Размер шрифта:

Цветовая схема:

03 маусым, 2020507

Алғашқы қазақ мультфильмдері

Бүгін жаз маусымының басталғанына үш күн болды. Халықаралық балаларды қорғау күні өтіп кетсе де, оқушылардың жазғы демалыстары енді басталды. Демек, теледидар алдына жайғасып, мульфильмдерді армансыз тамашалайтын кез келіп жетті. Жалпы, мультфильмдер жайында айтқанда «Олар қалай жасалады?», «Қазақстанда алғашқы мультфильм қашан пайда болды?» және «Оның шығуына кім атсалысты?» деген сауалдар туындай ма? Бұл сұрақтарды неге қозғады дейтін боларсыздар. Айтайық!

Мәселен, бүгін, яғни 3 маусым күні 1923 жылы Қазақ КСР-нің өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, қазақ мультипликациялық киноны жасаушылардың бірі режиссер Әмен Қайдаров дүниеге келді. Суретке салынған алғашқы түсті мультипликациялық фильмді де шығарған осы кісі болды. Биыл ол 97 жасқа толар еді. Олай болса, өнер иесінің жасаған туындыларын еске алайық.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»

Бұл - Қазақстанда суретке салынған алғашқы түсті мультипликациялық фильмі. Режиссер Әмен Қайдаров оны 1967 жылы қазақ халық ертегісі негізінде жасап, жарыққа шығарған. Мультфильмде кәрі айдаһар масаны оған жастықты қайтара алатын қанды іздеуге жібереді. Маса әлемдегі барлық жануарларды шағып, қандарын тексереді. Алайда, тек жас нәрестені шаққан соң ғана айдаһарға қажетті қанды табады. Мұны көрген қарлығаш масаны қуып жетіп, қан құйылған түтікшені сындырып, масаны жеп қояды. Содан ашуға бұлыққан айдаһар қарлығаштың артынан барып, оны ұстап алмақ болады. Алайда тек құйрығының ортаңғы бөлігін тістеп, жұлып алады. Сөйтіп, терезеден ұшып шығып, тепе-теңдікті сақтай алмай, биіктіктен тасқа бір-ақ құлайды. Осылайша, кәрі айдаһар өліп, қарлығаш үйіне қайтады. Алайда енді оның құйрығы мәңгіге айыр болып қалады. Қарлығаш туралы мультфильм 1968 жылы Ленинградта өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальде сыйлыққа ұсынылған. Ал, 7 жылдан соң мультипликациялық лента Нью-Йорктегі Халықаралық кинофестивальде «Қола Праксиноскоп» медаліне ие болады. Мультфильм екі тілде – қазақ және орыс тілінде жарық көрді. Кейін тағы бірнеше тілге аударылып, әлемнің елуге жуық елінде көрсетілді.  

«Құйыршық»

Бұл - режиссер әрі сценаристің тағы бір мультипликациялық фильмі. Балаларға арналған туынды 1969 жылы жарық көрді. Сол жылы оны үлкен экранға шығармас бұрын кеңестік балаларға көрсетіп алған екен. Мұны істеудегі мақсаты жеткіншектердің мультфильмдегі қай тұсы ерекше ұнағанын, жалпы реакцияларын білу еді. Мультфильм сюжетіне тоқталсақ. «Құйыршық» шал мен кемпірдің асырап жүрген ақ ешкісі жайында баяндайды. Бір күні олардың бұл сүйікті жануарын қасқыр келіп жеп қояды. Оның артында қалатыны тек құйрығы ғана. Оны қолдарына алған шал мен кемпір жылай жөнеледі. Сөйтіп, құйрыққа көзден тамған жас жан бітіріп, ол кішкентай тәтті балаға айналады. Осы тұстан бастап құйыршықтың оқиғалары бастау алады. 

«Солнечный зайчик»

Әмен Қайдаровтың бұл мультипликациялық фильмі экология тақырыбын қозғап, балаларды табиғатты аялауға баулиды. 

«Ақсақ құлан»

Бұл да «Қазақфильм» киностудиясында қазақтың халық аңызы негізінде түсірілген режиссердің кезекті туындысы. Сурет түрінде салынған мультфильм 1968 жылы жарық көрді. Мультипликациялық лента қазақтың киелі қара домбырасының шығу тарихынан сыр шертіп, сөзден гөрі әуеннің айтары әлдеқайда көп екендінін көрсетеді. Аңыз бойынша  Шыңғысханның ұлы Жошы бір күні аңға барады. Жабайы құландарды қуып, садақпен атамын деп жүріп, атқосшыларынан ұзап кетеді. Сөйтіп, ханның ұлы өткір жүзді жебесімен жүгіріп жүрген құланды атады. Ақсақ құлан деп атанып кеткен Жабайы жануарлардың басшысы лезде бұрылып, аңшыға тап береді. Құлан шабуылының адуыны күшті болғаны соншалық, Жошы аттан құлап, орнында мерт болады. Қаза болған хан ұлын атқосшылары бірнеше күн іздейді. Денесін тапқан соң, Шыңғысханға ұлының қайтыс болғанын айтуға бірі де бата алмайды. Себебі, суық хабарды әкелген адамға көне салт бойынша өлім жазасы тағайындалатын. Сонда ақылды әрі батыл Кетбұға батыр қайыңнан домбыра жасап, оған ішек тартады да, Шыңғысхан сарайына келіп, тізерлеп құлайды. Хан данагөй қарияның жақсы хабармен келмегенін сезіп, одан неге келгенін сұрайды. Кетбұға тіл қатпай, домбырасында мұңды күйін шерте кетеді. Күйдің сиқырлы әуендері болған оқиғаны айнымастай етіп жеткізеді. Шыңғысхан домбыраның айтқанын түсініп, ұзақ үнсіз отырып қалады. Бірде: «Сен маған ұлымның қаза тапқаны жайында қаралы хабар әкелдің. Сондықтан өлімге лайықсың» дегенде, Кетбұға жырау: «Хабарды жеткізген мен емес, домбыра», дейді. Сөйтіп, хан домбыраға қорғасын құюды бұйырады. Міне, содан бері домбыраның тегіс жағында тесік пайда болады.     

«Қожанасыр-құрылысшы»

«Қожанасыр-құрылысшы» мультфильмі 1970 жылы «Қазақфильм» киностудиясында жарыққа шықты. Сюжет бойынша үйсіз-күйсіз қалған Қожанасыр тастан үй салмақ болады. Үй тұрғызып жатып, көршілердің сөздеріне құлақ түреді. Олардың берген кеңестері бойынша құрылысын Шығыс пен Батыстың сәулет стилін қолдана отырып жүргізеді. Алайда, одан дұрыс ештеңе шықпайды. Әмен Қайдардың бұл мультфильмі І-ші Загреб мультфильмдер кинофестивалінде көрсетіліп, 1972 жылы Тбилисиде өткен V-ші Бүкілодақтық кинофестивальде арнайы дипломымен марапатталған. 

1980 жылы аталған мультипликациялық фильмдер үшін Әмен Қайдаров Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығына ие болған. 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы