Размер шрифта:

Цветовая схема:

31 тамыз, 2021431

Абай Қарпықовтың шығармашылығына шолу

Абай Сәдуақасұлы Қарпықов – 1955 жылы 6 ақпанда  Алматы облысында кеңестік және қазақстандық киногер. Ол елімізде кинорежиссер, сценарист әрі кинопродюсер ретінде танымал. Ол – 1980 жылдардың соңында қазақ киносының жаңалығы болған «жаңа толқын» режиссерлерінің бірі.  Мәскеу тарих және мұрағат институтын және Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік бөлімін Сергей Соловьев шеберханасында бітірген.

Ол осыған дейін бес толықметражды картина және екі телехикая түсіріп үлгерген. Ол тек дарынды режиссер ғана емес, сондай-ақ елімзде белгілі продюсер. Қарпықов «Тоғысқан тағдырлар» (1996-2000), «Қара шегіртке» (2001) секілді алғашқы қазақстандық көп бөлімді телехикаялардың продюсері болды. Сонымен қатар өзінің әріптесі Серік Апрымов түсірген ресейлік «Дом на Озерной» (2009), қазақстандық «Әсел және оның достары» (2010) телехикаясына, «100 минут о любви» (2017) картинасынына продюсерлік етті. Ал актер ретінде Абай өзінің дебюттық фильмі «Влюбленная рыбка» (1989) картинасына қатысты.

«Влюблённая рыбка» (1989)

«Влюблённая рыбка» картинасы – Абай Қарпықовтың алғашқы толықметражды көркем фильмі. Ол КСРО Мемлекеттік телерадиосының тапсырысы бойынша «Әлем» шығармашылық бірлестігі мен «Қазақфильм» кинокомпаниясының бірігуімен түсірілген. Драманың сценарийін жазған режиссердің өзі мен орыс жазушы-сценаристі Борис Ряховский болды. Оператор ретінде Георгий Гидт шақырылса, композитор ретінде фильмге Игорь Кефалиди үлес қосқан. Тұсаукесері 1989 жылы 14 сәуірде өткен картинаның түсірілімі Алматы қаласы аумағында жүргізілген.

Фильмнің басты рөлдерінде Бөпеш Жандаев, Галина Шатенова, Наталья Новикова, Сатар Дихамбаев, Ассан Куйятте, Абай Қарпықов,  Валерий Громовиков секілді актерлер бой көрсеткен.

Кинокартина бұрынғы ауыл тұрғындарының үлкен қаладағы өмірі мен жаңа жерге бейімделу мәселесінің қазіргі аспектілерін зерттейді. Фильмнің басты кейіпкері – Жәкен ауыл мен қаланың ортасында өмір сүреді. Ол қала маңындағы ауылда тұрады, ата-анасы бұрын қайтыс болған, ағасы болса музыкант, қалада тұрады. Бір күні Жәкен ағасына қонаққа баруға бекінеді. Ол үлкен қалаға келген кезде оның басынан түрлі оқиғалар өтеді, болған жайттар бүгінгінің заманауи қалаларындағы өмірдің қаншалықты қиын екенін көрсетеді. 73 минуттық кинотуынды орыс тілінде түсірілген.

«Воздушный поцелуй» (1991)

Абай Қарпықов 1991 жылы түсірілген екінші картинасының сценарийін Игорь Побережскиймен бірге жазған.  Оператор ретінде алдыңғы фильмде режиссермен серіктестікте жұмыс істеген Георгий Гидт еңбектенсе, картинаның саундтрегін жазған Виктор Власов болды, ал қоюшы-суретші ретінде Алексей Золотухин қызмет етті.

Қарпықов осы картинасында елуінші жылдары кеңестік кинода жасалған бейнені түсіруге тырысқанын айтады.

Кинофильмнің сюжеттік желісі бойынша, жас медбике Настя, сүйікті адамына тұрмысқа шығуға дайындалып жүр. Күйеу жігіт – табысты дәрігер, алайда бойжеткен той қарсаңында өзінің сезіміне күмәнмен қарайц бастайды. Күтпеген жерден, қыз күйеу жігітімен қоса, өзіне көңілі түсіп жүрген автокөлік оқиғасынан жараланып госпитальға түскен пациентін жақсы көріп қалады.

Басты кейіпкерлердің образдарын сомдауға Катри Хорма, Олег Рудюк, Константин Роднин, Валентин Никулин, Павел Соколов, Валентин Сефер, Надежда Резон, Лариса Маркарьян секілді актерлер қатысқан.
Кинкартина «1991 жылғы киноның стилін көрсететін» фильм ретінде кинопрессаның арнайы сыйлығына ие болды.  Белгілі ресейлік киномаман Александр Федоров Карпықовтың осы кинотуындысы туралы былайша пікір қалдырған болатын:

«Абай Карпыков –  Сергей Соловьевтің шәкірті. Стиль шеберлігін көрсетуді білетін дарынды студент. Оның «Влюбленная рыбка» фильмі қазақ астанасының түнгі өмірінің атмосферасында өзгерген француз «жаңа толқыны» тақырыбындағы талғампаз фантазия болды. «Воздушный поцелуй» да өзінің ерекшелігін сол бағытта жалғастыратын сияқты. Бір жағынан, бұл картина мейірімді мелодрама сияқты көрінуі мүмкін. Бұл фильм басты образдағы әдемі медбике өзінің құрметті күйеуі – ​​емхананың бас дәрігерінен суынып, ақсақ бағбан әрі көлік ұрлықшысын қалай жақсы көріп қалғанығын баяндайды. Екінші жағынан, бұл Роджер Вадимнің эстетикасы мен Бриджит Бардоның ұмытылмас бейнесі бар талғампаз және ирониялық стиль. Бір сөзбен айтқанда, постмодернистік стиль. Бірақ бұл эмоционалды қабылдауға еш кедергі келтірмейді. Оның үстіне жас актерлер құмарлықпен, шынайылықпен ойнайды. Таңдаулы көрермен Қарпықовтың кинофильмін қарап отырып, «Мұнда қазаққа тән не бар?» сұрауы мүмкін. Рөлдердің барлығын еуропалық актерлер сомдайды... Бірақ ұлттық нақыш туралы не деуге болады? Алайдаорыстар тек орыстар туралы, ал қазақтар тек қазақтар туралы фильм түсіруі керек деп кім айтты?»

«Тот, кто нежнее» (1996)

Қарпықов үшінші толықметражды картинасын Қазақстанмен қоса, Ресей киногерлерімен серіктесе отырып түсірген. Сценариймен жұмысты режиссер бұл жолы Лейла Ахинжановамен бірлесе жүргізген. Фильмді өндіруге Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» және «Роскомкино», «Фора-фильм» кинокомпаниялары қатысқан. Картинаның продюсерлері Андрей Разумовский, Юрий Романенко, Серік Жұбандықов, Анар Қашаганова, Ораз Рымжанов секілді ресейлік-қазақстандық азаматтар болды.  Кинотуындының көркемдік жағымен айналысып, қоюшы-суретші ретінде Рүстем Одинаев пен Александр Ророкин жұмыс істеді. Бұл картинаны түсіруге шақырылған операторлар саны да үшеу, олар – Георгий Гидт, Николай Кириенков және Алексей Беркович. Ал фильмнің басты компоненттерінің бірі музыка жазумен айналысқан шығармашыл тұлға композитор Леонид Десятников болды.

Кинотуындының сюжеті бойынша, мейірімсіз бір қыздың кесірінен жас жігіт балконнан құлап ауруханаға түседі. Ол палатада біртүрлі қартпен бірге жатады. Оған үнемі бейтаныс адамдар қонаққа келеді, олар үлкен мұра, алтын қазына туралы жиі әңгімелейді. Шығар алдында қарт кісі жасөспірімге жігітті қауіпті шытырмандарға бастайтын бір нәрсеге жұмсайды да, ақысына бағалы лағыл тасты береді. Сөйтсе, бейтаныс көрші хан болып шығады. Ол жігітке ескі кландар мен олардың арасындағы ежелгі дұшпандық туралы баяндап береді. Біраз уақыттан кейін жас жігіт өзімемен бірге тұрған көршісінің ауруханада жатқан кезінде өлтірілгенін біледі. Ал ол ештеңеге қарамастан өзінің қартқа берген уәдесін орындауға міндетті екенін түсінеді. Осылайша жігіт мистика мен атыс-шабыс араласқан қауіпті оқиғаларға тап болады.

«Тот, кто нежнее» фильмін «истерн» (жабайы батыс шаблондарының шығыс аймақтарға көшірілген нұсқасы) жанрының өкілі деп айтуға болады. Мұнда мистика, атыс және шытырман оқиғалы қылмыс бар.

Көрермен осы картинадан бір жарым сағат бойы Бөпеш Жандаев, Андрей Ростоцкий, Аристарх Ливанов, Ксения Качалина, Николай Стоцкий, Фархат Абдраимов, Болот Бейшеналиев, Владимир Толоконников, Құрбан Тұрдымаметов, Вадим Казинец, Максим Ганиев, Вячеслав Поляринов, Бота Искаков, Райхан Айтқожанова секілді көптеген актерлердің ойынын тамашалай алады.

Шытырман оқиғалы мелодрама көрерменннің көңілінен шығып, киногерлер сынынан да өте алды. Фильм 1996 жылы өткен «Кинотавр» фильмдер фестивалінің «Үлкен байқауының» гран-приін иеленді. Сондай-ақ Ресей кинобасылымының «Ең үздік ер адам рөлі үшін» (Фархад Абдраимов –  «Кавказ тұтқыны» фильмінде ойнаған кіші Сергей Бодровпен бірге) пресс-сыйлығына ие болды.

«Дорога, дорогой, дорогая» (1997)

Жиырма жеті минуттық қысқаметражды мюзиклді Абай Қарпықов Вахтанг Лашауримен бірлесе түсірген. Бірақ бұл жолы қазақ киногері сценарий жазуға қатысқан жоқ. Картинаның операторы Алексей Беркович болды, ал продюсерлері Борис Асриев, Вахтанг Лашаури болды.

Кинокартина – шынайы оқиғаларға негізделген романтикалық астарлы әңгіме. Басты кейіпкерлер – тағдырларын неке серті арқылы біріктіргісі келетін ғашық жұп. Бірақ тағдырдың айдауымен олар апатқа ұшырап, жағасаын белгісіз бір теңіз жуған аралға тап болады.

Басты рөлдерді Ресей эстрадасының жарық жұлдызы Кристина Орбакайте мен кіші Владимир Пресняков, сондай-ақ Никита Пресняков сомдады.

«Фара» (1998)

1998 жылы жарық көрген «Фара» кинокартинасы – Абай Қарпықовтың ең танымал әрі ең кассалық фильмдерінің бірі. Ол Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Фильмнің кейіпкерлері – «Битлз» музыкасымен өскен адамдардың соңғы буынының өкілдері. Картинада бірі екіншісінің өмірін сақтап қалатын екі достың өмірі баяндалады. Ресейлік режиссер Борис Айрапетянның бұл картинаны жасауда сіңірген еңбегі зор: ол алдымен Ләйлә Ахинжановамен бірге сценарий жазуға қатысты. Сондай-ақ фильмге арнап саундтрек жазды әрі продюсерлік қызметті де қатар атқарды. Кинотаспаны камераға түсірген Алексей Беркович болса, қоюшы-суретші Александр Ророкин болды.

Фара – фильмнің басты кейіпкері. Ол – өте мейірімді томпақ жігіт, кісі қолынан қаза тапқан банк директорының баласы. Фара бала кезінен мүгедек, аяғына тұрып жүре алмайды. Әкесі барлық күш-жігері мен байланыстарын салғанына қарамастан, ешкім оны емдеп жаза алмады. Байқуатты әкесі оның аяққа тұрып кетуі үшін қолындағының бәрін беруге дайын болды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, Фара мұраға қалған «Қарлығаш» кафесінің иесі атанады. Бірақ ең бастысы, оның құпия шотында орасан зор қаражат бар, оның құпия кодын тек өзі ғана біледі. Әрине, мафия да бұл ақшадан хабардар, бірақ оны Фарадан қалай тартып алатынын білмейді. Ал мұрагер болса, бұл ақшаны мүлде пайдаланбайды. Үлкен ақша үлкен проблемаларға тап қылады деп ойлайлы. Бірақ көп ұзамай оның өмірінде науқас баласы бар әдемі бейтаныс қыз (К. Орбакайте) пайда болады. Оның сәбиін тек қымбат операция ғана құтқара алады. Жүрегі жомарт Фара баланы аман алып қалу үшін осы жолы құпия есептік шотты қолдануды шешеді.

Мейірімді әрі қызықты фильм қазақстандық қана емес шетелдік киносүйерлердің де назарын жаулай алды. Мәселен кинокартина 1999 жылы Выборгте өткен «Еуропаға терезе» ресейлік кинофестивалінде «Адамдық қарым-қатынастың көрінісіндегі мейірімділік пен жылылық үшін» қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болды. Сондай-ақ 1999 жылғы Мәскеудегі халықаралық кинофестивальде үздік ер адам рөлі үшін Фархад Абдраимовке «Күміс әулие Джордж» сыйлығы табысталды. Дәл сол жылы Минист қаласындағы «Листапад» халықаралық кинофестивалінде режиссер Абай Қарпықов «Арнайы сыйлықпен» марапатталды.

Қылмыстық мелодраманың басты кейіпкерлерін Фархат Абдраимов, Кристина Орбакайте, Александр Александров (IV), Даурен Саркисеев, Камилла Нуркеева, Бопеш Жандаев, Саги Ашимов, Сергей Дулесов, Юрий Капустин, Ирина Коваль, Жангельды Молдахметов, Алексей Давыдов, Игорь Сейфуллин, Умирзак Шманов, Оксана Бойченко, Олег Бирючевтер сенімді сомдап шықты.

«Охота на изюбря» (2005)

«Охота на изюбря» кинотуындысы – Абай Қарпықовтың телехикая түсірудегі алғашқы тәжірибесі. Он екі эпизодтан тұратын телетуындыны режиссер Бірінші арнаның тапсырысы бойынша «Pro-Cinema Production»-мен серіктесе түсірген. Фильм сюжеті орыс жазушысы Юлия Латининаның аттас романының желісімен өрбиді. Киноөнім тұсаукесері 2005 жылды 1 қарашасында Ресейдің «Бірінші арнасында» кесілді. Әр бөлімі 52 минутқа созылатын картинаның операторлары ретінде Димитрий Масс, Михаил Мукасей, Андрей Белкановтер шақырылды, ал әдеби шығарманы телехикаяға бейімдеген Зоя Кудря болды. Қылмыстық мелодрамаға лайық тамаша музыкамен сүйемелдеген композитор Руслан Мұратов болса, Дмитрий Петров қоюшы-суретші ретінде фильмнің жасалуына атсалысқан. Анатолий Максимов, Константин Эрнст, Сергей Оганесян секілді кино мамандар көрерменге осы тележобаның продюсерлері ретінде белгілі болады. Телехикая болған соң, жобаға қатысқан актерлер саны өте көп, солардың ішінде негізгі кейіпкерлердің образдарын сомадаған Александр Балуев, Алексей Гуськов, Екатерина Гусева, Гоша Куценко, Марат Башаров, Роман Мадянов, Андрей Краско, Михаил Ефремов, Александр Лыков, Евгения Добровольская, Владимир Зайцев, Игорь Лифанов, Сергей Астахов, Олег Тактаров, Михаил Ульянов, Дмитрий Нагиев, Николай Олялин, Агриппина Стеклова секілді актерлердің есімдерін атап өтуге болады.

Телехикаяның оқиғасы Ресейде 90-шы жылдардың бірінші жартысында орын алады. Ахтарск қаласындағы ірі металлургиялық зауытты тәжірибелі менеджер Вячеслав Изволский басқарады. Кедейленген аймақ, бай фабрика және ақшаға құмар банктері бар алыс Мәскеу. Зауыт гүлденуде, ал көпшілігі Комбайнның кірісіне қолын созуды күте алмайды. Қиындықтар көп күттірмейді. Төтенше жағдай орын алды: Комбинаттың Мәскеу филиалының бас директоры Николай Заславский ұрланды. АМҚ қауіпсіздік қызметінің бастығы Денис Черяга істің мән -жайын анықтау үшін Мәскеуге ұшып барады. Бұл жағымсыз оқиғадан Комбайн мен Мәскеудің «Ивеко» банкі арасындағы ұзақ қақтығыс басталады...

Телехикая Нижний Тагил металлургия зауытында түсірілген. Фильмде тікұшақтан, мартеннен жасалған зауыттың панорамалық кадрлары, жаппай түсірілмге қатысқан кәсіпорын қызметкерлері көрсетіледі. Түсірілімнің бір бөлігі Төменгі Тагилде болды.

«На пути к сердцу» (2007)

Телехикая түсірудегі алғашқы тәжірибесі сәтті жүзеге асқан Абай Қарпықов 2007 жылы Ресей  телеарнасы үшін тағы бір тамаша туындыны түсірді. Ол – 10 бөлімнен тұратын «На пути к сердцу» мелодрамасы. Про-Синема продакшннің қолдауымен жарыққа шыққан тележобаның сценарий авторлары – Мария Варденга, Алексей Сеченов, Юлия Ященко. Руслан Муратов пен Иван Бурляев болса, телехикаяға тартымды әуен жазған композиторлар. Фильмнің операторы Андрей Белканов болса, суретшісі Виктор Петров болған. Картинаның продюсері ретінде Константин Эрнсттің есімі белгілі.

Кинокартинаның кейіпкерлері –  адам жүрегінің өмірін ұзартуға мүмкіндік беретін бірегей құрылғы ойлап тапқан талантты дәрігерлер... Фильмнің түсірілу уақыты 1981-2001 жылдар аралығын қамтиды. Екі талантты кардиохирург Алексей Ковалев пен Герман Ипатов жүректің ишемиялық ауруын операциясыз емдейтін дизайн ойлап табуға тырысуда. Бір қызығы, екі дос та өзінің тәлімгері, профессор Солодовниковтың қызына ғашық болады ... Алексей – ғылым үшін туылған ғалым, ол соның ішінде жақындарының тыныштығы мен жеке өмірі үшін көп нәрсені құрбан етуге дайын. Герман – басқа түрдегі адам: байсалды және онша берік емес. Ол Алексей сияқты талантты емес екенін түсініп, басқа жолмен жүруді шешеді.

Әр эпизоды 47 минутқа жалғасатын сериалдың басты кейіпкерлерін Марат Башаров, Анатолий Белый, Мария Порошина, Сергей Шакуров, Роман Мадянов, Светлана Чуйкина, Валентина Талызина, Игорь Бочкин, Александр Феклистов, Мария Звонарёва, Виктор Сергачёв, Сергей Астахов, Виктор Бычков, Александр Воробьёв, Дмитрий Нагиев, Олеся Судзиловская, Владимир Зайцев, Дмитрий Щербина, Наталья Гудкова, Игорь Гордин, Каролина Грушка, Олег Тактаров секілді киноактерлер сомдайды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы