Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 маусым, 2020479

15 маусымнан бастап үлкен экраннан көретіндеріңіз...

Киносүйер қауым мен жалпы үлкен экраннан фильм тамашалауды жақсы көретін көрермендер 15 маусымды асыға күтіп отырған болу керек. Иә, себебі, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, COVID-19 вирусының әлемде кең етек жаюына байланысты Қазақстанда уақытша жабылған кинотеатрлар жұмысы қайта жанданып, көрермендерге есігін айқара ашатын болады. Осы тұста «Қандай отандық фильмдер назарға ұсынылады екен?» деп отырған жандарға картиналар тізімін жасап, олардың мазмұнына қысқаша тоқталмақпыз.

«Жаным, ты не поверишь»

Бұл отандық картина қазақстандық киноға ерекшелік әкелді. Қара комедия жас отбасының күнделікті ұрыс-керісінен басталады. Тұңғыштарын күтіп жүрген олардың жүйкелері шамалы сыр бере бастайды. Дастан есімді бас кейіпкер әйелінің күн сайынғы қысымына шыдамай, достарымен бір күнге болса да қашып құтылмақ болады. Сөйтіп, екі досы - ісі өрге баспаған кәсіпкер мен учаскелік полиция инспекторымен ол балық аулуға барамыз деп шешеді. Басында барлығы ойдағыдай жүретін сияқты көрінеді, алайда сосын... балық аулау барысының астан-кестені шығып, достар күтпеген жерден қылмыстың күәгерлері атанады. Олардың бұдан кейінгі көргендерін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Болған оқиға - адам сенгіссіз!

Фильмде бас рөлдерді актерлер - Данияр Алшынов, Ерлан Прымбетов, Алмат Сақатов, Рүстем Жаныаманов, Дулыға Ақмолда, Еркебұлан Дайыров, Азамат Маркленов және Әсел Қалиевалар сомдайды. Фильм авторлары әрі шығарушылары – режиссері - Ернар Нұрғалиев, продюсерлері – Жандос Айбасов, Тимур Рахманов, Азамат Дулатов. Картина премьерасы 5 наурыз күні өтті.

«Я -пышка!»

Бұл - томпақ қыздың әдемі де көрікті, сүйкімді де табысты қызға айналуы туралы комедиялық жанрдағы мейірімді хикая. Томпақ сән үйінде қызмет етеді. Қызметін тиянақты орындайтын ол жұмыс орнының иесі – сымбатты Макс есімді жігітке сырттай ғашық болады. Бір күні томпаққа әжесінен мұраға сиқырлы оймақ қалады. Бұл сыйлықтың көмегімен ол өзіне сиқырлы киім тігіп, пішіні келіскен сұңғақ бойлы қызға айналады.

Фильмде бас рөлдерді Назерке Назарова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Тәуекел Мүсілім және Жәния Джуринскаялар орындайды. Картина продюсері – Баян Алагөзова. Комедия ағымдағы жылдың 27 ақпанында көрермендерге жол тартқан болатын.

«Черный, черный человек»

Бұл фильм шалғайдағы ауылда болған әділетсіздікті паш ететін нуар жанрындағы картина. Мұнда Бекзат есімді тергеуші бала өлімін жылы жауып қоймақ болады. Себебі, жергілікті полицейлер оған кінәлі болатын адамды тауып қойған. Алайда, қаладан Ариана есімді тілші қыз келіп, болған оқиғаның мән-жайын анықтамақ болады. Енді Бекзат сол себепті, амалсыз, өмірінде алғаш рет қылмыстық істі тергемек болады.

Фильмде бас рөлді актерлер - Данияр Алшынов пен Динара Бақтыбаева сомадайды. Лента режиссері – Әділхан Ержанов. Фильм премьерасы ақпанның 6-шы жұлдызында өткен болатын. Көрермендердің сұрауы бойынша, картина міне, қайта отандық прокатқа жол тартады.

«Семейные страсти»

Бұл картина да «Жаным, ты не поверишь» фильмімен қатар 5 наурызда көрермендерге жол тартқан. Алайда, кинотеатрлардың уақытша жабылуы себепті прокаттағы мерзімі аяқталмай қалған. Енді міне, 15 маусымнан бастап комедия барлық экрандарда қайта көрсетілетін болады.

Фильм сюжетіне келсек. Кейіпкерлер ерлі-зайыпты Мейіржан мен Дананың жұмысы өрге баспай тұр. Олардың достарында керісінше, барлығы керемет: шетелге барып демалып, түрлі кештер өткізеді. Дананың құрбылары оның ешқайда шықпайтынын мазақ етеді. Содан ол жұбайына отбасымен бірге демалысқа апаруын өтінеді. Алайда, оған Мейіржанның жағдайы келмейді. Сөйтіп, бір күні Мейіржанның ойына керемет идея келеді: Отағасы жұмысынан минивэн көлігін алып, отбасымен Ақтаудағы теңізге бармақ болады. Барлығы ойдағыдай өтсе игі, алайда жол бойында оларды түрлі қауіпті шытырман оқиғалар күтеді.

Фильм режиссері – Асқар Бисембин. Бас рөлдерді белгілі вайнерлер – ерлі-зайыпты Мейіржан Төребаев пен Дана Есеевалар орындайды.

«Базар жоқ, Мексика!»

Кинотеатрлар ашылғанда көрермендерді «Базар жоқ, Мексика!» фильмінің премьерасы күтеді. Бұл - қазақтардың Мексика еліндегі шытырман оқиғалары туралы комедия. Ерлан ауылда қарапайым дәрігер болып жүреді. Сүйіктісі болса, Мексикаға оқуға кетті. Жігіт қыз оралғаннан кейін оған үйленіп, бір отбасы болатынына сенімді. Алайда, барлығы Ерлан ойлағандай болмай шығады. Себебі, бойжеткеннің жырақта басқа жігіті бар әрі оған сөз салып та үлгерген екен. Ерлан енді қайтпек? Сүйгенін ешкімге бермеймін деп шешкен ол, Мексикаға аттанады. Онымен бірге саяхатқа оның ең жақын досы да барады. Қызды тауып, оған үйленуге ұсыныс жасамақ болған Ерланды жолда түрлі қызықты оқиғалар күтеді. Алайда, қызы оның қылықтарынан мезі болып, одан көңілі қалған. Сондықтан енді Ерланға жат елде аман қалудың амалын ғана емес, қыздың сенімін қайтаруына тура келеді.

Комедияда бас рөлдерді актерлер – Асқар Ілиясов, Қажет Смағұл, Олжас Абайлар сомдайды. Картина режиссері – Жеңісхан Момышев.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы