Размер шрифта:

Цветовая схема:

11 мамыр, 2020530

Алишер Утев: «Брат или брак» фильмінің үшінші бөлімі болады

«Брат или брак» фильмінің жалғасы түсірілмек. Қазір авторлар комедияның үшінші бөлімін шығару бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Бұл туралы картинаның екінші бөлімінің режиссері әрі сценарий авторы Алишер Утев Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен жүргізген онлайн-әңгіме барысында хабарлады.

«Брат или брак» фильмінде алдымен сценарист, кейін екінші бөлімінде кинолентаның режиссері де болған Алишер Утев биыл жазда фильм продюсері Құралай Анарбековамен жаңа картинаны жарыққа шығармақ. «ТойХана» деп аталатын туынды сәтін салса, шілде айының басында көрерменге жол тартады деп күтілуде. Ал, атауына келер болсақ...

«Фильм атауының өзінен-ақ түсінікті. Тікелей мағынадағы «Тойхана» емес, тойлардың «дәурені бітті» дегенге саяды. Хикая желісі бойынша заң негізінде республикада той өткізуге тыйым салынады. Себебі, ел экономикасына да, адамдарға да кері әсерін тигізеді. Өйткені олар несие алып, кейін оны өтей алмай жатады. Сол себепті осындай заң жобасы қабылданып, тойларға қарсы күрес жөніндегі бөлім құрылады. Тойларда өлең айтып, оларды ұйымдастыратындар заңмен қудаланады. Міне, осындай хикая. Осының барлығы әртістерге қалай әсер ететінін көрсетеміз», - деді Алишер Утев.

Фильм идеясын сценарист әрі режиссер шамамен 3-4 жылдай ойластырған екен.

«Картинада өнер көрсететін әртістердің өздеріне деген ирониялары мықты болуы керек деген шешімге келдім. Бұл дегеніміз олар өздеріне өздері күле білуі керек. Тек сондай жағдайда ғана фильм көрерменге қызықты болады. Егер олар өздерін «керемет жұлдызбын» деп ұстайтын болса, бұл ешкімге қызықты болмайды. Содан кейін фильм жасар кезде көрініс барынша қызықты әрі кәсіби болуы үшін сол әртістердің экрандағы уақытын да азайтуға тырыстым», - деді автор.

Демек, отандық әртістердің талапқа сай болып шыққаны. Себебі, фильмде эстрада жұлдыздарының басым көпшілігі өнер көрсетеді.

«Әртістерге келетін болсақ, трейлерде олардың біразын ғана көрдіңіздер. Фильмде сонымен қатар, Қайрат Нұртас, Ерке Есмахан, Абай Бегей және басқалары болады», - деп бөлісті Алишер.

Иә, басқалары демекші, картинада Бүркіт, Ділназ Ахмадиева, Айқын Төлепберген, Сейфуллин Жолбарыс, Кентал, Бейбіт Құшқалиев, Сон Паскальдер де төбе көрсетеді. Ал, басты рөлдерде картина продюсері Құралай Анарбековамен бірге бірнеше отандық актер бар.

«Басты рөлдерде бізде Ерлан Пірімбетов болады. Бұл менің онымен бірге түсірген екінші картинам. Сондай-ақ, Мира Добрынина мен Алмат Сақатов та болады».

Алишер осыған дейін Құралай Анарбековамен «Ва-банк» фильмін түсірген еді. Картина өткен жылдың аяғында прокатқа шыққан еді. Көрермендердің ықыласына бөленген комедияға да Алишер режиссерлік етіп, сценарий жазған.

«Мен бұл фильмді түсіргім келді. Түсірер алдында тағы да «қалай болады?» деп ойландым. Мәселен, қарапайым адамдар банк тонағысы келсе, не болады дегендей. Өйткені, біздің заманда банк тонау мүмкін емес екендігін білеміз ғой. Сондықтан тонаудың және қарудың не екенін, сейфті қалай ашу керектігін білмейтін қарапайым адамдар банк тонағысы келсе, оны қалай жүзеге асыратыны жөнінде біраз ойланғым келді. Осы тұрғыдан алғанда маған қызықты көрінді. Жанға жақын фильмдер болады ғой. Міне, маған осы лента ыстық. Прокатқа келер болсақ, біз киын мезгілде шықтық. Алайда, касса жинай алдық. Фильм өзін-өзі ақтап шықты», - деді Алишер.

Алишер Утев пен Құралай Анарбекова осы уақытқа дейін 4 картинада бірлесіп жұмыс істеді. Үйлесімді еңбек ары қарай да жалғасын табады дейді сценарист.

«Тандем, әріптестік – бұл өте нәзік дүние. Олар сыйластық пен құрмет негізінде қалыптасады. Егер бұл қасиеттер жоғалатын болса, қарым-қатынас та бұзылады. Әзірге біз Құралаймен жақсы жұмыс істеп келеміз. Мен оны өте құрметтеймін. Маған бірге жұмыс істеген ұнайды. Бірге бірдеңелер жасауға тырысамыз. Әзірге қолымыздан келіп жүр. Болашақта қалай болатынын көре жатармыз».

Иә, бұл қос шығармашыл жан қазір кезекті ортақ туындыны жарыққа шығаруға дайындық үстінде. Сәтін салса, көрермен «Брат или брак» комедиясының жалғасын тамашалайтын болады.

«Фильмнің үшінші бөлімінің хикаясын өткен жылы ойлап таптық. Концептін әзіредік. Маған өте ұнайды. Осы бағытта жұмыс жүргізілуде. Сондықтан «Брак или брат» картинасының үшінші бөлімі болады», - деп хабарлады Алишер.

Киногерлер жеке де жұмыс істеп, өз жобаларын жүзеге асыратын ойлары бар.

«Жеке жобаларға қатысты айтатын болсақ, менде де, Құралайда да олар болады деп ойлаймын. Талғамдарымыз үнемі бірдей бола беруі мүмкін емес қой. Себебі маған жігіттерге арналған тақырыптар, қарақшылық кинолар ұнайды. Ал, Құралай неғұрлым әйелдерге қатысты фильмдерді ұнатады дегендей. Сондықтан ондай жеке жобаларымыз болады деп ойлаймын», - деді режиссер.

Қазір Алишер ағылшын тілінде сценарий жазуда. Бұл жазбаны сценарист Батыста экранизациялауға ниетті.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы