Размер шрифта:

Цветовая схема:

21 қыркүйек, 2020419

Алматы мен Нұр-Сұлтанда түсірілген фильмдер

Отандық киноиндустрия бастапқы геолакациясы ретінде еліміздің өнер шаһарына айналған Алматы қаласы мен жас әрі әсем қала Нұр-Сұлтанды айтсақ болады. Сонымен, осы екі шаһарда таспаланған ескі фильмдер мен бүгінгінің картиналары қандай? Бірге танысып өтелік. 

“Тақиялы періште”
 Қазақ халқының ерекше құрмет тұтатын туындысы  болған картина бүгінде киноиндустрияның асыл мұрасына айналғаны рас. Режиссер Шәкен Аймановтың түсірген “Тақиялы періште” кинофильмі  кеңес дәуірінде түсірілсе де, қазіргі күнге дейін өз мазмұны мен маңыздылығын жоғалтпаған. Картина Алматы қаласының ерекше көшелерінде, жастар алаңында түсірілген, тау бөктерінің әсем көрініс қамтыған. Фильм тұсаукесері 1969 жылы болды. Фильм желісі бәріне белгілі. Алмапыстай ұлына жар іздеуге Алматы шаһарына келген ана көп қыздарды көреді. Ұлы Тайлақты “Тақиялы періште” деп еркелететін ана ұлына тәрбиелі, мейірбан, сыпайы келін алып беруді армандайды. Алайда, бұл жолда талай қызықты оқиғаларға кезіккен “Тақиялы періште” мен оның анасының хикаясы керемет өтетін қос тоймен аяқталмақ. “Қазақфильм” таспалаған картина операторы Марк Беркович, ал композиторы Александр Зацепин. Кинофильмнің басты рөлдерін сомдағандар қатарында: Әмина Өмірзақова, Әлімғазы Райымбеков, Шолпан Алтайбаева, Раиса Лунева, Ермек Серкебаев, Әубәкір Ысмайылов сынды дарынды актерлер бар. Аты аңызға айналған кинолентаның ұрпаққа берер тәрбиесі мен тағылымы зор. 

“Шоқ пе Шер”
“Қазақфильм” киностудиясында 1972 жылы түсірілген толық метрлі картина ерекше оқиғалық желіні баяндайды. Фильм адам мен жануардың арасындағы достығы туралы. Шер есімді кішкентай бала “Шоқ” деген аты бар құлынмен достасып кетеді. Екеуі тау, таста да бірге жүреді. Ол кішкентай құлыннан сымбатты атқа айналғаннан кейін Шердің ағасы оны қалаға апарып сатып жібереді. Алайда, Шер өз досын табу үшін қалаға атанады. Фильмде адамдарға берер шын достық пен адал ниет сынды асыл қасиеттер суреттеледі. Картина режиссері Қанымбек Қасымбеков. Кинофильмнің сценарий авторы Сатыбалды Нарымбетов. Басты кейіпкерлердің рөлін Талғат Үкімов, Қамбар Уәлиев, Тамара Қосыбаева, Гүлзипа Сыздықова және Қасым Жақыпбаев сомдаған. Қоюшы операторы – Виктор Осенников және композиторы – Дүнгенбай Ботбаев. Фильм еліміздің өнер ордасына айналған Алматы қаласында түсірілген. Картинадан Алматы шаһарының  Абай даңғылын, "Қазақстан" дүкенін, қалалық ипподром мен Орталық мәдениет және демалыс саябағын байқауға болады. 

“Игла” 
"Игла" - Александр Баранов пен бақыт Килибаевтың сценарийі бойынша режиссер Рашид Нұғманов түсірген 1988 жылғы кеңестік көркем кинофильмі. Фильмнің премьерасы 1988 жылы 16 қыркүйекте Алматыда және 1989 жылы ақпанда Мәскеуде өтті. Фильмдегі басты рөлдерді рок-музыканттар — Виктор Цой ("Кино") және Петр Мамонов ойнайды. Картина 1989 жылы Кеңес прокатының көшбасшысы болып танылды, ал Виктор Цойға 1989 жылы “Үздік актер” атты атақ табысталды. Ресейлік кинотанушы Александр Павлов фильмді үздіктер қатарына жатқызады, оның ішінде оны әлемдік ең бірегей 120 картиналарының тізіміне енгізеді. Фильмде КСРО-да алғаш рет Арал теңізінің экологиялық апаты тақырыбы қозғалды. Фильм желісі бойынша, Моро (Виктор Цой) Алматыға Спартак (Александр Баширов) бермеген ақшаны қайтарып алу мақсатымен келеді де, өзінің ескі құрбысы Динаның  (Марина Смирнова) үйінде тоқтайды. Динаның оғаш таныстарын көріп, қыздың нашақор болғанын және оның пәтері есірткі сататын орынға айналғанын түсінеді. Моро Динаны Арал теңізіне алып кетеді де, онда Дина ем қабылдап, өз қалпына келе бастайды, бірақ бұл ұзаққа жалғаса қоймайды. Дина қалаға оралғаннан кейін бәрі қайтадан басталады. Моро есірткі жеткізушілерімен күресуге шешім қабылдайды. Алайда, жеткізушілердің бірі, хирург Артурдың (Петр Мамонов) өте ықпалды адамдары болады. Олар өз істерінің көзін байламақ болған Мороға тосқауыл болады.  Алдымен олар есірткі ампулаларын алу үшін оған шпан жібереді, бірақ Моро берілмейді. Содан кейін бандиттер одан түбегейлі құтылуға шешім қабылдайды: Кешке қарай Моро жалдамалы өлтіруші Иконың (Ернар Әбілев) қолынан жарақаттанады. Жараланған Мороның тағдыры белгісіз болып қалады. Басты рөлдерде: Виктор Цой, Марина Смирнова, Александр Баширов, Петр Мамонов, Архимед Искаков, Александр Конкс сынды актерлер сомдайды.

“Махаббат станциясы”
"Махаббат станциясы"— қазақстандық режиссер Талғат Теменовтың "Гүлназ" повесінің желісімен түсірілген фильм-мелодрамасы. Картина 1993 жылы үлкен экрандарға шықты. Фильмнің сюжеті махаббаты үшін күрескен жандардың өмірі туралы баяндайды. Фильмде басты рөлді екі сыныптас— Орал және Жеңіс бір қызға ғашық болады. Фильм 1980-ші жылдары "Махаббат" символикалық атаумен жарияланған.  Фильм желісі бойынша, Гүлназ есімді жас қыз орта мектептің соңғы жылында оқуға станцияға ағасына келеді. Мұнда кездестірген алғашқы адам - оның болашақ сыныптасы Орал еді. Ол тек жалғыз атасымен бірге тұратын жетім бала. Танысқан сәттен бастап Орал Гүлназ қызға деген жанашырлығын білдіреді, бірақ мұғалім сыныпқа жаңадан  келген Гүлназды Жеңіспен отырғызуды шешеді.  Екі сыныптастар арасындағы бәсекелестік, ақыр соңында, бітіру кешінен кейін екі жігіттің жанжалдасып, мылтықтың оғын атуымен аяқталады. Бақытықа орай, тиген оқтан тірі қалған Жеңіс Оралды кешіруді шешеді және оны қамаудан босатады. Бұл үшін ризашылық білдіретін Орал енді оның көзіне мәңгі көрінбеуге  және басқа жерге көшуге уәде береді. Кетер алдында Орал Гүлназбен кездескісі келгенмен, оны үйінен таба алмайды. Гүлназдың ағасына жағдайды түсіндіріп хат беруді сұрайды, бірақ ағасы хатты өртеп жібереді. Қалыптасқан жағдайды пайдалана отырып, Жеңіс Гүлназға Орал оны тастап кеткенін айтады да, оған өз сүйіспеншілігін білдіріп,  әрқашан жанынан табылатындығын айтады. Біраз уақыттардан кейін Алматыда тұрып, жұмыс істейтін Орал көшеде ескі досы әрі қарсыласы Жеңісті кездестіреді де, Жеңіс оған Гүлназға үйленетінін хабарлап, оны үйлену тойына шақырады. Орал мен Гүлназ үйлену тойында бірін- бірі көп уақыттардан кейін кезіктіреді. Бірақ бәрі тым кеш болғанын және ештеңені түзету мүмкін емес екендігін екеуі де аңғарады.  Көп жылдар өткен соң Орал өзінің туған "Махаббат" станциясына пойыз арқылы жол жүреді. Вагонда кішкентай қызды кездестірген ол әңгіме барысында кішкентай қыздың анасы мен әкесінің  ажырасып кеткендігін біледі. Пойыз станцияға келіп тоқтаған сәтте жаңағы кішкентай қызды жетектеп анасы Гүлназды жолықтырады. Ескі махаббаттарын “Махаббат” станциясында қайта жолықтырған ғашықтар бір-біріне ұзақ көз-қараспен қарап тұрады. Фильмдегі басты рөлдерді Баян Алагөзова, Қуанышбек Адылов, Бөпеш Жандаев сомдаған. Кинолентаның сценарий авторлары Талғат Теменов пен Лейла Ахинжанова. 

“Бәйтерек”
Кинофильм желісі бойынша, төртінші сынып оқушысы Санжар қаладан ауылға әжесі мен атасының тәрбиесіне келеді. Ауылда бала жаңа достар табады және мұғалім Данаға бауыр басып қалады. Бірақ, оның шынайы бақытты болуы үшін тек  нәрсе ғана жетпейді. Ол өз анасы мен әкесі қаладағы жұмыстары туралы аз уақыт ұмытып, оған ауылға қонаққа келуін қалайды. Ата-анасын қатты сағынған Санжар өзінің арманы тек бір ғана тәсілмен орындалатынына сенімді. Егер ол Астанаға келіп, Бәйтеректің басында тілек білдірсе ғана оның асқақ арманы орындалады деген ойда қайтседе Бәйтерек басына көтерілуді аңсайды. Фильм режиссері Данияр Саламат. Сценарий авторлары Данияр Саламат және Джами Бейсенов. Картина 2009 жылы үлкен экрандардан көрсетілді. 

“Астана- махаббатым менің”
Көп жыл бұрын Қазақстанның әуе кеңістігінде ұшқан ұшақтың бортында беделді түрік олигархының әйелі қыз өмірге әкеледі. Ал босануға қатысқан қазақ дәрігерінің бір жасар ұлы болады. Эмоционалды сезімді сәтті қос аналар болашақта балаларын үйлендіруге уәделеседі. Арада 25 жыл өтіп, жастар Астана қаласында кездеседі, оған қазақстандық және түрік құрылысшыларының бизнес жоспарлары себеп болады. Фильм Қазақстан және Түркия мемлекеттерінің киногерлерінің біріге жасаған нәтижесі болды. Мелодраманың режиссері Ермек Шинарбаев. Картина продюсерлері Гүлнар Сарсенова мен Арман Асенов. Сценариін жазғандар қатарында Лейла Ахинжанова, Евгений Никишов, Валерий Федорович және Ирина Накаряковалар бар. Басты рөлдерді Бибігүл Сүйінішалина, Бахар Акча, Эрман Бурмали, Әділ Ахметов, Дастан Оразбеков, Баян Алагөзова, Мұрат Ахманов сынды актерлер сомдаған. 

«Жүрегім менің - Астана»
Егор Кончаловскийдің жетекшілігімен қазақстандық кинематографистердің жаңа жобасы ретінде түсірілген көркем фильм «Жүрегім менің - Астана» деген атаумен ерекше танымал. Әр түрлі режиссерлердің қатысуымен он түрлі өзара байланысы жоқ хикаялардан тұратын фильм, міне осынысымен –ақ көрермен назарын жаулап алған еді. Картинаға Эля Гильман, Егор Кончаловский, Джулия Гани, Алексей Голубев, Рашид Адай Сулейменов, Сергей Дебижев, Жасұлан Пошанов, Айдар Баталов секілді талантты киногерлер режиссерлік еткен болатын. Жобадаға басты рөлдерді сомдағандар қатарында Қарлығаш Мұхамеджанова, Евгений Жұманов, Санжар Мади, Любовь Толкалина сынды актрисалар бар. 

«Елки 1914»
Еліміздің белді режиссерлерінің бірі дарынды киногер Тимур Бекмамбетов таспалаған «Елки 1914» фильмі ресейлік картинаға жатқанымен, кинодағы алғашқы кадрлар мен қоса, финалды көріністердерің барлығы қазақстандық «Астана Опера» театрында түсірілген еді. Әр жылдың жаңа жыл мерекесінің қарсаңында көрермен назарына ұсынылатын картинаға ерекше ертегі атмосферасын дәл осы қазақстандық «Астана Опера» театры бергені рас. Фильм 2014 жылы жарық көрді. Картинаған режиссерлік еткен жалғыз Тимур Бекмамбетов қана емес, сондай-ақ, Ольга Харина да фильм режиссер ретінде жұмыс істеген болатын. 

«Бизнес по-казахски»
Жомарт-қонақ үйдің иесі. Ең маңызды сәтте оның барлық қызметкерлері жұмыстан шығып, ол қолында қызметкерлерінсіз қалады. Бірақ, ол бұл тығырықтан шеші жолдарын іздестіреді. Өзінің көптеген туысқандарынан көмек сұраған ол қонақүйді қалпына келтіру туралы шешім қабылдайды. Фильм кадрлары Алматы қаласында орналасқан "Ақ бұлақ" шипажайында түсірілген. Қазіргі таңда картина Америка, Африка, Оңтүстік Корея елдерінде түсірілім жалғасқан.  жақында көрермен назарына жол тартатын Түркия мемлекеті жайындағы бөлім жарыққа шықпақ. Алғашқы бөлімінің режиссері Жеңісхан Момышев. Картина 2016 жылдан бастап үлкен экрандардан көрсетілуде.

«Районы»
Алматы, 1987 жыл. Фильмнің басты кейіпкері қалаға көшіп келеді. Жаңа мектепте ол сыныптастарымен, "аудандық" белсенді қатысушыларымен дос бола бастайды. Бірақ, ол да көше иерархиясы мен зорлық-зомбылыққа тап болады. Фильмде көрсетілген барлық оқиғалар Алматы қаласында өткен "Театралка" ауданы мен халық арасында аталып кеткен "Төлебайке" көшесіне түсірілген. Картина режиссері біршама айтулы картиналарды бейнелейтін, еліміздің мықты режиссерлерінің бірі Ақан Сатаев.

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы