Размер шрифта:

Цветовая схема:

26 сәуір, 2021318

«Он алты қыз», бір қалыңдық

Алғашқы минуттарынан-ақ Шәкен Аймановтың әйгілі «Тақиялы періште» фильмін еске түсіретін Қанағат Мұстафиннің «16 қыз» комедиясы қазіргі күннің өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі – бойдақтар жырын қозғайды.

«16 қыз» картинасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы 2014 жылы Шәкен Аймановтың туған жері Баянауылда (Павлодар облысы), сондай-ақ Астана, Қарағанды, Талдықорған қалаларында, Алматы облысында түсірген. Түсірілім жұмыстары 3 айға созылған. Фильмнің продюсері Айдархан Әділбаев өз сөзінде туындының идеясы режиссер Қағанатпен аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының орындауындағы «16 қыз» әнін тыңдап отырған сәтте келгенін айтқан болатын. Сценарийдің авторлары Қанағат Мұстафин, Жанат Қасабеков, Елена Лисасина болса, басты рөлдерді Берік Айтжанов, Аша Матай, Ануар Нұрпеисов, Күлжамал Казакбаева және Бауыржан Каптагай сомдаған.

Фильм сюжеті ата-аналары қазақтың «бел құда» болу дәстүрі бойынша, бір-біріне бала кезінен атастырып қойған Бауыржан мен Айжанның үйленуге дейін болған түрлі қызықты оқиғаларын баяндайды.

Картина басты кейіпкердің анасының «Алып кетті!» деп жан ұшырып, мектепке жүгіріп келу көрінісінен басталады. Бір қарағанда, ұрланған объекті Бауыржанға қалыңдық болуға лайық қыз емес, басқа бір нәрсе деп ойлап қаласыз. Бірақ осы күлкілі оқиға арқылы киногерлер ананың баласын үйлендіруге қаншалықты тырысып жүргенін көрсеткісі келген. Дегенмен осы арада фильмдегі көрерменге түсініксіз сәттер орын ала бастайды. Мысалы, Бауыржан анасына «Үйленбей қалуымның себебін жақсы білесің ғой!» дейді. Ал анасы оған: «Сен соны неге ұмытпайсың?» деп қайтара сұрақ қояды да, әңгімені басқа арнаға бұрады. Яғни бұл жерде фильмді тамашалап отырған қауымға Бауыржанның осы кезге дейін не себепті үйленбей жүргені, нені ұмытпай жүргені түсініксіз болып қала береді. Картина желісі бойынша барлық сюжетті көріп болғаннан кейін де бұл жұмбақтың сыры жабулы күйінде қалады.

Жарайды, оны түсінбей-ақ келесі сюжетке өтейік. Мұнда басты кейіпкерлер – Бауыржан мен Айжанның ата-анасы балаларына өздерінің достықтары және қалай бел құда болғандықтары туралы баяндап отырады. Айжан қалада – өз үйінде, бойдақ жігіт – ауылда, қара шаңырақта оқиғаның мән-жайын біледі. Бұл сюжеттегі қисынға келмейтін нәрсе – атастырып қойған қызы бар екенін Бауыржанға ата-анасының енді айтып отыруы. Жасы 32-ге келгенше үйленбей жүрген жігітке «баламды үйлендірсем» деп армандап жүрген ананың өзіне де ұнайтын, баласына да жағатын жақсы таңдау бары туралы тым кеш әңгіме қозғап отырғанына сену қиын. Баласының сүйген қызы жоқ екенін білетін ана үйлену тақырыбын «жыр» қылып бастағанда-ақ, атастырылып қойған қыз туралы әңгімені алға тартуы керек еді.

Айта кету керек, бұл фильмнің екі сағаттық орыс тіліндегі режиссерлік нұсқасы және үш жарым сағатқа созылатын тағы басқа нұсқасы бар. Бірақ олар халық назарына ұсынылған жоқ. Прокатқа аталған туындының бір жарым сағаттық қазақша нұсқасы ғана шыққан. Сондықтан фильмдегі кейбір түсініксіз сәттер басқа нұсқаларда орын алған оқиғаларға сілтеме жасайтын секілді. Оны біз Бауыржан Алматыға кетіп бара жатқанда, әңгімелесіп тұрған ауыл полициясы мен оның танысының диалогында байқаймыз. Аты, кім екені белгісіз жігіт: «Ол қалыңдық әкеле алмайды, (өткен жолғы оқиға) есіңде ме?» деп полициядан сұрайды. Бірақ ол қай оқиға екені көрерменге тағы да түсініксіз күйінде қалады. Осы шағын рөлдерден-ақ актер Дәурен Айдарқұлов пен Қуаныш Долдаевтың шеберлігін, өз кейіпкерлерін өте шынайы, сендіре ойнағанын көре аламыз.

Жалпы актерлік құрам өте танымал әрі шебер әртістерден құралған деп айтуға болады. Алайда Аша Матай өз образын тым әсірелеп, өтірік күлкімен сәтсіз алып шыққан. Ал басты жағымсыз кейіпкерді сомдайтын Әнуар Нұрпейісовтың актерлігі әдемі шыққанымен, қазақ тіліне шорқақтығынан кей жерлерде өзіне сенімсіздігі байқалып қалады. Жалпы алғанда, фильмге актерлардың ойын барысындағы шынайы дауыстары емес, дубляж қойылғандықтан, эмоция мен дауыс өте әсіреленіп беріледі.  

Фильмнің ең негізгі ерекшелігі ретінде, камео рөлдердің болуын атап өте аламыз. Яғни танымал адамдардың өз рөлдерін сомдауы бұл кинотуындыда «Дос-Мұқасан» ансамблі мен Бүркіт-Аиша жұбының сахнада ән шырқауынан көрінеді. Фильм негізгі саундтрегі «Он алты қыз» әнін Қайрат Нұртас орындаған. «Рывок» спорттық драмасымен режиссер ретінде дебют жасаған Қанағат Мұстафиннің бқл туындысында Алматы облысының әдемі табиғаты, қазақ халқының отбасы, дәстүр құндылықтары жақсы көрсетілген. Кинотуындыда жарнамалық және сувенирлік өнімдер де ұтымды пайдаланылған.

Бұл картинаның жоғарыда атап өткен «Тақиялы періште» комедиясына ұқсас келетін тұстары өте көп. Мысалы, «Тақиялы періштеде» басты кейіпкер Тайлақ география пәнінің мұғалімі болса, «16 қыздағы» Бауыржан мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Тайлақты да, Бауыржанды да үйленуге асықтырып жүрген – аналары. Тезірек немере сүюді армандайтын ақжаулықтылар балаларын уайымдап, мектепте сабақ беріп тұрған жеріне дейін барып, үйленудің бітпейтін әңгімесін айтатын сәт екі фильмге де ортақ. Екі бойдақ та зор махаббатпен жанұя құруды армандайды. Дегенмен басты кейіпкерлердің ең басты айырмашылықтары – жастарында. Анасы Тайлақты 28 жасында сүрбойдақтар қатарына жатқызса, заманауи бойдақтың жасы 32-де. Бұл, әрине, жарты ғасыр ішінде өзгерген отбасын құру стандарттарына байланысты болса керек. «Тақиялы періштеде» Тайлаққа қалыңдықты анасы Тананың (рөлді сомдаған Әмина Өмірзақова) өзі іздесе, Бауыржанға келіншек іздеу операциясына болашақ қалыңдық (Аша Матай) өзі кіріседі. Режиссер бұл ұқсастықтар туралы өзінің осы туындыны жасау барысында «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер» және «Алты жасар Алпамыс мектепке барады» секілді отандық туындылардан шабыт алғанын айтып өтеді.

Сюжет желісінде көрерменге түсініксіз эпизодтар болғанымен, фильмнің айтар ойы көпшілікке ұғынықты. Кейіпкерлер арасында өрбитін күлкілі оқиғалар  мен диалогтар да адам жанын жадырата алады. Сондықтан заманауи сүр бойдықтың атаудағыдай 16 қыз емес, 5 сұлудың арасынан қалыңдық таңдау оқиғасын көргіңіз келсе, осы картина дәл сіз үшін.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы