Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 шілде, 202076

Желіде «Томирис» фильмінің ресми американдық трейлері жарияланды

Қазақстандық «Томирис» тарихи туындысының ресми американдық трейлері Well Go USA АҚШ компаниясының YouTube арнасына жүктелді. Бұл бекерден емес, мәселен аталған компания отандық картинаны Америка аумағында прокатқа шығару құқығына ие.

Кино әлеміндегі жаңалықтар туралы жазатын www.firstshowing.net танымал сайтында жарияланған рецензияда мақала авторы экшн-көріністер, тарихқа негізделіп түсірілген фильмнің мазмұны мен бас кейіпкердің ойынына тамсанады. Сонымен қатар ағылшын тілді аудиторияға фильм көруге кеңес береді.

Естеріңізге сала кетейік, «Томирис» картинасы біздің заманымызға дейінгі 6-шы ғасырда болған оқиғаларға арналып, сақ тайпасының атақты патшайымы – Томиристің өмірін суреттейді. Фильмде жақындарынан айырылып, кішкентай қыздан шебер жауынгерге айналады. Сөйтіп сатқындардың жазасын беріп, сақ тайпаларын біріктіріп, өз қарамағына алатыны көрсетіледі.

Айта кетейік, отандық кинолента Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Картина режиссері – Ақан Сатаев. Ал, фильмде бас рөлдерді актриса Альмира Тұрсын, Әділ Ахметов, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Гассан Массуд, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов және басқалары сомдайды. Фильм өткен жылдың күзінде отандық көрермендер назарына ұсынылған. Ал, картина трейлерінің американдық нұсқасын https://youtu.be/G1YFwzswPzI сілтемесі арқылы өтіп, тамашалауға болады.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы