Размер шрифта:

Цветовая схема:

14 маусым, 2021163

Әдебиеттің экрандалуы: 2000 жылдан бері қарай

Әдебиет пен кино өнері бір-біріне тығыз байланысты салалар екенін бұрыннан айтып келе жатырмыз. Бүгінде әр сала өзінше дамып, түрлі жаңашылдықтарға ие болып жатыр. Әдеби туындылардың экраннан көрініп, көңілді қуантуы қазақ киносында әуелден бар тәжірибе. Бүгін назарларыңызға жаңа ғасырдан бері қарай көркем-әдеби шығармаларға негізделіп түсірілген кинокартиналар топтамасын ұсынамыз.

«Көшпенді» фильмі

Шыққан жылы: 2005 жыл

Режиссері: Иван Пассер, Сергей Бодров

 «Көшпенді» тарихи драмасы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының екінші кітабына негізделген. Ол 2004 жылы қазақ және француз компанияларының бірлескен жұмысымен түсірілді. Қазақтардың жоңғарлармен күресін көрсететін картинаның сценарийін жазған фильмнің продюсерлерінің бірі – Рүстем Ибрагимбеков, ал қалған продюсерлер қатарында Милош Форман, Рэм Бергман, Павел Дувидзондар бар. Кинотуындыны музыкалық сүйемелдеген Карло Силиотто болса, операторлық қызмет көрсеткен Юли Штайгер мен Дан Лаустсен. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, «Ибрус»,  Wild Bunch, True Story Production кинокомпаниялары осы киноөнімді түсіру үшін 34 млн доллар қаржы жұмсаған. Ұзақтығы 112 минутқа созылатын  фильм қазақ және орыс тілдерінде 2005 жылы қалың көпшілікке жол тартты. Басты рөлдерді сомдауға қазақстандық актерлермен қоса, шетелдік Голливуд актерлері де қатысқан. Әйгілі мексикалық  актер Куно Беккер басты кейіпкер Әбілмансұрдың рөлін алып шықса, қазақ актрисасы Аянат Есмағамбетова негізгі кейіпкердің сүйген қызы Гауһардың рөлін сомдаған. Сондай-ақ Джей Эрнандес – Ералының, Марк Дакаскос – Шарыштың, Арчи Хао – Шангректің, Джейсон Скотт Ли – Ораздың, Дильназ Ахмадиева – Хошаның, Тұңғышбай Жаманқұлов – Әбілқайырдың, Досхан Жолжақсынов – Қалдан-Сереннің, Ерік Жолжақсынов –Барақтың образдарын ойнады.

Негізі фильмнің түсірілім жұмыстары 2004 жылы аяқталған болатын, бірақ продюсерлер картинаны көргеннен кейін оған қосымша қаражат салуға шешім қабылдайды. Себебі оларға фильмде шайқас көріністері мен романтикалық эпизодтар жеткілікті бейнеленбегендей көрінеді. Алайда мұндай өзгерістерді жасауға келіспеген  режиссер Иван Пассер мен оператор Юля Стайгер жобадан кетіп, олардың орнына Сергей Бодров пен Дан Лаусцен келеді. Олар картинаны продюсерлер қалаған деңгейге жеткізіп, фильм 2005 жылы үлкен экранға жол тартады.

Кинодраманың сюжеті он сегізінші ғасырдағы Қазақ хандығының жоңғар шапқыншылымен күресіп жатқан тұсын бейнелейді. Фильм қаһармандары өмірде болған тарихи тұлғалар – Әбілхайыр хан, Абылай хан, Төле би және жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен. Үш жүздің басын қосқан әйгілі Абылайдың бала жігіт шағынан кейінгі қазақ халқына сын болған уақыт Мансұрдың махаббаты мен Отаны үшін күресімен қатар көрсетіледі.

Фильмнің слоганы: Әрбір жауынгердің, әрбір халықтың, әрбір махаббаттың өз Отаны болуы керек.

 

 «Шолпанның күнәсі»

Шыққан жылы: 2005 жыл

Режиссері: Болат Шәріп

Мағжан Жұмабаевтың 1929 жылы жарық көрген «Шолпанның күнәсі» әңгімесінің желісі бойынша 2005 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.  Ұзақтығы 85 минуттан тұратын драманың оқиғасын экранға бейіммдеген сценаристер – Болат Шәріп, Айгүл Кемелбаева, ал операторы – Борис Трошев, суретшісі – Александр Ророкин, композиторы – Қуат Шілдебаев, атқарушы продюсері – Тәңірберген Хажиев. Басты рөлдерде – Динара Қашағанова, Ерік Жолжақсынов, Замзагүл Шәріпова.

Мәскеуде өткен Х Ұлттық кинематография Форумында көрсетілген бұл фильмнің басты кейіпкері – енді ғана беті ашылып, сүйікті күйеуімен жаңа өмірге қадам басқан Шолпан. Ол тұрмыстық өмірінің алғашқы кезеңінде құдайдан өзіне бала бермеуін тілейді. Сүйікті жары – аңшы Сәрсенбай екеуінің бақытты өміріне өзге адамның келіп қосылмағанын қаламаған оның осы аңғал тілегі шындыққа айналады. 8 жыл бойы өз жұбайынан бала көтеру бақытына ие бола алмаған Шолпан бір жас та тартымды жігіт Әзімбайдан жүкті болады...

 

Қош бол Гүлсары

Шыққан жылы: 2008 жыл

Режиссері: Ардақ Әмірқұлов

«Қош бол, Гүлсары» деп аталатын қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың повесінің негізінде түсірілген картинаның сценарий авторы – Ержан Рустамбеков, ал операторы – Александр Рубанов, композиторы – Қуат Шілдебаев. 102 минуттық фильммен жұмысқа бір жылдан астам уақыт кеткен, ал түсірілім Алматы облысының Ұзынағаш ауылының маңында жүргізілді. Фильм «Ардафильм» ЖШС мен «Қазақфильм» киностудиясымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 2008 жылы прокатқа шықты. Басты кейіпкер Танабайды сомдаған қырғыз актері Догдурбек Қыдыралиев бұл рөлге үш жыл дайындалып, ол үшін 13 келі салмақ тастаған. Ал Гүлсарыны Қазақстанның Тараз қаласындағы жылқы фермаларының біріндегі Гарпун атты айғыр сомдады. Сонымен қатар кинотуындыда Нұрлан Санжзар (Танабайдың досы Чоро), Райхан Айтқожанова  (Танабайдың әйелі Жайдар), Жанел Мақажанова (Танабайдың досы Бибіжан) секілді актерлер бой көрсетеді.

Картинаның оқиғасы 1950 жылдардағы кеңестік Қазақстанда орын алады. Фильм коммунистік колхозшы Танабай және оның  өмір бойы өзімен бірге жүрген сенімді серігі асыл тұқымды айғыр Гүлсары  екеуінің бастан кешірген кеңестік кезеңнің барлық драмаларын көрсетеді.

Бұл фильм жарыққа шыққаннан кейін тек қалың көпшіліктің ғана емес, киносыншылардың да көңілінен шығып, көптеген отандық, халықаралық кинобайқаулардың марапаттарына ие болды. Олардың қатарында: V «Еуразия-2008» халықаралық кинофестивалінің Гран-приі, ашылу фильмі, Астана; Райхан Айтқожановаға «Үздік әйел рөлі үшін» Қазақстан кинематографистер одағының «Құлагер-2008» тәуелсіз сыйлығы; фильм Түркияның Бурса қаласында IFF-тің ашылу салтанатында көрсетілді; Үндістанның Гоа қаласында өткен, Канаданың  Монреаль қаласында өткен халықаралық кинофестивальдерге қатысты; 2008 жылғы Ыстықкөл кинофестивалінде «Үздік режиссер» (Ардақ Әмірқұлов) және «Үздік ер адам рөлі үшін» (Доғдурбек Қыдыралиев) сыйлықтарына ие болды; Германияның Котбус қаласында өткен 18-ші Шығыс Еуропалық фильмдер фестиваліндегі көрермендер сыйлығы, 2010 жыл; Гатчинадағы «Әдебиет және кино» XVI орыс кинофестивалінің қазылар алқасының арнайы сыйлығы, 2010 жыл; 28-ші Фаджр Халықаралық кинофестивалінің жүлдесі; Киш курорттық аралындағы Бірінші Халықаралық Иран кинофестивалінің қазылар алқасының арнайы сыйлығы, 2011 жыл.

 

 

«Студент»

Шыққан жылы: 2012 жыл

Режиссері: Дәрежан Өмірбаев

Кинокартина орыстың ұлы жазушысы Федор Достаевскийдің «Қылмыс пен жаза» романының желісі бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсіріліген. Филм оқиғасы қазіргі Қазақстанда Алматыда өтеді. Әйгілі романды экранға және қазіргі күннің шындығына бейімдеп сценарийін жазған режиссер Дәрежан Өмірбаев, оператор – Борис Трошев, композиторы – Бауыржан Қуанышев, дыбыс режиссері – Илья Бисеров, атқарушы продюсері – Лимара Жексембаева. Басты рөлдерде – Нұрлан Байтасов, Майя Серікбаева, Едіге Болысбаев, Бақытжан Тұрдалиева, Аружан Саин, Амангелді Айталы, Әсел Сағатова, Дәрежан Өмірбаев секілді әртістьер сомдаған.

Фильмнің басты кейіпкері, философия факультетінің студенті, қала шетіндегі үйде кемпірден бөлме жалдап тұрады. Ол өзінің жалғыздығы мен ақша жоқтықтан қиналып күн кешеді. Оны кедейлік атмосферасы және жалпы бәсекелестік идеологиясы қоршап тұр, ол өмір сүретін әлемде адамдар бай мен кедейге, күшті және әлсізге бөлінген. Оның басына бір күні өзі кейде нанға баратын азық-түлік дүкенін тонау туралы жаман ой келеді...

Қазақстандық арт-хаус фильм өндірісінің өкілі Дәрежан Өмірбеаевтың осы туындысы отандық көрермен назарынан да, халықарлық киносүйер қауымның назарынанда тыс қалған жоқ. Ол 2012 жылы 17 мамырда Франциядағы  Канн халықаралық кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» бөлімі бойынша көпшілікке көрсетілді;, 8-ші EURASIA халықаралық кинофестивалінде  Netpak сыйлығын жеңіп алды;  сондай-ақ, Португалияда өткен  Тhe Lisbon & Estoril International Film Festival-де арнайы сыйлыққа ие болды.  

 

«Дала экспресі»

Шыққан жылы: 2005 жыл

Режиссері:  Сатыбалды Нарымбетов, Аманжол Айтуаров

Кинокартина орыс классигі А. С. Пушкиннің «Станционный смотритель» повесінің желісімен түсірілген. Бірақ фильмнің оқиғасын сценаристер Одельша Агишев пен Қуат Ахметов қазіргі күндерге ауыстырып, хикая өтетін жерді  қазақ даласын және Франция қылып өзгертеді. 90 минут экран уақытын алатын картинаның премьерасы 2005 жылы екінші қазанда болып өтті. Фильмнің продюсері –  Арман Асенов, операторы –  Хасанбек Қыдыралиев, суретшісі – Владимир Арыскин, ал композиторы – Айдос Сағатов. Негізгі саундтрек – «Made in Kazakhstan»-ның альбомынан алынған «Аяулым» әні.

Сюжет қазақ даласында қараусыз қалған шағын станцияда өтеді. Дәл сол жерде Сәуле қыз әкесімен бірге кішкентай ғана үйде тұрады. Француз саяхатшысына қазақ даласының қақ ортасында, дәл сол бекетте  пойыздан түсуге тура келді. Жас жігіт ойламаған жерден ақшасының барлығынан айрылып қалады. Қазақ тілінде мүлдем түсінбейтін Этьен кішкентай станцияда қалып қояды. Сол жерде ол Сәулемен кездесіп, жақын араласып кетеді. Осылайша екі жастың ортасында  махаббат оты тұтанып, олардың сезімдері күн сайын арта түседі. Олар бір-біріне таныс емес қоғамның әдет-ғұрыптары туралы біледі. Сөйтіп жүріп жас жұп Еуропаға қашуға бел буады. Бірақ Сәуленің ​​әкесі қызын шетелге жіберіп қойып , қарап отырғысы келмейді. Ол қашып кеткен ғашықтардың ізіне түседі.

Фильмнің премьерасы 2005 жылы 2 қазанда өтті. Содан бері көрермен қазақи талғаммен романтикалық оқиғаны тамашалай алады. «Дала экспрессі» фильмінің режиссерлері Аманжол Айтуаров пен Сатыбалды Нарымбетов тағы да өздерінің өндірістік дарындарымен таң қалдырды. Махаббат тақырыбы барлық уақытта және барлық халықтар арасында өзекті болып қала береді. Бір-біріне деген шынайы сезімі бар адамдар махаббат үшін барлығына дайын.  Фильм әдемі пейзаждары бірнеше рет кадрда көрсетілетін Қазақстанда түсірілген.

 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы