Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 ақпан, 2021277

«18 килогерц» кинофильмінің премьерасы өтті

Жақында отандық кинорежиссер Фархат Шариповтың түсірген «18 килогерц» кинолентасының премьерасы өтті. Фильм осы жылдың 18 ақпан күні Алматы қаласында көрермен назарына алғаш ұсынылды.

«18 килогерц» кинофильмі – бұл 90-шы жылдардың аяғындағы жасөспірімдердің өмірі туралы хикая. Кинофильм Заря Есенаманның «Хардкор» повесі бойынша түсірілген.

Фархат Шарипов – режиссер:

«Бұл жасөспірімдер туралы, олардың өмірі жайында түсірілген фильм... Олардың ішкі уайымы мен өздерін табу жолындағы кездесетін қиындықтары, үлкендермен қарым-қатынас, түсініспеушілік, кейде шешімі жоқ болып көрінетін проблемалар мен мәселелерді көрсеттік. Бірақ мұның бәрі көбіне тек қорқынышты түс секілді, бастысы уақытында есті жинап, ояну ғана керек»,-дейді кинорежиссер.

Картина түсірілімдері Алматы қаласында өткен. Фильмнің қоюшы-суретшісі Алексей Шиндинаның айтуы бойынша, ескі Алматынының кейпін келтіру үшін көп уақыт бойы атмосфералық аудандар мен аулаларды, сондай-ақ сол кездегі аксессуарлар мен тұрмыстық заттарды іздеуге тура келген көрінеді. Фильмнің операторы ретінде Александр Плотников таңдалған. Ол Шариповпен бұрынғы жобаларында да бірнеше рет бірге жұмыс істеген. Мысалы, мына фильмдерде Шарипов пен Плотниковтың коллабын көре аласыздар:  «Сказ о розовом зайце» және «Тренинг личностного роста».

Еске сала кетейік, фильмдегі басты рөлдерді дебютант-актерлер ойнап шыққан. Кино актері Мұсахан Жұмахан актерлік мансабты ешқашан армандамағанын айтады. Ал фильмнің кастингке достарымен жай ғана қызық үшін келгенін айтады. Актердің айтуы ойынша, оған хабарласып өзін басты рөлге бекіткенін естіген кезде қатты таң қалған. Ал актриса Камила Фун-Со да кастинг жайлы әлеуметтік желіден көріп, қатысып көруді жөн санаған. Үшінші кейіпкер «Чинаның» рөлін сомдаған Әлібек Адыкен кино өнерінде біраз тәжірибесі бар. Бұған дейін актер телесериалдар мен қысқаметражды кинофильмдерде бой көрсетіп жүрген. Ал үлкен картинадағы бұл дебюті болған.

Айта кеткен жөн, 2020 жылдың қазан айында «18 килогерц» кинокартинасы қазақстандық кино тарихында алғаш рет отыз алтыншы Варшава Халықаралық кинофестивалінің Гран-приін жеңіп алған болатын. Кейінрек белгілі болғандай, беделді поляк киносының қазылар алқасының мүшелері барлығы да бір ауыздан қазақстандық картинаны өздерінің фавориті ретінде таңдағанын мойындады. Кейінрек фильм Германия жерінде орналасқан Котбус қаласында ұйымдастырылған  30-шы Халықаралық кинофестивальде үздік деп танылды. Картина Youth Film Competition конкурстық бағдарламасында көрсетілді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы