Размер шрифта:

Цветовая схема:

13 наурыз, 2020368

«Әкім» фильмі «Слуга народа» сериалының қазақстандық үлгісі ме?

Нұртас Адамбайдың жетінші картинасы романтикалық комедия болғанымен, өткір әлеуметтік мәселелерді, сыбайлас жемқорлық пен ауыл жағдайының нашарлығын қамтуды көздеген. Ал бұл Адамбайдың қолынан қаншалықты келді? 60 млн. теңгеге түсірілген  фильм өзін ақтай алды ма?

Отандық киноиндустриямызда айтарлықтай дәрежесі бар Нұртас Адамбай енді фильмдеріне сапалы мән мен тұщымды ой қосуды қолға алғандай. Осы мақсатта продюсер дәл осы «Әкім» фильмін түсірді. Оған мұндай атауды ұсынған да сол әкім. Дәлірек айтсақ, Шымкент қаласының бұрынғы әкімі қызметін атқарған елге белгілі шенеунік  Ғабидолла Әбдірахымов. 

 Нұртас Адамбай, продюсер: 
“Біз алғашында ауылға келген мұғалім немесе актер жайында түсіруді жоспарлаған болатынбыз. Алайда, соңында дәл осы әкім тақырыбына тоқталдық. Себебі, тек осылай ғана біз қазіргі елді алаңдататын мәселелерді қозғай алатындығымызды түсіндік”

Фильм желісі Массачусет университетін бітіріп, әкесінің “таныстары” арқылы жоғары лауазым мен жылы орынға дәмеленген Азамат Ашимов (Нұртас Адамбай) жайында. Бірақ, жігіт бұл мақсатына жету үшін  алдымен үлкен сынақтардан ерекше сабырлықпен өтуі қажет. Қаладағы қамсыз өмірімен қош айтысып,  ауылға көшуге мәжбүр болған Азамат басынан талай оқиғаларды өткереді. Қарапайым ұялы байланыс ұстамайтын, электр қуаты мен табиғи газ тартылмаған ауыл жағдайынан тезірек Gucci мен Bentley әлеміне асыққан «Әкім» қарапайым ауыл мұғалімі Гүлназға (Гүлназ Жоланова) ғашық болады. Махаббат сезімі оянған жігіт енді әкім ретінде ауыл тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасауға тырасады. Билік басындағы жемқорлық пен әділетсіздікке ашынған Азамат шенеунік әріптестерін барынша тура жолға салуды көздейді. 

Негізі, ел арасында Адамбайдың фильмдер желісінің ұқсастығы көп айтылады. «Халық айтса, қалт айтпайды» - демекші, бұл жолы да аталған дәстүр өз жалғасын тапқандай. Тағы да сол баяғы оқиға - қалалық адамның ауылға келгендегі өмірі мен бастан кешкен оқиғалары. Көбі украиналық «Слуги народа»  телесериалының қазақстандық үлгісі болады деп күткен болар. Бірақ, фильмде кішігірім саясат туралы қалжыңдар мен елге мәлім әрі жауыр болған проблемаларды көрсеткені болмаса, картинаны қарапайым романтикалық комедиялар қатарына қосуға абден болады. Мәселен, кинодағы ең «батыл» әзіл деп біз Елбасы туралы айтылған фрагменттен байқай аламыз. Фильмде кездесетін   «Сіз не Елбасымен келіспейсіз бе?» деген фразаның өзі қазір өмірде қуатты күшге ие екенін көрсеткендей. Тағы бір айтатын мәселенің бірі, фильмде бүгінде қазақ тілі деңгейінің нашар екендігі көрсетіліп, оның дамуына әрбір азамат үлес қосу керектігі алға тартылған. Алайда, туындының өзі орыс тілінде түсірілгеніне қарап,  фильм авторлары өз - өзіне қарсы шығып тұрғандай көрінеді. 

Басты рөлді Жан Байжанов, Гүлназ Жоланова, Гүлнара Досматова, Қайрат Әділгерей, Ашім Ахметов және Дархан Дайырбек сынды актерлер сомдаған. Фильмде әкімнің ауылдағы өміріне үйренісуге жағдай жасайтын кейіпкерлердің рөлі жақсы сомдалған. Басты әзілдер мен қызықты диалогтар да дәл осы кейіпкерлерге арнайы жазылып берілгендей. Ал мұндай жауапты рөл Қайрат Әділгерей мен Дархан Дайырбекке бұйырған. 

Фильмді заманауи әуендермен сүймелдеу де ұтымды шешім болған. Мәселен, кинокартинадан жастардың сүйікті әншісі Молданазардың туындылары мен халыққа Argonya атымен танылып келе жатқан Арғын Аусаровтың әндерін кездестіруге болады. 

Кинокартинаның түсірілімдері үшін еліміздің әсем табиғатын көрсету мақсатында Алматы облысында орналасқан «Саты» ауылы мен  Көлсай және Қайынды көлдері таңдалған. Фильм геолакациясына тағар ешбір мін жоқ екені белгілі. Тек оны шаблон кадрлар арқылы түсірген операторлық жұмыстың шектелген рамкадан шыға алмағандығы қынжылтады. 

Қорытындылай келе, фильм билік басына әкімдердің қалай тағайындалатыны, ауыл тұрмысын жақсарту үшін бөлінген қаражаттың дұрыс қолданылмай жатқандығын көрсеткісі келгенімен, тек оны тереңінен аша қоймағандығы байқалады. Фильмнің соңы тіпті ерекше ертегі секілді аяқталған, ал өмірдегі жағдай мүлде басқаша ғой. Не дегенмен,  қазір режиссерлердің осы сынды фильмдерді аз да болсын таспалап, салмақты тақырыптарды көтеру керектігін түсініп келе жатқандығы қуантады. 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы