Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 қыркүйек, 202010

«Желтая кошка» картинасы Сан-Себастьянда көрсетіледі

Бүгін режиссер Әділхан Ержановтың «Желтая кошка» атты картинасы Сан-Себастьяндағы 68-ші Халықаралық кинофестивальде көрсетілмек.

Аталған фестиваль «А» класстағы әлемдегі ең беделді кинофестивальдердің бірі саналады. Бұл киноқаралым Еуропада маңыздылығы жағынан Канн, Берлин және Венециядан кейінгі төртінші орында тұр.

Естеріңізге салып өтейік, «Желтая кошка» картинасы түрмеден босап шыққан Кермек пен оның сүйіктісі Еваның өмірі жайынан сыр шертеді. Қос ғашық қылмысқа толы өмірін артта қалдырып, армандарын жүзеге асырмақ болады. Кермектің байырғы арманы - таудың арасында кинотеатр салу. Оның мафияның құшағынан құтыла алатындай Ален Делонға деген махаббаты қаншалықты күшті болмақ? Оны бүгін және одан кейінгі екі күнде өтетін көрсетілімдерде Сан-Себастьян көрермендері білетін болады.

Ержановтың туындысының көрсетілімі халықаралық кинофестивальдің «Zabaltegi Tabakalera» секциясында өтеді. Мұнда отандық картинамен бірге кинематографиядағы жаңа толқынды авторлардың да туындылары бар. Секцияда барлығы 20 туынды бақ сынамақ.

Айта кетейік, Әділхан Ержановтың «Желтая кошка» фильмінің әлемдік премьерасы осы айдың 10-ші жұлдызында 77-ші Венеция Халықаралық кинофестивалінде өтті. Картина «Көкжиектер» бағдарламасы шеңберінде көрсетілді. Ал келер айда «Желтая кошка» Оңтүстік Кореядағы Busan International Film Festival кинофестиваліне жол тартады. Шара сәтін салса, қазанның 21-і мен 30-ы аралығында өтпек. Мұнда отандық туынды «Азиялық киноға апарар терезе» атты секциясында көрсетіледі.

Испанияның Сан-Себастьянында өтіп жатқан Халықаралық кинофестивальдің 68-ші салтанаты қыркүйектің 18-і күні басталды. Шара осы айдың 26-ына дейін жалғасады.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  sansebastianfestival.com

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы