Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 ақпан, 2020541

Әлем назарына ұсынылған отандық кинотуынды

Қазіргі кезде отандық киноиндустрия саласы  қарқынды дамып келе жатыр. Бұған жыл сайын түрлі жанрларда көрерменге жол тартатын фильмдердің топтамасынан байқауға болады. Киносүйер қауымға ерекше  әсер сыйлайтын сондай  кинокартинаның бірі – режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шырақшы» фильмі. 

Комедия мен драма жанрындағы бұл фильмде соғыстан аман-есен еліне оралған солдаттың өмірі баяндалады. Ал оның қолында – немістің қариясынан сыйға алған ескі кинопроектор. Осы құрылғымен ол барлық ауыл-аймақты аралап, жұртшылыққа ескі киноларды көрсетумен айналысады. Бірақ та  режиссердің айтуынша, ол фильмде жай  қарапайым ғана  адамы емес, сол заманның ағартушысы ретінде есте қалады. 

 

– Фильмнің атауы жайында айтар болсам, алғашында «Киномеханик» деп атадық. Алайда түсірілм аяқталған соң, монтаждау кезінде бұл атаудың бұған келіңкіремейтінін байқадым. Оған қоса, өздеріңізге белгілі, өзім режиссер болған «Келін», «Шал», «Кенже», «Жат» және тағы басқа фильмдердің барлығына қазақи атаулар берілген, - дейді Ермек Тұрсынов. 

Ал бұл фильмнің идеясының авторы –  Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергенов. Оған қоса осы фильмде басты рөлді сомдауы қажет болған. Бірақ та үш жыл бұрын ол кісі 69 жасқа тақаған шағында  қайтыс болғандықтан бұл рөлді жасы 70-ке келген актер Мұрат Мұқажанов сомдап шығыпты. Бір қызығы, бұл кейпкерді режиссер түсірілімге бір ай уақыт  ғана қалғанда тапқан екен. 

 

– Бұл фильмде басты рөлді көпшілікке танымал емес актер сомдағанын қалап, осы образға сай келетін актерлерді іздей бастадым. Кейін КСРО және Қазақстанның халық әртісі Хадиша Бөкееваның сыныбында білім алған әрі кино мен театр сахнасында қызмет еткен Мұрат Мұқажанов жайында естідім. Бірақ та бұл кісі бір-екі жылдан кейін отбасылық жағдайларға байланысты жұмысын тастап, ауылына қайтуға тура келген. Осы адам жайында естіген бойда бірден жан-жақтан іздеп, телефон нөмірін тауып, хабарласып, кастингке шақырдық. 

 

Бала кезінен актер болуды армандаған Мұрат Мұқажанов елу жылдан кейін түсірілім алаңына қайта оралу алғашында қиын болғанын айтады. 

 

– Әлбетте,көп нәрсені ұмытып қалғандықтан алғашында мен секілді кез-келген адамға қиын тиетіні рас. Түсірілім барысында айтар сөздерімізді ұмытып, сасқалақтап қалған кездеріміз де болды. Бірақ та ұнатқан ісім болғандықтан тез бейімделіп кеттім. Жалпы образға қаншалықты сай болғанымды көзі қарақты көрермендер айтып, бағасын берер, - дейді Мұрат Мұқажанов.

Мұратжан Мұқажанов басты кейіпкердің қартайған шағын сомдаса,  соғыстан оралған солдат алғашқы кезін Қуат Тлеубаев ойнап шыққан. Оған қоса, бұл кісі осы фильмнің қоюшы-суретшісі. Фильмге қазақстандықтармен  қоса, шетелдік актерлерде түскен. Кинотуындыда жесір әйелдің рөлін Ресейдің Халық әртісі, театр және кино актрисасы Нина Усатова сомдап шығыпты. 

 

Түсірілім жұмыстары  Алматы, Талғар және Жаркент қалаларының маңында өткен. Ал фильмнің басындағы Ұлы Отан соғысы кезеңі Венгрия астанасы – Будапештте түсіріліпті. 

 

Жалпы  бұл фильмнің тұсаукесері 2019 жылы Қытайда өткен  XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында болған.  Бір айта кетерлігі, бүкіл әлем көз тіккен фестивальдің бағдарламасына отандық туынды алғаш рет ұсынылып отыр. Сондай-ақ фильмде басты рөлді сомдаған  Мұратжан Мұқажанов Анапада өткен «Киношок-2019» фестивалінде «Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны үшін» арнайы дипломмен марапатталыпты. Ал жесір әйелдің рөлін сомдаған Нина Усатова Ресейде өткен Sochi International Film Festival and Awards кинофестивалінде «Үздік әйел адамның рөлі» деген атаққа ие болған екен. 

 

Сонымен қатар,  отандық туынды  АҚШ-та өткен Asian World Film Festival және Бангладеште өткен Dhaka International Film Festival  кинофестивальдерінде көрсетілді. Франция мен Монғолияда Қазақстан киносы күндері аясында да көпшіліктің назарына жол тартты.

 

Жанерке Ахмадиева

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы