Размер шрифта:

Цветовая схема:

02 маусым, 2021374

Көркем әдебиеттің экрандалуы: 2000 жылға дейін

Біз бүгін көркем әдеби туындылардың желісімен түсірілген қазақ-кеңестік және қазақстандық фильмдер топтамасын әрі қарай жалғастырамыз. Бұл бөлімде біз тек ең танымал әрі жаңа ғасырға дейін жарық  көрген туындыларды ғана сипаттадық.

«Қараш-қараш оқиғасы» фильмі

Шыққан жылы: 1968 жыл

Режиссері: Болотбек Шәмшиев

«Қараш-қараш оқиғасы»  – осы аттас Мұхтар Әуезовтың повесінің желісінде Болотбек Шәмшиевтің режиссерлігімен  «Қазақфильм» және «Қырғызфильм» кинокомпаниялары бірлесіп шығарған толықметражды фильм.  Повесті фильм форматына бейімдеп, сценариін жазғандар – Асанәлі Әшімов, Әкім Тарази, Болотбек Шәмшиев, операторы – Марлест Тұратбеков, композиторы – Джон Тер-Татевосян, ал көркемдіка жеткшісі әйгілі режиссер Шәкен Айманов болды. Ұзақтығы 93 минутқа созылатын драма орыс және қазақ тілдерінде түсірілген. Премьерасы 1969 жылы 8 желтоқсан күні Мәскеуде өтті.  Басты кейіпкерлерді, оның ішінде, Бақтығұлды  — Сүйменқұл Чокморов, Мырза Жарасбайды  — Советбек Жұмаділов, Федорды  — Виктор Уральский,  Қоқышты — Рахметбай Телеубаев,  Сәрсенді — Мұратбек Рысқұлов,  Хадишаны — Бәкен Қыдыкеева,  Қайранбайды — Мұхамедқали Тәуанов, Күшіковті  — Қасымхан Шанин,  Дмитрий Петровты — Леонид Ясиновский сомдайды.

Фильм көрермендермен қатар, киногерлердің де көңілінен шыға білді. 1969 жылы Алматыда өткен Орталық Азия мен Қазақстан кинематографистерінің VIII байқауында «Тау бүркіті» сыйлығы және І дәрежелі диплом, «Ең үздік ер адам» рөлі үшін актер С.Чокморовқа (бір қызығы оның тіпті кәсіби білімі болмаған) диплом табысталды. Сондай-ақ ол  IV Бүкілодақтық кинофестивальдің жүлдесі және екінші дәрежелі сыйлығын (Минск, 1970) жеңіп алған.

«Қараш-қараш оқиғасы»  ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлан-ғайыр даласында орын алды. Картинаның басты кейіпкері – еңбекқор және адал шаруа Бақтығұл. Өзі кедей болғандықтан қожайынына күндіз-түні жұмыс істеуге тура келеді. Бақтығұл басшысына шын жүректен берілген, бірақ бар  адал жұмысшының сенімі мен сүйіспеншілігін өз мақсатына пайдаланады.

Сол кезеңдегі ауқатты жер иелері иелері бір-бірімен үнемі қақтығысып, бір-біріне әртүрлі айлы-шарғылар жасап, малдарын бөлісіп отырған . Осыендай жанжалдардың біріне Бақтығұл түсіп қалады. Қожайыны оған көрші жер иесінің мал табын ұрлауды бұйырады да, оның айтқанын орындаған шаруа түрмеге жабылады.. Бақтығұл тұтқыннан босаған соң, баймен есеп айырысуға бел буады.

«Көксерек» фильмі

Шыққан жылы: 1973 жыл

Режиссері: Толомуш Өкеев

«Көксерек» көркем фильмі Мұхтар Әуезовтың осы аттас повесінің негізінде 1973 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Премьерасы 1974 жылдың 8 сәуірінде Мәскеуде өтті. Повесті экрнаға бейімдеп, сценарийін жазғандар – Андрей Кончаловский мен Эдуард Тропинин, ал операторы –Қадыржан Қыдыралиев, композиторы – Дүнгенбай Ботбаев, суретшісі –Виктор Леднев. Басты кейіпкерлерді – Құрмашты — Қамбар Уәлиев.  Аханқұлды — Сүйменқұл Чокморов, Құрмаштың әжесін — Әлиман Жанғорозова, Қасенді — Қарғамбай Сатаев, байдың ұлын — Нұржұман Ықтымбаевтар сомдайды. Ұзақтығы 97 минутқа созылатын картинаның қоржынында көптеген марапаттар бар. Ол – 1974 жылы Локарнода өткен 27-ші халықаралық кинофестивалінің құрмет грамотасының иегері, сол жылы  Әзірбайжан елінің орталығы Бакуде өткен Бүкілодақтық кинофестивалдің бірінші жүлдесінің иегері. Сондай-ақ аталған фестивальде Қамбар Уәлиев балалар рөлі бойынша ынталандыру грамотасын, Сүйменқұл Чокморов ер адам рөлін сомдағаны үшін бірінші дәрежелелі марапатқа ие болған.

Фильм оқиғасы жиырмасыншы ғасырда қазақ даласында орын алады. Ата-анасынан айрылып, жетім қалған Құрмаш ағасы Аханқұлдың қолына көшеді. Ол бір күні аман қалған қасқырдың бөлтірігін үйіне әкеп, асырағысы келеді, бірақ барлық ересектер бұл ойға түбегейлі қарсы болады. Алайда бала олардың сөзіне құлақ аспай, өз дегенін жасайды. Бірақ осы әрекетінен кейін оның онсыз да қатал ағасы Аханқұл және басқа да туыстары оның өзін де, бөлтірігін де үйге сыйғызбайды. Сөйтіп басты кейіпкер үйінен кетуге мәжбүр болады, ал оның кішкентай досы өз үйіріне қосылады. Аз уақыттан кейін Құрмаш үйіне қайтып оралады, ал оның досы бұл уақытта қасқырлар үйірінің көшбасшысына айналған еді.

Ресми бағалаулар бойынша, «Көксерек» фильмінің тек Кеңес Одағының өзінде 6 миллионнан астам жанкүйері бар. Драма КСРО шекарасынан шыққанын да есте ұстаған жөн, оның шетелдерде де көрермендер саны көп. Оны әлі күнге дейін жақсы көріп сүйіп қарайтындар да баршылық. Фильмді қарапайым халық қана емес, сыншылар тарапы да жоғары бағалаған. Айта кету керек, фильмді барлық жастағы көрермендердің көруіне болады: ол адамды шынайы достыққа тәрбиелейді.

«Бандыны қуған Хамит» фильмі

Шыққан жылы: 1979 жыл

Режиссері: Абдолла Қарсақбаев

«Бандыны қуған Хамит» (кейде «Даладағы қырғын» деп те аталады) картинасы – Сәкен Сейфуллиннің 1922 жылы жазылған «Бандыны қуған Хамит» әңгімесінің желісінде «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген шытыран оқиғалы атыс-шабыс фильм. Ұзақтығы 85 минут картинаның премьерасы 1980 жылдың ақпанында Мәскеу қаласында өтті. Сәкен Сейфуллиннің шығармасын кинотуындыға бейімдеп, сцеранийін жаған Анатолий Степанов, ал операторлары – Михаил Аранышев, Федор Аранышев, әуенмен әрлеп, саундтрегін жаған Нұрғиса Тілендиев, суретшісі – Сахи романов.  Басты рөлдерді талантты актерлер Досхан Жолжақсынов (Хамит, қызыл әскер), Әшірбек Шоқыбаев  (Құдіре, дала батыры, контреволюционер), Гүлнәр Дусматова (Айгерім), Владимир Еремин  (Иван, Хамиттің серігі), Бәйтен Омаров  (Ақан ақсақал, ауылдың байы), Мұхтар Бақтыгереев (Саттар), Болат Қалымбетов  (Әлімжан, жас бала), Жамбыл Құдайбергеновтер (Ахмет, Құдіренің досы) сомдады.

Қазақстан жеріндегі ақтар мен қызылдардың тарихи қарсыласуын Қызыл Армияның қолбасшысы Хамит пен ақ атаман Құдіренің арасындағы шайқастан айқын байқауға болады. Барлық төзімділікке, табандылыққа және өз мұраттарына берілгендігіне қарамастан, ер азаматтар бұйрық беруде қателіктер жібереді. Осылай қателескен Хамит бірінші болып қарсыласының тұзағына түсіп қалды. Қызыл Армия сарбазы қиын жағдайдан шығып, өз жауынан есесін қайтара ала ма?

Қызылдар мен ақтар арасындағы текетірестің тарихи оқиғалары 1979 жылы «Қазақфильм» кинокомпаниясының осы жұмысының арқасында Қазақстан кинотеатрларында көрсетілді. «Даладағы қырғын» фильмі бұрыннан белгілі тарихи оқиғалар, жеңістер мен жеңілістер туралы ғана емес, сонымен қатар екі армия сарбаздарының өзін қалай ұстағаны туралы да көрсетеді. Сценаристер осындай соғыстардың барлық сұмдықтарын ашып көрсетуге тырысты. Сонымен бірге, режиссер музыкалық сүйемелдеу көмегімен динамикалық атмосфера құрып, фильмді  мүмкіндігінше шынайы әрі жанды беруді көздеген.

Он үшінші Бүкілодақтық кинофестивальдің сарапшылары да «Бандыны қуған Хамит» фильмін жасаған киногерлердің еңбегін жоғары бағалады. Кинолента бұл іс-шараға Қазақстандағы кең премьерасынан бір жылдан кейін қатысты. 1980 жылы фестиваль Тәжікстанда Душанбе қаласында өткізілді, онда «Даладағы қырғын» картинасы Тәжікстанның Бүкілодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің сыйлығын алды.

«Жансебіл» фильмі

Шыққан жылы: 1991 жыл

Режиссері: Аяған Шәжімбаев

77 минут экран уақытын алатын драманы Жүсіпбек Қорғасбектің «Жансебіл» әңгімесінің желісімен Аяған Шәжімбаев Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірді. Режиссер өзінің осы катинасы туралы: «Жансебіл» – бізге бүгін жетіспейтін нәрселер: мейірімділік, жан жылуы және достық туралы фильм», – дейді. Фильмнің сценариін жазғандар – жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Вадим Трунин, операторы – Әбілтай Қастеев, суретшісі – Владимир Арыскин, ал дыбыс режиссері – А. Ахметов.  Негізгі рөлдерді сомадайтын әртістер – Қасым Жәкібаев, Галина Макарова, Кеңес Нұрланов, Алла Тараканова, Виктор Бутаков, Ақыл Құланбаев, Елена Тренина, Камалия Байтілеуова, Мұрат Нұрасылов, т.б. 1993 жылы 9 сәуірде фильмнің премьерасы Петропавлдың «Ударник» және «Қазақстан» кинотеатрларында басты рөлдегі актердің туған жерінде өтті. Кирнотуындының халықаралық кинофестивальдерде жеңіп алған марапаттары картинаның жоғары сапасын және адамдар арасындағы қатынас пен Адам деген жоғары атақ үшін күрес тақырыптарының әлі актуалды екенін көрсетеді. Аяған Шәжімбаев 1992 жылы Ашхабадта осы фильмге режиссерлік еткені үшін сыйлық алды. Дәл сол жылы актер Қасым Жәкібаев те басты рөлді үздік сомдағаны үшін Түрікменстанның астанасы Ашхабадта өткен Халықаралық «Күміс жарты ай» кинофестивалінің сыйлығын иеленді.  

Фильм оқиғасы екі қарттың бір-біріне және туған жерлеріне деген ыстық махаббатын бейнелейді. Егде жастағы ерлі-зайыптылар өздерінің жастық шағы өткен жерлерді көру үшін туған жеріне сапар шегеді. Қарттар бір минутқа болса да өзара дауын доғармайды, бір қарағанда олардың сезімдері мәңгі сөнген сияқты, бірақ олай емес. Ерлі-зайыптылардың артында ұзақ, тіпті онша жарқын емес тарихы бар. Олардың сүйіспеншілігі соғыстан және сталиндік репрессиялардан аман-есен өтіп, осындай күшті әрі таза болып қала алды.

Картина тек жеке отбасының ғана емес, бүкіл халықтың трагедиясын қозғайды. Қысқа ғана мерзімде қанша миллион адам ең жақын адамдарынан айрылды, қаншама адам мүгедек болып қалды? «Жансебіл» фильмі –адамның бастан өткен сұмдықтарға қарамастан қайтадан сүйе білу қабілетіне деген ода іспеттес. Бірақ щындығында қарттардың қайғылы көздері нені жасырады?

Мүгедек адам енді ешқашан орнынан тұра алмайды, сүйікті әйелін құшақтай да алмайды, бірақ оған бұйырған өзгеше бір бақ бар – ол әйелінің өзіне деген  махаббаты мен адалдығы. Оның жасындағы кісіге осыдан артық не керек? Жастық шағы өткенде, ол өткен күндерді, жары мен туған жеріне деген сүйіспеншілігі  үшін иық тірескенін ғана еске алады. Олар тек бірге болу және бір-бірін еркін сүю үшін өздерінің жүріп өткен  қиын жолдарын бастан-аяқ еске алады.

«Батыр Баян» фильмі

Шыққан жылы: 1993

Режиссері: Сламбек Тәуекел

«Батыр Баян» тарихи драмасы Қазақстаннан шыққан әйгілі ақын Мағжан Жұмабаевтың осы аттас поэмасына негізделіп, 1993 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Мағжан ақын сонау 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырады, сондықтан оның шығармашылығы автордың есімін ақтап алғаннан кейін 1989 жылы ғана басылып шықты. Фильм – қазақстандық режиссер Сламбек Тәуекелдің  («Жерұйық», «Қызыл жусан») көркем фильм түсірудегі дебюттық жұмысы. Поэма мен фильмнің сюжеті нақты тарихи оқиғалардан біршама ерекшеленеді, бірақ ұлттық батырдың бейнесін одан да айқын қалыптастыра түскен. 74 минутқа созылатын картинаның композиторы Секен Тұрысбеков, суретшісі Ерсайын Абдурахманов мен Ідіріс Қарсақбаев, операторы – Әнуар Дауылбаев, ал сценариін жазған Смағұл Елубаев.

Фильмдегі басты рөлді театр актері Жұмахан Әбдіқадыров ойнады, ол оның кейіпкерін өте батыл, ержүрек және қорықпайтын етіп көрсетті. Басты кейіпкер қазақ халқының бостандығы үшін екі жүз жылдық соғыс кезінде жоңғарлармен шайқасып, батылдық пен қаһармандық көрсеткен халық батыры. Сондай-ақ картинаға Кеңес Нұрланов, Әшір Шоқыбаев, Райымбек Сейітметов, Сәтімжан Санбаев секілді актерлер қатысады.

Сюжет негізінде қазақтардың жоңғарларға қарсы соғысының батыры Батыр Баянның өзі тұтқынға түсірген жас жоңғар қызы Құралайға деген махаббат хикаясы жатыр. Қыз әкесінің ата жауына махаббатпен жауап қайтарғысы келмейді. Бірақ ол жас Ноянға – Баянның қарулас жолдасы батыр Сараның ұлына ғашық болып қалады. Жастар қазақ даласында бірге бақытты болуы мүмкін еместігін түсініп, Құралайдың туған жеріне қашып кетуді жоспарлайды. Картинаны тамашалай отырып, көрермен Батыр баянның мұндай сатқындыққа қалай жауап қайтаратынына көз жеткізеді.

 «Әбілхайыр хан» фильмі

Шыққан жылы: 1993 жыл

Режиссері: Виктор Пусурманов

«Әбілхайыр хан» - Тахауи Ахтановтың «Ант» тарихи-драмалық дастанының желісінде 1993 жылы режиссер Виктор Пусурманов Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірген фильм. Каринаның ұзақтығы 80 минут, сценарийінің авторы – Ермек Тұрсынов, операторы – Николоай Кириенков, суретшісі – Б. Жүнісбеков, композиторы – Қуат Шілдебаев, дыбыс операторы – Сергей Лобанов. Картинада Тұңғышбай Жаманқұлов, Жанна Қуанышева, Асылболат Исмағұлов, Тілектес Мейрамов, Арман Асенов, Марат Әзімбаев осы және де өзге де актерлер тарихи кейіпкерлердің рөлін сомдайды.

Кинотуындыда 18-ші ғасырдағы қазақ халқының басынан өткен оқиғалар туралы баяндалады. Сол кезеңдерде қазақтар ұлы дилеммаға тап болды: патшалық Ресейдің қол астына ену немесе ұлт ретінде жер бетінен мүлдем жоғалып кету. Басты кейіпкер – Әбілқайыр хан – әйгілі қолбасшы және билеуші, Шыңғыс ханның ұрпағы. Тарихи оқиғалар Қазақ хандығынң  жоғары шеңберлерінде қайнап жатқан дауылды құмарлықтардың көрінісіндей болды. Сюжет Әбілқайыр хан мен оның әйелі Бөпе және Барақ сұлтан арасындағы қайғылы махаббат үшбұрышының айналасында өрбиді.

Кинофильм көрермендерді Тәуке хан қайтыс болғаннан кейінгі Қазақ хандығының күйреуі кезеңіне сапар шектіреді. Ештеңеден қорықпайтын талантты қолбасшы Әбілқайыр Кіші жүздің билеушісі болып тағайындалады. Оның билік үшін қарсыласы осы жүздің сұлтаны Барак болды. Хан қазақ халқын Ресейге қосу туралы бастама көтеріп, бұл жолдың дұрыс болатынана өзінің қарулас жолдастарын сендіре алды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы