Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 ақпан, 2021357

«Адель»: Махаббат әлемді құтқара ала ма?

«Мүмкін сен бұл әлемде жай ғана адам шығарсың, бірақ біреу үшін бүкіл әлемнің өзісің» - деп айтқан жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің қанатты сөзі махаббаттың адам өмірінде мәңгілік өшпес естелік  екендігін растайды. Тарихқа үнілсек, махаббат сезімінің арқасында шабыт алған кинорежиссерлер көптеген кинотуындыларды әлемге паш етті. Қазақстан кинематографиясы да бұл тұрғыдан алғанда махаббат туралы мелодрамалардан кенде емес.  

Қазіргі таңда Қазақстанда мелодрамалар  көбінесе комедия жанрында түсіріледі. Алайда 2015 жылы жарық көрген «Адель»  туындысы махаббат драмасы ретінде көрініс тапты. Фильм режиссері және сценарисі - «Свадьба на троих» сияқты комедияларымен танымал киногер Асқар Бисембин, ал әдемілікті визуальды түрде суреттей білген талантты оператор Азамат Дулатов болды. Ол осы фильмдерден бөлек, «Келинка Сабина», «Тараз», «Лифт» сияқты картиналарға оператор болып, шығармашылығын шыңдаған. Сонымен қатар мелодрама оның продюсері әрі  басты рөлді сомдаушы Әсел Садуақасованың  алғашқы продюсерлік жобасы болып саналады. Картинада онымен бірге басты рөлді сомдаған актер Берік Айтжанов болды. Ол осыған дейін «Ликвидатор», «Махамбет», «Аманат» сияқты фильмдерде өнер көрсетіп, көпшілікке танымал болды.

Кино жол апатынан кейін физикалық және рухани тұрғыдан музыка  шығару қабілетінен  айырылған Бекжан (Берік Айтжанов) есімді композитор туралы баяндалады. Музыкант ұзақ уақыт бойы күйзелесте болып, өмірге деген қызығушылығынан айырылады. Ақша жетіспегендіктен, бұрын бірге жұмыс істеген  әріптестерінен көмек сұрайды. Мюзиклға досынан ұзақ уақыттан бері  музыка жазу туралы ұсыныс келіп түскен еді, алайда оған да шабыты жетпей жүреді. Күндердің бір күнінде ол көрші қызды көріп, одан шабыт алады. Сөйтіп, бас кейіпкер батыл қадам жасап, бойжеткенмен танысуға бел буады. Көп ұзамай Адель композитордың басты музасына  айналады. Бірақ бұл махаббат басты кейіпкерлерді проблемадан шығуға көмектесе ме?

Бекжанды сомдаған Берік Айтжанов кино үшін имиджін түбегейлі өзгерткен.  Актер картинадағы рөліне берілгені соншалық, оны айнымастай етіп орындайды. Оның музасы Адельдің рөлінде ойнаған Әсел Садуақасова да батыл, қайсар әрі сезімтал мінезді кейіпкерді қызықты етіп сомдап шығады.

Фильмдегі басты кейіпкер рөліндегі актер Берік Айтжановтың айтуынша, қиын күйзеліс уақытын басынан өткеріп жатқан композиторды ойнау оған оңай болған жоқ.

«Мен сценариймен танысқаннан кейін, маған фортепианода ойнау мәселесін шешу керек болды.Сөйтіп, «Ойнай аламын ба?» деген ойлар мазалай бастады. Бірақ режиссер мен оператордың арқасында біз бұл мәселені шештік. Мен ойнағандай кейіп таныттым»,- деп ағынан жарылды актер.

Фильмнің визуальды көрінісіне келетін болсақ, оператор Азамат Дулатовтың әдемі шығармашылығы көздің жауын алады. Кез келген кадр өзінің қайталанбас стилімен, сезімталдығымен көрермен жүрегін жаулайтынына сенімдіміз. Адельдің ерекше би қозғалыстарын, көзінің сұлулығын, нәзік кадрларын махаббатпен әрі сезімталдықпен түсірілгені байқалады. Осындай тұстар арқылы әйел сұлулығын ерекше етіп түсіре алатын оператордың шеберлігіне риза боласың.   

Фильмде айрықша атмосфераны құрайтын әуендерді қазақстандық композитор Павел Ли жазған екен. Романтизмге толы лирикалық әуен фильмнің сәттерін сентиментальді әрі толық көркемдей алды. Сонымен қатар Дильназ Ахмадиеваның орындауындағы «Остаюсь» әні де есте қаларлық атмосфера қалыптастырды.

Отандық фильм әсіресе, «Спеши любить», «Сладкий ноябрь» сияқты картиналарының жанкүйерлерін қызықтыра алады. Махаббат тақырыбында түсірілген көптеген кинотуындылардың сюжеті жаңашылдықпен ерекшеленбесе де, оларға деген сұраныс азайған жоқ.   

 Фильмнің түпкі идеясы  махаббат жеке тұлғаны құтқарып, өмірін шабытқа айналдыра ала ма деген ойға саяды. Болмаса, махаббат мұңды және қайғылы оқиғаның бастауы бола ала ма? деп қаласың.  Кино желісінде кейіпкерлер махаббат үшін күресіп, өмірдің шабытына айналған сезімді бағалауға үйретеді. «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп һәкім Абай бекер айтпаса керек. Драма жанрында түсірілген туынды адамдардың махаббатқа зәру екендігін тағы бір еске салады. 

«Адель» туындысы көрермен назарын өзінің ерекше оқиғасымен, баяндалу мәнерімен қызықтыра алады. Киноның визуальды көрінісі көздің жауын аларлық кадрлармен бейнеленген. Махаббат тақырыбында кино үлгісін көргіңіз келсе, «Адель» кинолентасы Сіздердің ойыңыздан шыға алады деген сенімдеміз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы