Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 наурыз, 2021235

500-ден аса жоба ұлттық кино мәртебесіне үміткер

Жақында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мемлекеттік қаржылық қолдауға үміткер киножобаларға арналған кезекті байқауға өтініштер қабылдауды аяқтады. Биылғы жылы питчингке қатысуға барлығы 500-ден аса кинематографшы ниет білдірген екен.  

Айта кетейік, кино орталығының ашылғанына биыл екі жыл болды. Алғашқы жылы (2019) жобалар питчингіне қатысуға 109 кинематографшы ниет білдірсе, 2020 жылы олардың саны екі есе өсті – байқауға 226 өтініш келіп түскен. Белгілі болғандай, биылғы жылы мемлекеттік қаржыландыруға 45 компаниядан барлығы 503 жоба үміткер болып отыр. Олардың басым көпшілігі «Көркем фильм» категориясына тиесілі, барлығы – 231 киножоба екен. Екінші орында «Деректі кино» категориясы тұр. Бұл жанрда мемлекеттік қолдаумен фильм түсіруге 86 өтініш түскен. 73 жоба – «қысқаметр» категориясында болса, 25-сі – «Авторлық/артхаусты кино» категорияларында,  ал 31 картина «Дебюттік» болмақ. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының үшінші жобалар питчингіне қатысуға елдегі ірі киностудия - Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-нан биыл барлығы 45 кинокартина ұсынылған. Мемлекеттік байқауға қатысуға ынталы киногерлер қатары жыл санап артып келеді. Мұның себебін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өндірістік бөлімінің сарапшысы Бижан Әбішев былай деп түсіндіреді.  

«Біз жұмыс істеп жатқан екі жылдың ішінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының байқаулары жайындағы біршама адам естіп үлгерген. Біздің жеңімпаздар мемлекеттен шынайы қаржылық көмекке ие болуда. Көбі мұның қалай жұмыс істейтінін түсінді, яғни дайындалып, өтініш білдіріп, өз жобасын таныстырып, қолдауға ие болуға болатынын білді. Сондықтан адамдар белсенді түрде қатысып келеді», - деді ол.

Биылғы жылы кино орталығы өтініштерді қабылдаудың шарттарын айтарлықтай жеңілдетті. Байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылар сценарийі бар құжаттардың алдын-ала пакеті, актерлер түйіндемесі мен кино өндірісіне сұралатын қажетті соманы ғана тапсыруы тиіс-тін. Ал толық құжаттар пакетін келесі кезеңге әзірлейтін болады. Қазіргі таңда байқауды ұйымдастырушылар өтініштерді өңдеуге кірісті. Кейін сценарлық өтініштер көркемдік сапасына қарай бағаланатын болады. Ол үшін Сарапшылар тобы жобаларға алдын-ала баға беру бойынша жұмыстар атқарады. Содан кейін барып питчингке қатыстырылатын жобалар тізімі анықталады. Сол тізім бойынша үміткерлер өз жобаларын Сарапшылар тобының алдында қорғай алады.

Айта кетейік, жеңімпаздар Сарапшылар кеңесінің шешімі негізінде әрі Ведомствоаралық комиссияның ұсынысы бойынша анықталады.  Олардың қатарына министрліктер басшылары, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары кіреді. Кино орталығының ережесіне сәйкес, олардың құрамы биылғы жылы жаңартылатын болады. Комиссия киножобаларда бірінші кезекте мемлекеттік мүдденің сақталуына және Қазақстан Республикасының құқықтық нормаларының бұзылмауына мән береді. Шешім қабылдауда сонымен қатар, сценариймен бірге жобаның прокаттық әрі фестивальдік әлеуеті ескеріледі. Оған қоса, жоба тақырыбының өзектілігіне де назар аударылады. Еске сала кету керек, мемлекеттік қаржыландыруға үмітті жобаларды іріктеу кезінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған фильмдерге ерекше көңіл бөлінетіндігі де айтылған болатын.    

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы