Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 маусым, 2020517

Алтын қорға енген қазақ туындылары

Қазақ кинематографиясының бастауында талай тамаша туынды бар. Көрерменнің көңілінен шыққан фильмдер бүгінде аңызға айналып, қазақ киносының алтын қорына енген. Бұл фильмдерді аға ұрпақ қана біліп қоймай, жастар өкілі де танысып, тағылым алу үшін олардың бірқатарын тізбектеп таныстырмақпыз.

«Амангелді»

Бұл фильм - қазақтың алғашқы дыбыстық фильмі әрі сөз жоқ, киноөнердегі нағыз жаңалық болды. Қазақ кинематографистерінің күшімен түсірілген туынды 1916-1919 жылдары кеңес үкіметін орнату үшін ескі тәртіппен жүргізілген күрес кезінде болған оқиғаларды айнымастай етіп суреттеген. Сол кездің негізгі әскери қолбасшылардың бірі Амангелді Иманов еді.

Бірінші дүниежүзілік соғыста жертаса қазу үшін еңбекке қабілетті қазақтарды щақырту туралы қаулысы нәтижесінде болған Ортаазиялық көтеріліс кезінде ол Әліби Жангелдинмен бірге халықты ескі тәртіпке қарсы бастады. Оның отрядында елу мыңға жуық атты әскер бар еді. 1916 жылдың көтерілісшілер қозғалысының бұрынғы басшысы 1918 жылға қарай әскери комиссар болып, контрреволюцияшылдармен қатаң күрес жүргізді. Азаматтық соғыста Амангелді Иманов генерал Колчактың тылында айқасқан қызыл әскеріне көмек көрсетті. 1919 жылы большевиктерге қарсы көтерілісте Амангелді Иманов өлтірілді. Кинолента режиссері Моисей Левин комиссардың тұлғасы мен шынайылығын барынша аша білді.

Сценарийін Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов және Всеволод Иванов жазған фильм 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясында түсірілген. Ал, 1966 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында қалпына келтірілді.

«Қыз-жігіт»

1955 жылдың 27 маусымы қазақ кинематографының тарихында атаулы дата – бұл күні «Қыз-жігіт» фильмінің премьерасы өткен болатын. Картина Кеңес Одағы көрермендерінің көңілін жаулады. Картина бұл күндері де өзінің танымалдылығын жоғалтқан жоқ. Павел Боголюбов режиссерлік еткен картина отандық киноға серпіліс әкелді. Әрі қазақтың тұңғыш түсті фильмі әрі алғашқы музыкалық комедиясы болды. Ерекше жанрда түсірілген лентаны ресми дерек бойынша 28 миллионға жуық көрермен көріп, 1955 жылы КСРО-дағы ең атақты фильмдер арасында 13-ші орында еді.

Фильм сюжетіне келсек. Жылқы өсіруші жас Айдар есімді жігіт пен ат зауытының табыншысы Ғалия бірін-бірі бұрыннан сүйеді. Түсініспеушіліктің салдарынан жастардың арасында араздық туады. Бұл жағдайды Ғалияны өзінің қалыңдығы еткісі келетін дүкен иесі Аңғарбай пайдаланбақ болады. Айдар өзінің колхозында асылтұқымды жылқыларды асырауды армандайды. Алайда колхоз төрағасы болған оның әкесі бұл мақсатқа қаражат бөлуге қарсы болады. Келісімге келмейтін әкесін көндіріп, колхоздың жылқылары нашар екендігін көрсеткісі келген Айдар бәйгеде Ғалиядан жеңілуді құп көреді. Қыз болса, өз кезегінде атын тақымдап, сүйіктісіне жеңуге мүмкіндік бермек. Алайда қыз ыждаһаты бекер болады. Айдар ақыры соңғы болып келеді. Сөйтіп, Айдардың жеңілісі әкесінің оның арманына қол жеткізудің кепілі болады. Дей тұрғанмен, қыз бен жігіттің арасындағы араздық ұзаққа созылады. Болған бірнеше жағдайдан кейін жастар ақыры татуласып, соңы тоймен аяқталады.

Алғашында кинолента мелодрама жанрында түсіріледі деп жоспарланған болатын. Алайда, авторлар көңілді музыканың сүйемелдеуімен одан жеңіл комедия жасап шығарды.

«Қыз-жігіт» фильмінің бас рөлдеріне кино саласында тәжірибесі бар кәсіби актерлер шақыртылған. Тек Лола Абдулкаримова үшін ғана кино әлемі жаңалық болды. Себебі, бұл актрисаның дебюттік рөлі еді. Фильмнің арқасында сол кезде әрі танымал болмаған Лидия Ашрапова, Кененбай Қожабеков сияқты жас актерлер де кино саласында алғашқы қадамдарын жасай бастады. Ал, Қанабек Байсейітов, Әмина Өмірзақова, Серке Қожамқұловтар сияқты мэтрлер өздерінің актерлік шеберліктерін тағы бір паш етті.

Фильм Алматы көркем және хроникалық киностудиясында түсірілген, ал 1971 жылы «Қазақфильм» киностудиясында қалпына келтірілді. Картина сценарийін Шахмет Құсайынов пен Владимир Абызовтар жазды.

«Мәншүк туралы дастан»

Новель қаласы. 1943 жыл. Қызыл әскер неміс әскерін жабдықтау мен негізгі құрылымдардардан ажырату үшін шабуыл бастайды. «Солтүстік» пен «Орталық» әскерді бөліп, майданда жеңіске жету үшін қолбасшылық операцияға жіті дайындалады. Осы оқиғалардың қақ ортасында майдандас жолдастармен ерекше көзге түсетін - Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова бар.

Ол үшін бұл теңсіз күрес немен аяқталады? «Мәншүк туралы дастан» фильмін 1969 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Картинаның премьерасы 1970 жылы Мәскеуде өтті. Фильмді осыған дейін «Артымызда Мәскеу» мен «Следы уходят за горизонт» фильмдерін таспалаған режиссер Мәжіт Бегалин түсірді. Сценарийін Андрей Михалков-Кончаловский жазды.

Картинаның бас кейіпкерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Наталья Орынбасарова сомдады. Одан бөлек, фильмде Никита Михалков, Виктор Авдюшко, Нұржұман Ықтымбаев және басқалары өнер көрсетті.

Кинолента сюжеті шынайы оқиғаға, нақтырақ айтқанда, бір әйелдің өмірбаянына негізделген. Ол - Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова. Соғысқа дейін медицина институтында оқып жүрген жас қыз 1942 жылы майданға түседі. Онда алдымен бітікші, кейін медбике болды. Алайда, ақырында 100-ші жеке атқыштар бригадасының пулеметшісі атанды.

«Көксерек»

Тұл жетім қалған бала ағасының үйіне көшіп келеді. Құтқарылған бөлтірікті де ала келгісі келеді, алайда үлкендер оған түбегейлі қарсы болады. Дегенмен, балдырған барлығына қарсы келіп, дегенін істейді. Бұдан кейін үйдегілер бөлтірігін де, өзін де жақтырмайтын болады. Мұндай қатынастан соң, кейіпкер Көксерек атты досын бостандыққа жіберіп, өзі де үйден кетеді. Біраз уақыттан кейін ол қайта оралады, ал оның досы ол уақытқа дейін қасқырлар үйірінің басшысы болады.

«Көксерек» картинасының желісіне жазушы Мұхтар Әуезовтың аттас повесі негіз болады. Фильмді көрермендер ғана емес, сыншылар да жоғары бағалап, картина бірнеше белді наградаларға ие болады. 1974 жылы фильм Швейцарияның Локарносында өткен кинофестивальде құрмет дипломымен марапатталған. Сонымен қатар картина басқа да фестивальдерде үздік көркем фильм және үздік ер адам рөлі үшін сыйлыққа лайық деп танылды. Екінші марапатқа актер Сүйменқұл Шоқмаров ие болды. Бұдан бөлек, фильмдегі бала рөлі үшін Қамбар Уәлиевке ынталандыру дипломы табысталды.

Ресми санақ бойынша «Көксерек» картинасын тек Кеңес Одағының өзінде 6 милионнан аса көрермен тамашалаған. Алайда, драма КСРО-дан тысқары елдерде көрсетілгенін ескерсек, көрермендер ауқымы одан да көбірек болады. Әрі картина бүгінгі күнге дейін маңызын жойған емес. Фильм кез-келген жастағы көрермендерге арналып, шынайы достыққа үйретеді.

Режиссер Төлеміш Өкеевтің «Көксерек» кинолентасы 1973 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілді. Ал, 1974 жылдың 8-сәуірінде Мәскеуде тұсауы кесілді. Сценарий авторлары Андрей Михалков-Кончаловский мен Эдуард Тропининдер.

«Гауһартас»

Кәрі шабанның ұлы үйленіп, үйге Салтанат есімді ақ келінді кіргізеді. Жас қыз бірден жұбайы Тастанның ата-анасының махаббатын жаулап алып, оның өзін де қамқорлыққа алады. Ал, күйеуінің ағасы үшін Салтанат шынайы досқа айналады. Отбасы салт-дәстүрді ұстанып, оны көненің көзіндей көреді.

Фильмде Салтанаттың өмірі қалай өрбитіні суреттеледі. Жас қыз жайындағы отбасылық әсерлі фильмнің сценариін кезінде әуезді өлең естіген жазушы Дулат Исабеков жазды. Ол өлең Гауһартас деп аталды. Өлең атауы болашақ картинаның да атауына айналды. Оны орындаған Бибигүл Төлегенова еді. Әуен оны өткен күндерге әкетіп, отанын еске алып, әсерге бөлейді. Дәл осы өлең оны туындыны жазуға әсер етеді.

Фильм отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді көтеретіндіктен, оны сүйіп көретіндер көп. Дәл осындай фильмдер арқылы көрермендер қазақ халқының бұрынғы тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерімен таныса алады.

Картина «Қазақфильм» киностудиясында 1975 жылы түсірілді. Фильм премьерасы Мәскеуде, 1977 жылдың маусымында өтті. Режиссері – Шәріп Бейсембаев. Фильмдегі рөлдерді актерлер Жанна Қуанышева, Әнуар Боранбаев, Сапарғали Жәкішев, Әмина Өмірзақова, Досхан Жолжақсынов және басқалары сомдады. Картинадағы ойны үшін актриса Жанна Қуанышеваға 1976 жылы Қырғызстанда өткен кинофестивальде үздік әйел рөлі үшін сыйлығы табысталды.

«Транссібір экспресі»

Бұл картинадағы оқиғалар 1927 жылы өрбиді. Ықпалды жапондық кәсіпкердің қызын өлтіреді. Осыдан сәл ертетерек Сайто Кеңес Одағымен екі ел арасындағы сауда-саттық туралы келіссөздер жүргізбек болған. Қызының өлімі бекер болды. Жапындық бизнесменді қорқытпақ болғандар мұнымен оны тоқтата алмады. Сайто жиналып, транссібір экспресімен Мәскеуге аттанады. Алайда, бұл поезде оның Мәскеуге жетуіне кедергі жасамақ болатын бірнеше адам болады. Олардың міндеті – өнеркәсіп иесінің көзін жою. Шетел тыншыларының агенттері бұйрықты орындай ала ма екен? Сайтоға кім көмектеседі?

Фильм режиссері Эльдор Оразбаев. Сценарий авторлары Александр Адабашьян, Андрей Кончаловский мен Никита Михалков. Бас рөлдерді Асанали Әшімов, Нонна Терентьева, Олег Табаков, Мен До Ук, Наталья Орынбасаровалар сомдады. Фильм 1977 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген.

«Кардиограмма»

Фильм желісіне тоқталсақ. Жасұлан есімді бала жасының кішкентай екендігіне қарамастан, жүрек ауруына шалдыққан. Ата-анасы балаларының денсаулығына алаңдап, оның еміне кіріседі. Сөйтіп, бала 7 аптаға санаторийге жатқызылады. Шалғайдан келген кішкентай бала орыс тілін мүлдем білмейді. Алайда ем алып жатқан жерде басым көпшілігі осы тілде сөйлейді. Жасұланның есту қабілетінде ақаулығы болмағанымен, орыс тілін білмеуі оны санаторийдегі адамдардан айтарлықтай алыстатады. Картинаны тамашалайтын көрермен 12 жастағы қарапайым баланың өмірінде болған қиын, алайда пайдалы болған сәттерді бақылайтын болады. Кейіпкер ата-анасының жанында жоқтығынан, өзін алғаш рет ересек көреді. Жасұлан еш мойымай, уақытша талаптарға бейімделуге тырысады.

Драма «Алтын арыстан» сыйлығына үміткер болды. Фильмдегі бас рөл белгісіз актерлерге берілген әрі олардың көбінің есімдері картинада еш өзгермейді. Осылайша, картина режиссері әрі сценарисі Дәрежан Өмірбаев фильмді көрермендер үшін барынша әлеуметтендіреді. Ал, рөлдерді кинолентада Жасулан Асауов, Сәуле Тоқтыбаева, Алтынай Тәттібаева және басқалары сомдайды.

Фильм 1995 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Сол жылы картина Венецияда өткен Халықаралық кинофестивальде ЮНЕСКО-ның сыйлығына ие болды. Ал, келесі жылы Сәуле Тоқтыбаева Сингапурде өткен кинофестивальде Азия құрлығындағы үздік актриса сыйлығына, ал фильм бас сыйлыққа ие болды.

«Қыз жылаған»

Құжаттарда Дегелен №27 деп жазылған ауыл «Қыз жылаған» картинасының бел ортасында белең алады. Семей полигоны жанында тұратын жандар білімсіздіктің салдарынан айналада болып жатқан жағдайларды түсінбейді. 60-шы жылдардың басында шағын ауылда ядролық қару сыналады. Тұрғындар улы химикаттардың зияны жайынан бейхабар. Айналада бәрі қайтыс бола бастайды. Ал, балалар болса, ерекше болып өскен саңырауқұлақтарды қызықтаумен болады.

Бас кейіпкер Лейла Дегелен кентінің маңайында туады. Ол кішкентай болған кезінде ата-анасынан жетім қалады. Он бес жасқа келгенде бойжеткен жалғыз туысы – Қатира әпкесінен айырылады. Лейла жуырда босанады. Енді ол ұлының болашағының бақытты болғанын армандайды.

«Қыз жылаған» - бұл сұмдық жағдайға түскен барлық тұрғындардың ауыртпалығы мен қиындығын суреттейтін драма. Фильм Роза Мұқанованың повесі желісімен 2002 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Кинолента режиссері Сатыбалды Нарымбетов фильмде көз алдында туғандарынан айырылған адамдардың сезімдерін барынша көрсетуге тырысты.

Фильмде бас рөлді «Көшпенділер» мен «Ұлжан» атты туындылар арқылы танымал болған актриса Аянат Есмағамбетова сомдайды. Картинада сонымен қатар Наталья Орынбасарова, Баадур Цуладзе, Дулыға Ақмолда, Ғани Құлжанов сияқты танымал әртістер өнер көрсетеді.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы