармашылық ұжымға, каскадерлік топтарға сыйластығы жақсы. Үзіліс кезінде қал-жағдайды сұрап, кейбір сахналарда ақылдасып жатады. Бүгінгі күнге дейін жұмыс істеген, тәжірибе алмасқан актерлердің барлығы дерлік ерекше талант пен дарынға ие жандар. 

Қайрымдылық- әрбір жан үшін рухани тазаланумен тең. Сіз бастаған Nomad Stunts ұжымы балалар үшін тегін иппотерапия ұсынады. Бұл шешімге келуге не себеп болды? 

- Бір күні циркке кірер жолда бір белгісіз әйел біреуді күтіп тұрған екен. Сөйтіп, менен “Сіз Nomad Stunts- тың басшысысыз ғой?” деп сұрады. Мен дәл өзі екенімді айттым. Өзінің баласының ауыратынын, оны емдеу үшін атқа мінгізіп процедура қабылдау керектігін жеткізді. Ипподромда жиырма бес мың теңге көлемінде қаражат сұрап жатқандығын, онда көлемде ақшаның болмай тұрғанын түсіндіріп айтты. Мен бірден келісе кеттім. “Бізге ақшаның керегі жоқ. Ұлыңыз жазылып кетсе болғаны бізге”, -дедім де, балаларға бір атты шығаруын сұрадым. Осылайша оларға жағдайды түсіндірдім. Кейіннен ол ата-ана дцп-мен ауыратын балалар орталығына айтып, ондағы дәрігерлер мен ата-аналар бізге шығып, қалай жұмыс істеуге болатыны сұрап, қызметіміздің құнын сұрай бастады. Мен балалармен ақылдасып өзіміз осылайша көмек қолын созып, балалар үшін үлкен ем боларын сездік. Бір жағынан сауап істі молынан жасау керек қой, содан соң енді ат өзіміздікі, одан бөлек цирктен бізге осы іс үшін жер беруін сұрадық. Балалар да бірден келісе кетті. Балалардың емі үшін тағы үш ат сатып алынды. Кейін маған үш жүзге жуық дцп-мен ауыратын адамдар келіпті. Олардың көбі балалар. Америкадан келіп мамандар үйретіп кетті, балаларды қалай дұрыс отырғызу керектігін, қалай емдік шараларын жасауға болады деген сияқты. Осылайша емдік жұмыстарын жүргіздік. Бірақ қазір осы карантин болмаса, сол ем алып жүрген балаларды қабылдаушы едік. Иә, мұның барлығы бір кісіден басталды. Қазіргі таңда сол 300-ден көп адамға көмектесіп келе жатырмыз. 

Nomad Stunts- тың басты үш ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

- Біріншіден ол – дисциплина, екіншіден – күнделікті дайындықтар, тренировка. Ал үшіншіден – біз бір отбасы сияқты болып кеткендігіміз. Арамыздағы бір жан қиындыққа ұшыраса, барлығымыз жан-жақтан көмек қолын беруге тырысамыз. Біздің команда бір-бірінің жанынан қуанышта да, қайғыда да жанынан табылып, бірге болуға ұмтылады. Міне, Nomad Stunts- тың мықтылығы осы үш ерекшеліктің бар болғанынан деп ойлаймын. 

Білуімізше қазір каскадерлер Түркия елінде шетелдік картинаға дайындалып жатыр. Ол қандай жоба болмақ?

- Біз қазір үш бірдей жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Балалардың жартысы заманауи бір картинада өнер көрсетеді. Онда Тимур Джалышев трюктерді қоюшы ретінде жұмыс істеп жатыр, содан кейін біздің командада алты-жеті жылдай көлем болып қалды Райм Муратов деген жігіт “Ертуғрул” деген сериалды бітіріп, тағы бір басқа телесериалды бастады. Сосын жеті жігіт тағы бір тарихи телесериалға түсіп жатыр. 

Nomad Stunts- тың алға қойған жоспарлары қандай?

- Біздің алға қойған жұмыстарымыз бен жоспарларымыз өте көп. Мәселен, келесі жылы Үндістан елінде ауқымды жоба күтіп тұр. Болливудтық картинада трюктерді қоюшы ретінде мен өзім боламын. Қазақстаннан осы Nomad Stunts-тан қырыққа жуық каскадерлер баруы керек. Шамамен сегіз айға жалғасатын жұмыс болмақ. Тағыда бір картина еліміздің белгілі режиссері Ақан Сатаев бастаса, “Қасым Хан” деген телесериал бар. Ол екі жыл көлемінде түсіріледі деп жоспарлануда. Алдымыздағы міне осы сынды картиналарға дайындық бастауымыз шарт. Румыниядан да тағы бір жобаларға ұсыныстар келіп түсуде. Болгариядан да ұсыныстар келуде. Голливудтық картиналар бар. Осы пандемия бітсін, алда жоспарлар өте көп. 

Егер Жайдарбек Күңғожинов каскадер болмағанда қай мамандықты таңдар еді? 

- Егер каскадерлік болмаса, білмеймін, бәлкім циркте мүмкін жүретін шығармын. Цирк өнерін алға қарай дамытып, үлкен дәрежеге жеткізер ме едім. Мәселен, мына шетелдегі секілді үлкен шоу ұйымдастырып қазақстандық цирк өнерін әлемге таныстыруға бар күш-жігерімді салушы едім. Қазақстан туралы театрландырылған шоу бағдарламалар шығарушы едім. 

Бүгінгі таңдағы арманыңыз қандай? 

- Менің өнер жолындағы арманым ол – Таурус сыйлығын қанжығаға байлау. Екінші рет “Трюктарды ең үздік қоюшы” номинациясы бойынша бақ сынадық. Бұл жүлде актерлерге берілетін “Оскар” жүлдесінің трюкшілерге арналған түрі. Сондықтан, менің алға қойған мақсатым да, арманым да осы жүлдеге ие болу. 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы