Размер шрифта:

Цветовая схема:

10 тамыз, 2020328

Алматыда аспан астында кинотеатр ашылды

Елдегі соңғы жағдайларға байланысты кинотеатрлар уақытша жабылса да, мәдениет саласы өкілдері мен қазақстандық киноның жанкүйерлері киносүйер қауымның көңілін аулауға тырысуда. Осы орайда билеттерді онлайн сатудың қазақстандық жүйесі Алматыдағы «Атакент» көрме орталығының аумағында ашық аспан астында кинотеатр ұйымдастырды.

Елімізде ресми түрде 10 тамыз – Абай күні деп жарияланған болатын. Осыған орай бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен аспан астындағы кинотеатрда Һәкім Абай Құнанбайұлының мерейтойларына арнап өткен ғасырдың бірінші жартысы мен соңында түсірілген биографиялық кинотуындылардың көрсетілімі өтеді. Оның бірі - режиссер Григорий Рошаль мен Ефим Аронның жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде 1975 жылы түсірген «Песни Абая» картинасы.

«Песни Абая» - бұл Абай Құнанбайұлының өмірінде болған атаулы оқиғаларды ашып көрсететін кинотуынды. Картинадағы оқиғалар желісі Қазақстанның қатал рулық тәртіп орнаған даласында өрбиді. Ажар есімді бойжеткен мен Абайдың шәкірті - ақын Айдар бұл тәртіптің құрбандары болады. Махаббат салдарынан орын алатын қайғылы жағдайдан кейін Абай шығармашылыққа бет бұрады. «Песни Абая» картинасының сценарийіне Мұхтар Әуезов пен Леонид Соболевтің «Абай» атты биографиялық трагедиясы негіз болды. Фильм премьерасы 1946 жылы өтті.

Ашық аспан астында алматылық көрермендер назарына бүгін ұсынылатын екінші фильм - «Абай» деп аталады. Көркем туындыны Қазақстан мен Франция бірлесіп түсірді. Ардақ Әмірқұлов режиссерлік еткен картина 1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдығына орай жасалған. Бұл фильм де ақынның өмірі, шығармашылығы мен махаббаты жайында сыр шертеді. Картинадағы бас рөлді Ғабиден Тұрықбаев сомдады.

Кинокөрсетілімнің басты мақсаты – көрермендерге қазақтың дара тұлғасы, бас ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық жолына әсер еткен оқиғаларды көрсету.

Айта кетейік, ашық аспан астындағы кинотеатр 200 автокөлікке есептелген. Көрсетілім барынша қауіпсіз етіп жасалған. Бүкіл сеанс барысында көрермендер автокөліктің ішінде отырады, олардың әлеуметтік ара қашықтығы ескерілген. Ал көрсетілетін фильмнің дыбысы әр көлікке радиотолқын арқылы берілетін болады. Осылайша ұйымдастырушылар карантин жағдайында көпшілікпен бірге кино көру үшін бар мүмкіндікті ұсынып отыр. Фильм көрсетілімдері бүгін сағат 20.30-да және 23.00-де өтетін болады.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  kazakhcinema.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы