Размер шрифта:

Цветовая схема:

04 мамыр, 2020437

Актриса Жанель Мақажан жаңа картиналары жайында

Қазақстандық актриса Жанель Мақажан бала кезінен продюсерлікпен айналысуды армандаған екен. Бұл арманын жақын болашақта жүзеге асырып, кино түсірсем бе деген ойы барын Ұлттық қиноны қолдау мемлекеттік орталығымен өткізген онлайн-әңгіме барысында тілге тиек етті.

Осы уақытқа дейін «Ана жүрегі», «Болашақ», «Тағдыр», «Бір кем дүние», «Егіз ғұмыр» және тағы басқа талай қазақстандық телехикаяларда өнер көрсеткен актрисаның кинода да рөлдері аз емес. Олардың қатарында «Тоқал», «Проявление», «Остров возрождения» сияқты фильмдері бар. Ал, биылдың өзінде оның қатысуымен 4 қартина көрермен назарына ұсынылады. Оның бірі – қаңтар айында көрермендерге жол тартқан «My love is Aisulu» болса, енді үш фильм алдағы уақытта жарық көрмек. «Роботбек» - солардың бірі.

«Бұл фильмде мен басты рөлді сомдаймын. Кастингке ойламаған жерден келдім. Алғашында маған екінші деңгейлі рөл бермекші болды. Кейін басты рөлге мақұлдады. Фильм сюжетін ашып айтқым келмейді. Қысқаша айтатын болсам, бұл нағыз махаббатын іздеп, талай рет шалынатын қыз жайындағы хикая. Сөйтіп жүріп, ол бір зертханаға келіп түседі. Сол жерде өзінің мінсіз жігітін жасап шығармақ болады. «Роботбек» деп аталуы да сондықтан», - деді актриса.

Белгілі болғандай, Жанель бұл фильмге продюсерлік еткен жоқ, алайда...

«Продюсерлікке келетін болсақ, бұл менің бала кездегі арманым. Негізінде, бұл жүзеге асырғым келетін идеяларымның бірі. Және фильм түсіріп, оған өзім де түссем деймін. Кім білсін, Алла жазса, ол да болар. Мүмкін биылғы жылы, бәлкім келесі», - деп бөлісті ол.

Актриса төбе көрсететін енді бір жаңа картина - «Папа поневоле» комедиясы. Мұнда да актриса басты рөлдердің бірін сомдайды.

«Папа поневоле» - бұл жаңажылдық хикая. Ол барлық көрермендерге қызықты болады деп үміттенемін. Онда жыл сайын жаңа жыл қарсаңында ақшақар боп ойнайтын жалғызбасты ананы сомдаймын. Ол әрі көңілді, әрі жабырқаңқы, әрі ғибрат аларлық хикая болады деп ойлаймын», - деді актриса.

Бұдан бөлек, Жанель Мақажан биыл тағы бір картинада - «Жизнь после» әлеуметтік драмасында өнер көрсетеді. Фильм мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірі жайынан сыр шертеді.

«Жизнь после» - бұл менің Арнұр есімді досымның жобасы. Бұл соның хикаясы. Ол бұл фильмді түсіру құқығын алу үшін ұзақ уақыт жүрді. Фильм жайында айтуға бола ма, жоқ па, білмеймін, бірақ «1+1» фильміне ұқсас. Бұл да мейірімді, көңілді әрі ғибрат аларлық хикая болады деп ойлаймын. Себебі, мүмкіндігі шектеулі жандар, өкінішке қарай, көп жағдайда шектеліп жатады. Олар қоғамдық жерлерде жүре алмайды, өздерін қысыңқы ұстайды. Осының барлығын біз бұл картинада көрсетеміз. Фильм жасауда мен досыма атсалыстым. Бүкіл түсірім тобын бірге жинақтадық. Шынымды айтсам, осы картина үшін өте уайымдаймын әрі барлығына қызықты болады деп үміттенемін. Фильмде біз адамдардың неге талпынулары қажеттігін көрсетеміз. Мен бұл лентада басты рөлдердің бірін сомдаймын. Бұл – Арнұрдың жұбайының рөлі. Есімі – Лаура. Олар Арнұр мүгедектер арбасына таңылғаннан кейін үйленеді. Сөйтіп, ол жұбайына көмектеседі. Бұл кинокартинада мен оның батылдығын, табандылығын көрсетуім керек болды. Бұл менің қолымнан келді деп үміттенемін», - деді ол.

Жаллпы, актриса кино саласына 15 жасында келген еді. Алғашқы дебюттық рөлі режиссер Рүстем Әбдірашевтың «Остров возрождения» картинасынан басталған.

«Остров возрождения» мен үшін өте маңызды, жаныма жылулық сыйлайтын және Қазақстанның ең сапалы картиналарының бірі. Бұл менің дебютым болғандықтан, маған әрі қызықты әрі қиын болатын. Біз бір-бір жарым айдай қала сыртында түсірілім жұмыстарын жүргіздік. Айналамда барлығы бейтаныс адамдар еді. Дей тұрғанмен, Рүстем аға мен оның отбасы маған көп көмек көрсетті. Бұл мен үшін өте маңызды картина, себебі ол маған кино әлеміне жол ашты», - деп бөлісті актриса.

Жанел Мақажан сондай-ақ, ужас жанрында түсірілген фильмде де өнер көрсетті. Режиссерлер Нияз Абдигапар мен Нұрлан Батыровтың «ПроЯвление» картинасында актриса тың рөл сомдады.

«Шыны керек, бұл менің өмірімдегі қиын рөлдердің бірі болды. Себебі, мен психикалық ауытқуы бар қыздың рөлін сомдадым. Фильм түсірілімдеріне дейін мен ауыратын адамдар жайында талай фильмдер мен бағдарламалар қарадым. Кей тұстарында мен интуитивті түрде ойнадым. Шынымды айтсам, бұл фильмде рөлге көбірек ену керек болды деп есептеймін. Маған тәжірибе жетіспеген болар. Өзім мұны мойындаймын. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын».

Актриса оны көбінесе ауыр драмалық картиналарда рөл сомдауға жиі шақыратынын айтады. Сондықтан бір бағыттағы ойыншы болып қалмау үшін бұл амплуаны бұзғысы келетінін айтады.

«Мен әртүрлі рөлдерді ойнағым келеді. Себебі, актер өзін комедияда да, ужас фильмдерде де, атыс-шабыс жанрында да, драмаларда да көрсете білуі керек. Біздің қазақстандық кино комедия мен драмалар ғана емес, әлі түрлі жанрларда фильмдер түсіреді деп сенемін».

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  auezov-theatre.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы