Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 қазан, 2020963

Алмагүл Қазихан: «Маған хейт көбейіп кетті»

Отандық киноиндустрияда жаңа есімдер мен жұлдыздар көбейіп келе жатыр. Таланты мен дарынын өнер жолында көрсетіп жүрген Алмагүл Қазихан бүгінде қазақстандық біршама үздік картиналарға түсіп үлгерген. Шынайы өмірде ашық-жарқын жүретін Алмагүл үшін «Bir toqsan» жобасында тым тұйық қыздың рөлін сомдау қаншалықты қиын болды? Неліктен көрермен актрисаны өмірдегі шынайы кейпімен қабылдай алмады? Бүгінгі сұхбатымыз Алмагүл Қазиханның өмірі мен өнері жайында болмақ.

Алмагүл сәлем! Қалың қалай?

Сәлем, барлығы ойдағыдай, рахмет.

Қазіргі таңда немен айналысып жүрсің? Қандай жобалар бар?

Қазір «Замандастар» деп аталатын телесериалға түсіп жатырмын.  «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша түсіріліп жатқан жүз сериялық өте ауқымды жоба. Түсірілімдердің жүріп жатқанына осымен 3 ай болды. Әлі де түсіріледі. Бұл картинада мен басты рөлде жағымсыз кейіпкердің рөлін сомдайтын боламын. Кейіпкерімнің аты Гүлнар. Жалпы «Замандастар» отандық телехикаясы төрт достың өмір жолы, бастан кешірген хикаялары және ең бастысы төртеудің адал достығы туралы айтылатын болмақ. Оқиға желісі 1980-1990 жылдар аралығында басталып, қазіргі уақытқа дейінгі заманды қамтитын болады. Алғашқы елу сериясында біздер ойнаймыз. Ал қалған елу бөлімін біздің үлкен шағымызды көрсету үшін басқа актерлар сомдайды. Бұл ауқымды жоба болғандықтан екі бөлімге бөліп түсіріледі. Картинаның бірінші кезеңін Ильхам Джалилов түсірсе, ал қалған бөлімдеріне Ерлан Нұрмахан режиссерлік ететін болады.

Сонымен бірге, «Gakku» телеарнасында «TOP 10»  деп аталатын жаңа бағдарламада тележүргізуші болып, өзімді жаңа қырымнан сынап көріп жатырмын.

Өзің туралы айта кетсең? Қай жердің тумасысың?

Өзім Ақтөбе қаласынан боламын. Ата-анам қазір Ақтөбе қаласында тұрады.Үйде жалғыз қызбын. Негізі, Алматы қаласында туылғамын, бірақ Ақтөбеде өстім, сол қалада білім алдым. Осы себепті, туған жерім Ақтөбе деп есептеймін. Сол  қалада тоғызыншы сыныпқа дейін оқыдым, кейін Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы коледждің  актерлік факультетіне келіп оқуға түстім. Ол оқу орнында 2012 жылдан бастап 2015 жылға дейін блім алдым.

@AlmaSagindik

Өнерге келуіңе кім немесе не себеп болды?

Өнерге келуіме бір адам немесе бір оқиға себеп болды деп айта алмаймын. Себебі, мен кішкентай кезімнен өнер адамы болатынымды білдім. Әртіс адамы болатынымды жалғыз мен емес, үлкендер де сезген болу керек. Ата- анам мені бала күнімнен әртүрлі үйірмелерге апарып, қалаға қандай театр келмесін, соның барлығына  жетектеп апаратын. Осылайша, кішкентай кезімнен сахнадан түспейтінмін. Тіпті мен оқу бітіргенде «Кім болады? Қай мамандыққа барады?» деген сұрақтар да туындаған жоқ екен. Негізі, өзімнің анам театрда жұмыс істейді. Кішкентай кезімнен театрды, театр сахнасын көріп өскен болатынмын. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында да әртүрлі рөлдерді ойнап жүретінмін. Осылайша, менің әріқарайғы бағдарым белгілі болды. Жалпы мен туылмай жатып өнерге жақын болатыным шешіліп қойған секілді. Себебі, «Міне, мен өнерді таңдаймын» деп таңдау жасаған кезім болған емес. Әу бастан белгілі болған дүние секілді.

Өнер жолы қыз бала үшін қиындау деп айтып жатады. Осы оймен сен қаншалықты келісесің? Жалпы өнерде сені отбасың қолдайды ма? Және отбасың өнерге қаншалықты жақын?

Менің ойымша, қазіргі таңда ондай қатты бір айырмашылық жоқ секілді. Бүгінде еркек пен әйелдің күші бірдей болып келе жатыр деп ойлаймын. Себебі, ер адамның жасаған жұмысын қазір әйел де жасайды. Әйелдің жасаған жұмысын еркек те жасай береді деген секілді. Мүмкін, бұрынғы кезде сондай түсінік болған шығар. Иә, дегенмен де айырмашылық бар. Өмірде қаншама мысалдар бар ғой. Өнер жолын қуып кеткен қыз бала үшін жеке өмірі кішкене артта қалып қояды. Кейде жеке өмірінде келіспей жататын кездер де болады деген сияқты. Мүмкін, жас болғаннан соң ба, ондай нәрсені көп ойлай бермейміз. Бір айтарлықтай айырмашылық не қиыншылық бар деп те айта алмаймын.

Иә, менің отбасым үнемі қолдайды. Мен түскен әр жобама, шыққан әрбір сериалға міндетті түрде қолдауын білдіріп, құттықтап жатады. «Сен үшін қуаныштымыз! Біз сенімен мақтанамыз»,-деп көп айтады. Жалпы анам театрда қызмет ететіндіктен мені әрқашан түсінеді, әкем де біздің жанымызда жүріп өнерге бір табан жақындады десем де болады. Тек өнерде ғана емес, сондай-ақ өмірде де қандай жағдай болмасын ата-анам екі қолғанатым үнемі қолдау көрсетеді. Жалпы менің өнерге келуім сол кісілердің арқасы деп ойлаймын. Олардың қолдауы мен демеуі болмаса, мен Алматы қаласына да келмес едім, өнер академиясына да оқуға түспейтін едім.

«Bir toqsan» картинасы туралы әңгімелессек. Бұл жобаға қалай келдің? Түсірілімнің бірінші күні есіңде бар ма?

«Bir toqsan» жобасы туралы бір он жылдан кейін сұраса да, мен үшін ыстық жоба болып қалмақ. «Bir toqsan» ол түстің, кеттің деген секілді жәй ғана жоба емес. Ол әрбіріміздің өмірімізде үлкен орын алатын маңызды жоба. Бұл ұжымда әлі күнге дейін араласып келе жатқан адал достар таптық. Жәй ғана сериал ретінде емес, өмірімде болған айтулы оқиға деп айтар едім. Жүректен ойып тұрып орын алған, әрбірімзге ыстық жоба болғаны рас. Мүмкін өнерімізге деген махаббат, бір-бірімізге деген сыйластықтың арқасында, жалпы үлкен махаббаттың арқасында жарыққа шыққан жоба болды. Сериалға мен кәдімгідей кастинг арқылы келдім. Алғашында мені алғысы келмегеннің бір себебі -  берілген кейіпкерім өзімнің шынайы болмысыма тіптен қарама-қайшы  болды. Өмірдегі Алмагүлге ұқсас болмағандықтан, барлығы қарсы болды. Негізі, мен басқа рөлді сомдауым керек болған. Бірақ соңында осы кейіпкердің рөліне бекітті. Сценарий оқу барысында өзім үшін дәл осы образды ашу өте қызықты болды.

Не күттің дегенде, біз ешқайсымыз ештеңе күткен жоқпыз. Бұл жоба рейтингі жоғары болып, біздің жұлдызымызды жағады-ау деген ой мүлде болмапты. Тек жұмысымызды жақсы көріп, адал еңбек еткен болатынбыз. «Bir toqsan» жобасы барлығымыз үшін әрқашан «визитная карточка» болып қалатын секілді.

«Bir toqsan» жобасында үндемей қалған, жуас, тұйық қыздың рөлін сомдадың. Өзің айтқандай, өмірдегі Алмагүл мүлде бөлек жан. Жалпы өзіңе берілген образды қаншалықты деңгейде аша алдым деп ойлайсың? Бұл рөлді алып шығу үшін кім саған прототип болды? Және кейіпкеріңмен қандай ұқсастық, не айырмашылықтар бар?

Рөлді аштым ба, ашпадым ба, оны мен бағалай алмаймын. Оған көрермен өз бағасын бере жатар. Бірақ сериал біткеннен кейін, көбісі таң қалып жатады. Тіпті маған «Сіз Зарина сияқты емес екенсіз ғой», «Сізден көңілім қалды», «Зарина секілді болыңызшы», «Өмірде шошақай екенсіз» деп те жазып жатады. Бұл көбінің ойында Заринаның образы қалыптасып қалғанның дәлелі деп ойлаймын. Ал менің шын өмірдегі кейпімді көбі қабылдай бермейді. Расымен де, өмірдегі Алмагүлді қабылдай алмай жатады. Негізі, өзім үшін Зарина деген кейіпкердің толыққанды бір образы бар. Ұқсастық жағынан келер болсақ, мен сомдаған кейіпкеріме мүлде ұқсамаймын. Ол образ 360 градуста мен емес. Себебі, мінезім өте ашық, әрқашан көңілді жүргенді ұнатамын, қашанда өз ойымды бүкпей толыққанды жеткізуге тырысамын. Адамдар менің пікіріммен санасуы керек, өзімнің белгілі-бір позициям бар. Батыс жақтан болғаннан кейін, кішкене мінезім де бар. Біреуге жағымпаз болу деген нәрсе менде жоқ.  Өз кейіпкеріме мүлде қарама-қайшымын. Міне, сол үшін де мені бұл рөлге алғысы  келмеген болу керек.
Белгілі бір прототип болды деп айта алмаймын. Бұл жинақталған бір образ деп ойлаймын. Біреуден көрген, естіген, білген дүниелер болды. Интуитивті және  инстинктивті шыққан образ деп айтуға болады.

@AlmaSagindik

Телесериалды керемет актер мен актрисалар ойнадыңдар. Сол түсірілім алаңында бірін-бірі ұнату деген секілді жалпы махаббат хикаялары болды ма? Түсірілім барысында болған қызықты оқиғаларыңмен бөліссең.

Негізі бәріміз әрқашан айтымыз, шынымен де әр актер өз кейіпкерін тапқан. Бір кейіпкерді басқа актердің сомдағанын тіпті елестете де алмайтын едік. Тек кейіпкерді ғана емес, жалпы бәрімізді жақсы тапқан. Себебі, барлығымыз бір толқында болдық. Өмірге, өнерге деген көз-қарастарымыз бір. Бәріміз құрдаспыз. Нақты бір қызықты оқиға есіме түспей отыр. Себебі, бізде күнде бір қызықты хикаялар болатын. Мүмкін, сол қызықты жағдайлардың көп болғанынан ба, есте қалмаған шығар. Бізде ешқашан түсірілімдерден шаршап, қиналған кездеріміз болмапты. Керісінше, әр күніміз бір мейрам секілді өтетін. Шынымен де, ойнап, күліп жүріп түсірілген жоба болды. Ал махаббатқа келетін болсақ, бізде тек достық қарым-қатынас болатын. Барлығымыз ағалы-қарындас ретінде жүрдік. Ал интрига дейтіндей бола қойған жоқ. Мүмкін, әлбетте кім білсін, бір-бірін сырттай ұнатулар болған шығар. Бірақ, осылай фактпен айтардай ештеңе болған жоқ. «Bir toqsan» жобасы бізге не сыйлады? Жоба ең алдымен керемет достар сыйлады. Бір-бірімізге өте қатты бауыр басып қалдық. Осы күнге дейін өте жақсы араласамыз. Күнделікті кездесіп  тұруға тырысамыз. Бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Қазақстанда ондай жоба жоқ шығар, қатысушылары, бір команда дәл осындай ыстық қарым-қатынаста араласып кететін. Жалпы,біз бір отбасыдай, бір ата-ананың балалары секілді болдық. Бір-бірімізді бес саусағымыздай жақсы білеміз. Әрбіреуміздің мінезіміз, ішкі сезімдерімізді сезіп тұрамыз. Тіпті кейде бірге жүрген кезде, шынымен де, он бір жыл бірге оқыған сыныптастарымыздай болып түйілетін.

Шынымен де, «Бір тоқсан» өте табысты жоба бола алды. Қалай ойлайсың, бұның басты себебі неде?

Айтып жатады ғой, «звезды сошлись» деп. Бұл жерде барлығы бір пазл секілді өз орнына тұра қалды. Режиссер өз актерларын, актерлар өз режиссерін тапты  деген секілді. Сценарийдағы персонаждар дәл өз кейіпкерлерін тапты. Кейде жобаның сценарийі жақсы, бірақ актерлік ұжымы келіспей қалып жатады, ондай жағдайлар да болып жатады. Немесе актерлар өте жақсы таңдалып алынған, алайда сценарий асығыс жазылған деген секілді. Кейде режиссер және актерлар арасында дұрыс байланыс болмай қалап жатады. Ал «Бір тоқсанда» барлығы бірін-бірі алып кетіп отырды. Осындай табысқа кенелгеннің басты үш себебі ретінде мен актерлік құрам, сценарий және режиссер деп айтар едім. Негізі бұл осы жобадағы әрбір адамның қосқан еңбегі мен үлесінің нәтижесі деген пікірдемін. Әрқайсысының орны бөлек. Егер біреуін алып, басқа адамды қойса, бәлкім жоба мұндай жемісті болмас па еді. Бір ғана құпия бар шығар. Ол – махаббат қой. Барлығы өз жұмысын ерекше махаббатпен жасады. Оператор да, режиссер де, актрелар және басқалар да. Махаббатпен жасалынған дүние ол бәрібір де жүректен орын табады.

«Лавантер» атты картинаға түстің. Бұл жоба жайлы айта кетсең? Өз рөліңді жалғастырасың ба? Әлде басқа Алмагүл бола ма?

Бұл жоба «Бір тоқсанның» жалғасы, яғни мектеп бітіргеннен кейінгі кейіпкерлердің өмірі туралы. Оқиға желісі бойынша, мектептен кейін көбісіміз бір университетке оқуға түсіп, сол жерде білім аламыз. Университет қабырғасында волонтерлардың ұйымына мүше боламыз. Жаңа кейіпкерлер пайда болады. Барлығы емес, екі-үш персонаж шетелге оқуға түседі, басқасы әскерге кетіп қалады. Біреулері басқа университетке түскенімен, келіп тұратын болады. Барлығын бір оқу орнына түссе, кішкене ойға қонымсыз болып қалар еді. Телехикая волонтерлардың қызықты оқиғаларын көрсететін болмақ. Себебі, бұл жылы волонтерлар жылы жеп бекітілгендіктен, осы тақырып бойынша түсірілген жоба болған еді. «Бір тоқсан» сериалында мектеп тақырыптарын көп қозғасақ, ал бұл бөлімінде кішкене ауқымды мәселелер көтерілетін болады. Қызықты махаббат оқиғалары да орын табады. Бірақ менің махаббат оқиғамды алып тастады. Себебі, Аманды ойнайтын жігіт басқа жобада болғандықтан, түсірілімдерге қатыса алмай қалды. Ал сюжет бойынша оны әскерге жіберді. Жалпы бұл жолғы бөлімде  ата-анамен бала арасындағы мәселелер, әлеуметтік проблемалық тақырыптар, жетімдер үйіндегі ахуал, жағдайы нашар отбасылардың мәселелері секілді сұрақтарды қозғайды. Телесериалға Анвар Матжанов режиссерлік етті. Әр режиссердің өз әдісі, өз стилі болады. Бірақ әркім өз образында, өз рөлінде қалды. Тек уақыт пен орналасу орны ауысқаннан бөлек, аса қатты өзгерістер бола қойған жоқ. Сериалды түсірмес алдын, тіпті әлі күнге дейін бізде үлкен бір қорқыныш бар. Негізі, өмірде сондай заңдылық бар ғой. Кез-келген жобаның екінші бөлімі алғашқы маусымы секілді табысты бола бермейді. Көрермендер көп нәрсені күтеді, олар біраз салыстырады. Жауапкершілік пен қобалжу көп болды. Ал бірінші маусымында бізді ешкіммен салыстырмайды, аса қатты жауапкершілік те болмаған еді.   

@AlmaSagindik

Әр картинаның сиквелі өзінің оригинал бірінші бөліміндегідей бола бермейді. «Бір тоқсанның» екінші бөлімінің түсірілімдері жақында ғана аяқталды. Режиссердің айтьуынша, сивквелде бөлек актерлар мен басқа оқиға болады. Жалпы екінші бөлімдегі актерлармен араласасыңдар ма? «Бір тоқсанның»  екінші бөлімі қандай болады деп ойлайсың?

Екінші маусымында енді барлығы жаңа актерлар ғой. Көбісін танимыз деп айта алмаймыз.Тек бір-екеуін ғана білеміз. Ал қалғандары жаңа есімдер, жастар. Өнерге енді ғана қадам басып келе жатқан адамдар. Жалпы «Бір тоқсанның» екінші бөлімінің түсірілімдері басталды дегенде, кішкене біртүрлі сезімдер болды бізде. Өзіңнің балаң секілді ғой, жобаны қызғанып, тіпті «Бір тоқсан» деген аттың өзін қызғанып қалғанымыз болды. Бірақ бұл ешқандай да көреалмаушылық емес. Дегенмен де, бар жан дүниеңмен беріліп жасалған дүниені басқалар келіп алып қойған секілді болып көрінді. Басында сондай бір сезімдер болды.
Негізі бізге жеңілрек болған секілді. Себебі, олардың көрермен алдында жауапкершілігі мол. Бізді емес енді оларды салыстыратын болады. Екінші бөлімнің актерларына бізге қарағанда сыни пікірлер көп айтылатын секілді.

«Әскерден хат» телесериалы да көптің көңлінен шықты. Жалпы осындай әскери тематикадағы жобаға түсудің артықшылықтары мен кемшіл тұстары бар ма?

Ол жақта бір қиыншылық болды деп айтпас едім. Себебі, біз бір казармада болып, полигонда жатып түсірген жоқпыз. Физикалық тұрғыдан қиналған жоқпыз. Менің кейіпкерімде нейтралды рөл болды. Мен әскери- медбикердің рөлін сомдадым. Өте нәзік қыз, бірақ жұмыс барысында өте қатал. Бәрібір де әскери киім басқа бір сезімді сыйлайды ғой. Ол форманы кигеннен бастап, сен басқа адамсың. Біз ол сериалды жазда, күннің ыстығында түсірген болатынбыз. Ал үстіңдегі киім қалың, ыстықтайсың. Сол кезде әскери адамдарды түсінесің. Кей түсірілімдер казармада болды. Әскери адамдармен, солдаттармен сөйлесесің. Өзіме көптеген ақпарат ала алдым.

@AlmaSagindik

Негізі, кішкентай кезімнен ресейлік әкери тематикадағы сериалдарды көп көретінмін. Сол кезде айтатынмын, «Мен де осындай форма киіп, сериалға түсемін» деп. Ол арманым да орындалды. Бірақ кәдімгі физикалық жаттығудан өтетін әскери адамның шынайы рөлін сомдағым келетін. Егер сондай рөлім болғанда, мүмкін айтар ма едім қиыншылықтары болды деп. Алайда, менің рөлім нейтралды болғандықтан, аса бір қиындық көрдім деп айта алмаймын. Дегенмен, сонда да әскери адамның рөлін сомдаған шынымен де ерекше екен. Себебі, жүрісің нық болуы керек. Артық сөз болмағаны дұрыс. Сенен не қалайтынын және не істеу керектігін білесің. Айтқан әрбір сөзіңде мағына және мыс болуы керек.   

Қазіргі заманауи тілмен айтқанда "Хейт" деп жатамыз. Жалпы критиканы қалай қабылдайсың? Саған сыни пікірлер көп айтылады ма?

@AlmaSagindik

Егер сен танымал адам болсаң, хейт деген сенен ажыратып алынбайтын нәрсе. Менде жалпы ондай нәрсеге иммунитетім күшті. Егер ол өз орнымен айтылған критика болса, мен жақсы қабылдаймын. Яғни, бір кәсіби тұрғыдан айтылатын сыни пікірлерді орынды деп санаймын. Одан өзіме керегіне аламын. Бірақ, қазір бұл тұрғыдан емес, адамның жекке басына көп тиісетін, орынсыз пікірлер көбейіп кетті. Неше түрлі пікірлер жазылады. Кейде артық кетіп жатады. Тіпті кейде саған өлім тілеп жатады. Ондай да бар, мойындау керек. Интернет беттерінде, тіпті жекеге жазып жатады.Ондай адамдарды түсінбеймін. Мен ол нәрсені ешқашан көңіліме алмайды екенмін, тек күлемде қоямын. Негізі, адамдардың ойы екіге бөлінгені жақсы ғой. Барлығы тым жақсы болса да, тек жаман пікірлер болса да болмайды. Біреуге ұнаса, басқаға ұнамай жатады. Барлығының көңілінен шығу мүмкін емес қой. Егер біреудің бойынан қандай да бір, мейлі ол  жақсы болсын, жаман да болсын эмоция тудыра алсаң ол да жақсы ғой. Егер жаман пікір қалдырумен олар өздерін жақсы сезінсе, мен олар үшін қуаныштымын. Ешқашан ренжіген емеспін. Бізде бір-бірінің жеке басына тіл тигізуге болмайды, әркімнің өз таңдауы, өз ойы бар деген мәдениет жоқ. Өзімнің бағдарламаларым мен сұхбаттарым шыға бастағаннан бастап, маған хейт көбейіп кетті. Менің тәрбиеме, жеке басыма, менің қандай адам екендігіме көп сыни пікірлер жазылып кетті. Мен біреулердің көңілінен шығу үшін, солардың сөзіне еріп, өзімді өзгерткім келмейді.

Шетелдік кино аренаға шығу жоспарыңда бар ма? Әлемдік кино карьера туралы армандайсың ба?

Меніңше, қазір кез-келген қазақстандық актердің преспиктивасы шетелдік аренаға шығу деп ойлаймын. Әлемдік карьера туралы армандамайтын актер жоқ шығар. Әрине, мен де қалаймын. Бірақ ол қалай болады, қандай жолмен болады ол әлі белгісіз. Арман бар, алайда оған қалай жететінімізді білмеймін.
Бізде Қазақстанда белгілі бір шарықтау шегі бар. Бірақ, одан әрі жалғаспайды. Отандық киноиндустрияда сериалдан бастайсың, одан соң толық метрге түсесің, кейін оқырман жиналады сонымен болды. Жарнама жасап отырып қаласың деген сияқты. Ал мен мұны қаламас едім. Әрі қарай өскің келеді, даму керек деген секілді. Жалпы біздің салада таңдау жоқ. Ал шетелдің актерлары жоба таңдайды. Мысалы, оған айына 10 проект келуі мүмкін, оның ішінен актер көңіліне жақын, ұнағанын таңдайды. Шетелдік кино салада жоба көп және сәйкесінше таңдау да әлде қайда жоғары болады. Ал отандық кино әлемінде біздер-актерлар жоба күтеміз. Бізді шақырған жерге барамыз.

Қазір біздің киноиндустриямызда авторлық жобалар шетелде ауқымды марапаттарға ие болып келе жатыр. Шынымен де, бүгінде коммерциялық жоба емес, авторлық кинодан көрінген кезде шетел көрермендеріне ұнап  қалу мүмкіндігі жоғары. Ал өзің авторлық жобаларға шақырту алдың ба? Және ол кинофильмдерге түсуге қалай қарайсың?

Егер менде коммерциялық жоба немесе авторлық проект деген таңдау болса, мен ойланбастан авторлық жобаны таңдар едім. Себебі, тек шетелдік аренаға шығу ғана емес, сондай- ақ ондай жобаларда нағыз өнер болады. Сен ол жерде атқарушы емес, жоба авторларының бірі болып тұрасың. Сенің ойыңмен санасып қана қоймай, сонымен бірге, өзіндік дүниеңді еркін қоса аласың. Авторлық жобада нәтиже үшін ғана жұмыс істемейсің. Ол жерде болып жатқан жұмыс барысынан рахат аласың. Коммерциялық жобадан қарағанда, әлбетте авторлық жобада мүмкіндіктер көп. Біз оны жақсы білеміз және әрқашан шақыртуды күтумен жүреміз. Өкінішке орай, біз жоба таңдамаймыз, керісінше бізді таңдайды. Сонымен қоса, авторлық жоба қазір өте аз түсіріледі. Мемлекет тарапынан осы секілді кинофильмдерге қолдау көрсетіліп, қаражат бөлінсе екен деймін.

Болашақта түскің келетін арманыңдағы жоба және рөл қандай болмақ?

Мен сізге қазір бір нақты мынадай жоба не рөл деп айта алмаймын. Әрине, толық метражды фильм болса деймін. Себебі, менің қанжығамда әлі толық метрлі жоба бола қойған жоқ. Авторлық жоба болғанын қалаймын. Рөл туралы айтар болсақ, «адамды» ойнағым келеді. Өзімнің кемшіліктеріммен, қиыншылықтарыммен, физикалық та, психологиялық та дайындықтан өтетін үлкен рөл болса екен деймін. Қиын, ауыр рөлді көргім келеді. Сонымен қоса, қандай да бір тарихи кейіпкерді де сомдасам деймін. Шыны керек, бірақ  қай тарихи тұлғаға сай келетінімді білмеймін. Алайда, тарихта болған тұлғаны ойнау арманым. Түсірілімге келіп, тексті оқып, тек сол мәтінге жұмыс істегім келмейді. Жалпы өзім психололгиялық трейлер немесе қара комедия секілді жанрларда бой көрсетсем деймін.

@AlmaSagindik

Енді бұл жанрлар бізде енді ғана пайда болғанымен, қазір отандық режиссерлер біршама картиналарды түсіріп үлгерді. Қара комедия жанрында түсірілген «Жаным, ты не поверишь!»  немесе Нұртас Адамбайдың «Лифт» сынды ленталары бар. Жалпы осы секілді картинаға түсуге қалай қарайсың? Отандық картиналарды тамашалайсың ба?

Иә, егер мұндай картиналарға маған ұсыныс болса, міндетті түрде түсетін едім. Бірақ мен бұл екі фильмді де көрмеппін. Жалпы мен қазақстандық картиналарды тамашаламаймын. Тек өзімнің жобаларымды, өзімді сынау үшін ғанаи көремін. «Жаным, ты не поверишь!» шыққан кезде көрмесем де, қатты қуандым. Қазақстанда осы секілді жанрда фильм түсірілгеніне қуанышты болдым. Карантин болып қалып көбіміз тамашалап үлгермей қалдық. Кинотеатрлар ашыла салып, мен ең бірінші болып осы картинаны көруге барамын. Бұл секілді бағыттағы картиналар көптеп түсірілсе екен деймін.
Қазір бізде комедия көп болып кетті. Барлығында бір тақырып, бір сценарий, бәрі біріне-бірі ұқсайды. Себебі, біздегі киногерлер, продюсерлер мен режиссерлар көрерменге қарай бейімделіп, көрерменнің қалайтынын беруге тырысады. Көрермен той туралы комедиялар жақсы көреді, сол бағытта түсірілген фильмдерге барады деген секілді. «Лифт» шыққан кезде көп пікірлерді оқыдым, «біздің халық ондайға әлі дайын емес» деген. Бірақ толық дайын болатыны қашан екені белгісіз. Сол үшін мұндай ерекше дүниелерді жасай беру керек сияқты. Отандық дүниелерге өзім түсіп жүрсем де, кейде мен қазақстандық фильмдерді көруге уақытымды аяймын. Оған бір себеп, менде бір жаман тәжірибе болған. Қазақстандық комедияны 2 сағат бойы көріп болғаннан кейін, «бекерге кеткен уақытым-ай» деген ой болды. Содан кейін мен отандық туындыларды көп көрмейтін болып кеттім. Егер фильмге деген пікірлер жақсы болса, тамашалайтын шығармын. Бірақ өздігімнен іздеп, кинотеатрға барып көрмейді екенмін.

Сен үшін ТОП-5 ең үздік фильм?

«Список Шиндлера», «Изображая жетрву», «Груз 200», «Омерзительная Восьмерка», «Капернаум».

Жас болсаң да, біршама танымал картиналарда бой көрсетіп үлгердің. Кино әлеміне енді ғана қадам басып келе жатқан жас актерларға берер ақыл-кеңесің қандай?

Ең бастысы, өзіңе сенімді болу. Қандай жағдай болмасын, өзіңді алдамау. Арманыңа сену, егер сен арманыңа сенбесең, басқалардың сенуі екіталай. Екі-үш рет болмай қалды деп, кейін шегіну дұрыс емес. Барлық нәрсеге позитивпен қарау керек. Жеңіл өмір сүріп үйрену керек. Өзің ашық-жарқын болсаң, алдыңнан барлық есік ашылады. Ал актерлік кәсіби тұрғыдан мен ештеңе айта алмаймын. Менің жолым басқа, олардың жолы бөлек деген секілді. Мен кездескен нәрсе олардың жолында болмауы мүмкін. Әркімнің өз жолы болады. Бастысы, жақсылыққа сену.

Барлығы өнер жұлдызы болғысы келеді. Актер не әнші атанып жарқырап жүргісі келеді. Бәлкім олардың өмірі керемет көрінетіндіктен солай болатын шығар. Жалпы мұндай парадокс не себепті деп ойлайсың?

Басқалар туралы айта алмаймын. Кейде маған да жазып жатады: «Ой, сенің өмірің күшті», «Әрқашан позитивте жүресің, сенде уайым-қайғы жоқ шығар» деп.  Бірақ мен мұны оқып отырған кезімде көңіл-күйім құлазып, жылап отыруым мүмкін.  Оны ешкім білмейді. Барлығы өзін керемет тұстан көрсеткісі келеді, әдемі жерлерде жүргенін, әдемі киімдерін салып жатады. Алайда, шын мәнісінде олай емес. Бұл жолға түскеннен кейін, кейде көбісінде «ожидание и реальность» болып жатады. Барлығы жұлдыз болғысы келеді және оған тез жетуді қалайды. Иә, ондай тенденция қазір бар. Бүгінде өнердегі барлық сала қолжетімді болып кетті ғой. Өз құнын жоғалтып алған секілді. Барлығы бізге айтып жатады, «Ой сендерге оңай ғой. Текст оқып алып, түсе саласыңдар» деп. Ал сол салаға келу үшін төрт жыл бойы оқығаның, ұйқың қанбай түсірілімнен түсірілімге жүретінің, суықтағы түсірілімдерде тоңып қалатының, қаншама дайындықтан өтетінің еленбей қалып жатады. Осылайша, оңай болып көрінеді.

Алда қандай жоспарларың бар?

Алдағы жоспарым – өмір сүру.

Сұхбатыңа рахмет!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы