Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 маусым, 2021296

Әділхан Ержановтың шығармашылығына шолу 2

Бүгін  қазақстандық партизандық киноның негізін қалаушылардың бірі режиссер Әділхан Ержановтың соңғы бесжылдықта жарыққа шығарған және үлкен прокатқа дайындап жатқан фильмдеріне шолу жасадық.

 

Фестивальдық фильмдердің авторлары арасында ең көп әлемдік мойындауға және мараптаттарға ие болған фильммейкер осыған дейін он екі бірдей толықметраджды картина түсіріп үлгерген. Ол отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында фильмді жасау процесінің қандай да бір эмоциядан басталатынын айтады. «Бұл эмоциялар үнемі бізбен бірге, біздің ойымызда күнделікті өмірмен қатар жүреді және олар сюжетте көрініс табуды талап етеді. Егер сюжетті дамытуға бағыт беретін сезім болмаса, идеяның өзі өміршең емес. Егер ол (эмоция) жоғалып кетсе, сценарий қызықсыз болып қалады және одан жақсы фильм шықпайды. Сондықтан мен сезімге кенде жақсы сценарийден жанды эмоцияға толы нашар сценарийді артық көремін». Ендеше шығармашыл режиссердің сезімге толы кинотуындыларына толық шолу жасауды жалғастырайық.

«Ночной Бог» (2017)

Әділхан Ержанов бұл толықметражды «Ночной Бог» (тікелей қазақшасы – «Түнгі Құдай») антиутопиялық фильмін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірген. Драма/фэнтези жанрындағы бұл картинаның продюсерлері ретінде Серік Әбішев, Ольга Хлащева қызмет етсе, фильм операторы – Едіге Несіпбеков, қоюшы-дизайнері – Ермек Өтегенов, дыбыс режиссері – Илья Гариев, композиторы – Нұрасыл Нұридин болды. Бұл фильмде де режиссер өзінің сценарий жазу өнері мен монтаждау машығын танытып, режиссерлікпен бірге алып жүрген.  Негізгі кейіпкерлердің образдарын Баймұрат Жұманов, Әлия Зайналова, Нұрбек Мұқышев, Константин Козлов, Салтанат Наурыз, Мақпал Исабекова секілді актерлер сомдап шықты. 110 минутқа созылатын картинаның әлемдік тұсаукесері 19-26 сәуір аралығында Ресей астанасында өткен 40 жылдық мерейтойлық Мәскеу халықаралық кинофестивалінің басты конкурстық бағдарламасы аясында болып өтті.

 «Түнгі Құдай» драмасының сюжеттік желісін сипаттау қиын, тіпті мүмкін емес десе де болатындай. Егер оқиға мазмұнына формальды түрде келетін болсақ, фильм белгісіз бір қалада пальто мен шляпа киген орта жастағы ер адамның сахнасымен басталады. Оның қасында әйелі мен он бес жасар қызы бар. Олар осы қаладан түнейтін бір жер тауып, сапарын әрі қарай жалғастырғысы келеді. Бірақ біртүрлі әрі түсініксіз жағдайлардың арқасында ол қала істеріне көбірек араласып, біртіндеп тұрғындардың және өз тағдырының кепіліне айналады. Қала карантинге жабылып, қауіптің қызыл деңгейі жарияланады және бар адам ақырзаманды күтіп жүреді. Фильмдегі оқиға Франц Кафканың «Қамал» романын еске түсіреді, мұнда оқиғаның айқын, бұрылыс сызығы болмайды, осының арқасында фильм атмосферасына еніп, біртүрлі және күңгірт қаланың артқы көшелерімен жүрген, әлем мен өз өміріне алаңдаған кейіпкердің күйін түсінеді.

«Түнгі Құдайда» оқиға әрекеттерінің барлығы дерлік түнгі уақытта өрбиді, мұнда күннің жарығы көрінбейді, тек әртүрлі жасанды жарықтың әдемі әсері бар. Оқиғаның не болып жатқан мекені не мезгілі белгісіз. Фильмді осылай түсіру – режиссердің өзіндік ерекше стиліне айналып кеткен.

Картина авторының айтуынша, «мифологиялық ойлау қазіргі уақытта әлемде болып жатқан заттардың мәнін өте дәл бейнелейді. Ал фольклорлық негіз – жаңа кинематографияның архетиптік күші». Осы ұстанымда түсірілген фильм,  режиссердің алдыңғы фильмдеріндей емес қазақстандық кең прокаттан тысқары қалып қойған жоқ. Еліміздің көптеген кинотеатларында көрсетіліп, қалың көпшіліктің бағасын алды. Сонымен қоса, 2018 жылы да фильм Париждегі L'Etrange кинофестивалінде, Индонезиядағы Джоджа-NETPAC Азия кинофестивалінде шетелдік көрерменге жол тартты. Ал 2019 жылы 21-28 ақпан күндері фильм Үндістанда өткен Bengaluru International Film Festival кинофестиваліне қатысты. Сондай-ақ 2019 жылғы 11 шілде мен 1 тамыз аралығында Канаданың Монреаль қаласында өткен FANTASIA Халықаралық кинофестивалінің «Камера Люсида» байқау бағдарламасына қатысты.

 

«Әлемнің ерке енжарлығы» (2018)

«Әлемнің ерке енжарлығы»  («Ласковое безразличие мира») – AstanaFilmFund, Short Brothers, Arizona Productions компанияларымен түсірген Әділхан Ержановтың романтикалық драма жанрындағы алғашқы фильмі. Бұл жолы бас продюсер ретінде Ақан Сатаев пен Ернар Құрмашев, ал продюсер ретінде Серік Әбішев пен Ольга Хлащева қызмет атқарған, сценарий авторлары Ролаф Ян Миннебу және Әділхан Ержанов болса, оператор – Айдар Шәріпов, қоюшы-суретші – Ермек Утеграфин, монтаж жасағандар, әдеттегіше, Едіге Несіпбеков пен Әділхан Ержанов болды. Басты рөлдерді сомадаған әртістер: Динара Бақтыбаева, Қуандық Дүйсембаев, Сұлтан Абзалов, Төлеміс Әлішев, Күлжамиля Белжанова, Еркен Ғұбашев, Аркен Ибдимин, Бауыржан Қаптағай, Теоман Хос, Константин Козлов. Махаббат жайлы драманың әлемдік премьерасы Канн халықаралық кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» бағдарламасының аясында өтті. Осы фестивальден кейін кинотуындының халықаралық дистрибьютері болу құқығын Beta cinema компаниясы сатып алды.

Әділханның бұл фильмінің бұрынғы картиналарынан айырмашылығы –режиссер алғаш рет өз туындысынының негізгі тақырыбы етіп махаббат тақырыбын алуында. Дегенмен әдеттегідей әлеуметтік мәселелерді астарлап беруден танбаған. Режиссердің өзі бұл туралы «Время» газетіне берген сұхбатында: «Сүйіспеншілік кез-келген идеяның контекстінен тыс қызық емес. Идея болмаса, бұл жай ғана жеке жағдай. Егер махаббат хикаясының артында «Ромео мен Джульеттадағыдай» кландардың бөлінуі немесе «Американдық трагедиядағыдай» кластардың бөлінуі тұрса, онда труизм трагедияға айналады. Мен артында белгілі бір әлеуметтік негізі, философиялық астары бар махаббат оқиғасын жеткізуге көмектесетін сюжет іздедім», – дейді. Тағы бір ерекшелік, режиссердің алдыңғы фильмдерінде жарқын саяси коннотациямен қара, күңгірт түстер басым болса, осы фильмде түрлі-түсті ашық реңктер көптеп қолданылаған.

«Махаббат әрқашан күнделікті өмірден, қорқыныш пен өлімнен жоғары тұрады» деген слоганмен жарық көрген фильмнің басты кейіпкерлері –Қуандық пен Салтанат. Салтанаттың отбасы қарызға белшесінен батқан, сондықтан ол не бай кәсіпкерлердің көңілдесі болуға келісуі керек не қарызды өтей алмағаны үшін анасының түрмеге түскеніне көз жұма қарау керек. Қуандық Салтанатты бұл қиын жағдайдан құтқарғысы келіп, ақша табуға тырысады. Бірақ қолыңнан тек атаңның мылтығымен далада аң аулау келетін болса, елордада жұмысқа тұру, ақша табу мүмкін емес. Қала өзінің қатал заңдарымен жастарды сындыруға тырысады, алайда Қуандық пен Салтанат барлық мүмкін жолдармен қиындықтарға қарсы тұрады.

Қазақстандық «партизандық киноның» бірегей өкілінің бұл туындысы әлемдік тұсаукесері өткеннен кейін-ақ халықаралық киносыншылардың жоғары бағаларын алып, бірнеше марапаттарға ие болды. Басты рөлді сомдаған Динара Бақтыбаева қырғызстандық «Ақ Илбирс» ұлттық байқауында «Ең үздік актриса» номинациясын, картинаның өзі «Ең үздік фильм» атағын жеңіп алса, кәсіби білімі жоқ болғаныныа қарамастан, Қуандық Дүйсембаев Қазан халықаралық мұсылман киносының фестивалінде және 8-ші «Край света. Восток» фестивалінде «Ең үздік ер адам рөлі» номинациясының иегері атанды. Бұдан бөлек фильм қоржынында әртүрлі байқаулардан әртүрлі категориялар бойынша берілетін 9 жүлде бар.

 

«Қап-қара адам» (2019)

«Қап-қара адам» («Черный, черный человек») картинасы Фильмнің бас продюсерлері Ақан Сатаев пен Ернар Құрмашев болды. Сценарийді Әділхан Ержановтың өзі және голландиялық Ролоф Ян Миннебу жазды. Ольга Хлащева кинотуындының халықаралық жарнамасымен айналысса, Серік Әбішев атқарушы продюсер болды, екеуі де осыған дейін Ержановпен бірге оның барлық фильмдерінде жұмыс істеген. Фильм операторы ресейлік Айдар Шарипов бұған дейін Ержановпен «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмінде де бірге жұмыс істеді. Онымен бірге режиссердің барлық фильмдерінде қызмет еткен оның тағы бір тұрақты серіктесі Ермек Өтегенов картинаның қоюшы-дизайнері болды. Фильмнің музыкасын белгілі музыкант Ғалымжан Молданазар жазған. Картинаны Ә. Ержанов Short Film Brothers және Arizona Productions қатысуымен Astana Film Fund компаниясымен түсірген. Режиссер негізгі кейіпкерлерді сомдауға Данияр Алшинов, Динара Бақтыбаева, Теоман Хос секілді актерлерді шақырған. 130 минутқа созылатын картинаның бюджеті 40 мың АҚШ долларын құрайды.

Көркем драманың сюжеті ауылда өлтірілген балаға қатысты қозғалған қылмыстық іске қатысты өрбиді. Тергеуші Бекзат бұл қылмысқа ат-үсті қарап, істі тезірек жауып тастауға тырысады. Себебі, жергілікті полиция қызметкерлері оған дейін қылмыстық оқиғаны зерделеп, ауылдағы есуастау жігіт Пукуарды кінәлі деп тауып қойған. Бірақ қаладан осы іс бойынша зерттеу жүргізуге келген журналист қыз Аринаның жұмысқа араласуымен Бекзат шын қылмыскерді табуға белсене кірісуге мәжбүр болады. Бұл оның тәжірибесіндегі заң бойынша және әділ жүргізілген алғашқы ісі болмақ.

Фильмнің мағынасы туралы режиссер: «Бұл өзгеріп, адамға айналатын кейіпкер туралы фильм. Бұл – бұған дейін де бірнеше рет айтылған классикалық әңгіме, бірақ ол әрдайым қызықты және мені толғандырады. Фильмді анти-детективтік оқиға десе де болады. Бұл жердегі ең басты нәрсе – қылмыскердің кім екендігі емес, басты кейіпкер өзінің ішкі жанжалын қалай шешетіндігі», – дейді.

«Қап-қара адам» драмасының әлемдік премьерасы 2019 жылдың 23 қыркүйегінде Испанияда өтті. Картина 67-ші Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалінің басты конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілген. Одан кейін де шетелдік «Киношок», «Везуль», «Варшава» секілді халықаралық кинофестивальдерде топ жарды. 2019 жылдың қараша айында Әділхан Ержановқа осы фильміндегі жұмысы үшін «Үздік режиссер» номинациясы бойынша Asia Pacific Screen Awards-2019 (азиялық «Оскар») марапатталды. Марапаттау рәсімі 21 қарашада Австралияның Брисбен қаласында өтті, ол осы номинация бойынша осы сыйлықты алған алғашқы қазақстандық режиссер атанды. 2020 жылы фильм қазақстандық «Сыншылар таңдауы» тәуелсіз киноссыйлығын 5 бірдей  номинация бойынша жеңіп алды: «Үздік драмалық фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актер», «Үздік актриса» және «Үздік оператор». Сонымен қатар, аталған фильм әйгілі «Алтын глобус» киносыйлығының ұзын тізіміне енген. Сондай-ақ француз киносыншыларынан жоғары баға алып, Фпанцияның барлық ірі қалаларындағы 60 кинотеатрда, соның ішінде Париждегі 9 кинотеатрда кең прокатқа шықты.

 

«Атбай шайқасы» (2019)

«Атбай шайқасы» («Бой Атбая») – Әділхан Ержановтың сегізінші толықметражды фильмі. Sunny Production, Short Brothers, Arizona Production компанияларының қатысуымен жүзеге асқан жобаның бас продюсері – Әсел Садуақасова, ал продюсерлері алдыңғы фильмдегілердей Серік Әбішев, Ольга Хлащева болды. Сценарийді режиссер өзінің жары Инна Смайыловамен бірге жазған. Операторы – Еркінбек Пітіралиев, монтажері – Әділхан Ержанов, қоюшы-суретші – Ермек Өтегенов, дыбыс режиссері – Илья Гариев және композиторы – Сергей Шегай. Негізгі кейіпкерлердің образдарын: Атбайды – Данияр Алшинов, Әлияны – Әсел Садуақасова, Рафаэльді – Санжар Мәди, Аиданы – Динара Бақтыбаева сомдайды. Ә. Ержановтың фильмдерінде актриса Динара Бақтыбаева осымен үшінші рет басты рөлдердің біріне бекітілді.

 

Ұзақтығы 133 минуттан тұратын драманың басты кейіпкері – көше төбелесімен тәрбиеленген Атбай. Бірде тағдыр оған көшені ережесіз жекпе-жектің сегіз қырлы алаңына айырбастап, жаңа деңгейге шығуға үлкен мүмкіндік береді. Атбай кәсіби турнирге қатысса, аутсайдерлер қатарынан шығып, әрі қарай дами алады. Сонда қаржылық жағдайы қалпына келіп, сүйген қызы Аида да оған қайтып оралады. Бірақ промоутер Әлия бұл жарыстарға мүлдем басқа көзқараспен қарайды. Оның қол астындағы аралас жекпе-жектің жергілікті жұлдызы Рафаель үшін бұл турнир – халықаралық мансапқа қадам басатын бірден бір жол. Сондықтан ол алдын-ала жалғыз жеңімпаз ретінде бекітіліп қойған, ал Атбай әуелбастан жеңілетіндер тізіміне енген. Алайда басты қаһарманның қайтпас мінезі мен мотивациясы  әділетсіздікке, бекітіліп қойған нәтижеге көндігуге жол бермейді. Осыдан кейін ережесіз жекпе-жек қағидаларының өзі сақтық шеңберінен шығып, іскерлік келісімдерге, моральдық нормаларға, жалпы фильм кейіпкерлерінң өмір сүру кеңістігіне алмасады.

Картинаның әлемдік тұсаукесері 11-20 қазан аралығында өткен 35-ші Варшава Халықаралық кинофестивалінде кесілді. Кейін ол Якутияда өткен халықаралық кинофестивальде топ жарып, Гран-при иегері атанды. Сондай-ақ New York Film Awards байқауында Атбайдың бейнесін тамаша көрсеткені үшін  Данияр Алшинов «Үздік актер» номинациясымен марапатталды. Ал Maverick Movie Awards ұйымдастырушылары фильмге бірден екі атақ –«Үздік фильм» және «Үздік актер» номинацияларын тарту етті.

«Атбай шайқасы» фильмі негізінде осы көктемде қазақстандық прокатқа шығуға жоспарланған болатын. Алайда киногерлер картинаны бірден стримингке беруді шешкен. Осылайша 4 маусымнан бастап, Art Dealers дистрибьюторлығымен кинотуынды ресейлік ең ірі КиноПоиск Hd платформасында көрсетіле бастады.

 

«Сары мысық» (2020)

«Сары мысық» («Желтая кошка») – ZERDE FILMS, Short Brothers, QAZAQFILM, Arizona Productions компанияларымен түсірілген драма. Бас продюсерлер ретінде бұл жолы Әсел Садуақасова, Қанат Битемиров, Ербол Тойбаевтар қызмет еткен. Ал продюсерлері Ержановпен барлық фильмде бірге жұмыс істеген Серік Әбішев пен Ольга Хлащева. Сценарий авторлары – Әділхан Ержановтың өзі мен киносыншы Инна Смайылова. Ал операторы – Еркінбек Пітіралиев, монтажері – Әділхан Ержанов, қоюшы-операторы – Ермек Өтегенов, дыбыс режиссері – Илья Гариев, композиторлары – Әлім Заиров пен Иван Синцов. Режиссер бұл кинотуындының басты кейіпкерлерін сомдауға Азамат Нығманов, Камила Нұғманова, Санжар Мәди секілді әртістерді таңдаған. Сонымен қоса, актерлік құрам қатарында осыған дейін Ержановтың басқа фильмдеріне түсіп үлгерген Еркен Ғұбашев пен Ержан Жаманқұлов та бар. 90 минуттан тұратын драманың түсірілім жұмыстары Алматы облысында жүргізілді.

Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайд» туралы баяндайды. «Пистолеті, қызы және арманы бар» жас жігіт Кермек түрмеден босап шыққаннан кейін туған қаласына оралып, онда өзінің аяусыз заңдарын орнатқан қылмыстық топ басшылық жасайтынын көреді. Оның сүйікті қызы Ева осы адамдардың қысымымен жаман жолға түсіп, Кермектің өзі де қылмыстық әлемге бет бұрады. Алайда, оның бір арманы бар – сүйіктісімен бірге бостандыққа шығып, кинотеатр салу. Ол осы мақсатына қандай жолмен болса да қол жеткізуге шешім қабылдайды.

Картинаның әлемдік премьерасы 10-шы қыркүйек күні 77-ші Венеция Халықаралық кинофестивалінің «Көкжиектер» байқау бағдарламасы аясында өтті. Сондай-ақ «Сары мысық» Ресейдің беделді «Ника» киносыйлығына «ТМД, Балтық елдері мен Грузияның үздік фильмі» номинациясы бойынша ұсынылды. Бұдан бөлек, фильм Қытайда өткен «Жібек Жолы» халықаралық кинофестивалінде арнайы марапатқа, Батуми халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» номинациясына, «Мәскеу премьерасы» халықаралық кинофестивалінде халықаралық фильм сыншылары қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болды.

 

«Ұлболсын» (2020)

 «Ұлболсын» картинасымен жұмыс істеген мамандар бұрынғыдан түбегейлі ауысқан жоқ: мұнда да Әділхан Ержанов режиссер, сценарист, монтажер ретінде көрінді, Серік Әбішев пен Ольга Хлащева – продюсерлер, Илья Гариев – дыбыс режиссері, Sunny Production, Short Brothers, Arizona Productions шығарушы компаниялар болды. Бұл фильм Ержанов пен оператор Азамат Дулатов біріккен алғашқы жоба, сондай-ақ режиссер музыкант Алуа Өрентаймен де алғаш рет осы картинада тәжірибе алмасты. Негізгі рөлді – Ұлболсынның образын әйгілі қазақстандық актриса Әсел Садуақасова сомдады және ол фильмнің бас продюсері болған. Бұл Садуақасова мен Ержановтың бірлесе жасаған үшінші жобасы. Басты кейіпкердің сіңілісі Ажарды – Динара Сағи, Үргенді – Ерболат Әлқожа, Дарикті – Берік Айтжанов, арнайы жасақ капитанын – Санжар Мәди ойнады. Данияр Алшиновтың «Қап-қара адам» фильміндегі өзінің кейіпкері детектив Бекзаттың эпизодын сомдауы назар аударуға тұрарлық. РежиссермСонымен қоса фильмде, режиссерменен әрқашан кәсіби ынтымақтастықта болатын Ержан Жаманқұлов, Нұрбек Мұқышев және Еркен Ғұбашев те бой көрсетті.

Кинокартинаның оқиға желісі ерік-жігері мықты, қайсар қыз Ұлболсынның патриарзалды қоғаммен күресін бейнелейді. Қалада тұратын ол өзінің сіңілісі Ажардың ештеңеден тарлық көрмей, мансап қууы үшін шетелде оқуына жағдай жасайды. Бірақ болашағынан үміт күтіп жүрген бауыры мектеп бітіргеннен кейін қалаға келмейді. Сіңілісін өзі іздеп туған жері Қаратас ауылына келгенде ол Ажардың ауыл емшісі үргенге тоқал болайын деп жатқанының куәсі болады. Бірақ алып қашуды дәстүр емес, адам ұрлығы деп білетін Ұлболсын сіңлісінің тағдыры үшін күресуге бел буады. Алдымен арнайы полицияны, белгілі блогерлерді тартып Ажарды құтаруға талпынған оған еркектер ешалай көмектесе алмайды. Амалы қалмаған басты кейіпкер қолына қаруды өзі алады.

Суреткер Әділхан Ержанов өзінің оныншы толықметражды картинасы туралы: «Маған әрдайым әйелдер ер адамдардан барлық жағынан – адамгершілік жағынан, сезім жағынан мықты сияқты көрінетін. Маған бұл фильмде мықты әйелдің образын жасау үлкен рахат сыйлады... «Ұлболсын» фильмі – қиын жағдайға тап болған апалы-сіңлілердің қарапайым оқиғасы, дәл осы қиын жағдай кейіпкерлердің бейнесін ашуға көмектеседі», – дейді.

Қазақ қоғамында өзектілігін жоймаған әйел тақырыбын көтерген туынды XXIV Таллинн кинофестивалінің Black Nights байқау бағдарламасында тұсауы кесіліп, «Ең үздік азиялық фильм» номинациясы бойынша жеңіске жетті. Оған дейін ол пост-продакшн кезінде 2020 жылдың 14-21 тамыз аралығында онлайн режимде өткен Сараево (Босния және Герцеговина)  кинофестивалінде Work-In-Progress бөлімі бойынша үздік деп танылған болатын.

Біз қазірге дейін халықаралық немесе қазақстандық прокатқа шыққан Әділхан Ержановтың кинотуындыларының барлығына дерлік шолу жасадық. Бүгінде тынымсыз режиссер карантиндік шектеулерге қарамастан тағы екі толықметражды фильмдерді түсіріп үлгерді. Алайда олар қазір пост-продакшн сатысында тұр, үлкен экрандарға қашан шығатыны жөнінде ақпарат әзірге жоқ. Біріншісі – «Оңбағандар» картинасы. Фильм оқиғасы екі түрлі қағидамен қызмет ететін екі полиция қызметкері туралы баяндайды. Селкеу – ауыл полицейі, ол ешқашан қызметін адал атқармаған, құқықбұзушылықтарға көз жұма қарайтындықтан оны ауыл тұрғындары жақсы көреді. Ал Гүрбекен – адал әрі өз қағидаларына берік құқық қорғау органының қызметкері. Ол Селкеудің ауылына жергілікті қылмыспен күресу үшін көшіп келеді. Өзінің бұл фильмі туралы режиссер: «Бұл бадди-муви жанрында түсірілген. Мұнда басты кейіпкерлер бір-бірмен бәсекелеседі, араздасады, бірақ кейін татуласады. Біреуі заң бойынша, екіншісі ар-ұждан қалауы бойынша әрекет етеді. Стилистикалық тұрғыдан біз фильм тұжырымдамасынан – мызғымас табиғи шындық пен адамгершіліктің қақтығысын тайқымауға тырыстық», – дейді.

Алдағы уақытта жарыққа шығатын екінші фильм – «Оқу іздеген Адемока». Бұл картина «Ұлттық киноны қолдау» орталығының қолдауымен «Қазақфильм» және Short Brothers кинокомпнаияларының қатуымен түсірілген. Бұл драманың басты кейіпкері – Қазақстанда заңсыз өмір сүріп жатқан, қайыр сұрап күн көріп жүрген бүлдіршін қыз Адемока. Ол өте дарынды әрі талантты қыз, оның асыл арманы – білім алу. Баланың бұл қалауына қол жеткізуге кедергі – Қазақстанның азаматтығы болмауы және заңсыз мәртебесі. Бірақ оған күтпеген жерден өмірде жолы болмаған маскүнем Ахав білім алуға көмектесуге шешім қабылдайды.

Авторлық кино саласының үздігі Әділханның соңғы екі фильмімен жұмыс істеген мамандар бірдей десек те болады. Екі картинада да сценарсит те, монтажер да режиссердің өзі, қоюшы-суретші – Ермек Өтегенов, дыбыс режиссері – Илья Гариев, композитор – Сандро ди Стефано, продюсерлер – Серік Әбішев, Абылайхан Ушимов, Ольга Хлащева. «Оңбағандарда» бас продюсер ретінде Нұрасыл Жарбасов көрінсе, оператор ретінде Еркінбек Пітірәлиев қызмет еткен. Ал «Оқу іздеген Адемоканың» операторы Азамат Дулатов болды. Бұл фильмде басты кейіпкерді Адема Ержанова сомдайды, ал қалған басты кейіпкерлерді ойнайтын актерлар екі фильмге де ортақ, олар: Данияр Алшинов, Ержан Жаманқұлов, Әсел Сәдуақасова, Болат Қалымбетов.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы