Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 шілде, 2020332

АЛЕН НИЯЗБЕКОВ: Мен бұл кәсіпке ақша үшін келген жоқпын

Ален Ниязбеков -  Қазақстандағы ең табысты картинаға режиссерлік еткен талантты киногер. Біз бүгін  Аленмен клипмейкерден режиссерге дейінгі еңбек жолы туралы, депрессиямен қалай күрескендігі және түпсана мен психологиялық зерттемелер туралы сұхбаттасатын боламыз.

Бүгінгі күнде өте актуалды тақырып- карантин, вирус, пандемия болып отыр. Карантин режимінде немен айналыстыңыз? Қашықтықтан жүзеге асырылып жатқан жобалар бар ма? Қалай ойлайсыз, коронавирус отандық киноиндустрияның болашағына және бүгінгі тағдырына әсер етеді ме?

Мен карантин уақытында өз-өзімді дамытып, түпсанамен жұмыс істей бастадым. Медитацияны күнделікті режимге енгізуге тырысып жатырмын. Біз шығармашылық адамдармыз. Жаңа бір дүниені көруге ұмтыламыз. Менің карантинге дейін біршама жобаларым болған. Алайда, олар өкінішке орай, белгісіз уақытқа дейін шегертілді. Сонымен қоса, менің әріптестерімнің толық метрлі картиналары да, біршама премьералар да тоқтатылды. Оның қатарында, достарымның түсірген "Жаным, ты не поверишь!" картинасы да бар. Бірақ естуімше, карантин кезінде тоқтатылған фильмдердың көрсетілімі кейіннен өз жалғасын табады екен. Бұл әрине қуанышты жағдай. Не дегенмен, мұның бәрі әлбетте бірінші кезекте видео продакшн орталықтарына айтралықтай әсерін тигізеді. Оның қатарында мені әріптестерім, операторлар, режисерлер мен актерлердің еңбектері де бар. Мен бос уақтымда өз-өзімді дамытумен болдым. Түрлі әдебиеттермен танысып шықтым. 

Ален, сіз қазір елдегі танымал режиссерлердің бірісіз. Шоубизнесте 9 жыл бойы еңбек етіп келе жатыр екенсіз. 200-ден астам жоба және 3 толық метражды фильм түсіріп үлгердіңіз. Бүгінгі күні сіз өзіңізге режиссер ретінде қанағаттанасыз ба? Өз жұмыстарыңызға қаншалықты көңіліңіз толады? Бастапқы кездегі жас Аленнің алға қойған мақсаттары бүгінде қаншалықты орындалды?

- Өте қызық сауал. Жас Аленнің бастапқы армандарын айтар болсақ, ол әрине ротацияға шығу болды. Ол мақсатыма жеттім. Кейіннен  Америка Құрама Штатына барып тәжірибе алуды армандадым. Бұл мақсатым да орындалды. Алдыма толық метрлі картинаны түсіруді мақсат етіп қойдым.  Оған да қол жеткіздім. Кассалық табысы мол болатын кинокартина түсіруді қаладым, бұл мақсатым "Бизнес по-казахски в Корее" жобасында жүзеге асты. Бірақ, ең бастысы сол армандарыма қол жеткізгенде мен толықтай бақытты боламын деп ойладым. Алайда, менің сенімім ақталмады. Сол үшінде қазіргі уақыттағы рухани жағынан дамуымның себебі дәл осы болды. Шығармашылықтың адамы белгілі- бір шабыт алғанда ғана жаңа дүниені жарыққа шығарады. Оған қашанда, қандай да бір муза немесе шабыт алатын жер керек болып тұрады.  Жалпы қыс мезігілі киногерлер мен клипмейкерлер үшін жұмыстың қарқыны бәсеңдейтін кезең. Дәл сол өткен жылдың қыс мезгілінде, нақтырақ айтар болсам қаңтар айында псиохологияны, медитация мен ішкі руханилық дамуды зерттей бастадым. Көптеген шығармалар оқыдым, өмірге деген көз-қарасымды қайта қалыптастыра бастадым. Мен перфекционистпін. Менің қашанда өзім жасаған жұмыстарым көңілімнен шықпайтын. Қанша жерден көпшілік мақтап тұрса да, өз жобаларымнан қандай да бір қателік іздеп тұратынмын. Бұл маған әріқарай өсуге және дамуға көмектеседі деп сендім. Жұмыста мен тек нәтижені ойладым, мақсат қойғанда сол финшқа жеткендегі өзімді елестеттім. Бірақ, өзім асыға күткен жемістің дәмін сезіне алмадым. Алайда, бүгінде түпсанамен жұмыс істей бастағанымда, шын мәнінде маған не керек екендігін түсінгенде ғана, нағыз жемістің дәмі сол жұмыстың өзінде екендігінде көзім жетті. Мен жұмыс процессінің өзінен рахат алуды үйрендім. Жаңадан шабыт ала бастадым. Ауқымды жобалар жасауға ниеттендім. Елдегі жағдай тұрақтанып, карантин режимі сейілгеннен кейін бізді біраз шаруалар күтіп тұр. Командамызбен менің авторлық кинофильмімнің жұмыстарын бастайтын боламыз. Бұл мен үшін өте маңызды. Ертеректе мен тек коммерциялық жобаларды алдым. Ол жобаның жанрлық құрылымы маған жақын болмаса да, сол туындымен жұмыс істедім. Сәйкесінше, менің оған көңілім аса толмайтын. Ал енді мен тек дұрыс бағыт ұстанып, дұрыс мақсаттар қоюды үйрендім.

Қазір өзіңіз продюсер, режиссер әрі идея авторы болған толық метрлі картинаның жұмыстарына кіріскендігіңізді айтып қалдыңыз. Осы фильм жайында толық ақпарат бере кетсеңіз. Ален Ниязбеков ұыснған киноны қашан тамашалай аламыз?

- Қазіргі таңда фильмнің сценариі жазылу үстінде. Басты рөлдерге актерлер нақты әлі бекітілген жоқ. Әлі де бір- екі кейіпкерді қарау үстіндеміз. Фильм жайлы көп мәліметпен бөлісе алмаймын. Тек бір айтарым, кино адамдарды алдау жолымен қолданатын еріксіз алаяқ болған кейіпкерлер туралы болмақ. Түсірілімдерді осы жаз мезгілінде жоспарлап жатырмыз.                                                                                    

Өзіңіздің бэкграундыңыз туралы айтып берсеңіз, режиссураға дейін немен айналыстыңыз? Қайда білім алдыңыз?

- Мен режиссураға дейін КАЗГЮУ жоғарғы оқу орнында қаржы факультетінде білім алдым. Түсірілімдерге тек хобби ретінде қарап жүрдім. Бірақ уақыт өте келе жәй ғана хоббиден үлкен қызығушылыққа ұласып, бұл менің негізгі өмірлік мамандығыма айналды. Кейін мен Америка Құрама Штатында әкімшілік бизнесті меңгердім. Осылайша бизнес және қаржы әлемінен шығармашылыққа қарай бет бұра бастадым. 2015 жылы менің жұмыс тәжірибемде 5-6 бейнебаяндар болды. Сол кезде маған әріқарай дамып, жоғары дәрежелерге жету керектігімді түсіндім. Бірден Лос-Анджелеске аттанып, сол жердегі жергілікті кинокомпания арқылы американдық кинокартиналардың түсірілім процессін бақылап, біліктілігімді арттырып келген болатынмын.


 Балалық шақта қандай мамандықты армандадыңыз? Сіз режиссер боламын деп ойлаған жоқ шығарсыз?

- Иә, шыныменде солай. Білесіз бе, мен бала күнімде Америкаға қатты барғым келетін. Мен туралы қызықты бір факт: мен кішкентай кезімде американдықтардың барлығы өз елдерінің жалауы секілді тігілген арнайы киімдерде жүреді деп ойлайтынмын. Ол кезде мен 4-5 жаста болатымын. Бала күнімде құпия агент болуды армандайтын едім. Ол кезде сондай экшн жанрында фильмдерді көріп өстім. Олар маған өте қатты ұнайтын. Бәлкім бұл да өз әсерін тигізген болар. Кейіннен уақыт өте келе, жасөспірім кезеңінде мен түрлі хакерлік дүниелерге қызыға бастадым. Сол кезде ондай тақырыптар өте танымал әрі сәнде болатын. Осылайша, мен жас кезімнің көп бөлігінде хакер болуды армандаған болатынмын. Ал режиссура маған хоббиім арқылы келген болатын. Мен ешқашан өзімді шығармашылықтың адамы ретінде көрмейтінмін. Барлығы да кездейсоқ болды. Сол кезде арнайы бір байқау үшін ролик түсіріп жүрген едім. Түсірілім барысында, монтаждау процессінде ерекше бір шабытты, бойымдағы рухты сездім. Және сол кезде бұл істің менің жаныма жақын екенін, маған ұнайтынын ұққан болатынмын. Осы жолда тағы да көптеген жетістіктерге жетуді көздедім де, алға қарай қадам баса бердім.

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  @Niyazbekov

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы