Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 наурыз, 2021546

Актриса Жанаргүл Жаныаманова рөл сомдаған картиналар

Қазақстандық талай телехикаялар мен фильмдерде рөл сомдаған актрисалар қаншама. Әрқайсысының отандық киноиндустрияда алар орны ерек. Осындай жандардың бірі – Жанаргүл Жаныаманова. Актриса бүгінде кинода ғана емес, театр сахнасында да өнер көрсетіп жүр. Осы уақытқа дейін жас талант жиырмаға жуық картинада эпизодтық рөлдерден бастап бас рөлдерге дейін өнер көрсеткен. Бүгінде туған күн иесі атанып отырған Жанаргүл Жаныаманованың түскен бірнеше картиналарын тізбектеп, ондағы рөлдерін атап өтпекпіз.

 «Ана жүрегі» / «Сердце матери» (2012)

Бұл екі бөлімді көркем фильм посткеңестік замандағы дәуірдің ауысуы, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуы жайынан сыр шертеді. Бұл өзгерістердің барлығын көрермендер шалғай ауылда тұрып жатқан қарапайым отбасының өмірі арқылы тамашалайды. Картинаның негізгі сюжеті қазақ әйелдеріне, нақтырақ айтқанда, сол қиын заманда талай ауыртпашылық көріп, тек өзіне сеніп бала тәрбиелеген аналар жайынан сыр шертеді. «Ана жүрегі» телехикаясында Жанаргүл Жаныаманова Шахар есімді кейіпкерді сомдайды.

«Күн сақшылары» /«Хранители солнца» (2013)

Фото: yvision.kz

Режиссер Санжар Сұлтановтың көпбөлімді телехикаясының кейіпкерлері – фаст-фуд мейрамханасының қызметкерлері. Олар мейрамханада сонау кеңес заманда жасырылған қазынаны тауып алады. Продюсер Ахат Ибраевтің айтуынша, бұл қазына - әрқайсысымыздың ішімізде сақтаулы жатқан құндылық іспетті. Картина жастар тақырыбына арналса да, түрлі жастағы кейіпкерлерге қызықты болары сөзсіз. Шытырман оқиғалы телехикая «Хабар» агенттігі мен «Ел Арна» телеарнасының бірлескен жобасы. «Күн сақшылары» - Қазақстандағы тылсым-шытырман жанрында түсірілген алғашқы телехикая. Фильм сюжеті Sun City мейрамханасының бір шаңырағының астында жұмыс істеуге жиналған түрлі адамдар тағдырының айла-әдісіне негізделген. Картинада Жанаргүл Жаныаманова Земфира есімді балгерді сомдайды. Онымен бірге бас рөлдерді актерлер – Шәріп Серік, Артұр Төлепов, Нұржан Тұтов, Аружан Жазылбекова және басқалары ойнайды.      

«16 қыз»/ «16 девушек» (2016)

Нұржан мен Сәлима немерелі болуды армандайды. Алайда олардың ұлдары Бауыржан үйленуге әзірге асық емес. Шаңырақ көтеруін жүрек қалауымен болғанын қалайды, бірақ ол үшін лайықты қыз таба алмай жүр. Ата-анасы атастыратын бойжеткеннің де басы бос болмай шығады. Кейіпкерлерді талай шытырман оқиғалар мен танысулар күтеді. Отандық комедияда Жанаргүл Жаныаманова Мақпал есімді кейіпкерді сомдайды. Картина продюсері Айдархан Әділбаевтың айтуынша, бұл фильмді түсіру идеясы аяқ асты туындаған. Идея кинолента режиссері Қанағат Мұстафинмен атақты «Дос-Мұқасан» тобының орындауындағы «16» қыз халық әнін тыңдап отырғанда келген екен. Содан бері Қанағат пен оның тең авторы фильмнің сегіз түрлі сценарийін жазыпты.

«Наурыз.kz» (2017)

Жыл сайын біз көктемнің, онымен бірге бір сиқырдың келетінін күтеміз. Ал сиқыр дегеніміз бұл – бір жыл комада жатқан әкімнің ауылды басқаруы, американдық жігіттің шалғайдағы шырайлы Шымкентте туыстарын табуы, «махаббат үштігі» мүшелерінің жасы 200 жылдан асуы, ең сұлу қыздың кәсіпкерге емес, қарапайы такси жүргізушісіне тиесілі болуы және шексіз махаббат тіпті қарапайым студенттік степендияға да өмір сүре алуы! Яғни Наурыз - бұл армандар орындалатын кез. Міне, дәл осы фильмдегідей. Картинада актриса Жанаргүл Жаныаманова бас кейіпкердің бірі – комада жатқан әкімнің қызы Айшаны сомдайды. Бүкіл фильм бойы олар кенеттен есінен танып, бір жылдан соң терең комадан шығатын әкесіне оның сүйікті қызының тұрмысқа шыққанын әрі күйеу баласының оның орнына әкім болып жүргенін жасырып жүреді. Алайда ақыры барлығы сиқырдың көмегімен өз орнынан келеді.  

«Любовь. Надежда. Астана» (2018)

«Любовь. Надежда. Астана» телехикаясы - Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналып түсірілген картина. Астананың әр тұрғынының өз өмірі бар. Әркім күнделікті жұмысымен әбігер, алайда заманауи қоғамдағы күйбең тірлікте ұлы ойлары мен асқақ армандарын жүзеге асыруға деген ұмтылыста олар күнделікті қарапайым қуанышты да ұмытпайды. Дәл осы жерде бас кейіпкер дүниеге келіп, тағдыр оған талай сынақтар жібереді. 1968 жылы Цилиноград қаласының зертханасында екі ғалым бірегей эксперимент өткізбек болады. Алайда ол тәжірибелері істен шығып, зертханаға кездейсоқ келетін Надя есімді қызды елу жылға алға, яғни болашаққа көшіреді. 2018 жылы Тәуелсіз Қазақстанның астанасында Надя Сұлтан есімді табысты жас сәулетшімен кездеседі. Бұл жігітпен ол ең қызықты шытырман оқиғаларды ғана емес, шынайы сезімді де бастан өткереді. Айта кету керек, актриса Жанаргүл Жаныаманова бұл кинолентада Сұлтанның әжесінің рөлін сомдайды. Қазақстан-Ресей елдерінің бірлесіп түсірген картинасын режиссер Иван Глубоков түсірді. Картинада Тәуекел Мүсілім, Дина Тасболатова, Санұржан Сүлейменов, Бақтияр Қожа сияқты отандық актерлермен бірге ресейлік актер Александр Балуев те өнер көрсетеді. Картина Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.  

«Отвергнутые» (2018)

Фото: @zhanargul_zhanyamanova

2018 жылы Жанаргүл Жанна Исабаеваның «Отвергнутые» әлеуметтік драмасында өнер көрсеткен. Мұнда актриса бас кейіпкер – Айғанымның рөлін сомдайды. «Отвергнутые» картинасы көпбалалы отбасынан шыққан жиырма бес жастағы Айғаным есімді жас әйелдің өмірін суреттейді. Ол ұзақ уақыттан бері болмаған ата-анасының ауылдағы қара шаңырағына қайта оралады. Жеті жыл бұрын бойжеткен шағында ол бар күшін салып, Алматыға оқуға кетеді. Онда оған үйленемін деп уәде еткен бір жігітке ғашық болады. Кейін Айғанымның жүкті екендігін еститін жігіт қызды тастап, ғайып болады. Айғанымның отбасысы өзінен де, некеден тыс туған ұлынан да бас тартады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін бірнеше жылдан соң отбасының басына үлкен ағасы Қайрат тұрады. Жалғыздықтан жалығып, көп қиындық көрген Айғаным ұлына да туған-туыстың керектігін ойлап, үйге қайтады. Қалай болғанда да өз отбасының мүшесі болғысы келеді. Алайда барлығы қайғылы оқиғамен аяқталады. Әлеуметтік драмада Айғанымның ағасы Қайратты – Нышанбек Жұбанаев, анасын – актриса Райхан Қалиолдина сомдайды.    

«Шырағым» / «Солнце в тебе» (2018)

Режиссер Нұрғиса Әлмұраттың «Шырағым» телехикаясы бала кездерінде дос болған құрбыларының кішкентай қыздарының қамқоршысына айналатын үш достың тағдырын суреттейді. Бас кейіпкерлер – Дарын, Ержан және Сәбит. Жас жігіттер бірін-бірі бала кезден таниды, себебі балалар үйінде бірге өскен. Әлеуметтік мекемедегі жылдар оңай болған жоқ, сондықтан ондағы бастан өткерген қиындықтары оларды бұрыннан да жақындастыра түсті. Үшеуі де балалар үйінде өскен Айша есімді қызға ғашық болды. Жылдар өтті, үшеуі ер жетіп, жастары отызға келді. Тағдыр әрқайсысының жолын бөлек тарқатты. Бірі жеке фирма иегері болса, екіншісі автокөлік жөндейтін шеберханада жұмыс істейді. Үшінші достары жоғары технология саласында табысты кәсіпкерге айналды. Бір күні үшеуі де Айшаның келетінін естіп, қайта жиналмақ болады. Алайда кейіпкерлер бұрынғы сүйіктілері Айшаны емес, оның анасы мен қызын кездестіреді. Белгілі болғандай Айша қайтыс болып, анасын бала кездегі достарын тауып, оларға кішкентай қызы Шынарды қамқорлыққа табыстауды өтініпті. Үш дос үшін бұл хабар тосыннан болады. Үшеу бала тәрбиесі сияқты үлкен жауапкершілікке дайын емес. Алайда әжесінің денсаулығын көріп, достар кішкентай қызды кезек-кезек қарауды ұйғарады. Фильмде бас рөлдерді Әмина Ауталиф, Елдар Отарбаев, Қуаныш Керімқұловтар орындайды. Төрт маусымнан тұратын телехикаяда актриса Жанаргүл Жаныаманова бас кейіпкер Сәбиттің сүйіктісі Айманның рөлін сомдайды.      

«Тағдыр»/ «Судьба» (2020)

Өткен жылы актриса Жанаргүл Жаныаманова режиссер, сценарист әрі продюсер Жанна Исабаеваның кезекті туындысы – «Тағдыр» атты әлеуметтік драмасында да өнер көрсетті. Картина он тоғыз жастағы Азат есімді бозбаланың хикаясын суреттейді.  Жігіт үлкен ағасының бригадасында тас қалаушы болып жұмыс істеу үшін ауылдан Алматыға қоныс аударады. Бірақ ағасы тау жақтағы басқа нысанда жүргізіліп жатқан құрылыста кідіріп қалады, сол себепті Азат бірнеше күн үйсіз-күйсіз, бір тиынсыз үлкен қалада тіршілік етуіне тура келеді. Сөйтіп, куәгер болатын бір жағдай оның тағдырын шешетін болады. Жанаргүл Жаныаманова картинада бас рөлдің бірін сомдайды. Бұл картинада да онымен бірге «Отвергнутые» кинолентасында еңбек еткен актерлер -  Нышанбек Жұбанаев, Ермек Тұрғанбаев, Райхан Калиолдина және тағы басқалары өнер көрсетеді.    

«Противостояние» (2020)

Фото: @zhanargul_zhanyamanova

Өткен жылдың желтоқсанында «Хабар» арнасының эфиріне жол тартқан бұл телехикая терроризммен күресетін Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің күнделікті жұмысын суреттейді. Картинадағы негізгі оқиғалар Сирия елінде өрбиді. ҰҚК жауынгерлік отрядының жұмысымен қатар кинолентада фильмнің бас кейіпкерлері - Қорлан мен Әсеттің махаббат хикаясынан да сыр шертіледі. Оларды терроризмге қарсы арнайы операцияға қатысатын топпен Сирияға жібереді. Алайда иран-ирак шекарасында олардың ұшақтарын атып түсіреді. Бас кейіпкер Қорлан қуанышқа орай аман қалады. Құрбысының кеңесі бойынша Қорлан Сирияда қалады. Ержүрек қыз мұнда тыңшы болып, арнайы бөлімнің қауіпті террористерді жою жөніндегі тапсырыстарын орындайды. Мұнда қауіпсіздік комитетінің қызметкері қаза тапқан сүйіктісі Әсеттен ұл табады. Бірнеше жыл бойы қарақшыларының да, құқық қорғау органдарының да қолына түспей Қорлан кәсіби киллердің жұмысын мінсіз орындап жүреді. Сөйтіп жүріп,  арнайы агенттердің, олардың басшылары мен қылмыстық террористік топтарының қауіпті ойындарының бел ортасында жүргенін байқамай қалады. Осы кезде Қазақстаннан Сирияға жарқын өмір іздеп келген отбасы келіп орналасады. Махмұд пен Айша мұнда балаларын да бірге әкеледі. Алайда іздеген жақсылыққа жанұя мұнда тап бола ма? Айта кету керек, картина шынайы оқиғаларға негізделіп түсірілген. Қорлан Ниязова – тыңшы Кора деген лақап атқа ие болған. Сол себепті телехикая «Кора» жұмыс атауын иеленген болатын. Фильм режиссері Мадина Әлімқан болды, бас продюсері – Жанна Исабаева. Мұндағы бас рөлдерді Жанар Мақашева, Бақыт Хаджыбаев, Алмат Сақатов, Сая Оразғалиевалар орындады. Жанар Жаныаманова картинада Айшаның рөлін сомдады. Телехикая небары 15 бөлімнен тұрады.  

«ДиНаЗаур» (2020)

Фото: newsroom.kz

Бұл ситком да өткен жылдың желтоқсанында «Алматы» телеарнасынан көрермендерге жол тартқан болатын. Телехикая Динара, Назым және Зәуре есімді үш құрбы-қыз жайында әңгімелейді. «ДиНаЗаур» деп аталып кеткен үштіктің хикаясы олардың бала кезінен бастау алады. Өздерін ренжіткендердің сазайын берген бойжеткендер енді бірін-бірі ешқашанда ешкімге ренжітуге жол бермейміз деп уәде етеді. Есейген соң хикая кейіпкерлері бала кездерінде берген сөздерінде тұрып, достықтарын жалғастырады. Динара – тұрмыстағы келіншек, үш баланың анасы. Күнделікті күйбең тірлікке қарамастан, бақытты әйел әрі сүйікті жар болып қалуға тырысады. Себебі ол үшін отбасы – өмірдегі басты құндылық. Назым болса, баласын жалғыз тәрбиелейді әрі еркектерден көңілі қалған. Күнделікті нанын ресторатор болып жұмыс істеумен табады. Үшінші құрбылары Зәуре өмірдің шындығына көз жаба қарап, ақбоз ат мінген ханзаданы кездестіруді армандайды. Алайда барлық танысулары өкінішке қарай сәтсіздікпен аяқталады. Осы кезде құрбылары жағдайды өз қолдарына алып, оның жеке өмірін жақсартуға атсалысады. Бұл картинада Жанаргүл - бар өмірін отбасы мен балалардың тәрбиесіне жұмсайтын кейіпкердің рөлін сомдайды. Үнемі жұмысынан бас алмайтын жұбайының көңілін өзіне қарату үшін ол түрлі амалдар ойлап табады. Сұхбаттарының бірінде актриса өзінің кейіпкерімен біраз ұқсастықтары барын атап өткен еді. Себебі өзі де балаларын тәрбиелеп отырған ана. «ДиНаЗаур» ситкомы көрермендерге шынайы өмірге негізделген қарым-қатынастың, отбасылық құндылықтарының, тәрбие мен шынайы әйел достығы туралы сыр шертеді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы