Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 наурыз, 202099

«Жеделсаты»: жолаушыңыз кім?

Комедия көріп жалыққан жұртқа Нұртас Адамбайдың қазақстандық кинодағы  сирек жанрдағы «Лифт» (Жеделсаты) фильмін көруді ұсынамыз. Картинаны көргендер болса, соңғы жаңалықтарды ескере отырып, жүйкеге әсер ететін фильмді ұсынуларыңыз қалай деуі мүмкін. Иә, фильм психологиялық драма-триллер жанрында, алайда оның негізгі айтар ойы терең.

Кино желісі жеделсатыда өрбиді. Тірі жан жоқ ғимараттың аядай жерінде  Тимур есімді жас бизнесмен мен егде жастағы Асқар есімді күзетші қамалып қалады. Ғимарат салынып біткенмен, пайдалануға берілген жоқ. Сол себепті зәулім үйде жұма күннің кешінен дүйсенбінің таңына дейін ешкім болмайды. Жеделсаты құрсауында қалған оларды ешкім іздемейді. Себебі бірін жұмыс сапарымен кетті деп есептесе, екіншісін іздейтін ешкімі жоқ әрі бұл күні кезекшілікке әріптесін алмастырып келді. Осылайша, жастары, әлеуметтік жағдайлары мен өмірге деген көзқарастары мүлде екі бөлек азаматты тағдыр кенеттен ортақ проблемаға кенелтеді. Осы уақытқа дейін үш қайнаса да, сорпасы қосылмас жандар үш күнді қалай өткермек? Тіл табыса ала ма?

Фильм 2018 жылы шыққанын ескерсек, сюжетті аздап жария етуіміз айып болмас.  Ендеше жалғастырайық.

Бала кезінде әкесінің зорлық-зомбылығын көріп өскен Асқар болашақта оның қателігін қайталамауға тырысты. Отбасын құрды, өнегелі отағасы атанды. Барлығы қалыпты ретімен жүріп жатты. Алайда... күтпеген жағдай оның өмірін түбегейлі өзгертеді. Күйзеліске ұшыраған ол ақыры әкесінің қылығын қайталап, барынан айырылады. Бұл аздай, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік жығылғанға жұдырық болады. Осы оқиғалардың кері әсері жеделсатыда төрт қабырғада өмірдің қиындығын көрмеген бай баласымен қамалған сәтте көрініс табады.

Жай өмірде қарапайым адамның тағдырын ойыншық көретін Тимурдың өмірі енді Асқардың қолында. Алғашында сабырлық сақтап, бейшара болып көрінген күзетшінің бір мезетте жүйкесі сыр беріп, өмірде тап болған әділетсіздіктің  сұрауын Тимурдан алмақ болады.

Фильм сюжеті бірден бірнеше тақырыпты қамтиды: әлеует үшін маңызды әлеуметтік теңсіздік мәселесі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жемқорлық пен бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі. Мұның барлығы бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселесі. Фильм авторларының да айтпағы осы болар.

Актерлік ойынға келер болсақ, Асқардың рөлін сомдаған актер Исбек Әбілмәжінов барын салды десек болады. Себебі жалғыз зейнетақыға өмір сүре алмайтын адам ретінде актер жанашырлық сезімге ендірсе, ашуға бұлыққанда жиіркенішті әсер қалдыра білді. Бейшара шалдың бұл сезімдерін осыншалық жақсы көрсете білу үшін нағыз дарындылық қажет дер едік. Тимурды ойнаған Жандос Айбасов та тәкаппар байдың баласын беске сомдап шықты. Оны актер өзін-өзі ұстауы, мінезі арқылы жақсы жеткізген.  

Операторлық жұмыс жайында айтар болсақ, фильмнің жартысы шағын кеңістікте түсірілгенін ескергенде, көрерменді жалықтырған емес. Керісінше, дәл сол жердегі әсерді дәл етіп жеткізген. Айта кету керек, картина операторы Азамат Дұлатовтың өзге де жұмыстары сияқты бұл туындыдағы енбегіне айтар сын, тағар мін жоқ. Өзінің міндетін нақты орындай біледі.

Ал, Тимурды үш күндік оқиға сілкіндіргендей. Себебі «қамаудан» құтылғаннан кейін олқылықтарына өзге қырынан қарай бастайды. Алайда, толық өзгеріп кетті деу қиын. Ал, Асқар болса... Жоқ, фильмді аяғына дейін ашпаймыз. Өздеріңіз көріп, ой түйіңіз. 

Біздің көргенімізден тобықтай түйін – ұлық болсаң, кішік бол. Ал, фильмді беске бағалаймыз. Біреулер бұл бағамен келіспеуі де мүмкін, алайда біз көруге кеңес береміз. Қаралымдарыңыз керемет өтсін!

 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы